ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН ЗАМАНАУИ БІЛІМ ҮНДЕСТІГІ: АТЫРАУДАҒЫ №44 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ТӘЛІМІ
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің қанатты сөзі қай кезеңде де өзектілігін жойған емес. Өйткені мемлекеттің болашағы – өскелең ұрпақтың бойына қандай құндылық сіңіріліп, қандай тәрбие берілгенімен өлшенеді. Бүгінгі Қазақстан үшін білімді ғана емес, туған жерін сүйетін, мемлекеттік рәміздерді қастерлейтін, ұлттық болмысын бағалайтын, табиғатқа жанашыр, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын азамат тәрбиелеу – стратегиялық міндет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Әділетті Қазақстанды» құру жолында білім мен тәрбиенің қатар жүруі ерекше маңызға ие екенін бірнеше мәрте атап өтті. Себебі мектеп – тек білім алатын орын ғана емес, елдік сананың, азаматтық ұстанымның, адамгершілік қасиеттердің қалыптасатын алтын ұясы. Осы тұрғыдан алғанда, Атырау қаласындағы №44 мектеп-гимназиясының қызметі заманауи білім мен ұлттық тәрбиенің өзара сабақтастығын айқын көрсететін тағылымды үлгілердің бірі деуге толық негіз бар. 2024 жылы пайдалануға берілген №44 мектеп-гимназиясы – бүгінгі білім беру талаптарына толық жауап беретін заманауи білім ордасы. Қазіргі таңда мұнда 800-ге жуық оқушы сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін қолайлы ортада тәрбиеленуде. Заманауи оқу кабинеттері, пәндік зертханалар, цифрлық технологиялармен жабдықталған білім беру кеңістігі оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға бағытталған. Алайда мектептің басты ерекшелігі тек жаңа ғимаратында немесе материалдық базасында емес. Оның негізгі құндылығы – ұлттың рухани мұрасын қазіргі білім беру жүйесімен ұштастыра отырып, елін сүйетін, қоғамға пайдалы азамат тәрбиелеуге ұмтылысында.
Бүгінгі мектептің міндеті – тек пәнді жақсы меңгерген түлек дайындау емес. Ол – өз ана тілін құрметтейтін, салт-дәстүрін білетін, мемлекеттік рәміздерді қадірлейтін, елінің тарихын мақтан тұтатын ұрпақ қалыптастыру. Осы бағыттағы жұмыстар мектеп өмірінің әр саласында көрініс табуда.
Ұлттық құндылық – тәрбиенің темірқазығы
Ұлттық құндылық – ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын ең қуатты күш. Халықтың тарихы, тілі, мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын басты рухани негіз болып табылады. №44 мектеп-гимназиясында білім мен тәрбие бір-бірінен ажырамайтын ұғым ретінде қарастырылады. Сондықтан оқу үдерісінде оқушылардың бойына ұлттық рухты, елге деген сүйіспеншілікті, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілік сияқты қасиеттерді қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүрлері өскелең ұрпаққа тек теория жүзінде таныстырылып қана қоймай, олардың күнделікті өмірлік ұстанымына айналуына басымдық беріледі. Өйткені ұлттық тәрбие алған бала өз халқының тарихын құрметтеп қана қоймай, өзге ұлттардың мәдениетіне де сыйластықпен қарайды. Бұл – Қазақстандағы қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың да берік негізі. Мектеп ұжымы ұлттық құндылықтарды дәріптеуді жас ұрпақтың бойында патриотизмді қалыптастырудың маңызды тетігі ретінде қабылдайды. Өз халқының мәдениетін қадірлеген оқушы туған жердің де, мемлекеттің де қадірін терең сезінеді. Патриоттық тәрбие ұранмен емес, күнделікті өмірдегі нақты әрекет арқылы қалыптасады. Баланың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік туған мектебіне, туған қаласына, туған өлкесіне деген қамқорлықтан басталады.
№44 мектеп-гимназиясында білім алушыларды жауапкершілікке, әділдікке, еңбекқорлыққа және қоғамдық белсенділікке баулу – тәрбие жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарау, ел тарихын тану, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті қалыптастырумен сабақтасып жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда мектеп қабырғасында қалыптасқан осындай құндылықтар ертең елдің дамуына үлес қосатын саналы азаматтардың тұлғалық негізіне айналары сөзсіз.
Қазақ халқында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тағылымды сөз бар. Бұл – бала тәрбиесінің негізі отбасыдан басталатынын, ал мектеп сол тәрбиені толықтырып, бағыт-бағдар беретін қасиетті орта екенін білдіреді. Сондықтан сапалы білім мен саналы тәрбиенің нәтижесі мектеп пен ата-ананың өзара сеніміне, түсіністігіне және ынтымақтастығына тікелей байланысты. Атырау қаласындағы №44 мектеп-гимназиясы осы қағиданы берік ұстанып келеді. Мұнда ата-аналар білім беру үдерісінің сырттай бақылаушысы емес, мектеп өмірінің белсенді серіктесі ретінде қарастырылады. Баланың жан-жақты дамуы үшін мұғалім, ата-ана және қоғам арасында ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнату – тәрбие жұмысының негізгі бағыттарының бірі.
Осы мақсатта оқу жылы бойы ата-аналар жиналыстары, психологиялық тренингтер, пікір алмасу алаңдары мен тәрбиелік кездесулер тұрақты өткізіліп келеді. Мұндай кездесулердің әрқайсысы бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға, ортақ шешім қабылдауға және ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді. Осы игі бастамалардың жарқын көрінісі ретінде мектепте «Даналық мектебі: мектеп, отбасы, қоғам үндестігі» атты ауқымды ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Форумның басты мақсаты – отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті нығайту және қоғамдағы отбасы институтының маңызын кеңінен насихаттау болды. Шараға Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы республикалық «Аналар кеңесі» төрағасының орынбасары Баян Орынбасарқызы Ахатай мен «Ата-ана білмейтін қателіктер» кітабының авторы, кәсіби балалар және отбасы психологі Мөлдір Төлепбергенқызы Тоқжанова арнайы қатысып, бала тәрбиесі, жасөспірім психологиясы, ата-ананың жауапкершілігі және отбасы құндылықтары жөнінде мазмұнды ой бөлісті. Форум барысында қозғалған мәселелер бүгінгі қоғам үшін аса өзекті болды. Әсіресе цифрлық дәуірдегі бала тәрбиесі, ұлттық тәрбиенің отбасыдан басталуы, ата-ананың үлгі болуы, жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігі сияқты тақырыптар жан-жақты талқыланды. Бұл өз кезегінде ата-аналардың бала тәрбиесіне деген көзқарасын жаңғыртып, мектеппен бірлескен жұмыстың маңызын тереңірек түсінуге ықпал етті.
Мектеп ұжымының бастамасымен дәстүрге айналған «Open Door Day» – ашық есік күні де осы сенімді серіктестіктің нақты көрінісі. Ашық диалог алаңы ретінде ұйымдастырылатын бұл шарада ата-аналар сабақтарға қатысып, білім беру үдерісімен жақынырақ танысады. Мұғалімдердің жұмыс әдістерін көріп, оқу бағдарламасының ерекшеліктері жөнінде пікір алмасады, өз ұсыныстарын айтып, мектеп өміріне белсенді араласады. Осындай ашықтық пен өзара құрмет мектеп пен отбасы арасындағы сенімді күшейтіп қана қоймай, әрбір баланың тұлғалық дамуына қолайлы орта қалыптастырады. Өйткені бала тәрбиесі – тек мұғалімнің немесе ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Жасыл мектеп – жарқын болашақ
Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Табиғатты аялау, туған жердің тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – жас ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілікті тәрбиелеудің маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Осы ұстанымды басшылыққа алған №44 мектеп-гимназиясында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Мектеп ауласын көгалдандыру мақсатында Silleno компаниясының демеушілігімен 250 көшет отырғызылып, олардың тұрақты күтімін қамтамасыз ету үшін заманауи тамшылатып суару жүйесі орнатылды. Бұл бастама мектеп аумағын көркейтіп қана қойған жоқ. Ол оқушыларға табиғатқа қамқорлық жасаудың, туған жерді таза ұстаудың, еңбекке құрметпен қараудың жарқын үлгісіне айналды.
Қуантатын тағы бір жайт – бұл игі іске ата-аналардың да белсенді қатысуы. Оқушылар мен ата-аналардың бірлесіп туя ағаштарын отырғызуы бірнеше буын арасындағы рухани байланысты нығайтқан тәрбиелік мәні зор шара болды. Балалар өз қолымен еккен әрбір көшетті күтіп-баптау арқылы еңбектің қадірін, табиғаттың құндылығын және туған өлкеге деген жанашырлық сезімін бойына сіңіреді.
Мектептің тағы бір ерекше жобасы – «Эко LAB» тірі табиғат бұрышының ашылуы. Бұл оқу кеңістігі балалардың табиғат әлеміне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларды ғылыми бақылау жасауға, зерттеуге, тіршілік иелеріне қамқорлықпен қарауға баулиды. Экологиялық мәдениет – патриотизмнің маңызды құрамдас бөлігі. Өз ауласын таза ұстайтын, өзі өмір сүріп жатқан ортаны құрметтейтін бала ертең елінің табиғи байлығын да көздің қарашығындай сақтайтын азамат болып қалыптасады. Сондықтан мұндай жобалардың тәрбиелік маңызы ерекше.
Туған жерге деген сүйіспеншілік ең алдымен оның табиғатын аялаудан басталады. Бұл – мектептің күнделікті жұмысы арқылы оқушылардың бойына сіңіріліп келе жатқан өмірлік қағидалардың бірі.
Білім кеңістігінің жаңаруы – болашаққа бастар жол
XXI ғасыр – білім мен технологияның ғасыры. Сондықтан бүгінгі мектеп тек білім беретін мекеме ғана емес, оқушының шығармашылық әлеуетін ашатын, зерттеушілік қабілетін дамытатын, жаңа идеялардың өмірге келуіне мүмкіндік жасайтын инновациялық орта болуы тиіс. Осы талаптарды негізге алған Атырау қаласындағы №44 мектеп-гимназиясы 2025–2026 оқу жылында білім беру кеңістігін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Мектептің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жаңартылып, кітапхана қоры толықтырылды. Робототехника, STEM, биология, химия, физика, қазақ тілі мен әдебиеті кабинеттері жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Әрбір жаңартылған кабинет оқушылардың білімді тәжірибемен ұштастыруына, ғылыми ізденіске қызығушылығын арттыруға және цифрлық технологияларды еркін меңгеруіне жол ашты.
Бүгінгі таңда білімнің сапасы тек оқулықпен өлшенбейді. Ол оқушының алған білімін өмірде қолдана білуімен, мәселені талдап, дұрыс шешім қабылдай алуымен, сыни ойлау және шығармашылық қабілеттерімен бағаланады. Сондықтан мектепте қалыптасқан жаңа білім кеңістігі оқушылардың жан-жақты дамуына қызмет етеді. Әсіресе STEM бағытындағы жұмыстар балалардың инженерлік ойлау қабілетін дамытуға ықпал етсе, робототехника кабинеті жас өнертапқыштардың алғашқы жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Ал жаңартылған кітапхана оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани дүниесін байытуға бағытталған маңызды мәдени орталыққа айналып келеді. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу» деген болатын. Бұл қағида мектеп ұжымының күнделікті жұмысынан айқын көрініс табады. Мұнда әрбір білім алушының қабілеті бағаланып, оның болашақта қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына жағдай жасалады.
Патриотизм – ұлтқа қызмет етуден басталады
Патриотизм – туған жерді құр сөзбен сүю емес, оның дамуына адал еңбекпен үлес қосу. Бұл қасиет баланың бойына мектеп қабырғасында қалыптасады. Себебі мектеп – азаматтық сана мен елдік рухтың алғашқы мектебі. №44 мектеп-гимназиясында тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге, ұлттық тарихты тануға, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға бағытталған құндылықтар негізінде жүргізіледі.
Мемлекеттік Ту – тәуелсіздіктің нышаны, Елтаңба – елдің айбыны, Әнұран – халықтың рухы. Осы қасиетті рәміздерге деген құрмет әрбір оқушының жүрегінде мақтаныш сезімін қалыптастырады. Себебі мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – туған елге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Патриоттық тәрбие күнделікті мектеп өмірінде де көрініс табады. Сабақ барысында ел тарихын терең зерделеу, ұлттық тұлғалардың өмір жолынан тағылым алу, мемлекеттік мерекелердің мәнін түсіндіру, туған өлкенің тарихын танып-білу – осының барлығы өскелең ұрпақтың елге деген жауапкершілігін арттыруға қызмет етеді. Бүгінгі оқушы – ертеңгі дәрігер, мұғалім, инженер, ғалым немесе мемлекет қызметкері. Сондықтан олардың бойында әділдік, еңбекқорлық, жауапкершілік, ынтымақ пен өзара құрмет сияқты қасиеттерді қалыптастыру – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі.
Қазақстан – жүзден астам этнос пен түрлі мәдениеттің ортақ шаңырағы. Осындай қоғамда өзара сыйластықты, бейбітшілік пен келісімді сақтау – әрбір азаматтың парызы. Бұл құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы ғана еліміздің тұрақты дамуына үлес қоса аламыз.
Тәрбиелі ұрпақ – елдің рухани тірегі
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі мен мәдениеті – ұлттық болмысымыздың алтын қазығы. Жаһандану заманында осы рухани мұраны сақтап, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру бұрынғыдан да маңызды. №44 мектеп-гимназиясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу оқу-тәрбие жұмысының ажырамас бөлігіне айналған. Себебі өз тарихын білетін, ана тілін құрметтейтін, ұлттық мәдениетін бағалайтын ұрпақ қана елінің болашағына жауапкершілікпен қарай алады.
Ұлттық тәрбие – тек өткенді дәріптеу емес. Ол – заман талабына бейімделген, рухани тамырынан ажырамаған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеудің негізі. Сондықтан мектеп ұжымы ұлттық мұраны қазіргі білім беру үдерісімен сабақтастыра отырып, оқушылардың бойында адамгершілік, мейірімділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық пен отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруға ерекше мән береді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мектеп қабырғасынан білімді ғана емес, ұлттық рухы биік, елінің ертеңіне бейжай қарамайтын, қоғамдық жауапкершілікті терең сезінетін жас азаматтардың қалыптасуына берік негіз қалануда.
Бүгінгі мектеп – ертеңгі Қазақстанның келбетін қалыптастыратын маңызды әлеуметтік институт. Оның қабырғасында білім алған әрбір оқушы болашақта ел дамуына үлес қосатын азаматқа айналады. Сондықтан мектептің жетістігі – бір ұжымның ғана емес, тұтас қоғамның жетістігі. Атырау қаласындағы №44 мектеп-гимназиясының тәжірибесі білім мен тәрбиенің егіз ұғым екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Заманауи инфрақұрылым, жаңартылған білім кеңістігі, ата-анамен тығыз әріптестік, экологиялық бастамалар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және патриоттық тәрбие – осының барлығы бір мақсатқа, яғни елін сүйетін, білімді, мәдениетті, жауапты азамат тәрбиелеуге бағытталған.
Мектептің бүгінгі жетістіктері мен қарқынды дамуының негізінде білім беру ісін заман талабына сай ұйымдастыра білетін, ұжымның шығармашылық әлеуетін тиімді үйлестіретін, жаңашыл басқару мәдениетін қалыптастырған мектеп директоры Абай Ақмұрзиевтің қажырлы еңбегі мен көреген көшбасшылығы жатыр. Талантты менеджер, білікті ұстаз әрі отаншыл азамат ретінде ол мектептің басты миссиясын сапалы білім берумен ғана шектемей, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, мемлекеттік рәміздерді құрметтейтін, туған жері мен еліне адал қызмет етуді өмірлік ұстаным санайтын саналы ұрпақ тәрбиелеумен сабақтастырып келеді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген еді. Бұл сөздің өміршеңдігі бүгін де айқын сезіледі. Себебі білімді ұрпақ – қуатты мемлекеттің кепілі, ал тәрбиелі ұрпақ – елдің рухани тірегі. №44 мектеп-гимназиясының бүгінгі тыныс-тіршілігі осы ұстанымның нақты көрінісі. Мұнда шәкіртке тек білім ғана емес, өмірлік ұстаным, азаматтық жауапкершілік, ұлттық рух және туған елге деген сүйіспеншілік дарытылады. Осындай ізгі құндылықтармен тәрбиеленген жас буын ертең Қазақстанның өсіп-өркендеуіне қызмет ететін, елдің көк Туын әрдайым биікке көтеретін саналы азамат болып қалыптасары сөзсіз.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА