Мұхаммед
10.01.2026
371
2

Өткен жыл талай тарландарымызды ортамыздан жұлып кетті. Соның бірі қазақ поэзиясының марқасқасы Темірхан Медетбек еді. Өмірінің соңғы кезінде ұрпаққа тағлым боларлық «100 ұлы адам» кітабын тәржімалап, беріп кеткен екен. Темағаңның жан жары Шолпан тәтеміз ұсынған сол еңбектерін жылашар нөмірімізден бастап жариялап отырмыз.
Редакциядан

Москваның «Вече» баспасы біраз уақыттан бері «100 ұлы» деген сериямен кітаптар шығарып келеді. Олар «100 ұлы адам», «100 ұлы әлем ғажайыбы», «100 ұлы қолбасшы», «100 ұлы ойшыл», «100 ұлы ғалым», «100 ұлы жазушы», «100 ұлы қазына» болып жалғаса береді.
Біздің көңілімізді айрықша аударған Майкл Х.Харттың «100 ұлы адам» кітабы болды. Ол кітапта адамзат тарихында өшпейтін із қалдырған ең ұлы тұлғалардың өмірлері туралы мақалалар берілген. Әрине, кітапқа енген жүз ұлы адамның бәрін жұрт сол қалпында қабылдай қоймауы сөзсіз. Олардың бірқатарының орнына басқа тұлғаларды лайық деп тануы әбден мүмкін. Ондай ойды Майкл Х.Харттың өзі де жоққа шығармайды. Солай бола тұра, бұл кітап қазірдің өзінде әлемнің көптеген тілдеріне аударылып кетіпті, яғни әлем оқырмандарының дені кітапқа енген тұлғалар, негізінен, дұрыс іріктелген деп мойындаса керек.
Ал мұсылман қауымы үшін бұл еңбектің орны тіпті ерекше. Өйткені автор адамзат баласы тарихындағы 100 ұлы тұлғаның ең басына Мұхаммед пайғамбарымызды қойған, яғни автор өзге діннің өкілі бола тұра айдай ақиқаттан алыстап кете алмаған. Сондықтан да біз Мұхаммед пайғамбарымыздан бастап, тағы да бірқатар ұлы тұлғалар өмірі туралы әрі танымдық, әрі тағылымдық маңызы зор мақалаларды осы кітаптан аударып, оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Темірхан МЕДЕТБЕК

Мұхаммедтің тарихи ұлы тұлғалардың тізімінде ең басында тұруы біреулерді таңғалдыруы, енді біреулерді шамдандыруы әбден мүмкін. Алайда ол, дін саласында да, діл саласында да айрықша жолы болған тарихтағы бірден-бір адам.
Әлеуметтік шыққан тегі төмен бола тұра, Мұхаммед әлемдегі ұлы діндердің бірінің негізін қалаушы және ұлан-ғайыр табыстарға жеткен саяси көшбасшы бола білді. Бүгінде, дүниеден өткеніне он үш ғасыр өтсе де, оның жасаған ісінің дүниедегі ықпалы аса қуатты болып саналады.
Бұл кітапқа кірген кейіпкерлердің көбісі – мәдени орталарда туып, тәрбие алған, тарихты жаңғыртып, жаңартуда басты рөл ойнаған өркениетті халықтардың ортасында өмір сүргендер. Мұхаммед Арабияның оңтүстік бөлігіндегі Меккеде 570 жылы дүниеге келген. Ол кезде бұл өлке сауда орталықтарынан, қол өнерден, ағартылушылықтан қиыр алыста жатқан, кешен қалған өлке болатын. Мұхаммед алты жасында әке-шешесіз қалып, жоқшылықта өсіп, тәрбиеленді. Оның материалдық жағдайы тек жиырма бес жасында ауқатты жесір әйелге үйленгенде ғана жақсарды, тіпті ол қырықты алқымдап қалғанда да оның бойынан аса ірі тұлғаға лайық қарекет біліне қойған жоқ.
Ол тұста арабтардың біршамасы шаман дінінде болатын да, көп құдайға табынатын. Шындығын айта кетсек, Меккеде ол кезде ат төбеліндей ғана иудейлер мен христиандар бар болатын, бәлкім, Мұхаммед солардан алғаш рет ғаламды билеп тұрған біртұтас құдіретті Құдайдың бар екенін сезсе керек. Мұхаммед қырық жасқа толғанда періштелер арқылы жалғыз жаратушы Құдай Алла тағала ғана екеніне көзі жетті. Алла тағала оны адамдар арасында нағыз әділ дінді таратушы етіп таңдап алды.
Мұхаммед үш жыл бойы жаңа дінді өзінің туыстары мен достарының айналасында ғана насихаттап жүрді. Сонан кейін ол, 613 жылдан бастап жұрт алдына шығып насихаттай бастады. Біртіндеп оны жақтаушылар да табылды, ал Мекке өкіметі оған бүлікшіл ретінде қарады. 622 жылы қуғын-сүргіннен қауіптенген Мұхаммед Мединаға (Меккенің теріскей жағындағы 200 миль қашықтықтағы қала) жол тартты. Ол жерде Мұхаммед елеулі бедел мен билікке ие болды.
«Құжыра» деген атқа ие, пайғамбардың Меккеден бұл кетуі, оның өміріндегі айрықша кезең болып саналады. Егер Меккеде оның соңына ерген адамдар ат төбеліндей ғана болса, Мединада олардың саны әлденешеге артты. Оның ықпалының артқаны соншалық, көп ұзамай, шын мәніндегі шексіз билікке қол жеткізді. Азғантай жыл ішінде Мұхаммедтің соңына ергендер күрт көбейіп кетті де, Мекке мен Мединаның арасында әскери қақтығыстар белең алды. Бұл соғыс 630 жылы Мұхаммед жеңімпаздың Меккеге салтанатты түрде оралуымен аяқталды. Сонан кейінгі пайғамбардың екі жарым жылы араб тайпаларының жаңа дінге толассыз кіруімен ерекшеленеді.
632 жылы, яғни өзінің дүниеден өтер қарсаңында Мұхаммед бүкіл Оңтүстік Арабияны билеп тұрды.
Араб бәдеуиндерінің аса алғыр да қатал жауынгерлер болғаны белгілі. Әрине, олар сан жағынан басқалармен салыстырғанда азғантай еді, олар бір-бірімен жиі-жиі қақтығысып тұратын. Оларда диқаншылықпен айналысатын отырықшы теріскейдегі мемлекеттердегідей көп әскер болған жоқ. Алайда Мұхаммедтің арқасында тарихта тұңғыш рет басы біріккен, Жаратқан жалғыз Құдайға деген сеніммен рухтанған арабтардың сол шағын ғана әскері кісі таңғаларлық шапшаңдықпен көп жерлерді жаулап алды. Арабияның солтүстік шығысында Сасанидтердің жаңа парсы империясының иелігіндегі алқабы созылып жатты да, ал солтүстік батысында Византия империясы орналасқан-ды.
Арабтар сан жағынан өзінің қарсыластарынан аз бола тұра жаңа дінмен рухтанып, азғантай уақыттың ішінде Месопотамияны, Сирияны, Палестинаны өзіне бағындырды. 642 жылы Византиядан Египетті тартып алды. Ал 637 жылы Кадисияның, 642 жылы Нехавенданың маңындағы шешуші шайқастарда парсы әскері талқандалды. Мұхаммедтің жақын достары мен оның ісін жалғастырушылар – Әбубәкір мен Омар жүзеге асырған бұл жеңістер одан әрі жалғаса түсті. 711 жылы арабтар Солтүстік Африканы жаулап алып, Атлант мұхитына дейін жетті. Содан кейін Гибралтар бұғазын жүзіп өтіп, Испанияны бағындырды.
Мұсылмандардың бүкіл христиандық Еуропаны да бағындырып ала алатын сәттері болғанын айта кеткен жөн. Тек 732 жылы ғана Франция орталығына дейін жеткен мұсылмандар әскері франктерден жеңіліс тапты. Солай бола тұра жүз жылдың ішінде, пайғамбар сөзімен рухтанған бұл бәдуин жауынгерлері сол замандағы ең үлкен аймақты – Үнді шекарасы мен Атлант мұхиты аралығын алып жатқан жерде империя құра білді.
Әрине, жаулап алған жердің бәрі тастүйін берік боп қалды дей алмаймыз. Парсылар пайғамбарға деген сенімін сақтай тұра, кейінірек арабтардан тәуелсіздік алып шықты. Испандықтар жеті ғасырдан кейін барып азаттыққа қол жеткізді. Ал көне өркениеттің көне бесіктері болып саналатын Месопотамия мен Египет, Солтүстік Африка секілді аймақтар арабтардың қол астында қалды. Келесі дәуірлерде бұл жаңа дін өзінің өрісін үздіксіз кеңейтумен болды. Қазіргі кезде Африкада, Орталық Азияда ондаған миллион, ал Пәкістанда, солтүстік Индия мен Индонезияда одан да көп мұсылмандар өмір сүріп жатыр. Индонезияда бұл жаңа дін елді біріктіретін факторға айналды.
Мұхаммед тұлғасының адамзат тарихына жалпы ықпалын қалай бағалауға болады? Басқа да әлемдік діндер секілді ислам да өзіне сенетін пенделер өміріне аса зор әсер етеді. Сондықтан да бұл кітапта әлемдік діндердің негізін қалаушыларға ерекше көңіл бөлінген. Дүниеде христиандар мұсылмандарға қарағанда екі еседей көп, яғни біреулер үшін Мұхаммедтің Исаның алдында тұрғаны біртүрлі боп көрінуі мүмкін. Оның екі маңызды себебі бар. Біріншіден, Исаның христиан дінін дамытқанынан гөрі Мұхаммедтің исламды дамыту рөлі аса биік. Христиан дінінің моралі мен философиясының негізін қаласа да, оның қалыптасуына, өрісінің кеңеюіне негізгі үлес қосқан әулие Павел болып есептеледі.
Мұхаммед, тұтастай алғанда, исламның дін ретіндегі ғылыми жүйесі мен моралін дүниеге келтірді. Ол сонымен бірге бұл дінге сенушілердің қатарын көбейтуде басты рөл атқарып, тұңғыш рет ислам принциптерін өмірге енгізді. Оның үстіне, пайғамбар Құдай рухы сіңген қасиетті Құранды жұртқа ұсына білді. Құранға енген Мұхаммедтің барлық айтқандары дерлік оның көзінің тірісінде жазылып алынып, ол дүниеден өткен бойда-ақ аяқталған біртұтас формаға айналып үлгерді.
Ал Христос ғылымының толық және дәл жазбалары сақталмаған. Христиандар үшін Інжіл қандай қымбат болса, Құран да мұсылмандар үшін сондай қымбат бола тұра, Мұхаммедтің Құран арқылы айтылатын идеяларының тікелей әсері аса зор. Сондай-ақ Мұхаммедтің мұсылмандарға ықпалы, Христос пен әулие Павел екеуі қосылып христиандарға жасаған ықпалынан әлдеқайда күшті, таза діни деңгейлерін салыстырып қарағанның өзінде де Мұхаммедтің адамзат тарихына ықпалы Христостың ықпалынан артық болмаса, кем емес. Одан басқа, Мұхаммед пайғамбардың Христостан тағы бір ерекшелігі, ол тек діни ғана емес, биліктің де көшбасшысы бола білді. Егер оның араб жаулап алушыларын жігерлендіре білген рөлін еске алсақ, онда оны дүние жаралғалы бергі ең ірі ықпалды саяси көсем болды деуге толық негіз бар.
Маңызды-маңызды деген тарихи оқиғалардың ішінде белгілі көшбасшыларсыз-ақ өзінен-өзі пайда болатындары аз емес. Мәселен, Оңтүстік Америка елдері испандықтардың билеп-төстеуінен Боливарсыз-ақ азат боп шығар еді, бірақ арабтар жаулап алған жерлер туралы бұлай айтуға болмайды. Мұхаммедке дейін мұндай оқиға болып көрген емес, оның үстіне, ол жаулап алудың бәрі онсыз да жүзеге асырылар еді деуге негіз жоқ. Тарихта онымен теңдесетін бір-ақ мысал бар: ол – ең алдымен Шыңғыс ханның арқасында ХІІІ ғасырда жүзеге асқан жаулап алулар. Бірақ ол жау­лап алулар, кеңістігі жөнінен арабтардан гөрі артық бола тұра, уақытша ғана болып шықты. Қазір моңғолдар Шыңғыс хан тұсындағы аймақты ғана мекендеуде.
Арабтар туралы олай айта алмайсың. Ирактан Мароккаға дейін, тек ислам дініндегі ғана емес, сонымен бірге бір тілде сөйлейтін, тарихы мен мәдениеті ортақ араб мемлекеттері орналасқан. Ислам үшін Құранның араб тілінде жазылуының ерекше маңыздылығы сонда, ол әртүрлі диалектіде сөйлейтін бұл тілдің он үш ғасырдың ішінде күйреп-бітуіне жол бермеді. Әрине, араб елдерінің арасында айырмашылықтар да, қарама-қайшылықтар да бар. Бірақ ол айырмашылықтар ешуақытта оларды біріктіретін басты-басты қасиеттерді көлегейлей алмақ емес. Мәселен, Иран да, Индонезия да, ислам мемлекеттері мен мұнай алпауыттары да 1973 – 1974 жылдардағы қысқы мұнай эмбаргосына қатысқан жоқ. Ал араб мемлекеттері бірауыздан бұл эмбаргоны қабыл алды. Мұны жай бір кездейсоқтық деп қарауға болмайды.
Сонымен, VІІ ғасырдағы араб жаулап алушыларының салдары бүгін де адамзат баласының өміріне елеулі ықпал етіп отыр деп айтуымызға толықтай негіз бар. Аса зор діни үстемдік ету тұрғысынан қарағанда осындай берік тұтастық, Мұхаммедті сирек кездесетін тарихи тұлға деп айрықша бөліп алуыма мәжбүр етті.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 12.01.2026 | 22:38

..ия, Темірхан ағамыз, Исламның идеология екенін түсінген екен..

Аноним 13.01.2026 | 16:53

Салауат жоқ. Сәлем жоқ. Мұны жазған адам өзі мұсылман ба?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір