Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД. Жазылмаған Жапония
04.08.2026
29
0

Академик Мұхтар Құл-Мұхаммед «Алаш пен жапон арасы» атты зерттеуін аяқтады. Патша тақтан тайдырылып, Ресей күйреу жолына түскенде Алаш арыстары империядағы билікке таласқан түрлі саяси күштермен, алпауыт мемлекеттермен саяси, экономикалық, дипломатиялық байланыстар орнатып, дербес Алаш автономиясын құруға кіріседі.

Әлихан Бөкейханов бастаған қайраткерлер болашақ қазақ мемлекетінің даму үлгісін таңдағанда аз ғана уақыт ішінде зор табыстарға қол жеткізген жапон тәжірибесі, Мэйдзи реформасын зерттеп, «Қазақ», «Айқап» басылымдарында түрлі насихаттық мақалалар жариялайды. Солардың қатарында жиырмадан енді ғана асқан Мұхтар Әуезов «Япония» атты мақала жазып, оны «Абай» журналының 1918 жылғы екі нөміріне басады. Дәл осы мақаласы үшін ол кейін «жапон тыңшысы» ретінде айыпталып, қуғын-сүргінге түседі.
Мұхаң әлем таныған классик жазушы дәрежесіне көтерілген 1957 жылы Жапонияда өткен Атом және сутегі қаруларына тыйым салуға арналған 3-халықаралық конгресс жұмысына қатысып, көрген-білгендері мен көкейге түйгендерінің бәрін асқан ыждаһаттылықпен күнделік беттеріне түсіреді.
Мойнынан соттылығы әлі түспеген қаламгер (ол тек 1958 жылы алынады) түрлі себептермен жапон жазбаларын жариялауға асықпаған. М.Әуезовтің күнделігі жазушының көзі тірісінде басылған бірде-бір жинағына енбеді.
Академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің еңбегі осы жазбаларға өзге қырынан үңіліп, кемеңгердің көрікті ойларына жаңаша тыныс ашады.

Алаш қайраткерлері қазақтарды үнемі озық елдердің тәжірибесінен үйренуге шақырған. Бұл Ә.Бөкейхановтың «Қазақтар» еңбегінен басталып, жас Мұхтардың Жапониядағы Мэйдзи реформасының табыстарын тереңдете талдаған танымдық мақаласымен жалғасады. Кейін С.Сәдуақасұлы, Қ.Кемеңгеров, Т.Шонанұлы, т.б. Алаш арыстарының түрлі талдамалы туындыларында жапон тақырыбы үнемі көрініс тауып отырды.
Жапон тақырыбы ызғарының күштілігі сондай, «Абай» журналында 1918 жылы жарияланған «Япония» мақаласы туралы ұлт әдебиетінің ұлы классигі Мұхтар Әуезов атақ-даңқы жер жүзін шарлап, Лениндік сыйлыққа ие болғаннан кейін де жақ ашпаған. Оны арада 70 жыл өткенде профессор М.Мырзахметов тауып, жарыққа шығарған еді.
М.Әуезов жас күнінде жазған мақаласы туралы кейінгі еңбектерінде ауызға алмаса да, Күншығыс елінің табыстарын әрдайым назарынан тыс қалдырмағанға ұқсайды. Оған бір кездері өзі құмарта, қызыға жазған жапон елін көрудің сәті тек 1957 жылы түседі.
Жапондар – өз тарихының әр парағына айрықша құрметпен қарайтын халық. Олар ең сұмдық қару – атом бомбасынан зор зардап шекті. Тажалдан төнген қауіпті ешқашан ұмытпау үшін әлем халықтары Хиросимаға атом бомбасы тасталған 6 тамызды Атом қаруына тыйым салудың бүкіләлемдік аза күні ретінде атап өтеді.
Жапония үкіметінің ұсынысымен және Рассель-Эйнштейн манифесі бастамасымен құрылған әлемнің айтулы ғалымдарының Пагуош қозғалысы Хиросима аспанында атом бомбасы жарылғанынан тура он жыл өткенде – 1955 жылдың 6 тамызында Жапонияда Атом және сутегі қаруларына тыйым салуға арналған алғашқы халықаралық конференция өткізеді.
Кеңес Одағы бұл кезде Әуезовтің туған жері – Семей полигонында атом мен сутегі бомбаларының неше атасын сынауды жалғастырып жатса да, Жапониядағы конференцияға қатысуды қажет деп табады. Оның себебі, осы екі жарылыстан зардап шеккен адамдардың ауыр халін көрсету арқылы қаруды алғаш сынаған АҚШ-ты айыптау болатын. Осылайша 1957 жылы 6 тамызда ашылған 3-халықаралық конференцияға М.Әуезов пен сол кездегі «Огонек» журналы бас редакторының орынбасары Леонид Кудреватых бастаған кеңес жазушыларының делегациясы қатысады.
Әуелі есімін бүгінде орыстілді оқырмандардың өзі әлдеқашан ұмытқан Әуезовтің сапарласы туралы аз-кем мағлұмат беріп өтейік. Леонид Кудреватых коммунистік идеологияның рупоры болған «Правда», «Известия» сияқты газеттерде қызмет атқарған кеңестік журналистиканың жырынды жазарманы қатарынан еді.
М.Әуезов бұл сапарға қапысыз дайындалып, соның нәтижесінде жапон тақырыбына жілікті, жоталы туынды жазуды жоспарлаған. Мұны жазушының сапар барысында көрген-білгендерін, алған әсерін асқан ыждаһатпен, үлкен суреткерлікпен күнделікке түсіріп отырғанынан аңғаруға болады. Жазушының көзі тірісінде жарияланбаған күнделігінде баяндалатын оқиғалардың бас-аяғы жинақы, суреттеп отырған адамдардың кескін-келбеті анық, жасалған образдары қанық. Көрген-білгендеріне үнемі келісті баға беріп отыратын жазушы күнделіктері көркем шығармадай оқылады. Өкінішке қарай, азын-аулақ редактурамен жариялап жіберуге әбден болатын жапон жазбалары жазушының көзі тірі кезінде тек күнделік беттерінде ғана қалды. Мұның бірнеше себебі болғанға ұқсайды.
Мұхтар Әуезов өмірінің қай кезеңінде болсын, кіндік қаны тамған Абай елімен байланысын үзбеген. Оның үстіне үнемі қонақтан босамайтын жазушының шаңырағында елден келген ағайын-туыс Семей өңірінде болып жатқан әрбір жаңалықтан оны хабардар етіп отырған.
Жазушының елу жылдығы соғыстан кейін ел есін жинай бастаған 1947 жылға тұспа-тұс келгенімен, ол Әуезовтің жеке басына қуаныштан гөрі қасіретті көбірек әкелген жыл ретінде басталды. 1947 жылдың 21 қаңтарында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің «О грубых политических ошибках в работе Института языка и литературы Академии наук Казахской ССР» («Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы») деп аталған кесірлі қаулысы қабылданып, онда Әуезовтің есімі екі мәрте аталып, жазушының басына тағы да қауіп бұлты төне түседі. Көп ұзамай Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметов өз сөзінде: «Не получила также должного принципиального освещения антисоветская литературная деятельность в прошлом М.Ауэзова – одного из крупных современных казахских писателей, проповедовавшего буржуазно-национальную идеологию», – деп жазушыға сес көрсете шүйлігіп, оны қаралау науқанының жаңа кезеңі басталғанын айқындап берді. Бұл әбден тығырыққа тірелген Әуезовтің Сталинге хат жазуымен аяқталып, жазушы ендігі жерде Мәскеудегі достарынан таяныш іздейді.
Әуезов елуге толған 1947 жылы 21 сәуірде КСРО Министрлер кеңесінің №1092 құпия қаулысымен Абай мен Шәкәрімді дүниеге әкелген киелі топырақта қазақ халқының бірнеше буынына әлі күнге дейін орны толмас қасірет әкелумен келе жатқан Семей полигонының құрылысы басталып кетеді. Сталиннің оң қолы Берия жетекшілік еткен бұл жобаның жеделдете жүргізілгені соншалық, 1949 жылы 29 тамызда Дегелеңде қуаты 22 килотонналық РДС-1 атом бомбасы сыналады. Арада екі жыл өткенде, 1951 жылдың 18 қазанында тұңғыш рет ТУ-4 ұшағының бортынан тасталған қуаты 40 килотонналық РДС-3 атом бомбасы әуеде жарылып, төңіректегі халыққа орасан зор зиянды зардаптар әкеледі.

 

 

     

Кеңестік атом бомбасын сынау. Дегелең, 1949 жыл

Кеңес Одағы әлемдегі ең қуатты термоядролық РДС-37 бомбасын 1955 жылдың 22 қарашасында Семей полигонында ұшақтан тастау арқылы ашық атмосферада жарып, әлем мемлекеттерін қатты үрейлендіреді. Бомбаның қуаты сол маңайдағы қазақтар мекендеген елді мекендерді былай қойып, полигоннан 200 шақырымдай қашықта орналасқан ірі облыс орталықтары Семей мен Павлодарда да байқалып, орасан зор жер сілкінісі болғандай сезілген. Бұл осы бомбаны жасаушы И.Курчатов пен А.Сахаров бастаған ғалымдардың өзін қатты түршіктірген.
Әрине, туған жерінде болып жатқан мұндай сұмдық жарылыстар мен оның зиянды зардаптарынан академик Әуезов қазақстандық ядрошы физиктер, дәрігер-ғалымдар арқылы жақсы хабардар болған. Бірақ іші қазандай қайнағанымен күресуге дәрмені жетпеген.
Жапонияға баратын делегация мүшелерін сапар алдында «үлкен дайындықтан» өткізіп, онда барғанда не айтып, нені құпияда ұстау керектігі жөнінде қатаң тапсырмалар берілген. Атом бомбасын сынауды тоқтатуға арналған халықаралық конференцияға қатысуға бара жатқан Әуезов өз еліндегі ажал сепкен полигон туралы жарытып ештеңе айта алмаған. Тіпті ыждаһатпен жүргізілген күнделікті аздап өңдеп, жарияға жеткізген күннің өзінде бұл тақырыпқа дендеп бара алмас еді. Ал атом және сутегі қаруын сынауға арналған конференция туралы жаза отырып, өз еліндегі атом сынақтарын айыптайтын пікір айта алмауды жазушы өзіне ар санаған. Жапония күнделіктерінің жабулы күйінде қалуының бір себебі осында деп білемін.
Екінші себеп, 1957 жылы ұзақ жылдар бойы жазушының басына төнген қауіп бұлты біржолата сейіле қоймаған еді. Отызыншы жылдардағы түрме азабын тартуы, 1937–38 жылдардағы репрессияда ажал тырнағына түсе жаздауы, 1947 жылы Жұмабай Шаяхметовтің қаһарына ілінуі, 1953 жылғы талқыдан соң абақтыға жабылудың аз-ақ алдында тұруы осының айқын дәлелі болмақ. Әуезовтің Мәскеуге барып уақытша бой тасалауы оның қайда барса да коммунистік билік құрығынан құтыла алмайтынын көрсетті. Осындай аумалы-төкпелі заманда соғыстан кейін күйзелсе де, сағы сынбай, қайта өрлеу жолына түскен жапон халқының жетістіктері жайлы төгілте жазар болса, басқан ізін аңдыған ескі жаулары бір кездегі «Япония» мақаласын еске түсіріп, оған жаңа жолбаян жазбаларын қосақтап, «жапон тыңшысы» деген ескі жараның аузын қайта ашуы мүмкін екенін жақсы түсінді. Жапония сапарының жабулы күйінде қалуының екінші сыры осында болса керек.
Әуезов күнделігіндегі алғашқы жазба 1957 жылдың 10 тамызында түскен. Егер конференцияның жыл сайын 6 тамызда ашылатын дәстүрі барын ескерсек, кеңестік делегация оның ашылуына кешігіңкіреп жеткен. Көрген-білгендерін қалт жібермей, қаз-қалпында қағазға түсіруді ғадет еткен жазушы күнделігін күн сайын ұқыптылықпен жүргізіп отырған. Алғашқы сөйлемдер қазақша-орысша аралас, «Председат. Гертруда Марвилл – женщина из Австралии. Ясуро жас, бурыл шашты. Председатель қасында» деген күйде түскен.
Жазушы күнделіктерін елутомдыққа әзірлеген әуезовтанушы Т.Әкімнің түсініктері бойынша күнделіктер екі қалың дәптерден тұрады. Жазбалар қазақ, орыс тілдерінде, араб және кирилл әліпбиімен түсірілген. Суреткер өз күнделіктері мен түрлі жиындарда қағазға түскен жазбаларында араб әліпбиін жиі пайдаланған. Мұның бір пайдасы араб графикасы жеделдете жазуға қолайлы болса, екінші жағынан оның мазмұнын басқан ізін аңдыған үш әріп тыңшыларынан жасырудан туған деп түсінеміз.
Жазушы конференция барысын орысша аудармашының сөзі арқылы тыңдағандықтан, кейбір кісі есімдері мен түрлі ұйым атауларын орыс тілінде естіген қалпында жазса, ал ел аралағанда көрген-білген әсерлерін кестелі тілмен қазақша қағазға түсірген. Күнделіктің мұндай тұстары көркем шығармадай оқылады.
Ертеңгі күнгі жазбада жазушы қонақтар үлкен залға жиналып, өзінің төрде отырғанын, үнділік делегат Рамешвари Неруден кейін сөз сөйлегені туралы мағлұмат береді. Бірақ оның мазмұнын ашуды қажет деп таппаған.

Жапондықтар конференция қонақтарына құрмет көрсетуде

«Абай жолында» қазақ әйелдерінің ғажайып портреттер галереясын жасаған шебер суретші күнделігінің алғашқы беттерінде-ақ: «Тамаша сүйкімді қытай қызы үнемі жаңа ашылған гүлдей күліп қана тұрды», «Айтпақшы, қонақ ас үстінде көп әйелдер, келіншектер тұрып-жүріп өте сыпайы қызмет етісті. Кимонолары сары түсті, бірақ бәрінде жоқ, ақшыл ала, ақшыл шұбар, ғажаптың бірі – бұнда, қалада, жолда кәрі жүздер көрінбейді» деген әсерлі, бейнелі сөйлемдер кездеседі.
Әуезов 11 тамыздағы жазбасында: «Будда мешітінде болдық. Ол діндегілер тегіс намаз оқиды», – деп жазады. Әрине, Мұхаң будда дініндегілердің киелі орнын жапондар – тэра, моңғолдар – дацан, ал ондағы мінажатты сутра немесе мантра дейтінін жақсы біледі, бірақ қазақ оқырманының ұғымына жақындау етіп, «мешіт» пен «намаз» сөздерін пайдаланған.
Сол күні ол поезбен Хаконэ қаласына келген. Жапондық Масахара Хатанакамен бірге қонақүйдің бір бөлмесіне орналасқан. Жапондардың шынайы ықыласына дән риза болған жазушы: «Үй іші жапонша, жалаңаяқ, үстімізде кимоно. Маған кең кимоно табылмады. Қыз Суомне көп іздеп, бау тағып әкелді. Қызмет етулері ғажап. Есік алдына жүгіне отыра қалып, басын жерге шейін иеді», – деп жапон халқының ізеттілігін сүйсіне жазады.
Әуезов үнемі жапонның әдет-ғұрып, салт-сана, тұрмыстық ерекшеліктерінен қазаққа ұқсастық іздейді. Ол: «Кейін қыздар кеп төсек салды. Мен бас жақты биік етуді сұрадым. Қыз күле отырып, әдемі қозғалыстарымен қазақ келіншектерінше төсек салды», – деп жапон қыздарының қимыл-қозғалыстарында қазақ қыздарына тән ибалық бар екеніне назар аударады.
Жазушы өткізетін шаралардың ретіне қарай күнделік дәптер де толығып отырған. Мәселен, 12 тамыздағы жазбалары алты бөліктен тұрады. Кемеңгер өзінің сөйлеген сөзі қағазға түскен жазбалары үнемі бақылауда екенін айқын аңғарғандықтан, КСРО-дағы атом сынақтары мен оның зардаптары туралы нақты жазбаса да, жалпы атом қаруы мен оны сынаудың адамзатқа қисапсыз қасірет әкелетіні туралы: «Испытание – еще более вреда. Чистая бомба не может быть свободна от радиации – она тоже должна быть запрещена. Человечество стоит перед большой трагедией. Принять любые меры, но войну предупредить», – деп орыс тіліне қарай ауысып, жер бетіндегі атом сынақтарын ашық айыптап жазады. Тағы бірде: «чистая бомба – (тоже миф) после атомной войны мир не сможет оправиться. Испытания ведут к войне, приближает ее все больше», – деп тоқтаусыз жарылыстардың тағы бір алапат соғысқа алып келуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіреді.
Әуезовтің бұл сөздерінің негізінде Кеңес Одағында орын алған сутегі бомбасының «тазалығы», ондағы радиацияның «аздығы» жөніндегі кеңестік насихатты сынау жатыр. Ол соғыс бола қалған жағдайда: «Победителей не будет, будут уничтожены обе стороны. Необходимо чаще встречаться. Необходимы сильные средства за запрещение оружия», – деген қорытынды жасайды. Жол арасынан оқи білген адамға мұнда Сталин заманынан келе жатқан «Біз жеңеміз» дейтін кеңес адамдарының санасына мықтап сіңдірілген жалған тезисті терістеу жатыр. Жазушы атом бомбасына тыйым салудың бұдан да тиімді құралдарын пайдалануға шақырады.
Конференция барысында жапондар Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбадан зардап шеккен зағип жандарды залға шақырып, сөз берген. Жазушы олар туралы «Екі құлағы шұнақ, беті қисық, өңі жүдеу, желке шашы түсіп қалған», «беті күйген бір жас қыз, тыртық бар», «кем боп қалған уыз жастар». «өңшең кем-кетіктер» деп жазады.
Әуезов жарылыстан азап шеккен жылдардың қасірет галереясын жасаған.
«Кавасиото Токие – жас, әлсіз, сыған әйел сияқты. Қазір 25-ке шығамын. Осының қақ жарымын азапта өткізіп келдім (жылап жіберді)».
«Мурато Иосико – жас, әдемі нәзік үнді. Мектепте оқушы ем (бесінші класта). Сөйлеп тұрып жылауға айналды. Бар жолдастарым, оқытушыларым түгел өлді».
«Менің ата-апам мен көрген бейнетті көрмегеніне ырзамын (қолы тыртық білек). Айнаға қараймын – қайғы, апамды ойлаймын, жара бітпестей… Мен бақытты дүние көрмедім, мені осылай сорлатқан жандарды өлердей жек көремін».
«Көзі нәркес – қырынан тұр… Оң жақ көзінен төмен беті, езуі, түсі, оң жағы жаралы. Тісі, көзі ғажап. Көзі кішілеу, сондай өткір», – деп үлкен аяушылықпен, жанашырлықпен суреттейді.
Жапондар атом бомбасы жарылыстарынан қанша жапа шексе де жігерін жасытпаған. Зілдей ауыр қайғыны қайыспай көтеріп, жарылыстарға, сынаққа қарсы жаһандық күреске шыққан. Жазықсыз құрбан болғандарды еске алып, олардың рухына тағзым етуді өздерінің парызы деп санайды. Бұл туралы «Жапондық делегат әйел Яматака Шигери Хиросима, Нагасаки өліктері үшін жұртты тұрғызды. Тегіс бас игізді», – деп зор ризалықпен жазады. Дәл осы кезде Семей полигонындағы сансыз көп жарылыстардан қайтыс болған, айықпас дертке шалдыққан, Хиросимаға тасталған бомбадан ондаған есе қуатты жарылыстардан радиацияға ұшырағандардың аянышты тағдыры туралы Кеңес Одағында жазуды былай қойып, сыбырлап айтудың өзі үлкен қылмыс саналды. Радиацияға ұшырып, айықпас дерт жамаған жандарға мал баққан халықтың ежелгі дерті «бруцеллез» деген жалған диагноз қойылып, оларды жабық ауруханаларда ұстады.
Конференцияға қатысқан адамдардың сөйлеген сөздерін тыңдаған жазушының жан айқайы күнделік жалғасқан сайын қаттырақ, екпіндірек естіледі. Ол: «Америка и Сов. Союз – строят блоки и базы – НАТО и Варшав. пакт. Это война будет фатальной, в ней не будет победителя» немесе «Никакая страна не имеет морального права заражать воздух другого народа. Мы требуем от своего правительства прекратить, независимо от Англии и Советов, вооружение. Требуем уничтожить все виды оружия», – деп ашына жазады. Әуезов бұл ызалы сөзді аты-жөні және қай елден келгені көрсетілмеген Андреан деген делегаттың аузына салады. Тіпті оны сол делегат айтқан күннің өзінде Әуезовтің дәл осы мәселеге айрықша маңыз беріп, күнделікке түсіруінің өзі оның адамзатқа өлім себетін қару-жарақ атаулыны жасау мен сынауға тыйым салу қажеттігі жөніндегі гуманистік ұстанымдарын айқын аңғартып тұр.
Конференция жалғаса түсіп, делегат­тардың бір тобы 18 тамызда Нагасакиге келгенде Әуезов екінші мәрте сөз алған. Бұл туралы «Ең алдымен мен сөйледім. Көп тілші жазып отыр. Сұрақ берді. Музейді көріп не әсер алдыңыздар, соны айтсаңыз дейді» деген сөйлемдер хабар береді.
Ұзақ жылдар дәріс оқып, шығармаларын стенографисткаларына сөйлеп тұрып жаздыру машығын қалыптастырған Әуезовке топ алдында сөз алу – үйреншікті жай. Оның үстіне профессор Әуезов қағазға қарап сөйлемесе де, оның ұзын-ырғасын алдын ала ойластырып, тезис түрінде қағазға түсіріп алуды дағдыға айналдырған. Бірақ жазушы бұл жолы да әлдебір сақтықпен сөйлеген сөзінің бәрін күнделікке түсіруді қажет деп таппаған.
Делегация мүшелері баспасөз мәслихатынан бұрын жергілікті музейге барған. Жарылыс болғанда келімді-кетімді адамдарды қоса есептегенде қалада 360 мыңдай адам болған екен. Әуезов соның 160 мыңы ғана тірі қалды деп жазады. Бомба жарылысынан кейін бірден 70 мыңнан астам адам шейіт болған. Кейін жарылыстан орын алған түрлі ауру-сырқау мен жазылмас дерттен қаза болғандар саны 160 мыңға дейін жетіпті.

Тасболат үйлері талқандалған Хиросима. 1949 жыл, тарихи фото

Жазушы музейде көрген әсерлерін: «Тасболат үйлер жарылды, күйіп қалды. Қалған дүниенің бәрі ойран, кірпіш, қоқым. Суретте өңшең қара күйе. Токио, Осакаға да тастамақ екен. Күйген киімдер, өртпен де көп өлген… У зарынан кірпіш балқып, тас болып қалған», – деп тас пен кірпіштен тұрғызылған қаланың ойраны шыққанын ашу-ызамен суреттейді. Радиацияға ұшыраған адамдардың күйі туралы: «Жартылай радиациядан, уақиғадан үш күн кейінгі адамдар суреттері – беттер, қолдар, өне бойлар қолдыраған», «қолдар мен аяқтардың күйген түрлері: тартылып, тырысып, ағып, балқып қалған», – деп қасірет шеккен жандарға аяушылықпен қарайды. Нагасакидегі жарылысты: «Осы аспанының үстінде әлем сұмдығы туған. Бірінші тажал оғы жарылған», – деген екі-ақ сөйлеммен суреттеп, адамзат тарихындағы ең қайғылы оқиғаның кесапатты суретін көз алдыңа әкеледі.
Әуезов делегация құрамымен Жапонияның 710 – 794 жылдарда астанасы болған ең көне қалаларының бірі Нараға келеді. Осы қалада өткен жапон-совет достық қоғамының жиналысына қатысып, «Мен сөйледім 20 минуттай» деп сөз сөйлегенін атап өтеді. Әуезов бұл жолы сөйлеген сөзін 10 тақырыпқа жіктеп, оған түсіндірме берген. Әңгіме ауаны бейбіт өмірге, кеңес-жапон халықтарының достығына ауғанда жазушы ақ дариядай ағылады. Сұрақ-жауап үлгісіндегі әңгімеде оқу-білім, мектеп, университет, студенттердің жай-күйі, «Абай» романы туралы, рок-н-ролл музыкасы, кескіндеме өнері, опера, әйгілі суретші Пикассо жасаған Сталиннің портретіне дейін сөз болыпты.

Мұхтар Әуезов жапон жазушыларының ортасында

Ашық пікір алмасуда Мұхаң оларға жапон әдебиеті мен жапонның ең үздік романы туралы сауал тастаған. Жазушының сұрағына әйел оқырман жауап қатып, Кемуногатори деген жазушының «Синхей» тарихи романын атаған (жазушы күнделігінде автор мен шығарма аты дәл осылай көрсетілген). Әуезов жауапты қалай естісе, солай қағазға түсірген. Жапон есімдері мен атаулары қазақи ұғымға ауырлау болғандықтан, жауаптағы есімді ажырату қиынға түсті. Әуезовтің жазбаларындағы автор мен шығарманың атын жапон әдебиетіндегі тарихи романдардың бастауында тұрған Хамуро Токинаганың «Гэмпэй Сэйсуки» көптомдық еңбегі болар деп шамаладық (қателессек, жапонтанушы мамандар түзете жатар).
Әуезов 20 тамызда Жапонияның ең әйгілі қалаларының бірі әрі мың жылдан астам астана болған Киотоға келеді. Көне қалада академик-жазушы өзінің сүйікті тақырыбы – жапон жұртындағы ғылым-білімнің жай-күйіне ауысып, шабыттана қалам сілтейді. Әлемге әйгілі Киото университетінде 6000-нан астам студент оқитынын келтіріп, өзі танысқан бірқатар профессорлардың есімдерін атайды. Киотоның бұдан 1200 жыл бұрын жапон елінің байтағы болғанын атап өтуді де ұмытпайды. Кешкі, түнгі қаланың келбетіне таңырқап: «Үлкен көше шамдары, түнгі жарығы ғаламат десе болады. Сәтте жанып, сәтте өшіп, құбылып, жайнап көз тартады», – деп тамсана жазады.
Профессор Әуезов жапон профессоры Суегавамен сұхбат құрып, Жапониядағы буддизмнің жай-күйі, оның «заңда қандай орында» екені жөнінде сұраған. Мұхаң тағы бірде «Киотода 16 жоғары мектеп, 13 мың студент» оқитынын да атап өтеді. Оларда заң, экономика, философия, тарих, әдебиет, физика, техника, т.б. мамандықтар бойынша білім беретінін, жапон, ағылшын, американ, қытай және орыс әдебиеті де оқылатынын сүйсіне баяндайды. Студенттері үш жыл дәріс тыңдап, төртінші жылы семинар сабақтарына көшетін жапон университеттерінің оқу бағдарламасының ерекшеліктерінен де хабар береді.
Жапонның көне астанасындағы сұлулығы көз тартып, көңіл арбайтын сәулет пен сымбат өнерінің ғажайыптарын, әсем бақтары мен әдемі ғимараттарын сүйсіне суреттейді. Токугаваның салтанатты сарайын 13 тармаққа бөліп сипаттаған. Жазушының шабытты қаламына іліккен көне храмдар мен алуан түрлі музейлердегі жәдігерлер жарқырай жайнап, оқырмандарды жапон тарихының алуан түрлі құпияларына жетелейді.
Драматург Әуезов қай елге барса да, міндетті түрде ұлттық театрмен танысуды естен шығармайды. Бұл жолы да ескі дәстүрінен жаңылмапты. «Бұл кеште олжалы болдық. Ойда-жоқта «Кабуки» театрының қуыршақ бөліміне ұшырастық, театрға кіріп, бір сағатта бір спектакльді көрдік», – деп театрдың жай-күйін, сахнаның, көрермендер залының, оркестрдің орналасуын, ұлттық аспаптардың әуезі мен әншілердің дауыстарын рет-ретімен баяндап шығады. Жапонның кейбір музыкалық аспаптарынан қазақи үндестік іздеп, «домбыра тәрізді аспап», «қобызшысы біздікінен басқа» деп қояды кей тұстарында. Жазушының қаламынан туған әрбір сөз, сөйлемнен өзі жас азамат кезінде зор қызығушылық танытқан жапон тарихына, мәдениетіне, ғылым-біліміне деген айрықша құрмет айқын аңғарылып тұр.
Қазақ кемеңгері 21 тамызда Жапонияның ең ірі қаласының бірі Нагояға келеді. Мұнда да көптеген кездесулер өткізеді. Бірде «Мен үш рет сөйледім» деп жазады. Әңгіме ауаны не туралы болғанын толық көрсетпесе де негізгі шаралар атом мен сутегі бомбасын сынауға қарсы бағытталғандықтан, осы тақырыптың айналасы болар деп шамаладық. Әуезов Кеңес Одағында атом бомбасы жасалып, сынақтар өткізіліп жатқанын, бірақ оның соғысу үшін емес, қорғану үшін қажет екенін айтып, митингке қатысушыларды сендіруге тырысқан. Оны жазушының: «Бүгінгі обед үстінде социалист сөйлеп, Советтің бомба жасағанымен, соғысқысы келмейтініне сенуге болады, сену керек деді. Бұл бір жақсы белгі – интеллигенцияның көбі сенеміндікті білдіреді», – деп өзінің жапондарды сендіре сөйлегеніне ишарат жасайды. Әуезовтей айтулы шешеннің жұртты имандай ұйыта білгендігіне еш таңданудың қажеті болма қоймас.
Жапонияда өткізген уақытын барынша тиімді пайдалануға тырысқан жазушы: «Кейін поезға 3 сағаттай уақыт болғандықтан, жапон киносын көрдік. Күндестер ұлдары деуге болады. Реалистік, қызық семьялық драма», – деп көрген фильміне де баға беріп өтеді.
Жапон тілін білмейтін адамның көрермендері иық тіресе отырған залда жапон киносын тамашалауы оның өзі құрметтеген халықтың өнер-біліміне қатысты кез келген жайдың сырына тереңірек үңіліп, бейтаныс елдің беймағлұм қырларын аша түсуге ұмтылған ізеттілігінің белгісі деп қабылдайсың.
Жазушы Нагоядан шыққан соң Токиоға келген. Мұнда жапонның «Жаңа әдебиет» журналының редакторы Канако бастаған ақын, жазушы, аудармашылар қауымымен жүздеседі. Әңгіме барысында орыс және кеңес жазушыларының шығармаларын жапон тіліне аудару мәселесі көбірек сөз болыпты. Орыс ақындары А.Майков, А.Твардовскийді, жалпы шетелдік поэзия атаулыны жапон тіліне аударудың қиындығы
мен өзіндік ерекшелігі туралы әжептәуір пікірталас өрбіген екен.


Конференцияға қатысқан қонақтардың үлкен бір тобы

(Жалғасы келесі санда)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір