ТЕРІСКЕЙ ТАРИХЫ және әдеби танымдық панорама
27.08.2024
592
0

Биыл Қазақстан Жазушылар одағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп, біршама жақсы жобаларды бастап жатыр. Соның бірі – «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» атты бағдарлама. Осы бағдарламаның аясында Солтүстік Қазақстан облысына барып, әдеби көркем шығармаға қажетті материалдар жинап қайттым.

Шынымды айтсам, егер осы бағдарлама болмағанда ел арасына шығып, көркем шығармаға сюжет жинап, жаңа тақырып іздеп, талаптанбайтын ба едім кім білсін. Шығармашылықтың өзімен кәсіби айналысуға мүмкіндігі аз, ойға келгенді уақыт тауып жазып тастап жүрген жандардың бірі едік. Дәл осы бағдарлама арқылы ізденісті сезіндім, кәсіби жазушылықтың алғашқы тәжірибесінен өтіп жатырмын. Бұл алғаш рет жүзеге асып жатқан, шынымен де бір жақсы ниеттен туындаған бағдарлама болды деп айта аламын. Бұл бағдарламаның тек бір кемшілігі бар, ол уақытының аздығы. Өйткені асығыс жиналып, асығыс жазылған дүние көкейде көп піспегендіктен, көркемдігі ойдағыдай шықпайды. Солай болғанмен де, аз уақытта көлемді дүние жазуға кірісіп кеттік, бұл үлкен тәжірибе, үлкен машық болатыны анық.
Солтүстіктен жинаған қазынам мол болды. Бұрын да бірнеше рет барып, облыстың тарихына қатысты кейбір ақпараттарды білген едім. Бірақ осы сапарым облыстың мен ойлағаннан әлдеқайда тарихи оқиғаларға бай екенін аңғартты. Мағжан туған, Ғабит, Сәбит, Сафуандар туған, әдебиет алыптарына бай шағын ғана облысты аралап шығуға аз ғана уақыт кеткенімен, оған қатысты әңгімелерді тыңдап бітуге бір жаздың өзі аздық етер еді. Кездесе кеткен қариясын да, жасын да түртпектеп отырып, біраз дүние айтқызып аласыз. Сырттай «орыстанған өңір, қазақтардың көбі «орыстілді» деп тон пішіп жүргеніміз, қате пайым екенін де осы барғанда аңғардым. Солтүстік Қазақстан жері еліміздегі ең алғаш отарлауға ұшыраған өңір, қарашекпендер, атты казактар, алдымен, сол өңірге келді. Кейінгі тың игерудің зардабы өз алдына бір бөлек. Қысымның тым қатты болғанынан ба, қазақ ауылдары орыс ауылдарымен барынша араласпай, шұқанаққа тұрып қалған су секілді, әрбір жерде ойдым-ойдым ғана орналасқан. Содан болса керек, қазақ ауылынан шыққан қазақтардың тілі таза және сонша көркем сақталған екен. Қазақ тілінің тілдік нормаларын жақсы сақтап, әдеби мақамда таза сөйлейді. Әрі осы қазақ ауылдарының әрқайсының өзінің ұзақ тарихы бар, әңгімелерінің көбі сонау Абылай заманынан басталады. Кенесары көтерілісі туралы да жазылмаған, айтылмаған біраз аңыздар бар. Өзге өңірдегілер аттарын біле қоймайтын заманында үлкен ерлік көрсеткен ғажайып кейіпкерлер жетерлік. Рушылдық, жершілдікпен қосып-жамап жасалған жалған батырлар емес, кәдімгі қарапайым адамдар, бірақ өзгеше мінез, болмысқа ие жандар.
Қазір осы сапарымда жиған-тергенімді сапқа тізіп, бір үлкен концептуалды романға кіріскен жайым бар. Межелі уақытта аяқтауға барымды салып-ақ жатырмын. Сапасының да жоғары болуына талаптанып отырмыз.
Әрине, қанша жерден әулие болсаң да, өзің онша біле бермейтін шеткері өңірде жалғыз жүріп ештеңе таба алмайсыз. Осындай қызықты оқиғалар мен кейіпкерлер табуға көмектескен Солтүстік Қазақстан облысындағы Жазушылар одағы филиалының төрағасы Жарасбай Сүлейменов ағаға, қаншама қызықты ақпараттарды судырата жатқа соғатын, өлкетанушы Дәстен Баймұқанов ағаға, облыстық газеттің директоры Ербақыт Амантайұлына, облыстағы Мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова апайға алғыс айтамын. Барғаннан қайтқанша жанымда жүріп, серік болған інім Самрат Құскеновке де қаламыңа береке берсін дегім келеді.
Шынайы өмірде болған әрбір оқиға, әрбір кішкентай деталь көңіл түкпіріне терең ұяласа, кез келген жаңа шығармада өзінің пайдасын береді. Кеңес заманындағы жазушылар үнемі ел аралап, тың, қызықты оқиғаларды, өзгеше кейіпкерлерді кездестіріп отырды да, шығармашылық аясын барынша кеңітті. Жазушылықпен кәсіби айналысудың бір машығы осы еді. Биыл осы машық толықтанғаны қуантады. Қаламақы төленіп, міндет жүктелді, енді жақсы дүниелер талап етуге болады деп ойлаймын. Және осы бағдарламаның бұдан әрі қарай да жылда жүзеге асуына тілеу­леспін.

Есбол Нұрахмет,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір