Балжан ХАБДИНА. ЖАСЫЛ ӘЛЕМНІҢ ЖАРШЫСЫ
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі қолына қалам ұстаған нәзікжандылар ішінде суреткерлік дара қолтаңбасымен, өзіндік шеберлік өрнегімен ерекшеленетін жазушылардың бірі – Баян Болатханова. Баян – әдебиетке журналистика саласынан келген, өткен ғасырдың 70–80 жылдары қазақ руханияты ошақтарының бірі болған атақты «Лениншіл жастағы» (қазіргі «Жас Алаш») Сейдахмет Бердіқұлов, Аян Нысаналин, Орысбай Әбділдәұлы сияқты баспасөз тарландарының мектебінен шыққан қаламгер. Ол сол кезеңде журналистік қарым-қабілетімен республика жұртшылығына кеңінен танылды. Еліміздегі бүтін бір ұрпақтың рухани өре өрісіне, адамгершілік-моральдық тәрбиесіне үлкен үлес қосқан жастар баспасөзінің беттерінде журналист Баянның суреттеме, публицистика, очерк жанрларында, өнер тақырыбында мөлдіретіп жазған талай дүниелерінің ізі қалды.

Сөйтіп, журналистиканың «қара қазанында» қайнап, шынығып, шыңдалғаннан кейін әдебиет ауылына ат басын бұрған оның қаламынан бірнеше көркем шығарма туды. Баянның «Кездесу», «Гауһартас», «Қазақтың Қаршығасы», «Өнер өлкесіндегі өрім», «Шипагердің шын сыры», «Бибіажар мен Бойтұмар», «Қарагөз-ғұмыр» атты көркем, деректі повестері мен әңгімелері – оның әдебиет әлемінде төл қолтаңбасы қалыптасқан қарымды қаламгерге айналғанының дәлелі.
Б.Болатханованың қаламгер ретіндегі ұстанымы замандастарының шынайы көркем бейнесін сомдау арқылы ұлттық дүниетаным мен түсінік-пайымды, салт-дәстүр мен ұстанымдарды ұлықтауға саяды. Әр кейіпкерінің образына, мейлі ол ересек адам, мейлі бүлдіршін бала болсын, халқымыздың жан дүниесі, табиғи бітім-болмысы, менталитеті, тіршілік философиясы өзек болып, өріліп жатады. Баян сусындаған рухани бастаудың екі қайнар көзі бар, бірі – ата-әже тәрбиесі, қазақы тәлім-тағылым болса, екіншісі – бала кезінен бойына сіңіре білген эпос пен ауыз әдебиеті туындыларының ұлағатты үлгісі.
Жазушының «Қарагөз-ғұмыр», «Майдангер шалдың немересі», «Әжетхана «ханшасы», «Орыс келін» әңгімелеріне қазіргі қоғамдағы түйінді әлеуметтік мәселелер арқау болған. Мәселен, «Қарагөз-ғұмыр» әңгімесінің негізгі кейіпкері – өтпелі кезеңде ала қап арқалап, күнкөріс қамымен базарда тентіреген бір жарым миллион қазақстандық қыз-келіншектердің бірі Қатираш. Бұрын көз көріп, құлақ естімеген нарық заманына тап болғанда тұрмыс-тіршілік ауыртпалығы әйелдердің мойнына түскені аян. Ер-азаматтар екі қолға бір күрек таба алмай, үй күзетіп отырып қалған кезде олар жанын жалдап, тағдыр тауқыметін тарта жүріп отбасын тарықтырған жоқ. «Заман жүгінің салмағын нәзік иығымен көтеріп», өз отбасын ғана емес-ау, бар қазақты ауыр кезеңнен алып шыққан қазақ әйелінің жанкешті тірлігі, қайсар мінезі екеніне дау жоқ. Міне, жазушының «Қарагөз-ғұмыр» шығармасында небір қиындыққа қасқая қарсы тұра білетін қазақ әйелінің осындай кесек образы сомдалған.
Сондай-ақ «Майдангер шалдың немересі» әңгімесінде де өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ қоғамын тығырыққа тіреген нарық заманының кесел-кесапаты сөз болады. Жоғары біліммен қарауыл боп есік күзетуге ғана қолы жеткен Бейсенбек тіршілік түйткілін несие арқылы шешпек болып, оның да «дәмін» татады. Араны одан әрі ашылып, «қиялымен байып, көбік ақшаның буына піскен» ол төрт құбыламды сай етем деп жүріп, түс көреді. Түсіне мұсылман салты бойынша о дүниеге біреуге қарыз болмай кету жайы енеді. Мұны ол Алладан келген бір белгі деп қабылдап, райынан қайтады. Сөйтіп, қолындағы барымен несиесін жауып, өзінің қоңыртөбел тірлігіне қайта оралады.
«Орыс келін» әңгімесінде автор қытымыр ене қыспағына ұшыраған Гүлнәрға діні басқа болғанмен, иманды, мейірбан Нина көршісінің көмектесіп, достық қолын созуын, сол арқылы оның ене сынынан сүрінбей өтуін әсерлі баяндай отырып, ұлтынан, тегінен тыс, жалпы адамзат баласына тән адами қарым-қатынас мәселесін көтереді.
Әдебиет – ұлт жанының айнасы десек, оның төресі – балалар әдебиеті. Б.Болатханова шығармаларының дені – балалар мен жасөспірімдерге арналған шағын әңгімелер мен ертегілер. Жазушының балалар әлемін нысан еткен, жас оқырманға ұғынықты, қызықты тілмен жазылған бұл туындыларында олардың кіршіксіз таза, балауса дүниетанымы, түйсік-пайымы шынайы суреттеледі. «Мәңгілік ел», «Балықтар», «Ию-қию», «Қарақиядағы көкпар» сияқты әңгімелерінің қай-қайсысы болсын танымдық тереңдігімен, тәрбиелік-тағылымдық мән-мағынасымен ерекшеленеді.
«Итбалық» әңгімесінде балалықпен қызықтап өзеннен итбалық ұстап алған бүлдіршіндердің атасының айтуымен оны босатып жіберуі, сөйтіп табиғаттың өзінен және атасынан рақым сабағының алғашқы әліппесін меңгеруі, ал «Қызылеспедегі өскін досымда» дала перзенттеріне қара жерді жарып шығар бар болмыстарымен қайсарлықты, нәзіктік пен мейірімді үйреткен жас өскін шөп хикаясы
баяндалады. «Қайтып келші, қарлығаш!» әңгімесіндегі балалардың білместікпен қарлығаштың ұясын бұзуы, кейіннен қателіктерін түсініп, құстың жолын тосуы суреттелсе, «Алашапанда» бір перзентке зар болған ерлі-зайыптылардың қозыны балаға балап, мәпелеп өсіруі, Шопан ата төлі оларға құт әкеліп, соңынан ұрпақ сүюі әңгімеленеді. «Қазақ балалары қозы-лақ бағып жүріп шексіздікпен тілдескендіктен ойшыл болады» деп тұжырым жасайды. Бұл әңгімелерге жер-дүние жаратылғалы бергі адам мен табиғат арасындағы үзілмес байланыс, бір-біріне тәуелділік кіршіксіз таза балалар әлемі арқылы осылайша желі болып тартылған.
Автор өзі «экологиялық әңгіме» деп айдар таққан «Қырғауыл айтқан әңгіме» оқиғасы да табиғат пен адам арасындағы үндестікті, астарлы сырды уағыздауымен құнды. Ел арасында Бейбіт хан атанған хан табиғат апатын алдын ала сезген білгіш қырғауылдардың айтқан әңгімесіне құлақ асып, ел-жұртын басқа жерге қоныс аударады, сөйтіп алапат апаттан аман алып қалады. Бұдан кейін жас та болса дана баланың ақылымен шөл даланың кемесі түйені қолға үйретіп, сол арқылы елін сулы-нулы жерге қондырады, артынан ел тізгінін сол Дана ханның – бала ханның қолына ұстатады. Бұл көш бастар көсемге де, ел бастар басшыға да үлгі боларлық ғибрат екені даусыз.
Қаламгердің балаларға арналған ертегілерінің ішінде «Мәңгілік ел», «Тамшыдағы тарих», «Балықтар», «Тұяқ батыр» ертегілері – бөле-жара атауға тұрарлық шығармалар. «Мәңгілік елде» Арсен атты балаға түсінде ұлтын сүйетін қазақтардың намысы мен жігерінен жаралған Құрыш қыз бен Құрыш бала жұлдыз болып ұшып келіп, өздерімен бірге көк жүзін самғатып, аспандағы Қазақстан елінің көшірмесімен таныстырады. Онда Арсен батырлармен, күйші, ақындармен кездесіп, қазақ дегеніміз – ана тілінде сөйлей білу, дәстүрді ұмытпау екенін, ұлттық код дегеніміз – сана, аспан – халықтың санасы екенін ұғынып, Мәңгілік ел болу идеясын түсініп қайтады. «Тамшыдағы тарих» ертегісінде күн сәулелері жаңбыр тамшыларымен шағылысып, баланың көз алдына ата жауы – қалмақты жеңген батыр бабаларын елестетеді, сол арқылы ерлікке, өрлікке үндейді.
«Ию-қию», «Менің жасыл әлемім», «Автобус-апа» әңгімелерінде автор бала кезінен көңіл түкпірінде сақталып қалған, қаз-қалпында тостаған жанарына көшіріп алған жасыл әлемнен дүниені тану туралы сыр ақтарады. Бұл әңгімелердегі «жантанушы – әже», «әжесі бар балалар ешқашан қорқа алмайды» деген ой-түйіндерінде отбасындағы, соның ішінде бала тәрбиесіндегі әжелер рөліне баса мән беретіні аңғарылады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, әдеби конкурста жүлдеге ие болған «Бибіажар мен Бойтұмар» хикаяты – жазушы шығармашылығындағы шоқтығы биік туынды. Басты кейіпкер Бибіажар – халық даналығын бойына сіңіріп өскен, ата мен әже тәрбиесін көрген тау қызы. Кітапқұмар қыз батырлар жырын жатқа айтады, там үйдің бұрышындағы сөреде тізіліп тұрған кітаптарды әжесінің «қыздың жүгі» деп шаң жуытпайтын жасауынан артық көреді. Грабиттен туған, атасы мен апасы өзіне бәсіре етіп атаған құлынға Бибіажар «Бойтұмар» деп ат қойып, оны «күн тигізбей көзіне, жел тигізбей өзіне, түндікпенен күн беріп, түтікпенен су берген» Құртқаша мәпелеп, бағып-қағады. Кейіннен бәйгеге қосып, өзі шабады. Автор бұл хикаятында Құртқа – Бибіажар, Тайбурыл – Бойтұмар параллелін алға тартады. Оқырман Бибіажар образынан – Құртқаның, Бойтұмардан Тайбурыл бейнесінің жаңғырығын көріп, батырлар жырынан тамыр тартатын үндестікті сезеді.
Б.Болатханова өнер тақырыбына да қалам тербеп, бұл салада зерттеушілік, өнертанушылық қырынан танылды. Жүйелі зерттеуге құрылған, эстетикалық талғам мен таным мәселелерін арқау еткен көркем очерк, деректі повестерінде ол өнер тарландарының бітім-бейнесі мен келбетін, өсу жолын қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өмір байланысында көрсете отырып, төлтума мәдениеттегі келелі де өткір проблемаларды көтереді. «Қазақтың Қаршығасы» деректі повесіндегі атақты күйші Қаршыға Ахмедияров, «Гауһартастағы» М.Хакімжанова (қазақ поэзиясының анасы), С.Майқанова (Жер-ана прототипі), Ә.Өмірзақова (қазақ киносының Ақ әжесі), Б.Төлегенова (қазақ әнінің гауһар тасы), С.Оразбаев (қазақтың қара шалы – дана шалы), С.Нұрмағамбетова (дәстүрлі ән өнерін жалғастырушы), Т.Полтавская (қазақ даласының Татьянасы) сынды майталмандардың өмірбаяндары мен қазақ руханиятының ұлттық тамырлары, дәстүр жалғастығы, өсу, даму, ілгерілеу үдерісі арқылы айшықталады. Жалпы, өнер тақырыбына төл тілімізде жазатын мамандардың саусақпен санарлықтай екенін ескерсек, Баянның бұл салаға да қосқан елеулі үлесі бар екені даусыз.
Баян бүгінде журналист, жазушылықпен қатар баспагерлік кәсіпке де ден қойып, бұл салада да айтарлықтай істер тындыруда. Өткен ғасырдың соңғы жылдарында жоғары оқу орындарының талапкерлеріне арнап тұңғыш «Абитуриент», туризм саласына арнап «Турист» газеттерін ашты. Кейіннен газет шығару ісін баспагерлікпен ұштастырып, «Molia&DOS» ЖШС полиграфиялық кешенін құрды. Бүгінде ол жыр жинақтары, оқу құралдары, сөздіктер, естеліктер тәрізді жүзден астам кітаптарды жарыққа шығарып, баспагер ретінде бұл саланы да дөңгелетіп отыр.
Түйіндей айтқанда, заман ағымына сай кәсіп пен қаламды қатар ұстаған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Баян құрбым – «Қарақиядағы көкпар» әңгімесіндегі көкпар тартудан алдына жан салмайтын майдангер өз атасы сияқты, өмір-көкпар додасында қайсарлық пен үлкен қажыр-қайрат танытып келе жатқан қазақтың қайраткер қыздарының бірі де бірегейі.
2021 жылғы балалар әдебиеті жылында қаламгер қоржыны тағы бір ерекше туындымен толықты. Оның «Мейірбан жанарлар әлемі» қиял-ғажайып ертегі-фэнтезиі балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың республикалық «Ер Төстік» әдеби байқауында жүлделі үшінші орынды иеленді. Ертегі бүгінгі интернет заманында өздері аяқ баспаған әлемді сәби жанарымен-ақ шолып, ойша қабылдауға бейім балғындардың түсінік-танымына сай жазылған. Автор ақ пен қара, зұлымдық пен мейірімділік, жақсылық пен жамандық тайталасын көрсету арқылы, бүлдіршіндердің бойына ақ пейіл мен адал ниет, қамқорлық пен жанаршылық, татулық пен ынтымақ сияқты адамгершілік, гуманизм қағидаларын, таза жан дүние қуатын сіңіруді көздейді. «Зұлымдық ойға мүлде келмейтіндей әр сәтке, әр минут, әр секундқа жақсылық жебеушілерінен күзет қояр едік. Ұйықтамаса, қалғымаса Жақсылық, Ізгілік ұйықтамасын!» деген ойды өзек етіп, жалпыадамзаттық, ғаламдық көкейкесті проблеманы қозғап отырған ертегіні бүтіндей бір фантастикалық повесть, тіптен романның жүгін арқалап тұр деуге болады.
Баянның балаларға арналған танымдық, тәрбиелік мән-маңызы зор ертегі, әңгімелері мектеп оқулықтарына енгізуге, мультфильмдер түсіруге әбден лайықты шығармалар деп білеміз. Қазіргі кезде бүлдіршіндеріміз дүние есігін аша салысымен бөгде елдің тұзы жоқ, татымы жоқ мультфильмдерімен ауызданып, жат жұрттың рухын бойларына сіңіре бастауы көңіл қынжылтарлық жайт. «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деп Мұстафа Шоқай бабамыз тегін айтпаса керек. Барымызды бағалап, іске асыра алмайтын немкеттілігіміз бен салғырттығымыздың салдарынан ертең бөтен құндылықтарға бет бұрған жат ұрпақ өсіп шықпасына кім кепіл. Осы мәселеге тіпті мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлінсе, құба-құп болар еді.
Бір қуантарлығы, 2022 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша шыққан кітаптар қатарында жазушының балаларға арналған «Менің жасыл әлемім» атты хикаяттар, әңгімелер мен ертегілер жинағы жарық көріп, бүкіл республикаға тарады. Қаламгердің бұл еңбегі бүлдіршіндердің рухани кәдесіне асып, жас ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосады деп сенеміз.