РУХАНИЯТҚА ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ
09.01.2026
100
0

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров осы өңірде тұратын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен арнайы кездесіп, ұлттық руханияттың бүгіні мен болашағы жайында мазмұнды әңгіме өрбітті. Еркін форматта өткен бұл қабылдауда аймақтың мәдени-әдеби өмірі, қаламгерлердің қоғамдағы орны және шығармашылықты билік тарапынан қолдаудың маңызы сөз болды.
Жыл қорытындыланып жатқанда, қордаланған шаруалардың арасында қаламгерлермен кездесуге уақыт тапқан Асхат Берлешұлы сөз басын:
«Әкімі ақынын іздеген ел зор болар,
Ақыны әкімін іздеген ел қор болар»,
деген тәмсілмен бастап, қаламгерлердің ел өміріндегі рөліне ерекше тоқталды.
Облыс әкімінің «Елге басшылық – уақытша қызмет, ал руханиятқа қызмет ету өлшемге сыймас қасиеттің, таланттың жемісі. Іргеміз берік, еңсеміз биік, әлеуетіміз мықты болуы үшін рухани құндылық бәрінен биік тұруы керек» деген сөзі тыңдаушылардың көңіліне риза сезім ұялатты.
Жазушылар одағы қоғамдық бірлестік болғаннан кейін бюджеттен қаржыландырылмайтыны белгілі. Алайда руханияттың дамуына салынған инвестиция – ол елдің ертеңіне, ұлттық сананың қалыптасуына салынған инвестиция екенін жақсы білетін облыс әкімі әдеби қауым өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін әрдайым өз назарында ұстап, алдағы уақытта бекітілген жобалар аясында Жазушылар одағымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Мазмұнды ойлармен, келелі ұсыныстармен, рухани үндестікпен өрбіген бұл кездесу барысында аға буын атынан сөз сөйлеген ақын, ҚР Педагогика ғылымдары академиясының академигі Нұрлыбек Қалауовтың жергілікті жазушылардың «Ақтөбе қаламгерлері» қоғамдық қорына қаржылай демеушілік көрсетілсе деген өтінішін және ақын Гүлімай Қуанышованың жас қаламгерлердің «Рухнама» шығармашылық орталығының жұмысын жандандыру туралы көтерген мәселесін Асхат Берлешұлы түсіністікпен қабылдады.
Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бижан Қалмағанбетов осы Одақтың Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің атынан облыс әкімі Асхат Шахаровтың жеке кітапханасына этнограф-ғалым Зейнолла Сәніктің айрықша құнды энциклопедиясын және өңір қаламгерлерінің соңғы бір-екі жылда шыққан кітаптарын табыс етті. Асхат Берлешұлы өзінің ақын-жазушыларға, жалпы қаламгерлерге үлкен құрметпен қарайтынын және қызметінің қауырттылығына қарамай, күн сайын ертеңгісін бір сағат уақытын кітап оқуға арнайтынын айтып, бұл кітаптарды қуана қабылдады.
Кездесу барысында облыс әкімі Асхат Шахаров қазақ сөз өнерін дамытуға үлес қосып жүрген жергілікті 27 қаламгердің әрқайсысына өзінің арнайы тағайындаған «Қазына» әдеби грантын табыс етті. Президент тапсырмасымен Ақтөбе қаласында бой көтеріп жатқан заманауи драма театрының ғимаратынан қаламгерлерге арнайы кеңсе бөлмелерін беретінін де айтып, жиналғандарды және қуантты.
Асхат Шахаровпен болған осы кездесуде қатарында Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Жақсылық Айжан, Зияш Телеуова сияқты белгілі қаламгерлер бар филиал мүшелерінің бәрі облыс басшысына көрсетілген құрмет пен қолдауы үшін ризашылықтарын білдіріп, өңірдің рухани дамуына өз үлестерін қоса беруге дайын екендерін айтты.
Кездесу соңында облыстық мәслихаттың төрайымы Г.Р.Сүйінтаеваның, облыс әкімінің орынбасары Ж.Н.Батырханның, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ә.М.Байнешовтың, облыстық мәдениет басқармасының басшысы А.Ю.Юнисованың, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Қ.Қонақбаевтың қатысуымен Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының 2026 жылға белгілеген жұмыс жоспары талқыланды.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен өткен осы тағылымды басқосу өңірімізде әдебиет пен мәдениетке деген қамқорлықтың жоғары деңгейде екендігін айқын көрсетті. Бұл көрсеткіш басқа облыстарға үлгі болуға тиіс деп ойлаймыз.

Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының
Ақтөбе облысындағы өкілі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір