МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ «ҚОБЫЛАНДЫ» ЭПОСЫН ЗЕРТТЕУІ
07.10.2025
273
0

Халық эпосына көркемдік, тарихи сапасында зер салған Әлихан Бөкейханның «Қара қыпшақ Қобыланды» зерттеуімен Мұхтар Әуезовтің таныс болғаны даусыз. Қазақ әдебиеттану, фольклортану ғылымының қалыптасып, даму тарихында Алаш әдебиеттануы ұзақ уақыт зерттеу жүйесінен тыс қалды. Кейінгі кезеңдегі зерттеулерде мұраны тану, игерудің кешенді тұтас ғылыми өзектілігінде нақты салыстырулар жасалып отырғанымен, жекелеген мәселелердің арнайы қарастырылуы жалғасын таба бермек. 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған Әлихан Бөкейханның «Қара қыпшақ Қобыланды» мақаласы мен Мұхтар Әуезовтің «Қобыланды батыр» зерттеуіндегі мұратану ұстанымдары белгілі бір уақыттың еншісі ғана емес, қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу кезеңдері, басым көркемдік ұстанымдар маңыздылығында да өзекті. 

Әлихан Бөкейхан жырдың оқиғасы өткен заманды тарихи фактілермен қанықтыра отырып баяндайды. «Едіге би Тоқтамыс ханға өкпелеп, Еділдің күншығыс жағына өткен. Сонда Тоқтамыс хан тоғыз батырын шақырып есік алдына қойып, бір-бірлеп алдына келтіріп, ақыл сұраған. Сондағы Тоқтамыс ханның тоғыз батырының біреуі Қара қыпшақ Қобыланды жайлы былайша жырланады:
Қараңғыда жол тапқан,
Қысылғанда сөз тапқан,
Тайқазан қақпақ жауырынды,
Қолағаш тоқпақ айдарлы,
Кісі ақылына ермеген,
Қиын жолға жүрмеген,
Қара қыпшақ Қобыландым,
Хан Тоғымға не дейсің?
Тоқтамыс хан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы нәсілінен. Бұл Ақсақ Темірмен соғысып, жеңіліп қашқан. Бұл Қобыландының ісі ХІV ғасыр ортасы болуға лайық. Тоқтамысқа болысқан Литва князы Ветовты Воркесла өзені бойында (бұл Полтава губерниясында, Днепр саласы) Ақсақ Темірдің қолбасшысы Едіге алған. Соғыс 1399 жылы өткен (Қара: Шоқан кітабы, 71-бет). Бұған қарағанда Едіге Тоқтамыстан кеткен соң Ақсақ Темірге қолбасы болса керек. Мұнан Қобыландының Тоқтамыс, Едігелермен замандас болғаны көрінеді»
Әлихан Бөкейхан «Қара қыпшақ Қобыланды» жырының тарихи негіздерін салыстыра екшейді: «Арғынның атасы Дарқожа Әбілқайыр ханның қазысы екен. Әділ билік айтқанынан Ақжол атанған. Қара қыпшақ Қобыланды да ханға сүйікті екен. Сондықтан бұл екеуі күндес болған. Күндестіктен Қобыланды батыр Ақжолды өлтіріп кеткен. Әз Жәнібек хан Қобыландыны өлтірем деп сұрағанда қалың қара қыпшақ бұзылады деп, Әбілқайыр хан бере алмаған. Шәкәрімнің жазуынша, «Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!» деген қазақ мақалы Ақжол атасы Қолан жылауынан қалған (қара: «Шежіре», 31-бет). Бұл екі ханның заманы 1450 жылдар. Бұған қарағанда Қобыланды ХV ғасырдың ортасындағы жігіт болады. Онда Тоқтамысқа жігіт бола алмайды. Мұны Едіге жырына ақын қосқан болады. Шәкәрім айтқаны тарихқа жөн болса, Қара Қыпшақ пен Әз Жәнібек қазағы Қобыланды үшін араз болған көрінеді. Қобыландының айтқаны Қызылбас та, қалмақ та болмай, Жәнібек жұрты арғын һәм өзге қазақтар болып жүрмесін».
Әлихан Бөкейхан Қобыланды батыр тұлғасына қатысты қилы дәуір дерегін келтіріп, тарихқа жүгінудің жөнін жан-жақты баяндаған. Мұхтар Әуезов кеңестік дәуірдің көкейтестісі, көксегені нендей идеология екеніне сақтықпен қараған. Көп ақиқат, көп күрес, бостандық мұраттар бас көтеретін өткен тарихтың әңгімесін жыр оқиғасының, көркем бейнелердің тасасында қалдыруға мәжбүр: «Жырда Қазан қаласының ауызға алынуы, дастанның тарихи төркіні барлығын байқатады. Ол «Қара Қазан», «Сырлы Қазан» деп аталады. Қазан қаласы алғаш Гзань өзенінің бойында, яғни қазіргі Қазаннан қырық шақырымдай жерде салынғаны, ал кейін ХV–ХVІ ғасырларда Еділ өзені бойына көшірілгені тарихтан аян. Егер жырдың оқиғасы екі қаланы қоса қамтитын болса, онда Қобыланды жорығының мерзім-уақытын анықтау қиынға соқпайды. Сонда ол Қазан (Еділ) хандығына, Алтын Орда құлағаннан кейін соның орнына құрылған Қырым хандығына қарсы жорыққа қатысқан болуы ықтимал».
Ә.Бөкейхан қайсыбір тарихи деректердің қандай еңбектен, кімнен алынғанын атын атап, Шоқан Уәлиханов жинағына, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Шежіресіне» сілтеме жасап отырған. М.Әуезов тарихи құжаттарды қопара көтеріп сөйлеудің қаупін ескеріп, жалпы қамтып, дәуірлік беталыстардың тарихынан қысқа ғана ақпарат беріп өткен. Ә.Бөкейхан қозғап отырған бай тарих көкейінде сайрап тұрса да, осылай сараң ақпаратпен шектеліп баяндайды: «Қобыланды» жырындағы қалмақ ханы Қазан Жошыдан төрт-ақ ата төмен. Бұл Қобыландыдан бұрын болған. Қазіргі Түркияның ескі патшасы Османмен замандас. Осман 1299 жылы патша болған. Шыңғысұлы Толыға алты ата, орысты алған тағы екінші Қазан хан бар. Бұ да Қобыландыға замандас болатын көрінбейді. Қобыландыны Қазанмен ақын соғыстырып қойса керек. Шағатай ұлысында Шағатайға алты ата бір Қазан хан болған. Бұл 1332 жылы таққа отырды. Бұл мықты, қатты, жұртқа зәбірлі болған. Шағатай ұлысын жалғыз қаратып алам деп, көп жаһұт қылған. Шағатай, Жошы ұлысы жанжалсыз болған емес. Қыпшақ Жошы ұлысында Қобыландымен соғысқан Қазан хан осы болуы ықтимал. Бұл Қазан опаты 1347 жылы».
Ә.Бөкейхан жыр кейіпкерлерінің тарихи негізін тарқата түсіп, дәуір, заман ақиқатының Қобыланды батыр тұлғасына қатыстылығын асықпай, салыстыра зерделеген. Ол жырдың бар кейіпкері туралы мол ақпаратты айналымда ұстайды. Тарихта болған адамдарға қатыстылығын елеп-екшейді. Қазақ эпосын зерттеуде тарихи-дерекнамалық дәлдік кейінгі эпостануда қаншалықты өріс алғандығы бойынша да арнайы зерттеулер қажет көрінеді. Түркі халықтарының эпикалық мұрасын салыстырмалы зерттеу, типологиялық тұрғыдан жіктеп жүйелеу Әлихан Бөкейханның «Қара Қыпшақ Қобыланды» зерттеуінде ғылыми негізде жөнін тапқан.
Жыр оқиғасын қысқа ғана ықшам баяндап, осы жырдың тарихи дерегін зерттеу міндетінде Әлихан Бөкейхан түркі халықтарының ортақ тарихында кеңістік ашқан көркем мұра құндылығын негіздейді. Ауызша сақталып, ауызша тараған эпикалық ұшан-теңіз мұраға тән төлтума сипаттар сараланады. Кезеңдік қоспалар, жыр нұсқаларының қилы негіздерін назарда ұстайды. Көптеген адам есімдеріне қатысты болжамдар, нақтылау шарттары айтылып отырады. Жыр мазмұнындағы өзгертулерге мән беріледі. «Қобыланды» эпосындағы Көбіктіні Шоқан Уәлиханов хатқа түсірген «Көкетай» жырымен, «Манас» эпосымен байланыстырады. Шоқан Уәлихановтың «Манас» жыры туралы зерттеуіне сүйеніп, «Манас» эпосын қазақ батырлар жырымен сабақтастыра зерттеуді ғылыми жөнге қоюдың маңыздылығын қадап айтады.
«Қазақ атқа дәрі байлап, ашытып бал ішкен бе? Бұл берідегі ақынның жырға қосқан бал ішкен жұрттан алған жұқпасы болар.
Жиырма төрт келген сағатта,
Кірпігін қақпай таң атты.
Тоқсандағы әкем Тоқтарбай,
Құдіретіне тапсырдым,
Алпыстағы шешем Аналық,
Фатимаға тапсырдым,
Қарындасым Қарлыға,
Қарашашқа тапсырдым.
Қосақ жарым қыз Құртқа,
Балуан қызға тапсырдым.
Бөтен бір жаудың елінде,
Шай қайнатып жүргенде
Ғұмыр Осман шаһарияр,
Жиырма сегіз пайғамбар,
Қырда Қызыр пайғамбар,
Суда Илияс пайғамбар,
Ықылас атты Шаш тазы,
Дем бермесең, біз кеттік,
Ықылас атты Шаш тазы,
Етегің жайып қағып тұр.
Көл иесі Қамбар-ай…
Жол иесі Қамбар-ай…
…Қамбар өзің қолдасаң.
Қамбар мен Ықылас Шаш тазыға сыйынған. Жылауда Фатима, Шаһарияр пайғамбарлар соңынан ақынның қосуымен пайда болған болар. Жиырма төрт сағат та Қобыланды заманына келе алмас.
Ай басына мың сомнан,
Жатып жеген бейбақтар.
Билер мінген жалды атты,
Қырық мың әскер солдатты…
Түймелетіп кигендер,
Түрегеліп жүргендер.
Масақ құлақ мылтық қолында,
Қара сухар қойнында,
Алты атары қолында.
Талай төре келеді,
Төсінде алтын медалі.
Ішеміз деп бал алып,
Шайнаймыз деп нан алып.
Солдат, сухар, түйме, медаль, бал, шай, алтыатар – бұлар Қобыланды заманынан көп бері пайда болған нәрселер. Мұның бәрін бейшара жыршы өзінен қосып, жырдың көркем түрін бұзған», – деп Әлихан Бөкейхан бұл жайлардың «Қара қыпшақ Қобыланды» жырының туған дәуіріне сай келмейтінін жазған әрі көп қисынсыз қоспаның атын атап, түсін түстеп көрсеткен. Жырдың кітап болып шыққаны құпталады. Безендіру айрықшалығы, мұқабадағы батыр тұлғасының басқа жұрттың кітабынан көшірілгені ескертіледі. Жырдағы тарихи мекен, жер-су атауларына мән берілуі де қағыс қалмаған.
Мұхтар Әуезовтің «Қобыланды батыр» зерттеуі де арғы тарихпен сабақтастырыла басталғанымен, нақтылы дерекнамалық саралауларды «айналып» өтуге тура келген. Едіге туралы Әлихан Бөкейхан айтты. Мұхтар Әуезовке заманы шет жағалап қана айтқызды. «Бұрынғы заманда неше алуан хандық құрған түрік жұрттарының көбінің тойын бірге тойлап шыққан бір ел қазақ елі екені тарих жүзінен белгілі.
Нағыз қазақ бірлігі ХV ғасырлар ішінде шықты десек те, сол бірлікті жасаған рулардың көпшілігі ертерек заманда болған. Алтын Орда, Қазан хандығы, ноғайлы, өзбек бірлігі сияқты хандықтардың бәріне де кірген, солармен бірге ыстығына күйіп, суығына тоңып ірі тарихи уақиғаларды бастарынан бірге кешіріскен. Бұл мағлұматтың шындығын жалпы тарих жүзінен бір көрсек, ел қиялы жасаған, ел есінде сақталып қалған ескіліктен екінші рет тағы көреміз.
Кейінгі заманда қазақ бірлігін жасаған рулар бұрын Алтын Орда бірлігінде болған. Бері келе кейбірі Қазан хандығына, көпшілігі Ноғайлы бірлігіне қосылған. Ноғайлыдан айырылған рулар өзбекпен бір болған. Осы сияқты тарихи дәуірлердің әрқайсысынан қазақтың бүгінде сақталып келген әдебиетінде айқын із болмаса да, долбар жасатарлық ұлы сүрлеу бар.
Қазақ руларының бұрынғы заманда қоныстасып оттас болған елдерінің бәрінің тұсынан алып шыққан ырымы, жүлдесі бар.
Бәрінен де қазақ ескілігінде сақталып қалған белгі бар. Алтын Орда бірлігінің мезгілінен Едіге батыр әңгімесін алып шыққан. Одан бері Алтын Орда бірлігі құлап, жалпы саяси бірлік жоғалған уақытта бұрынғы бірлік көзі жақсы кездей болып ұмытылмай жүреді. Ел көңілінде ашық күнді жақсы мезгілдей ниет бірлігі, тілеу бірлігі жоғалмай жүрген бір кез болады», – дейді ғалым.
Мұхтар Әуезовтің «Таң» журналының 1925 жылғы 1, 2-сандарында жарық көрген «Қобыланды батыр» зерттеуі мен әдебиет тарихы бойынша айналымда жүрген «Қобыланды» эпосы туралы зерттеуі туралы айтылар қайсыбір ойлар ХХ ғасыр басы мен орта тұсындағы қазақ әдебиеттануының түбегейлі айырмасы пайда болған зерттеу ұстанымдарымен ұштасады.
«Таңда» (1925) жарық көрген зерттеудің «Әдебиет тарихы» (1927) еңбегімен үндестігі даусыз. Дегенмен де қазақ фольклортануында Мұхтар Әуезовтің эпос және тарихи қаһарман тарабындағы тоқтамдары ұзақ жылдар бойы толық нұсқасында айналымға түсе алмады. Ғалым Керімбек Сыздықов әуезовтануда осы мәселеге арнайы тоқталғанын айтқан жөн. «Жазушының «Қобыланды батыр» мақаласы алғаш рет «Таң» журналында (1925, №1, №2) жарық көрді. Кейін жазушының 20 томдық шығармалар жинағына (1984, 15-том, 45–53-беттер) қысқартылып жарияланды. Мақаланың негізгі мазмұны жазушының 1927жылы шыққан «Әдебиет тарихы» кітабының «Қобыланды» әңгімесінің мәнісі атты тарауына енген. Мақалаға «Ел әңгімесіндегі Қобыланды – ел қиялының ұлы батыры» деген қосымша анықтама атау қойылған. «Қобыланды батыр» жырының әңгімесінде де тарих «өлшеуінен бірде ілгері, бірде кейін кетіп отыратынын», жалпы ел қиялынан туған әңгімелерде бұрын-соңды өткен оқиғаларды кейде бір дәуірге, бір кісінің басына жиып қоятын кездердің болатынын да ескертіп, автор Қобыландының Қазан ханымен соғысуына байланысты Қазан хандығының тарихына қысқаша шолу жасайды. Мақаланың кейінгі 15-томдағы басылымында алғашқы журналдық нұсқадағы осы шолудың машинкаға басқанда 3 беттей көлемдегі мәтіні қысқартылған. Ол жері жазушының «Әдебиет тарихы» кітабында (А., 1991, 68–70-беттер) сақталған. Мақаланың кейінгі, 1984 жылғы басылымында сол кезеңнің үстем идеологиясына байланысты қысқартылғаны белгілі. Онда негізінен, орыс патшалықтарына қарсы наразылық күресті сөз ететін және «кәпірлер» деген сөз бен Шәкәрімнің аты аталатын жерлерін алып тастаған. Мақаланың соңында жырдағы Қобыланды бейнесінің жасалу ерекшеліктеріне, оның жан серігі ақыл ой, нәзік сезімді махаббат иесі бола алған Құртқаның жарастықты бейнесі және «қыл құйрықты, жел жетпес есті серігі» – Тайбурыл туралы талдау толғауы берілмеген», – дейді ол.
Мұхтар Әуезовтің «Әдебиет туралы» (1997) оқу құралында «Батырлар жыры» тарауының «Қобыланды батыр» тараушасы жырдың тарихи негізі, дәуірі, жинаушы, сақтаушы, бастырушы туралы сараң мәлімет береді. Оқиға желісі қысқаша баяндалған. Бір маңызды ақпараты – жырдың нұсқалары туралы айтуы және образдылық, көркемдік сапа тұрғысынан озық тоқтамдар жасайды: «Дастанда әр алуан мінез, әр алуан образ көп. Сараң да күншіл, болымсыз Қараман бейнесі Қобыланды образына кереғар. Қобыландымен құрдас бола тұра, Қараман сол атқа лайық емес. Қобыландының, Қазан, Алшағыр, Көбікті сияқты дұшпандары да бір-бірінен өзгеше дербес образдар. Басқа, көптеген халықтардың батырлық эпосындай емес, қазақтың батырлық жырында талай-талай небір тамаша әйел образдары бар».
Жазушының «Қобыланды» эпосына қатысты зерттеулері – қажырлы тұлғаның қазақ сөз өнерінің барын сақтап, жоғын түгендеудегі ұлы мұратының бір фактісі. Нендей қызу еңбектен тартынбай, құштарлықпен атқарған ғұмырлық ісінің «шағын» да шалқар бір бағыты.
Қобыланды батыр ардақтаудан кенде қалмаса да, эпосқа қатысты Мұхтар Әуезов бағасының жөні басқа. Әлихан Бөкейхан айтып өткеніміздей, Қобыланды жырының қоспасы көп деп, кейінгі айтушы тарапынан өзгергеніне қынжылса, Мұхтар Әуезов бұл жырдың қатпар-қатпар көркемдік құндылығына, Тайбурылдың шабысына тамсанып, таңғажайып сұлулық нұрына малынып отырып тебіренеді. Романтик Әуезов тұлғаланады мұндайда.
Мұхтар Әуезов қазақ сөз өнерінің айрықша екенін әрбір ертегі, жырдан, әр жоқтау мен жұмбақтан, әр жаңылтпаштан көрді, ортақ, ортаймас құндылық мәнінде ғұмыр бойы қорғады. Қорған болды.
Жас Әуезовтің жастығы білінбейтін ересек ойлары қашан да қайран қалдырады. Ол айнала, ортасының мұң-мүддесін «сорғыш» қағаздай сіңірген. Ұқсатып, жаратқан. Алаш арманын алпыс үш жыл ғұмырда ауырсынбай арқалап өткен. Оның: «Алғашқы жасаған долбарымыз қазақтың тарихын тексеріп жүрген азаматтарға орынды көрінсе, «Таң» журналының кейінгі сандарында өзгелердің жайынан да жалпы ой жүргізбекшіміз.
Менің әзірше қарастырмағым – Қобыланды батырдың әңгімесі. Қобыландының ел әңгімесіндегі мезгілі мен қалпын сынаудан бұрын әуелі Қобыланды жайындағы өзім естіген шынға жуық мағлұматтарды білдірмекшімін.
Ел есінде сақталып келген батырдың шынында болған адамнан тарайтын әңгімесі де болады. Кейде жалғыз ғана ел қиялының өзі туғызатын да батыр болады. Қобыландыны әуелі осы жағынан қарастырайық. «Орынбор архивная комиссиясының мағлұматында, Илецкий Защитадан ауылға қарай жүретін қара жолың үстінде Қобыланды деген бекет бар. Соның жанында Қобыландының бейіті деген бейіт бар дейді. Сол маңайдың қазағы Қобыланды жайынан әңгіме де айтады. Бұл – Қобыландының болған адам екеніне бір дәлел», – деген тұжырымы да ғылымға үлкен азық.
Жазушы сонымен қатар Қобыландының тарихта болғаны туралы ел әңгімелерінен дәйек келтіреді. Қобыландыны ескіліктен қалған ақсақалдар шежіресінде келтірілгендей, Әз Жәнібек пен Әбілқайыр ханның тұстасы дейді. Әдебиет, ел тарихында бірде Қодан тайшы, бірде Қыдан тайшы аталып жүрген ақынның өлеңі дегенді мысалға алады:
«Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным,
Сексен асып, тақағанда тоқсанға,
Тұра алмастай үзілді ме жұлыным?!
Адасқанын жолға салдың,
Бұл ноғайлы ұлының.
Аққан бұлақ, жанған шырақ,
Жалғыз күнде құрыдың,
Қара Қыпшақ Қобыландыда
Нең бар еді, құлыным».
Бір қарағанда, Әлихан Бөкейхан Қобыланды батырдың тарихта болған- болмағаны туралы келтіретін деректер мен Мұхтар Әуезовтің осы мәндегі топшылау­лары екі басқа ұстаным, екі басқа дерекнамалық негіз болып көрінеді. Түптеп келгенде, екі зерттеудің де мақсаты ортақ. Бір мүддеден туындаған. Дайырқожа өлімі үстінде айтылған өлең, Әз Жәнібек, Әбілқайыр хан заманы, ноғайлы-қазақ бірлігінің тұсы туралы баяндап отырып Мұхтар Әуезов Қобыландыны ХV ғасырдың орта кезінде өмір сүрген деп болжайды.
Қазан хан ба? Қала ма? Осы сауал батырлық жырларда айтылатын «Қазан» атауына қатысты күні бүгінге шейін әрқилы мәнде қолданылып отырады. Қобыланды жырындағы Қазан – Қазан қаласы деген деректі М.Әуезов келтіреді: «Әңгімеде Қобыланды Қазан қаласымен соғысады. Әңгімеде аталған Қазан қаласы қай Қазан? Бізше, бұл бұрынғы Қазан хандығының астанасы болған бүгінгі Еділ бойындағы Қазан қаласы. Бұның дәлелі әңгіменің өзінен көрінеді Қобыланды аттанып барған Қазан екі қала екен дейді, бірі – сырлы Қазан, бірі – қара Қазан. Бүгінгі Қазан қаласы ХІV–XV ғасырлардың шекарасында екі жерде болғаны рас. Әуелі Қазан ХІV ғасырдың аяқ кезінде әуелі «Ғызан» деген судың құятын жерінде балқардан шыққан Алтынбек, Қалымбек салған қала болады», – деген ол, Қазан хандығы тарихы туралы егжей-тегжейлі, нақтылы тарихи деректермен баяндайды. Қандай да бір дереккөз, ғылыми әдебиет аталмаған. Бірақ соншалықты уәжді, тың фактілер келтірілген: «Алтынбек, Қасымбек балқардың Ғабдолла ханының баласы, бұның елдігін Ақсақ Темір ойрандап, өзіне қаратып алғанда, ханның екі баласы Еділді өрлеп кетіп, жоғарғы Қазан қаласын салған, артынан XV ғасырдың бас кезінде Алтын Ордадан бөлінген бірнеше рулар келіп, Еділ бойының хандығын жасайды. Оның астанасы Қазан қаласы болады. Бірақ бұлардың тұсында Қазан қаласы бұрынғы ескі Қазаннан 7 шақырым төмен жерден салынады. Кейінгі уақытта Қазан хандығының астанасы да сол болады».
Қазан хандығына қатысты Мұхтар Әуезовте келтірілетін деректер Әлихан Бөкейхан мақаласында жоқ. Осыған қарағанда, Қазанның бірде қала, бірде хан аталатыны жыр нұсқаларына қатысты болып отырған сияқты. Бұл тұрғыдан зерт­теуде Шәкәрім «шежіресін» ескеру керек және Ә.Бөкейхан тоқталған «Қара қыпшақ Қобыланды» жинағын арнайы қарау керек.
«Мөлшермен есептегенде, Қазан хандығы 1430 жылдардан 1552 жылға шейін еркін өмір сүрген, өзгеден елдігі, іргесі бөлек бір хандық болады. Өз бетімен еркін өмір сүріп тұрғанда, Қазанда 14 хан болған. Алғашқысы – Махмұт, соңғысы – 1552 жылы Иван Грозный Қазан қаласын алған уақытта хан болып тұрған Ядгар. Бұл екі арада болған 14 ханның ішінде біздің әңгімеде аталатын Қазан деген хан жоқ. Бұл ат Қазан қаласының атына ұйқастырып, елдің өз қиялы қосқан ат болса керек» М.Әуезов жырдағы Қазан хан туралы осындай болжам айтады. Ал бұл есім тарихта болған адамға қатысты дегенді Ә.Бөкейхан сенімді баяндайды. Осы тұрғыда тарихи дереккөздерді таяныш жасап, саралау керек сияқты.
Зерттеуде Қобыландының «ежелден кекті болған алыстағы мықты жауға аттанатыны» екпін түсіріліп айтылған. Бұл – тарихтың қатпарлы, астарлы болғанымен, айдай анық ақиқатының бірі.
Қыпшақтардың айбынды замандарына меңзеу, арқаланып, марқайып айту да осы зерттеудің құнын өсіре түсетіндей. «Білмейтіні жоқ» заңғар ғалым, әлемнің Әуезові сол жас күнінің өзінде түркілердің арғы тарихын, асқақ елдігін аспанға шығара айтуды көксейді. Айтып та тастайды. Қобыландының қайтпас тұлғасы – тұтас жауынгер жұрттың қасиеті.
«Абай, Шәкәрім, Әуезов дәрістері» оқулығының «М.Әуезовтің фольклортану мен әдебиеттанудағы іргелі еңбектері» атты тарауында
Ә.Молдаханов өзекті зерттеу бағыттың дерекнамалық дәйегінде көпшілікке беймәлім қалып жүретін бірқатар айналымда болуы тиіс фактілерді қосқан.
Ташкенттен Ленинградқа барып оқып жүріп Семей педтехникумында біраз уақыт мұғалімдік жұмыста қалғаны, сол кездегі «Таң» журналында шыққан «Қобыланды батыр» мақаласынан өрбітіп айтылған мына бір деректің «Қобыланды» эпосының зерттелу тарихында да, М.Әуезовтің эпикалық мұраны игеру ұстанымдарының ғылыми негіздемесін қалыптастыру тәжірибесінде де өзіндік маңызы бар деп ойлаймыз. «1899 жылғы «Туркестанские ведомости» газетінің кезекті үш санында (№34, 38, 42) «Туземецтің» «Женщины по киргизской былине Кобыланды» деп аталатын көлемді мақаласы жарияланды. Мұнда мақаланың өз атымен көрінгендей «Қобыланды» жырындағы әйелдер образына бірінші рет әдеби талдау берілді. Бұлай ету келешекте аталған жырды әр жағынан зерттеудің алғашқы бастамасы ретінде өз кезі үшін елеулі жаңалық еді. «Туземец» Аналық, Құртқа образдарының халықтық сипаты жайлы орынды-орынды пікірлер айтты. Мәселен, Қобыландының шешесі Аналықты тек батырдың ғана емес, халықтың анасы, сондықтан Құдайдан күндіз-түні баланы өз басының қамы емес, халықтың тілегі үшін сұрайды деп қарады. Жырдағы Құртқа образына қазақ әйелдеріндегі даналықтың, мінезділіктің жиынтығы деп баға береді. Мақаланың авторы аталған эпоста көрінетін қазақ әйелдерінің әлеуметтік жайына көңіл бөліп олардың бас еркі жоқ, мұндай халге мұсылман дінінің тұзағына түскен соң душар болып отыр дейді». Ә.Молдаханов, осылайша, автордың көзқарасы, эпикалық жыр туған дәуір шындығы тұрғысында ой өрбітеді. Осындағы «Туземец» бүркеншік есімі кім?
Бәлкім, кейінде «Қыр баласы» болып көп жазған Әлихан Бөкейхан шығар? 1915 жылы Ә.Бөкейханның «Қазақ» газетінде «Қара қыпшақ Қобыланды» мақаласы шыққанын білеміз. Ә.Бөкейхан Түркістан газетіндегі мақала шыққан тұста «Дала уәлаятасының газетасында» тілшілік жұмыста болған. Бұл жөнінде әлихантану бойынша еңбектерді қарап көру міндет.
Ә.Молдаханов: «Туземецтен кейін Қобыланды жырын зерттеген профессор П.А.Фалев өзінің ноғайлар арасынан жазып алған Қобыланды жырын Радловтың Қырым және Сібір татарлары арасынан жинап бастырған варианттарымен салыстырады. Соның нәтижесінде осы үш варианттың мазмұн мен стиль жағынан өзара айырмашылығын көрсете келіп, Сібір татарлары арасынан жинаған Радловтың «Қара қыпшақ Қобыланды» деп аталатын вариантында қара сөзді жырдың өлеңмен айтылатын оқиғаларын өзара байланыстыруға дәнекер сияқты деп қарайды.
Ал «Қобыланды батыр» жырына бұлардан кейін көңіл бөлген орыстың көрнекті шығыстанушы ғалымы А.Н.Веселовский де кезінде «Бұл жыр батырдың ерлігі жайында бұрын-соңды айтылған жеке-жеке әңгімелерден құралып, тұтас бір эпосқа айналуы ықтимал» деген еді.
М.Әуезов мақаласына дейін «Қобыланды» эпосының зерттелу жайы жоғарыдағыдай болатын. Сол кездегі ғылыми дәлдіктің жеткіліксіздігінен өз мақаласында бұлардың кейбір пікірлерін атап көрсетпегенмен, Мұхтар Әуезовке аталған ғалымдардың тұжырымдарымен таныс болуы, олардың бастамалары осы жырды зерттеуге ұйытқы жасап, септігін тигізуі ықтимал», – дейді тағы бір тұста.
Қалай дегенде де, М.Әуезовтің бұл эпосты зерттеудегі аса елеулі еңбегін естен шығармауға тиіспіз. Көпшілік назарынан тыс қалған Ә.Бөкейхан зерттеуінің де қобыландытану, эпостанудағы мәнін үнемі айтып отыру қажет.

Қанипаш МӘДІБАЕВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының бас ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір