Өнер үнсіз қалғанда, рух әлсірейді
29.07.2024
888
0

«Менің атым Қожа» – өз тағдырын өзі жасаған мықты шығармалардың бірі. Жазушының тағдыры шығарманың тағдырынан күрделі болды. Ол да, шығармасы да мемлекеттің ықыласына бөленген бақытты қаламгерлердің «санатына» ілікпеді. Шығармасы шетте басылып, көпшілік тарапынан биік бағаланғаннан кейін ғана ұлттық әдебиет кеңістігінен орын алған сирек туындылардың қатарынан табылды. Шығарманың шын да анық, әділ бағасын беруші оқырманның жоғары бағасын алып, бағы жанса да автордың жолы бола қоймады. Шығармашылықтан мүлдем алыстап, өзінің талантын тұншықтырып, үнсіз өткен, жұмбағы мол тұлғаның бірі болып қала берді. 

  Бердібек – Хемингуей: «Өзін өлтіру жоқ, тек өлтірушілер бар»

«Еңбегін бұлдап, бұлданғанын да естіген емеспіз. Көзі тірісінде қиянат көріп, қан жұтқан үлкен дарындар Қазақстанда аз болмады десек, соның бірі Бердібек еді», – деген жазушы Сайын Мұратбековтің пікірі жазушы трагедиясын айқындап тұрған жоқ па? Қазақ руханияты осы трагедияның жұмбағын шешу орнына, ары қарай жасырып, ұмытуға, айтпауға тырысады. Ал шетелдік авторлардың трагедиялық тағдырын оқып, аяп, аялап, аты мен тағдырын жыр қып айтып, мәңгілікке қалдыруға қызмет етеді. Біздің қаламгерлерде тек шығармашылық тағдыр болып, адами тағдыр болмауы керек секілді. Өзіміздің тұлғалардың ауыр да жұмбақ тағдырын шешуден гөрі білмеуге тырысу, мойындамау, оларды мүлдем танымау, шындығын қабылдамау, әлі де кеңестік жүйені тоталитарлық жүйе ретінде бағаламау бар. Сондықтан болар автордың шығармасы қызықтырғанмен, өмірі, қилы тағдыры тасада қалып келеді. В.Маяковскийдің Брикке тәуелді болып, тіпті оның күйеуімен бірге тұруға көнгенін, Ч.Диккенстің әйеліне моральдық-психологиялық зорлық жасағанын, О.Бальзактің дүние үшін егде әйелге үйленгенін, Р. Акутагаваның психикалық ауруға шалдыққанын, тағы да басқа қаламгерлердің кемшіліктері мен қателіктерін біле тұра теріс айнал­маймыз. Ол да адам ғой деп түсіністік танытамыз, кешіріммен қараймыз. Ал жамандықты айтпау, болмаса тұспалдап айту, сыбырлап айту қазақтың дүние­та­ны­мы мен көзқарасына тән. Б.Соқ­пақ­баевтың жұмбақ өлімі осы көз­қарас­қа сай айтылып, құпияны қалың­дата түскендей. Б.Акунин мен Г.Чхартишвили өзіне-өзі қол жұмсаған әлемдік жазушылардың әрқайсысына тоқталып, себебін іздейді. Нобель сыйлығын алып, шығармашылықта бағы жанған жазушылардың тағдыры­ның трагедиямен аяқталуы саяси-әлеуметтік проблемалармен тығыз байланыста болады. «Өмірде өзін өлтіру жоқ, тек өлтіру бар» деген пікірдің дұрыстығын мойындамасқа болмайды. Бердібек өмір сүрген қоғам, оның тіршілік ортасы қандай еді? Жазушы трагедиясының да себебі сол маңнан табылары анық.
«Менің атым Қожа» повесі 1957 жылы, яғни әдебиетке әлі де «жылымық» кезең орнай қоймаған заманда жазылған. Бұл – «социалистік реализм» өнер мен әдебиетті болат шынжырмен байлап, матап, қия бастырмай отырған кезі. Жазушының повесті жарияламақ болған ниеті сыншылар қарсылығына тап болып, Қожаның үлгі етер қасиеті жоқ, басбұзарлығы кеңестік идеологияға қайшы деп қайтарып тастайды. Қожаның ішкі және сыртқы қайшылықтарынан туындайтын іс-әрекеттері кеңестік кезең кейіпкерлерінің қалыбына сыймағандықтан, сынға ұшырап, кедергілерге тап болды. Кері шегінуді білмейтін жазушының қайсарлығы оны аудартып, орыс тілінде шығаруға тура келді.
Жазушы өмірінің трагедиялық шешімінде өмірін суицидпен аяқтаған Дж.Лондон, Э.Хемингуей сияқты шығармашылық дағдарыс пен ортаның түсінбеуі, тіпті қарсылығы, рухани еркіндіктің жоқтығы ықпал еткені анық. Қоршаған орта үшін адамның, ал тұлғаның өзін өлтіруі – қоғам үшін масқаралық. Өйткені мұндай өлімнің артында зор рухани қиянат, моральдық ауыр айып жататыны айқын. Әрбір адам жүрегінің түкпірінде неге деген сұрақ тұрады. Жауабы да болуы мүмкін. Ол сол ортаны, қоғамды айыптайды. Сондықтан өзіне қол жұмсаған адам өлімінің мәні терең, мағынасы мол, тіршілікке қарсылығы да зор. Өзін өлтіруші тығырыққа тіреліп, тұңғиыққа құлағанда оны сондай қадамға душар ететіндердің болатыны анық. Нақты адам кінәлі болса, атын атап, себебін айтып хат қалдырады. Ал қоғам мен жүйе кінәлі болса, үнсіз кетеді. Бердібектің өлімі де – үлкен жүйелік трагедия. Өйткені рухани тұрғыдан тапталған жан үшін шығатын жол табылмағандай. «Қол емес, қызыл тілім кісендеулі, Сондықтан жаным күйіп жанады да» деген Мағжанның күрсінісі талант үшін зор трагедич әрі шығармашылыққа жасалған қастандық екенін ұқтырады. Ал Бердібектің трагедиясы туралы ақын Қ.Мырза-Әлінің мына естелігінен артық не айтуға болады: «– Беке, не жазып жүрсіз? – Не жазушы ем? Түк те жазып жүргем жоқ. Менен маскүнемдер жақсы! Олар ең болмағанда бастарын жазады. Жазбайын демеймін, әрине! Жазғым-ақ келеді. Бірақ ақиқатты айттырмайды. Өтірікті жазғым келмейді!» – дейді ол бір жағынан әзілдеп, бір жағынан мұңайып. Бұл кезеңнің ауыр трагедиясына Мұқағалидың мына жолдары да куә: «Айтарын абайламай ашық айтқан, Қайран біздің Махамбет, Абайлар-ай». Қазақ халқы тұтас ұлт пен дербес адамға жасалатын қиянаттың бәрін кешті. Қазір тек Алаш арыстарын жоқтап, оларды қайтару, тану мәселесіне көңіл бұрғанмен, кеңестік жүйе билік құрған жылдары ауыр қиянатты айтудан мүлде тиылдық. Бұл кезеңнің туған туындыларды күресінге итеріп, шығармашылық тұлғаларды әдебиет тарихынан итеріп тастауды ұсынып жүрген айқайшылдар да жетерлік. Шындап келгенде кеңестік кезең тұлғаларының трагедиясы Алаш арыстарынан кем емес. Олардың тәні аман болғанмен, рухы жасып, өліп жатты.
Өмірден гөрі өлімді жақын көрген талантты қаламгерлердің басында америкалық Э.Хемингуэй, ағылшындық В.Вульф, жапондық И.Кавабата, қытайлық Ли Чжи, кеңестік А.Фадеев бар. Бұлардың бәрі шығармашылығы өнімді, жоғары бағаланған авторлар бола тұра өмірден өз еркімен кетуді қалады. «Попытка анализа наиболее распространенных мотиваций писательского суицида обречена на предположительность и некорректность, но все же из имеющихся в «Энциклопедии» сведений можно заключить, что среди причин, подтолкнувших героев этой книги к самоубийству, чаще всего встречались: политика (62 случая), психические заболевания и склонность к депрессии (52), а также тяжелая болезнь (48)», – деп қорытынды шығарады «Жазушы мен өзін өлтіру» деген кітаптың авторы Чхартишвили. Хемингуэйдің соңынан тыңшы түскенін, Бердібектің соңынан бақылау болғанын зерттеушілер айтып келеді. Қаламгерлер биліктің саясатына қарсы болып, оны шығармашылығында белсенді көтергенде биліктегілерге қауіп төндіреді. Олардың шындықты көріп, халықтың көзін ашудағы зор рөлінен қорыққан билік не өлтіреді, не өзін өлтіруге мәжбүрлейді. «Эрнест өлген соң оның ФБР-дің алдындағы үрейі туралы мәселені анықтағым келді. Өкінішке қарай, ФБР-дің есебіне сеніп, оның қорқынышын дұрыс бағаламаппын. Бүгін оның шын мәнінде ФБР-дің бақылауында, аңдуында болғанын білдім, бұл – оның күйзелісі мен өзіне қол жұмсауына әкелгені анық» деген пікір жазушының Куба коммунистік партиясының көсемі Кастромен достығы, кеңестік одақтың арнайы қызметімен келісіп, кейін бас тартқаны туралы мәліметтер жазушының шынында ФБР-дің қатал бақылауында болғанының дәлелі. Билік өзінің көзқарасына қайшы, еркін ойлы қаламгерлерді аямайтыны, оларды өзге елдің өзге жүйенің мүддесіне қызмет ететін, тыңшы қылып шығаратыны Алаш арыстарының тағдырынан да белгілі. Сондықтан Бердібек те, Хемингуэй де, жоғарыда айтылған 62 жазушы да саяси жүйенің құрбаны болды. Ал билік өзін ақтау үшін оларды көбіне күйзелісте жүрген, дертті адам ретінде, болмаса психологиялық ерекшелігінен тауып, себебін өзінен алып қашатыны әркімге аян.
Жазушыны өлтірді ме, әлде өзіне қол жұмсады ма, әлде жүрек талмасынан өз ажалынан қайтты ма? Қай нұсқасы дұрыс болса да түйін біреу. Ақиқат пен шындыққа құштар жазушының трагедиясы – оның өмір сүрген қоғамының қиянаты, саяси-әлеуметтік кеңістігінің кертартпалы қасіреті.

Қожа мен Том Сойер: жалғандыққа қарсылық

Әдебиеттегі балалардың аса жарқын бейнесі – Қожа мен Америка жазушысы Марк Твеннің Том Сойер атты ғажап кейіпкері. Бұл шығармалардың өмірге келуінде ортақ мотив – сол кезеңдегі өмірден алыс, бала болмысына қайшы тұрмыс пен сананың қоғамдық-әлеуметтік салт, ереже ретінде бекітіліп, шынайылықтан шет көркем образдардың үлгі ретінде ұсынылуына қарсылық. М.Твеннің «Том Сойердің бастан кешкендері» атты романы – сондай жасанды кейіпкерлерге қарсы манифесі. «Менің атым Қожа» әкесіз баланың психологиясына, жан дүниесіне терең үңілген, қоршаған ортадан түсінік таба алмай, қайшылыққа толы Қожаның армандары, мақсаты, сезінгені мен түсінгендері шынайы, реалистік жүйемен берілген шығарма ұлттық әдебиеттің бірегейі. Қожаберген бейнесі – өзіндік мінез ерекшеліктері қалыптасу үстіндегі ішкі дүниесі қайшылыққа толы шынайы жасөспірім бейнесі. Мұғаліммен, кей қатарлас балалармен тіл табыса алмауы оның бейімделе бермейтін өзіндік мықты менінің ерекшелігінде. Жантас сияқты бейімделгіш, өзінің қажетіне сай өзгере беретін, «жылтыр» адамдарды оның түсінуі мүмкін емес. Оған қайта бар болмысымен көрінетін, мінезі мен сөзінің жасандылығы жоқ, бағыты теріс болса да Сұлтан жақын. Шығармадағы әрбір кейіпкерден олардың болашақтағы мінез болмысы айқын көрініп тұрған жоқ па? Том да, Қожа да – ішкі қайшылығымен қоршаған ортамен үздіксіз әрекеттесіп, оны танып, өзіндік менін сақтап, көп қиындықпен, қорқынышпен, үмітпен, сеніммен өсіп жатқан шынайы бейнелер. Сол үшін бұл кейіпкерлер – сенімді, қызықты, мазмұнды әрі аяулы. Қожаның проблемасының тамырында оның әкесіз өсуі жатыр. Егер әкесі болса, Қожада осындай ішкі қайшылықтар болар ма еді? Ана бала үшін бүкіл тіршіліктің негізі болса, ал анасының жан дүниесіндегі арпалыс, үміт пен күдікті бала түйсігімен сезеді. Сондықтан ол анасына зор сүйіспеншілікпен қарағанмен, оны өзге әлемнен қызғанады. Әкесі, анасы және өзінен тұратын қалыптасқан әрі киелі байланысқа өзге адамның енуіне болмайды. Баланың түпсанасына берік орныққан түсінікке шынайы өмірдің даму заңдылығы қайшы. Қожаның өзіндік мені жаратылыс заңына қайшы болғандықтан оның әрекеттері теріс бағаланып жатады. Қожаның ең асыл қасиеті оны түсінуге тырысатынында. Адам баласы қателіктер арқасында өмірмен түсініседі, есейеді, өзін табады. Өмірде өзге адамдардың ықпалында жүріп, солардың ғана көңілінен шығатындар өзін жоғалтады. Олар ортаға бейімделгіш, пысық, қу болғанмен, бақытты бола ала ма? Қателесу, оны жөндеуден тұратын жол – мықтылардың жолы, бейімделу, өзгенің айтқанымен өмір сүру – әлсіздердің жолы. Қожа мен Жантас осы екі түрлі жолда.
Социалистік реализм салып берген қалыпты мойындамай, қарапайым қазақ отбасының, баланың проблемаларын, оның психологиялық өсіп-жетілуіндегі отбасы, мектеп, жалпы ортаның рөлін көрсете білген жазушы шығармасының бала тәрбиесіндегі ғана емес, қоғам тәрбиесіндегі орны зор. Қожа әрекеттерін бақылап, оны қызықтап қана қалсақ, бұл шығарманы толық түсінбегеніміз. Балалар әдебиеті деп оның рөлін, оқырмандар категориясын шектеу – шығарманы толық түсінбеу, өз деңгейінде бағаламау. Әже, ата, ана, құрбы-құрдас, ұстаз, тіпті тұтас қоғаммен бірге өрілген бала тағдырында, оның тұлғалық қалыптасуында барлығының орны бар. Қожа ешкімді ренжіткісі келмейді, бәрінің ойынан шыққысы келеді. Сол үшін айна алдында отырып, жаттығу да жасайды. Бірақ оның тіршілігі әурешілік болып қала береді. Ол өзгергісі келгенмен оны қабылдау өзгермейді. Сондықтан Қожа күйзеліске түседі. Ішкі түсінігі мен сыртқы әрекеті арасындағы қайшылық жалпы ортамен қайшылыққа әкеле береді. Соңында тек өлім ғана құтқарып, шын мәнінде оны өлгенде ғана түсінер деген қиялға беріледі. Осындай эпизод Том Сойердің оқиғасында да кездеседі. Қатал Полли тәтесінің көңілін таба алмаған Том өлген соң мені түсінер, маған жақсы қарар деген үмітпен өлімді қиялдайды. Бұл эпизодтар оқырман, көрерменге күлкілі болғанмен, кейіпкерлер үшін рухани дерт, шеше алмаған түйіннен туындайды. Бердібек те, Марк Твен де өз кейіпкерлеріне өз өмірінің бөлшегін салады.
Бұл екі шығарманың тағдырындағы тағы бір сабақтастық – екеуінің де кітапты шығару комиссиясынан өте алмауы. Конкорд қаласының балалар кітапханасының комиссиясы Том мен Гектің оқиғасының қарабайырлығын сынап, шығарма тілі жасөспірімдер үшін тіпті дөрекі деген шешім шығарады. Жазушыға өзге оқиға жаза алмаса, мүлде жазуды тоқтатқаны жөн деген кеңес те береді. Бұған Марк Твен өкпелемейді, қайта қуанады. Осы теріс жарнаманы пайдаланып, кітаптың қосымша 25 мың данасын сатудың жолын табады. Әдебиеттанушылар Томның рөлін антигумандық қоғамға қарсы бейне деңгейіне көтереді. Балалар бейнесін қоғамдық-саяси әлеуметтік құрылымға, заңдылыққа қарсы бейне ретінде сомдау М.Әуезов, Б.Майлин, Ч.Диккенс, Д.Сэлинджер, Х.Хосейни шығармаларына тән. Америка әдебиетіндегі образдардың ерекшелігі олардың тағдырға мойынұсынбай, әрекет ететінінде. Пессимизмге берілмей, алға жылжу, әрекетке құштарлық Қожа бейнесіне де тән. Оның ішкі әлеміндегі белсенділік, іздену, сыртқы әрекетінен де жылдам. Ішкі динамикасы мықты Қожа көп қателеседі, оны түзеудің жолдарын іздейді.
«Менің атым Қожа» шығармасының кең таралуы мен зор ілтипатқа бөленуіне кинонұсқасының да ықпалы болғаны анық. Шығарманы оқымағандар кинодағы Қожаның образына тәнті болды, қызықтады, жақсы көрді. Том Сойердің басынан кешкен оқиғалары да көп экранизацияланып, шығарманың аса танымал болуына септескен. Кейде шығарма тағдырындағы сабақтастықтар мен Қожа, Том бейнесіндегі ұқсас қасиеттердің молдығы Бердібектің шығармасының жазылуына осы романның әсері бар-ау деген ойға жетелейді.

Бүгінгінің Қожасы қайда?

Балалар әдебиетін түрлерге бөлуде жас ерекшелігіне үлкен мән берілуі керек. Жасөспірім мен балалар әдебиетінің үлкен айырмасы бар. Сондықтан бұл әдебиетті балалар әдебиетінің бір бөлшегі ретінде қарастыру оның рөлін төмендетіп, дамуын шектеп отыр. Бес жасар бала мен он бес жастағы баланың талғамы, түсінігі, қиялы мен танымы алшақ. Қазақ балалар әдебиеті дамыған деп мақтана айтқанмен, жасөспірім оқитын, оны қызықтыратын шығарма саусақпен санарлықтай аз. Ертегілер, санамақ, жаңылтпаш сияқты баланың ерте шағының дамуында рөл атқарушы жанрлар әдебиетімізде жақсы дамығанмен, баланың қоршаған ортаны танып қана қоймай, түсінуіне ықпал етер шығармалар жоқтың қасы. Қожа мен Аянның бейнесінен өзге ешкімді атай алмаймыз. Жанардан өзге бір де бір қыз баланың бейнесі жоқ. Кеңестік кезеңнің әдебиетке талабы, оның шарттылығы мен өмірден алыстығы жасөспірімнің күрделі бейнесін жасауға мүмкіндік бермегендей. Адам өмірінің аса күрделі кезеңі адамның ішкі жан дүниесіндегі қиын мәселелерді сыртқа шығаратындықтан, мінсіз кеңестік образға қайшы келгендіктен Қожа бейнесі әдебиетімізде жалғыз.
Бала дамуының қиын кезеңі – жасөспірім кез. «Қазіргі күні бұл тақырыпқа қатысты әлем әдебиеті өте қызықты шығармалар ұсынуда. Қазіргі жасөспірімдер оқитын шығармалар қатарында Джоан Роулингтің «Гарри Поттер», Стивен Чбоскидің «Елеусіз болу бақыты», «Сауалдың 13 себебі», «Тек анама айтпа», т.б. шығармалар бар. Қазіргі кезеңде жасөспірімдерге рухани жетекші болып отырған шетелдік жазушылар екенін мойындауға тура келеді. «Сауалдың 13 себебі» деген терең психологиялық-әлеуметтік роман былай басталады: «Сен болашақты өзгерте алмайсың. Сен өткенді түзете алмайсың. Сен тек тыңдай аласың. Өзге адамның өміріне әсер ете алатынын кей адамдар біле бермеуі мүмкін. Кейде біз іс-әрекетіміз және сөзімізбен біреудің тағдырын шешетінімізді түсіне бермейміз», – деген салмақты ойлармен басталып, ары қарай осы түйіннің жасөспірім қыздың тағдырындағы көрінісін баяндайды, яғни жас қыздың өлімінде оның достары, мұғалімдері, сыныптастары, жай ғана таныстары, ата-анасының рөлі бар екенін сенімді көрсетеді. Қожаны Майқанова апайы кері итерсе, ұстазы Оспанов оны жақсылыққа шақырады, анасы қаталдықпен талап қойса, әжесі мейіріммен жүрегін жылытады, Жантас қатыгездікпен айыптаса, Жанар жанашырлықпен үміт сыйлайды, Сұлтан қиналғанда қызыққа тартып қана қоймай, өкінішке қалдырады. Мектеп қарауылы Сәйбек ақсақалдың өзі Қожаға әкесінің қандай адам болғанын айтып, зор сенім әкеледі. Бұл шығармада да әрбір кейіпкердің Қожа тағдырындағы рөлі бар. Шығарманың ақиқаты да – осы. Қазіргі кезеңнің тіпті күрделеніп кеткен әлеуметтік-психологиялық жағдайында бүгінгі уақыт пен кеңістіктің ақиқатын айтатын шығарма керек. Балаларымыз рухани бос кеңістікті толтыра алмай, қателесуде, небір жантүршігерлік жайлар орын алуда. Өнер – адамның рухани болмысының айнасы. Өнер үнсіз қалғанда, рух әлсірейді. Ұрпақтың рухты болуы – болашақтың сенімділігі.

 

Айгүл ҮСЕН,
филология
ғылымдарының
докторы,
профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір