«БЕКЕТ»: үнсіз жасалған адамдық философия

Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №20 кітапхананың оқу залында Дулат Исабековтің «Бекет» шығармасына арналған кітапталқы өтті. «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының «Үні_SEN» кешенді қыздар жобасы аясында ұйымдастырылған кездесудің негізгі өзегі – шығармадағы адамдық философияны, жауапкершілік пен бауырмалдықтың мәнін бүгінгі оқырманның көзімен зерделеу болды.

Кітапталқыға СДБАММИК ұстаздар қауымы және ЕТЭК директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш. Құстайқызы бастаған студенттер қатысты. Талқылауды кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы ашып, кітапталқының мақсатына тоқталды. Ол кітап оқудың адам ойлауын дамытудағы, тұлғалық қалыптасуындағы және өмірлік құндылықтарды қайта қараудағы маңызын атап өтті.
Ал «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының жетекшісі Меруерт Мәулетқызы шығарманың сюжетіне тоқталып, «Бекет» туындысының кітапталқыға не себепті таңдалғанын түсіндірді. Шығармадағы Бекет бейнесінің сыртқы әрекеттен гөрі ішкі жауапкершілігімен, үнсіз қамқорлығымен ерекшеленетініне назар аударды.

Талқылау барысында Бекет бейнесі көп сөйлеп, өз жақсылығын көрсететін кейіпкер емес, үнсіз жасаған адамдығы арқылы биіктейтін тұлға ретінде қарастырылды. Оның адамдығы – үнсіз қамқорлығында, жауапкершілігінде, бауыры үшін жасаған құрбандығында екені айтылды. Талқылау барысында шығармада көрініс тапқан негізгі құндылықтар да сараланды:
• жауапкершілік – өз міндетіңді сезіну;
• бауырмалдық – жақыныңды түсіне білу;
• эмпатия – адамның ішкі жағдайын сезу;
• кешірім – өкпеден жоғары тұра білу;
• еңбек – мақсатқа жетудің құндылығы;
• саналы таңдау – эмоцияға емес, түсіністікке сүйену.
Бекеттің тағдыры арқылы қатысушылар адамдықтың үлкен сөздерден емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталатынын атап өтті. Ата-ананы түсіну, бауырға қолдау көрсету, әлсізге көмектесу, біреудің үмітін үзбеу, өзгенің арманын аяқасты етпеу – адамдықтың нақты көріністері деген пікірге тоқталды. Кітапталқыға қатысқандар Бекеттің тағдыры адамның адамдығы оның өзіне не алғанымен емес, өзгеге не бергенімен өлшенеді деген үлкен пайымды түсіне алды.

Кездесудің тағы бір маңызды тұсы – бүгінгі балаға «Бекет бол» деп талап қоюдан бұрын, «Бекетті түсін» деген ойды ұсыну қажеттігі болды. Өйткені кейіпкердің әрекетін түсіну – оның таңдауының себебін, ішкі жан дүниесін, жауапкершілігін және адамдық болмысын түсінуге бастайды. Өйткені әдебиеттің мақсаты — бізге дайын жауап беру емес, ішімізде жауап іздейтін сұрақ ояту. Дулат Исабековтің «Бекеті» де бізге дәл сондай сұрақ қалдыра алды.
М.Маулина,
журналист