Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана ашылды
21.10.2025
164
0

Бүгін «Алматы Кітапханаларына» қарасты №4 кітапхана-бөлімшесіне Мұхтар Әуезовтің аты берілуіне арналған салтанатты шара өтті.

Салтанатты рәсімге Алматы қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Халбеков, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, жазушының немересі, «Дінмұхамед Қонаев халық­аралық қорының» президенті Елдар Қонаев, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері, әдебиет пен мәдениет өкілдері, қатысты.
1974 жылы іргетасы қаланған тарихи кітапханаға ұлы қаламгердің есімінің берілуімен шараға қатысушы зиялы қау­ымды құттықтаған Мереке Әбдешұлы бұл шынында да қуанышты күн екенін атап өтті:
– №4 кітапхана-бөлімшесі – Алматы қаласындағы ең ірі және жетекші кітапханалардың бірі. Кітап қоры 34 000 дананы құрайтын, ал жылдық келушілер саны 350 000-нан асатын кітапханаға Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімін беру – руханият жанашырлары үшін үлкен қуаныш. Алматының күретамыры іспетті Абай даңғылының бойында орналасқан осынау парасат ордасына ұлы қаламгеріміздің есімі берілуі тектен-тек емес деп ойлаймын. Кітапхана ізденіс пен білімнің, даналық пен жаңашылдықтың ордасына айналсын. Оқырмандарыңыз көп болып, еңбектеріңіз жемісті болсын!
Салтанатты шарадан соң аталған кітапхана ғимаратында «Мұхтар Әуезов­тің Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан үлесі» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнертану институтының директоры Кенжехан Матыжанов жүргізді. Жиын барысында М.Әуезовтің немересі, шығыстанушы және түркітанушы Зифа-Алуа Әуезованың онлайн-құттықтауы тыңдалып, ақын әрі дипломат Олжас Сүлейменовтің атынан қызы Мәдина Сүлейменова сөйледі. Сонымен қатар кітапханаға Мұрат Мұхтарұлы
Әуезовтің жеке кітапханасынан кітаптарды сыйға тарту рәсімі өтті.
Бұған қоса көрнекті ғалым, археолог және этнограф Әлкей Марғұланның бұрын жарық көрмеген «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» атты ең­бе­гі­нің тұсауы кесілді. Бұл туынды алғаш рет араб тіліндегі түпнұсқадан қазақ және орыс тілдеріне аударылып отыр.
Сонымен қатар кітапханада Мұх­тар мен Мұрат Әуезовтерге арналған мемориалдық бөлме ашылды. Рухани сабақтастық пен шығармашылықтың ерекше ордасына айналатын бұл кеңістікте жазушы мен қоғам қайраткерлерінің жеке заттары, сирек кәде­сыйлар, үй жиһазының элементтері мен бейнематериалдар қойылған.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір