Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД. Жапония жарасымы
05.08.2026
39
0

Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің Жапония туралы жазбалары ұзақ жыл бойы күнделік дәптердің бетінде қалса да еліміз тәуелсіздік алғанда әке жолын Мұрат Әуезов жалғап, жазылмаған тақырыптың тамырына қан жүгіртті. Бүгін оқырмандар назарына жарасым тапқан «Жапонияның» жалғасын ұсынамыз.

…«Дүние бір қисық жол бұраңдаған» дейді қазақтың қара өлеңінде. Әке жолын тұтқан Мұрат Әуезов арада жарты ғасырға жуық уақыт өткенде жапон топырағын басты.
Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі қызметін атқарған мен 2003 жылы Мұрат Мұхтарұлын Ұлттық кітапхананың бас директоры қызметіне тағайындадым. Бұл бала күнінен кітапқа құмар Мұраттың шығармашылық тынысын ашты. Ол кітапханаға басшылық еткен жылдары республикалық баспасөзде қазақ кітабы мен руханиятын насихаттаған көптеген мақалалары мен сұхбаттары жарияланды.
Әдебиет пен мәдениет тақырыбына келгенде алдына жан салмайтын білімпаз «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан «Времён связующая нить» атты арнайы бағдарлама ашып, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленген тұтас хабарлар циклын әзірледі.
Мұрат Әуезов Жапонияға алғашқы сапарын Ұлттық кітапхананың бас директоры қызметін атқарып жүргенде, 2005 жылдың қазан айында жасады. Ол осы сапарынан әр сөзінен ізет пен инабаттылық самалдай ескен «Жапония» атты тамылжыған эссе жазды. Мұраттың жазбасы «Жапонияда болу – әркімнің-ақ арманы» деген аппақ көңілден шыққан ақжарма сөйлемнен басталады.
Әке күнделіктерімен жақсы таныс Мұрат сапар алдында өзінше жоспар жасап: «Ұшуға дейін-ақ мен қалам тартатын үш басты тақырып: жапон аралдарындағы көк аспан мен таулар, храмдар, қалалар және адамдар болатынын білдім», – деп «үш анықтың» басын ашып алады. Байқайсыз ба, мұның бәрі – үлкен Әуезов жазбаларынын керемет көрініс тапқан нысандар.
Мұрат жапон тарихының қайнар бастауы – Мэйдзи реформасының мән-мағынасын соғыстан кейінгі жапон жаңғыруымен қабат­тастыра қарап, оларды рет-ретімен тарқата жазуға кіріседі.
Әкесі сияқты жазуы мен сөйлеуі бірдей келіскен ол көрген-білгендерін әуелі диктофонға жазып, кейін оны қағазға түсіргенде артық-кемі жоқ 92 беттік мәтін шыққан.
Мұрат әкесінің сонау 1918 жылы жазылған мақаласын еске алудан бастап: «Оның авторы кейін аса көрнекті жазушы болған жас азамат Мұхтар Әуезов еді», – деп масаттана еске алады.
Ол әке күнделігінің ізімен, ұлы жазушының табаны тиген жолдармен жүріп өтуге тырысқан. Осы тұста сәл ұзақтау дәйексөз үшін оқырманнан алдын ала ғафу өтініп мына бір үзіндіні келтіргенді жөн көрдік. Мұрат Хиросимадағы азалы жиынға қатысқандағы әсері жайлы: «Арада қырық сегіз жыл және екі ай өткенде, 2005 жылдың 13 қазанында мен тура сол жерде тұрдым. Кенет дәл жанымнан әкемді сезінгендей болдым. Егер ол 57 жылы 60 жаста болса, мен алпыс екіде едім. Жасымның үлкендігін пайдаланып мен оған қадала қарап: «Қаншама елде болып, олар туралы көлдей очерктер қалдырған сен неге Жапонияға келгенде күнделіктегі жазбалармен ғана шектелдің?» – деп сұрадым. Ол маған жапон жерінде атом бомбасына қарсы талай мәрте сөз сөйлегенін, ал жаппай қырып-жоятын қару жасауға белсене кіріскен Кеңес Одағы сияқты репрессиялы елде бұған қарсылық білдіру саяси қылмыс ретінде бағаланар еді деп жауап қатты», – деп әке рухымен қалай сырласқанын жазады.
Мұрат екі апта Жапонияны емін-еркін аралап, зиялы қауым өкілдерімен кездесе жүріп: «Жапония бізге өте жақын, мен мұны саяхатшылар әулетінен шыққан адам ретінде анық айта аламын», – деген тамаша қорытындыға келеді.
Жапонияның жеті бірдей қаласында болған Мұрат киелі орындарды көп аралап: «Маған ашылған жеті бірдей қаладағы киелі орындарда жаныма жаққан ерекше жайлылықты сезіндім», – деген түйін түйеді. Ол будда храмдарын шығыстанушы маманның көзімен саралап, оның қытай ғибадатханаларымен ұқсастықтары мен айырмашылықтарына арнайы тоқтала келіп: «синтоистік ғибадатханаларда өз үйімде жүргендей болдым», – деп жапон киелі орындарының жанына етене жақын екенін ынтыға жазады.
Ол жапондықтардың өз мәдениетін айрықша құрметтеуінің бір сырын елдегі театр, музей, кітапхана және көрме орталықтарының мемлекеттік бюджеттен молынан қаржыландырумен түсіндіреді. Жапондар мәдени мекемелерді қолдау арқылы ұлттық бірегейлігін ұйыстыра түскен. Мұндай ықпалдастықтың игі әсерін сезінген Мұрат: «Түрлі көрме, мұражай, театрларға айқара есік ашу арқылы Жапония өз мәдениетін сақтап отыр», – деген қорытындыға келеді.
Ол әкесі сияқты жапон қоғамынан үнемі қазаққа ұқсастық іздеп: «Жапония, шынымен-ақ, бізге өте жақын», – деп ынтызар көңілмен атап өтеді.
Мұрат Жапонияның қай тарапында жүрсе де әкесін жиі-жиі еске алып: «Жапонияға бір кездері Мұхтар Омарханұлы Әуезов айналысқан істерді жалғастыру үшін келдім», – деп қояды.
Мұрат Әуезов әке өнегесімен театр өнерін жанындай жақсы көрген. Жапон мәдениеті қорының өкілі Харукомен бірге жаңа театрдан «Жизель» балетін тамашалап, оны кәсіби мамандай талдайды. Жапон мәнерінде қойылған балеттен алған әсерін: «бетперделер, өте қызғылықты драма, болашақ балетке арналған камертон сияқты», – деп қорытады.
Айтпақшы, бұл қойылымды тамашалау­ға Жапон императорының тақ мұрагері де келіпті. Оған көрермендердің ыстық ықыласпен құрмет көрсетуін ұлт береке-бірлігінің жарастығы ретінде қабылдап, тақ мұрагері туралы: «тақ мұрагері императорлардың жүз жиырмасыншы буынынан екен. Бұл императорлық мұрагерлік пен император тұқымының ғасырлар қойнауында қалған мифологиялық кезеңдерден басталатынын көрсетсе керек», – деп зор құрметпен атап өтеді.
Мұхтар Әуезов күнделіктерін талдау барысында біз оның елдегі ең жоғары биліктің символы саналатын Император сарайында болмағанын аңғарған едік. Оның себебі, Токионы бомбалау кезінде Мэйдзи сарайы тас-талқан етілген. Соғыстан кейін ел өміріндегі толып жатқан кезек күттірмейтін қиын түйінді проблемалар алдан шыға берген де, Император сарайды қалпына келтіруді үнемі кейінге қалдырумен болған. Ел есін жинап, экономикасы өрге басқан 1960–68 жылдар арасында жапондарға тән үлкен ұқыптылықпен жүргізілген жаңғырту сәтімен аяқталып, сарай толықтай бастапқы қалпына келтіріледі. Әкесіне бұйырмаған бұл сарайды көрген Мұрат: «Император сарайынан керемет ізгілікті сезіндім», – деп оның адамды өзіне тартып тұратын ерекше қасиетіне назар аударып, ауладағы көгалға шалқасынан жатып, саф ауамен тыныстапты. Жүрегі нәзік Мұрат ұқыпты қолмен өсірілген тал-теректер мен гүлдерді де сүйсіне қызықтап: «Сәлем, сакура!» деп жапон символы сакурамен амандасады. Бағбанның шеберлігіне таң-тамаша қалып: «Олар өсіргеннің бәрі ғажап өнер туындысына айналады», – деп сүйсіне баға береді.
Егер үлкен Әуезов Жапонияның көбінесе көнеден жеткен, қайтадан жаңғыртылған, бүгінде көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын ғажайыптары туралы жазса, кішісі сұмдық жарылыстардан қирап, отқа оранып, келмеске кеткен көне құндылықтарының орнын сипап, көңілі құлазиды. Ол Император сарайының маңында: «Мұнда бомбалау және одан кейінгі өртке дейін синтоистік храм жанында керемет буддалық ғибадатхана болған екен… Қазір бәрі тып-типыл», – деп өзегі өкінішке толады. Мұраттың сезімтал жүрегі ескі храмдар тұрған жердің топырағын баса тұрып: «ауада әлі күнге дейін күнәһарлық пен әулиеліктің лебі қатар сезіледі», – деп бұл орындарда өткен күннен көп белгі қалғандығын жеткізеді. Шығыстанушы ғалым бір кездері жапон қоғамында жетекші күш болған синтоизмді тұтынушылардың саны азайып бара жатқанын: «Жапонияда синтоистер барған сайын азайып, небәрі бес пайыздай ғана қалыпты», – деп өкініш білдіреді.
Мұрат Әуезов эссесін оқи отырып, оның ой жүйесі, дүниетанымы, өткен тарихқа, өнерге, ғылым-білімге құштарлығынан әкесімен сабақтастықты айқын аңғарамыз. Ол Токио университетінің екі бірдей шығыстану орталығында болып, оның оқытушыларымен, студенттерімен кездескен. Соның бірі – қазақша білетін, домбыра шертетін Антон Артемовпен кейін хат жазысып, хабар алмасқан. Мұрат оған әкесінің Жапония туралы еңбектерінен мағлұмат беріп, «Бәлкім оған болашақта Мұхтар Әуезов мақаласын жапон тіліне аудару бұйыруы мүмкін», – деп үміт артады.
Мұрат Мұхтарұлы Шығыстану орталығының сирек кездесетін кітаптардан тұратын аса бай кітапханасымен үлкен ықыласпен танысып, олардан Қазақстан мен Орталық Азия тарихына қатысты деректерді іздейді. Ол итальян суретшісі Кастильонидің жоңғарлар мен қытайлардың шайқасын бейнелейтін графикалық жұмысын тауып, кейін Қазақстанның Жапониядағы елшісі Б.Нұрғалиев арқылы өз қаражатына оның көшірмесін жасатып, Қазақстанға алдырады. Отандық басылымдарда әлденеше рет жарияланып, оқырмандардың үлкен қызығушылығын тудырған бұл суреттің біздің елімізге алғаш жетуінің басы-қасында ұлтжанды Мұрат Әуезов тұрғанын бүгінде біраз жұрт ұмыта бастады.

Токио университетінің Шығыстану ­кітапханасында

Қазақ ұлттық кітапханасының бас директоры Мұрат Әуезов Токио университеті Шығыстану кітапханасының директорымен де ресми кездесу өткізіп, кітаптарды сақтау, жаңғырту жөніндегі тәжірибесімен танысқан. Ол: «Мұнда кітаптарды өте тамаша етіп қалпына келтіреді. Бұл мәселеге келгенде біз қымсынбай «есік қағып» көмек сұрауымыз керек», – деп жапондардан үлгі-өнеге алу үшін табандылық таныту керектігі жөнінде кеңес береді.
Үлкен Әуезовтің бірнеше жапон фильмдерін көруге уақыт тауып қана қоймай, ол туралы пікірін жазып қалдырғаны жайлы біз жоғарыда айттық. Мұрат барған кезде кинотеатрларға деген ықылас азайған. Сондықтан ол жапон көрермендерінің көңіл ауанымен танысу үшін теледидарға жиі үңіліп: «Кеше жапон теледидарын көрдім. Өте керемет хабарлар бар екен», – деп кейбір телехабарлардан көрген-білгендерінен қазақ тұрмысына ұқсастық іздейді.
Театр десе ішкен асын жерге қоятын Мұрат әкесі сияқты «Кабуки» театрына барған. Билет құны 130 доллар болса да, екі мың адам сыятын көрермен залының лық толғанына таң қалған. Бұл театр да баяғы бомбалау кезінде тас-талқаны шығыпты. Өнерге құштар жапондықтар жабыла жүріп, оны қаз-қалпына келтіріпті. Соған ерекше риза болған ол: «Міне, бұл Жапония мәдениетінің ажырамас бөлігі», – деп шат көңілден бағасын береді.
Мұрат әкесі тереңнен тартып, арғы-бергі тарихын қазбалай жазатын көне астананы армансыз аралап: «Киотода болу – сәті түскен оқиға», – деп түйін түйеді. Ол жапон мектептеріндегі 12-13 жастан асқан оқушыларды ел тарихымен жан-жақты таныстыру үшін мемлекет өз есебімен әр өңірге саяхатқа шығарып тұратын тамаша дәстүрі бар екендігін және оған Киотоның міндетті түрде кіретіндігін де риза көңілмен атап өтеді.
Мұрат эссесінде атом бомбасынан зардап шеккен Хиросимаға арнайы тарау арналған. Қайда жүрсе де әкесін жадынан шығармайтын ұл: «Бұл орын оның табаны тиген, сөз сөйлеген, үлкен қасіретке толы «Осы аспанның үстінде әлем сұмдығы туған. Бірінші тажал оғы жарылған» деген сөздерді жазған жері…» – деп әке рухымен тілдескен тебіреніске толы ойын қағазға түсірген.
Мұрат Хиросима қаласының арғы-бергі тарихын, оның орыс-жапон соғысы кезінде атқарған рөлін, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ғаріп халін сипаттай отырып, атом бомбасы тасталған сұмдықты жүрегі қан жылап отырып суреттейді.
Күміс сулары сылдырап аққан жеті өзеннен маржан таққан сұлу қаланың әп-сәтте күлге айналған қасіретті тарихы мен оның айықпас дертке ұшыраған кәрі-жасының аянышты тағдырын солармен бірге егіле отырып жазады. Мұрат осы жерде тағы бір рет әке рухымен тілдеседі. Ол: «Менің алдымда тағы бір маңызды кездесу бар. Ол Мұхтар Әуезовпен: оның жасы 60-та, мен 62-демін. Мен оған бірнеше сауал тастап, жауап алғым келеді. Осыдан тура 48 жыл және екі ай бұрын сен осы арада болдың деймін мен оған. Қазір мен дәл сен тұрған жерде – Хиросима құрбандарына арналған мемориалдың қасында тұрмын. Мені бір сұрақ үнемі мазалай береді: неге сен Жапонияда, Хиросима мен Нагасакиде аттай бір ай болғандағы әсерлерің туралы тым аз, өте сараң жаздың? Әрине, сенің сөйлеген сөздеріңде өте күшті, жүректі тебірентетін ойлар бар. Олай жазу менің қолымнан келмейтіні анық… Мені үнемі сенің өзіңмен бірге әкеткен ойларың толғандыра береді», – деп әкесінің өзімен бірге ала кеткен сырларының құпиясын білуге ынтығады.

Хиросима құрбандарына арналған мемориал жанында

Ол осы ойларының шет-жағасын өзін шақырған Жапон қоры директорының орынбасарына айтқан. Ол да тапқыр адам болса керек, табан астында ұлы Мұхаңның кейпіне еніп: «Сонда сен не үшін керексің? Жапонияға келген екенсің, енді сен жаз. Қашанғы біздің әулет үшін мен жауап беруім керек?!» – деп әзіл-шыны аралас қарымта қайтарыпты.
Өмір жолы Мұрат Әуезовті 2006 жылы тағы да жапон жеріне әкеледі.
Ұлттық кітапхана директоры Мұрат Әуезовтің атына 2006 жылдың 18 қаңтарында Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тэцуо Итоның атынан Жапония үкіметі ұйымдастыруымен 2006 жылдың 30 наурызында өткізілетін «Орталық Азия және Жапония» атты форумға шақыру келді.
Қазақстан атынан форумға тек Мұрат Әуезовтің шақырылуы тегіннен-тегін болмағанға ұқсайды. Форумды ұйымдастырған Сыртқы істер министрлігі қытайтанушы Мұрат Мұхтарұлының бұған дейін Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елші қызметін атқарғандығын жақсы білген.
Екі сессияға бөліп өткізілген жиында өте маңызды, ауқымды мәселелер көтеріліпті. Алғашқысында Орталық Азия мен Қазақстанның энергетика, көлік, коммуникация және су ресурстарын пайдалану саласындағы ынтымақтастықпен қатар, бұл саладағы Жапонияның атқаратын рөлі де қарастырылыпты.
Екінші сессияда тақырып аясы біршама кеңейтіліп, Орталық Азия мен Қазақстан Республикасының Ресей және Қытаймен қарым-қатынастары, сондай-ақ ондағы Жапонияның орны туралы мәселе көтеріліпті.
Форумның тақырыбы ауқымды болғандықтан, сөйлеушілерге тезистерін алдын ала жіберу және оның ағылшын тіліндегі нұсқасы 2000 сөзден аспауы жөнінде өтініш жолданған. Мәдениетті Мұрат талап тәріздес өтінішті құп алып, өзінің көлемі шағын болса да, мазмұны шымыр «Орталық Азия және Жапония» атты баяндама үлгісіндегі жазбасын дайындап, оны осы форум аясында Токио қаласында орналасқан Хосэй университетінде 2006 жылдың наурыз айындағы кездесуінде оқып берген.
Баяндамада Қазақстан мен Орта Азияны көктей өтетін Жібек жолының ежелгі өркениет орталықтары – Қытай мен Үндістанға, Иран және араб-мұсылман жұртына, сондай-ақ Кавказ және Ресейге, Жерорта теңізі жағалауындағы мемлекеттерге тигізген игі әсері мен жаһандық экономиканың дамуына қосқан үлесі талданады.
Түркі тарихының білгірі саналатын Мұрат Орта Азия республикалары екі тізгін, бір шылбырын өз қолдарына алған соң тарих, тіл, мәдениет пен өркениеттегі ортақ құндылықтарды ту етіп, бірігу, ықпалдасу мен ынтымақтасуды жаңа биікке көтеру керектігіне айрықша назар аударғанына тоқталады. Осы жолдағы кедергілерді екі топқа жіктеп, оларды еңсерудің жолын да көрсетіп берген.

Ежелгі сақ, скифтердің тікелей мұрагері саналатын көне түркі мәдениеті қытай мен үнді өркениеттерінің озық үлгілерін жатсынбай қабылдап, оларға да игі әсерін тигізген. Осындай өзара алмасулар түркі халықтары мәдениетін байыта түскен. Соның негізінде түркілер арасында «Калила мен Димна», «Тотының тоқсан тарауы» атты ортағасырлық хикаялар кеңінен тарап, Үндістанды ұзақ билеген Ұлы моғолдар империясы тұсында түркі мәдениеті үнді өркениетімен мидай араласады. Мұндай өзара ықпалдастық Орта Азия мен Қазақстанның әдебиетін, музыкасын, архитектурасы мен дүниетанымын байыта түседі.
Ол тәуелсіздік алған Орта Азия мемлекеттері мемлекеттік, ұлттық бірегейлігін айқындау барысында өткен дәуірлердегі бабалар тарихының ортақ жетістіктерін өздеріне қарай тартып, мәдениеттегі ортақ табыстарды жеке-дара меншіктеуге көше бастаған жағымсыздау тенденция орын ала бастағанын қынжыла атап өтеді. Осындай «қақтығыстар» туысқан елдердің береке-бірлігіне елеулі нұқсан келтіріп, көрші мемлекеттердің өзара талас-тартысына алып келу мүмкіндігін де ескертіп өтеді. Мұның өзі шекара, кеден және өзен-суларды оңтайлы пайдалану мәселесі бойынша мемлекетаралық дау-жанжал тудыруы мүмкін екенін де дөп басып айтады.
Мұрат Әуезов Ресей, Қытай мен АҚШ сияқты алпауыт елдер Орта Азиядағы жас мемлекеттердің одақтасуына аса мүдделі емес екендігін ескертіп, мәселені төтесінен қояды. Шындығында отарлаушы елдер әманда «бөліп ал да – билей бер» принципін басшылыққа алатыны ежелгі тарихтан белгілі жағдай.
Дипломат Мұрат осы өңірде ұзақ уақыт ықпалын жүргізген Ресейдің Орта Азия мемлекеттеріне адал әріптес, тілеуқор көрші болуға мүмкіндігі зор болса да, орыстардың сыртқы саясаттағы астамшыл, озбыр ұстанымынан арыла алмай отырғаны туралы шындықтың текеметін тіліп тұрып айтады.
Ол өзі студент кезінен арғы-бергі тарихына қанығып өскен Қытайдың да Орта Азия мемлекеттеріне қатысты саясатын оңдырмай сынайды. Елші қызметін атқарғанда түбі бір, тарихы ортақ Орта Азия халықтарына бірдей саясат ұстанудың орнына олардың әрқайсысын өз ыңғайына қарай пайдалануды көздеген қытайларды сын тезіне салады.
М.Әуезов АҚШ-тың Ауғанстан, Иран мен Иракқа қатысты озбыр әскери әрекеттерін сынға алып, олардың одағай саясаты күндердің күнінде Орта Азия мемлекеттерін жаңа қақтығыстарға тартуы мүмкін екендігіне зор алаңдаушылық білдіреді.
Бас-аяғы жып-жинақы, қысқа да нұсқа тезистердің көтеріп тұрған жүгі тым үлкен. Мұрат бұл жолы да өзіне тән мәнермен саясаттағылар көп айта бермейтін батыл-батыл проблемаларды ашықтан-ашық алға тартып, оны сарапшы ретінде жілік майын шаға талдайды.
Айтар ойы форумды ұйымдастырушылар белгілеген көлемге сыймағандықтан, Мұрат жоғарыдағы тезистерге «Сыртқы толықтырулар» атты қосымша енгізіп, оны баяндаманың қорытындысы есебінде берген.
Мұнда Орта Азия халықтарының одан арғы интеграциясы мен алға жылжуындағы Жапонияның атқарар рөлі әлі де зор екеніне назар аударылады. Бірақ дәл қазіргі кезде қалыптасқан жағдайға қарап, Жапонияның мұндай бастамаларға дайын еместігіне, тіпті бұл салада ешқандай әрекет жасамай отырғанына өкініш білдіреді. Бұл туралы ойларын: «Түпкі мүдделерін тұмшалап, бұқпалап отыратын Жапония ұстанымы ашық пікір алмасуға дайын емес», – деп Орта Азия халықтарына келгенде жұмбақтамай, анық саясат ұстануға шақырады. Ұзақ уақыт отарлық езгіде болып, зорлық-зомбылық атаулының талайын бастан кешірген елдердің тартқан азабы туралы: «Жарамыздан қан саулап тұр, ал кеуде керген өркөкіректіктен әбден көңіліміз қалған», – деп өзі ерекше құрметтейтін халыққа өкпе-назын ашына жеткізеді.
Қашанда азаматтық өр қалпын сақтаудан жаңылмайтын өзден Мұрат: «Жалған қамқорлық емес, өзара тиімді ынтымақтастықты қалаймыз», – деп алыстағы ағайынды тең дәрежедегі адал әріптестікке шақырады.
Кемеңгер әкеге тартып туған Мұрат Мұхтарұлының Жапония туралы жазбаларында ұлы жазушы күнделіктері бетінде қалған тұңғиық сырлар мен тұнық ойлары осылай жалғасын тауып, сәтімен сабақтасқан.
Әкелі-балалы Әуезовтер жарыса жазған Жапонияда біз де бірнеше мәрте болып, премьер-министр Синдзо Абэмен кездестік. Екі мәрте Білім, мәдениет және ғылым министрі қызметін атқарған Такео Кавамурамен ұзақ жылдар бойы дос-жаран ретінде араластық. Тұтқан өнеге, көрген үлгі мен көкейге түйген ойларымызды ығыты келгенде тарқата жазармыз. Әзірге тақырып ауанына сай сол сапарлардағы әсердің бір алуаны жайлы аз-кем мағлұмат келтіре кетсек артық бола қоймас.

Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесу

Ұлттық университет бітірер жылы факультет деканы, профессор Т.Қожакеев маған Алматы қаласында басылған «Садақ» журналынан диплом жұмысын қорғауды ұсынды. Бұл қазақ әдебиеті тарихында жиі айтылатын Уфада Б.Майлин мен Ж.Тілепбергенов шығаратын қолжазба «Садақтан» басқа журнал болатын. Алматылық «Садақтың» бір данасы ғайыптан тайып, сол кездегі Пушкин атындағы орталық ғылыми кітапхананың сирек кездесетін кітаптар қорында сақталыпты. Ұстазымыздың нұсқауымен журналға қол жеткізген соң тың тақырыпқа қызыға кірістік.
Диплом жұмысын жаза жүріп, ара-тұра қордағы өзге де араб қарпімен басылған ескілікті қолжазбалар мен басылымдарды қарағыштап қоямын. Университетте бес жыл араб тілін оқыған студентке мұндай басылымдарды ажыратудың еш қиындығы жоқ еді. Сол кездерде қолыма алғаш рет «Абай» журналы түсті. Әлі де кітапханада болуға тиіс.
Журналдан өзіміз мектеп қабырғасынан жақсы білетін Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаевтармен қатар университет профессорларынан еміс-еміс естіген, ол кезде шығармаларын басып шығаруды былай қойып, атын атаудың өзіне тиым салынған Шәкәрім, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев пен Міржақып Дулатовтардың есімдерін көргенде есіміз шыға қуандық. Дәл осы «Абайда» жарияланған Әуезовтің «Япониясымен» алғаш сол кезде таныстық. Ал «Садақ» журналы туралы диплом жұмысының тезистері сәл кейін оқымысты Ақселеу Сейдімбек ағамыз басқаратын «Білім және еңбек» журналында «Екінші «Садақ» қай «Садақ?» деген атпен жарияланды («Білім және еңбек», 1987 жыл, №8).
Студент кезде танысқан «Абай» ұзақ уақыт көңіл төрінен шыққан емес. Коммунистік идеологияның тізгіні босаңсып, «жариялылық» басталғанда біз академик Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Рымғали Нұрғали сияқты ұстаздарымыздың алқауымен біржолата «Алаш» тақырыбына ауыстық. Менің «Алаш» арыстары туралы алғашқы жұмыстарым Әлімхан Ермеков пен Жақып Ақбаевқа арналды.
Әлімхан Ермеков туралы «Профессор Ермеков – көзқарас эволюциясы» атты толымды зерттеуімді 1988 жылы аяқтасам да, еш жерде жариялай алмай қор болдым. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Жаһанша мен Халел Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтардың есімі аталатын мақаланы оқып шыққан басылым басшылары «жақсы екен» деген сыпайы сөзбен шығарып салумен болды. Сол кездегі Қазақ кеңес энциклопедиясының бас редакторы, академик Р.Нұрғали ағамыз мақаланы «Жұлдыз» журналының басшысы Мұхтар Мағауиннің тұп-тура өз қолына апарып беруді ұсынды.
Көз жүгіртіп танысып шыға салысымен бірден «Басылады» деген кесімді пікірін айтқан ер Мұхаң Алаш ардагері туралы портрет-эссені (әдеби журналдағы зерттеу жанрын осылай көрсеткенбіз) жоғарыда аты аталатын аруақты ерлердің есім-сойының бірін қалдырмастан «Жұлдыз» журналының 1989 жылғы қарашадағы санында жариялап жіберді. Эссенің бірнеше тұсында «Японияны» жариялайтын «Абай» журналының аты аталып, оның 1918 жылдың 3-нөміріндегі Алаш автономиясының жарияланғандығы жөніндегі қуанышты хабардан көлемді дәйексөз келтірілді.
Мұхтар Әуезовтің «Япониясымен» танысу осылай болған.
Менің маңдайыма Мәдениет және ақпарат министрі ретінде 2008 жылғы 4-8 желтоқсан аралығында Қазақстанның Жапониядағы кең көлемдегі мәдениет күндерін өткізу бақыты бұйырды. Әрине, талғамы жоғары жапон қауымының көңілінен шығу үшін біз бұл өнер мерекесіне қапысыз дайындалдық.
Алдағы мәдениет күндерінде жапон қоғамының назарын Қазақстанға аудару үшін Жапонияда ағылшын тілінде шығатын ең беделді басылым «The Japan Times» газетінің жарты беттен астам бөлігіне менің «Қазақстан мен Жапония «алтын мен гүлдің одағын» жасауға ұмтылуда» (Kazakhstan, Japan work to build on «the union of gold and a flower») деген мақалам жарияланды («The Japan Times», 2008 жыл, 4 желтоқсан). Онда бүгінгі қазақ мәдениетінің бар әлемді таң қалдырумен келе жатқан скиф-сақ өркениетінің тікелей мұрагері екендігінен бастап, көне түркі, Дешті-Қыпшақ, Алтын орда заманындағы қазақ мемлекеттігі мен мәдениетінің дамуы туралы мол мағлұматтар келтірілді.
Мақалаға жапон ақпарат құралдары үлкен қызығушылық танытып, оның үзінділерін бірқатар басылымдар көшіріп басты. Әсіресе, Семей атом полигонында 1949–1991 жылдары Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбадан мыңдаған есе қуатты 456 ядролық жарыс болғандығы туралы деректер жапон оқырмандарының жағасын ұстатты.
Ежелден жұмбақ Жапонияны осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын таныстырудың төл басында ұлы Мұхтар Әуезовтің тұрғанын, оның тәуелсіздік тұсында жарияланған күнделіктеріндегі ой-пікірлерінің әлі күнге дейін өз құндылығын жоймағанын осы мақалада атап өтуді де өзіме парыз санадым. Жаңалық атаулыға жаны құмар жапондықтарға оның да әжептәуір әсері болғанын кейін осы елдің зиялы қауымымен өткізген кездесулерде байқадым.
Қазақстанның Жапониядағы тұңғыш мәдениет күндері өте жоғары деңгейде өтті. Бұған әлем сахналарында танылған қазақ өнерінің саңлақтары қатысты. Тұңғыш рет өткізілген ауқымды шара болғандықтан, ұлт мәдениетінің бергі кезеңдегі табыстарымен жан-жақты таныстыруға барымызды салдық.
Қазақ тарихының екі жарым мың жылдық терең тамырын көрсету үшін «Берсар» көрме залының дәл ортасында бар құдіретімен Алтын адам менмұндалап тұрған Берел, Шілікті қорғандарынан табылған ғажайып өнер туындылары қойылып, оны тамашалау­ға келгендер ұзыннан-ұзақ кезекке тұрды. Мәдениеттегі мыңдаған жылдар бойғы сабақтастықты көрсету үшін көрменің екінші бөлігінде қазақ шеберлерінің осы заманғы зергерлік бұйымдары мен қылқалам туындылары орналастырылды.
«Отырар сазы» оркестрі Токиодағы әйгілі «Персимон холл» сахнасында дүбірлете концерт қойып, оған жиылған жұрт дүркірете қол соқты. Әсіресе, Айгүл Үлкенбаеваның орындауындағы әсем күйлер мен Еділ Құсайыновтың сыбызғысынан төгілген мұңлы әуендер жапондықтарды керемет әсерге бөледі.
Токиодағы ең әсем ғимараттардың бірі – Фуджи телекомпаниясының 25-қабатында орналасқан «Фуджи тереби» залында әйгілі скрипкашы Гауһар Мырзабекованың «Қазақстан камератасы» ұжымы классикалық музыканы қадірлейтін жапондықтардың көңілінен шықты.
Қазақстан өнер шеберлерінің бірлескен концерті Жапониядағы классикалық музыкаға арналған ең үлкен, әлемдегі ең таңдаулы өнер сарайы «Сантори холда» өтті. Бұл – Герберт фон Кароян, Леонард Бернштайн сияқты әйгілі дирижерлар басқарған оркестрлер өнер көрсеткен, акустикасы жағынан дүниедегі теңдесі жоқ ғажайып концерттік зал.
Қазақтың әні, күйі, алуан түрлі музыкалық аспаптарынан шыққан сиқырлы саз Нұржамал Үсенбаева, Жанат Бақтай, Медет Шотабаев, Азамат Жылтыргөзов орындаған әндер мен опералық арияларға ұласқанда, эмоциясын көп көрсете бермейтін жапондық көрермендер рахаттана қол соқты.
Дәл осы сапар кезінде менің өмірімде осы уақытқа дейін еш жерде айта қоймаған тағы бір оқиға болды.

Ректор Хидео Ямамото мен профессор Мұхтар Құл-Мұхаммед

Жапониядағы ең танымал университеттер қатарындағы, АҚШ-тың өзінде филиалы бар Сока университеті әр кезеңде жапон тақырыбында жазған еңбектерімді ескеріп, маған осы оқу орнының құрметті профессоры атағын берді. Университет профессорлары, оқытушылар мен студенттер қауымы алдында қазақ-жапон қарым-қатынастарының тарихы мен бүгінгі жай-күйі жайлы дәріс оқыдым. Ә.Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамын Мэйдзи үлгісімен реформалауды ұсынғаны үшін репрессияға түсіп, құрбан болғандығы туралы ұлт тарихының қайғылы беттерін айтқанда, залдағы студент қыздардың жанарына мөлдір тамшылар тұнды.
Жапония жерінде бұдан кейін де бірнеше мәрте болып, премьер-министр Синдзо Абэ, елдегі ең ықпалды саяси күш – Либералды-демократиялық партиясының бас хатшысы Тосихиро Никаи, Ғылым, білім және мәдениет министрі қызметін атқарған, Қазақ-жапон ынтымақтастығы қоғамының төрағасы Такео Кавамура бастаған қайраткер тұлғаларымен берекелі кездесулер өткіздім. Бәрінің басы-қасында болған елші Ерлан Баударбек-Қожатаев бауырымызға ілтипатымызды білдіре отырып, тақырыпты тарқата жазу алдағы уақыттың еншісінде болғандықтан, тізгінді дәл осы тұстан тартамыз…
Мұхтар Әуезовтің Жапония туралы ойлары күнделік дәптерінің беттерінде қалды. Атақ-даңқы жер жүзін шарлап кетсе де сол жылдарда «алашордашыл», «ұлтшыл» деген айыптары түгел алынбаған, соттылығы әлі мойнынан түспеген М.Әуезовтің оны жариялауға мүмкіндігі болмады. Ол күнделіктегі ой-толғамдарының түбі бір жарыққа жететініне нық сеніммен дүниеден озды
Қазақ елі азаттығын алғанда солай болды да. Оның жүріп өткен жолымен Жапонияны еркін аралаған ұлы Мұрат та әке рухымен тілдесіп, оның күнделіктерінде айтылмаған ойлары мен ашылмаған құпияларын сабақтаса жалғап, бүгінгі заман оқырманына жарқырата жеткізді. «Орнында бар оңалар» деген осы болар…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір