Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД. Жазылмаған Жапония
04.08.2026
24
0

(Басы өткен санда)

Күнделіктегі жазбаларды өзімен ілесіп жүрген КГБ-ның тіміскілері тексеріп тұратынын сезетін Әуезов шетін тақырыптарды тым қазбаламаса да, шет-жағасын шығарып отырған. Ол: «Дудинцев туралы сөз көп. Жапон герой өмірін біздей көрсетеді. Жапон әдебиетін өсірді», – деп жазады.
Мұндағы әңгіме Сталин өлгеннен кейінгі жылымықта кеңес қоғамын дүр сілкіндірген Дудинцев пен оның 1956 жылы «Новый мир» журналында жарияланған «Не хлебом единым» атты романы туралы болып тұр. Сталин заманындағы жеке басқа табынушылық пен қанды репрессияны, зиялы қауым өкілдерінің жазықсыз қуғын-сүргінге түскенін айыптауды бастап берген Н.Хрущев Әуезов Жапонияға баратын 1957 жылы В.Дудинцевтің дәл осы романына қатты шүйлігіп, оған кеңес өмірін келеңсіз өтіп көрсетуге тырысты деген қисынсыз айып тағады. Бұдан кейін Дудинцевті қаралау науқаны белең алып, оның кітаптарын басып шығаруға тиым салынады.
Кеңес Одағындағы сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндікті шектеуге арналған мұндай келеңсіздікті батыс қоғамы бірден қағып алып, Дудинцевті коммунистік идеологиядан қуғын көрген еркін ойлы жазушы ретінде көрсететін насихатты өрттей қаулатады. Мұны жапон қоғамы да бірден іліп әкеткен.
В.Дудинцевтің алғашқы романы кеңес оқырмандарына жетіп үлгерсе, 1966 жылы жазылған «Белые одежды» деп аталатын екінші романы 20 жыл бойы еш жерде жарияланбай, сартап болып жатып қалды. Тек жариялылық тұсында ғана, 1987 жылы жарыққа жетіп, келесі жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Иә, саясаттың бораны үздіксіз ұйытқып тұратын Кеңес Одағында мұндай оқиғалар аз болмаған.
Жапон қаламгерлеріне ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы классикалық орыс әдебиеті игі әсерін тигізген. Бұған Мэйдзи реформасы кезінде жапон жазушыларының ескі сарын мен насихаттық дидактикаға негізделген ескі ағымнан арылып, сыншыл реализм, әлеуметтік астар мен адам жан дүниесінің құпияларына терең бойлайтын экзистенциалдық негіздегі еуропалық әдеби әдістерді меңгере бастауы себеп болған. Осы кезде жапон тіліне Толстой, Достоевский, Тургенев және Чеховтың шығармалары молынан аударыла бастаған.
Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» 1886 жылы, ал Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасы» 1889 жылы жапон тілінде басылады. Жиырмасыншы ғасыр басында Чеховтың басты шығармалары түгелдей дерлік жапон тілінде жарық көріп, оның «Шие бағы», «Ваня ағай», «Шағала» және «Үш апалы-сіңлілер» атты пьесалары сахнаға шығарылды. Әлі күнге дейін жапон театрларында Шекспирден кейін ең көп қойылатын шетел драматургі Чехов саналатыны осыдан.
Жаңа жапон әдебиетінің классиктері Рюноскэ Акутагава, Такео Арисима, Дзюнитиро Танидзакилерді классикалық орыс әдебиетінің дәстүрімен өскен қаламгерлер деуге әбден болады. М.Әуезов орыс әдебиетінің жапондарға жасаған ықпалын: «Жапон әдебиетіне орыс әдебиеті көп әсер еткен», – деп атап өте келіп: «Орыс әдебиетінің әсері деп қана айтуға болады, бірақ ұқсастық бұл», – деген мағынасы мол ишарат жасауды да ұмытпайды.
Дидактикалық сарында болса да, көптомдық роман жанрын орыстардан бұрын, орта ғасырларда-ақ игерген жапон жазушыларын бірыңғай орыс жазушыларының жетегінде кетті деген қорытынды жасау жадағайлық болатынын әлем әдебиетінің асқан білгірі, профессор Әуезов орынды ескерткен.
Шындығына келсек, классикалық орыс әдебиетінің жапондарға әсері ағымдық, кезеңдік құбылыс еді. Кеңес заманында орыстар Толстой, Достоевский, Тургенев, Бунин салған әлемді таң қалдырған орыс әдебиетінің тамаша дәстүрінен айырылып, қан-сөлі жоқ, қуарған социалистік реализмге көшкенде, сұлулыққа, әсемдікке, еркіндікке жаны құштар жапондықтар мұндай қағынан жеріген келеңсіз құбылыстан бойын аулақ салып, орыс әдеби дәстүрін жапондық арнада дамытқан.
Әуезов 24 тамызда делегация мүшелерімен бірге Токиодан 100 шақырымдай жерде орналасқан Унуномия қаласына келеді. Бұл – Киотомен салыстырғанда іргесі 19 ғасырда ғана салынған жаңа қала. Жазушы 60-тай адам қатысқан шағын басқосуда сөз сөйлеген. Ол сұрақ-жауаптың ұзын-ырғасы атом бомбасын сынау туралы болғанын айта келіп, жапондар тарапы сынақты «біржақты бітірсе деп айтсаңыздар екен» деген ұсыныс жасағанын келтіреді. Бұл жапондардың атом қаруын сынауды тоқтатуды, оған біржолата тыйым салуды өздеріңнен бастаңдар деп талап қойғанынан хабар береді.

Төрде – қазақ кемеңгері

Унуномия тұрғындары жапондардың ежелгі қонысы – Куриль аралдарын қайтару туралы да мәселе көтергенге ұқсайды. Мұны автордың «Сұрау: о территор. водах – біз жауап беруіміз қиын дедік, шынды айттық» деген жазбасынан аңғаруға болады. Қолынан келмейтін мәселе көтерілгенде Мұхаң жоқ-барды сөз қылып, созбаламай осылай қысқа қайырыпты.
Кездесу барысында әдебиет, руханият, дін, студент еркіндігі туралы да әңгіме өрбіп, тақырып біртіндеп Кеңес Одағындағы жылымыққа қарай ауысыпты.
Жазушы келесі күні Ұлттық музейде көріп-білгендерінің бәрін үлкен ұқыптылықпен рим цифрларымен ХІІ бөлікке тарамдап, тарқата жазған. Өнер туындылары сипатталатын 4-бөлікте: «Орта Азия шеберлері жасаған аспаптарды» байқағанын атап өтеді. Хан әулетіне қатысты тұсында да: «Хан династиясы дәуірінен фарфор, алғашқы Қытай, Орта Азия қалай өскені көрінеді өнерде», – деп көрген-білгендері ішінен өз өңіріне жақын өнер туындыларына айрықша назар аударады.
Әузов жапон сапарының әр күні, әр сағатын барынша тиімді пайдалануға тырысқан. Ол өзі жазғандай, «Токио синемасын» да көріп, сол кезде техникалық үдерістің көш басына шыққан жапонның кинокөрсетілім құралдарына ерекше тәнті болып: «Сонау тамаша ашық, анық көзбен қолма-қол сол дүниені өзің көріп шыққандай әсер етті», – деп сүйсіне жазады.
Келесі күні Токиодағы «Кабуки» театрына барып, ерінбей-жалықпай екі бірдей спектакль көрген. Өзге жұрттың бәрі бірдей түсіне, қабылдай бермейтін жапондардың ұлттық театр өнері Әуезовке алабөтен ұнапты. Ол екі спектакльдегі оқиғаның ұзын-ырғасын ғана емес, артистердің қимыл-қозғалысы, үнсіз паузалар ұстауы, музыкасы, дауыс ырғағы, аспаптардың үніне дейін кәсіби біліктілікпен сипаттайды. Драматург Әуезов: «Әсерлі есте қалғыш қозғалыстар – бұл театрдың ерекшелігі… Адам жүзі бояу арқылы ішкі мінез, жаратылыс өзгерістері ерекше жат құбылыстарын танытып отырады», – деп жапон театрының былайғы жұрт байқай бермейтін сипатты белгілерін дөп басып, білгірлікпен баға береді. Өзімен бірге барған жапондық Хаяси мырзаның айтуынша, «Кабуки» театрының репертуарында 500-ге жуық спектакль болуы мүмкіндігін жеткізуді де ұмытпайды.
Сапарлас серігі, орыс журналисі В.Кудреватых жапон ресторандары мен барларында виски мен салқын сыраны сыпыра сіміртіп жүргенде қазақ кемеңгері бар уақытын жапон өнерінің ғажайыптарын тамашалауға арнайды. Ол: «Кеше Хаяси, Като мырзалардың көмегімен тағы бір театрды көрдік. «Хиеза» деген драма театры», – деп жазады. Олар «Отты тау» деген бір актілі, ұзақтығы бір сағат елу минуттық (мұны да көрсетіп қойған) спектакльді тамашалаған. Бұл жолы да Мұхаң көргенін кәсіби білгірлікпен талдап, жеңілдеу туындының көңіліне қона қоймағанын: «қатты сынасып, спектакльден біз кейін қалдық» деп көрсетеді.
Жиырма сегізінші тамызда жапон коммунистерінің үні – «Асахи» газетінің екі журналисімен ұзақ сұхбат жүргізіпті. Онда үш тақырып төңірегінде әңгіме қозғалған екен. Әдебиеттегі достық пен жапон-кеңес әдеби байланыстарының жай-күйі, кеңес әдебиетіндегі соңғы жаңалықтар және жапон баспасөзінде кеңінен талқыланып жатқан В.Дудинцев шығармашылығы туралы Әуезов бір сағаттай сөз сөйлеп, екі журналист пен аудармашы ілесе жазып отырған.
Картина толық, жазба әсерлі болуы үшін өзі қатарлы жапон ғалымдары мен жазушыларының үйінде болып, олардың да тұрмыс-тіршілігімен етене танысқан. 25 тамыз күні Хаяси деген серігімен бірге белгілі жапон ғалымы Ояманың отбасында болған. Кеңес халқына, әдебиетіне дос пейілдегі профессор Ояма ілгеріде дүние салыпты. Әуезов оның әйеліне қазақи дәстүрмен көңіл айтады. Не жазса да, кестелі сөзбен сурет сала отыратын Мұхаң: «Бәйбішесі (оның бәйбішесі) сондайлық мінезді, дана, байсалды, байыпты адам екен. Үнемі жылжып, сыпайы ғана рақымды, мейірбан жүзбен сөйлейді. Бейне бір Ұлжандар дерсің», – деп өзіне ұнаған адамды Абайдың анасымен шендестіре суреттейді.
Жазушы Ояманың ұлы мен келіні, олардың кәсібі, тіпті пәтердегі жиһаздардың орналасуы ретіне дейін тәпіштеп көрсеткен. Ояманың өзін көрмесе де, оның шағын бюстіне қарап: «Қоңыр реңді көркем бейне. Ойлы рең, қайрат, ақыл, үлкен парасат иесі адам екенін аңғартады», – деп оның кескін-келбетін оқырманның көз алдына әкеледі. Осы бір шағын портреттің өзінен-ақ Абай поэзиясында жиі айтылатын ақыл мен қайраттың әсерін аңғару қиын емес.
Мұхаң жапондардың күнделікті тыныс-тіршілігіне тереңірек бойлай түсу үшін Ояманың отбасымен шектеліп қалмай, өзімен сапарлас болған Масахара Танакиге де қонаққа барған. Ол: «Аяқкиімді тастап кіресің. Келісімен суға түстік (үй теңіз жағасында орналасқан), киімді соларша кидік. Суреттерге көп түстік», – дей келіп, оның әйелінің де келісті келбетін: «Масахара әйелі кішкене тотыдай сүйкімді, ашық мінезді», – дей келіп олардың қонақжайлығын: «Жақсы үй мен өте қонақжай ортаға келдік», – деп сүйсіне суреттейді.

Мұхтар Әуезов Масахара Танакидің отбасында

Ертеңінде Хаяси Кано мырзаның шақыруымен жапон ресторанына барады. Бұл жолы жас күнінде, баяғы «Япония» атты мақаласын жазған кездерде, Семейде өткізген жастық шағын еске алып: «Айнала көп көрпешелер, қатар бөлме де сондай, ол бос тұр. Бұл баяғы Семей қымызшыларының үйін еске түсіреді. Онда да осындай әр компанияға бөлек бөлме тиіп қалатыны болатын», – деп жазады. Байқампаз жазушының осы сөздерін оқығанда бүгінгі қазақ кәсіпкерлері Семей қымызшыларынан үлгі алып, қазіргі ресторандарды еуропалық үлгіде жасай бермей, қазақи ою-өрнегі молынан түскен көрпешелер, аяқты кеңге созып жататын құс жастықтар төселген, әңгімесі жарасқан үлкенді-кішілі топтарға арналған оңаша бөлмелері бар етіп салса деген тілек түседі ойыңа.
Кеңес делегациясы ертесінде қайтар жолға жиналып, 26 тамыз күні Манила, Сайгон, Бангкок, Карачи, Тегеран, Рим арқылы Парижге ұшып, одан Прага арқылы бес тәуліктей уақытын аспанда, жерде, мұхит пен теңіздердің үстінде өткізіп, Мәскеуге оралған. Ұшақ бортында отырған жазушы зеңгір көктен жиі-жиі төменге көз тастап, ұшар биіктен көрген табиғат ғажайыптарын күнделік беттеріне түсірген.
Ендігі кезекті жазушының құдіретті қаламынан шыққан сол қайталанбас суреттерге берейік.
Филиппин аралдары мен Оңтүстік Вьетнам үстінен ұшқанда көргендерін: «Мұнар тұман ішінде бұлыңғыр-бұлыңғыр көрінген, бірақ аса құйқалы жерлер – жылы, ыстық болуымен қатар, тым қауіпті, суы көп болғандықтан, ырыс теңізі қасында болғандықтан бай, өзгеше өлкелер көрінеді. Көп нәрсе айтуға, суреттеуге болатындары: Нара табиғаты гүл, жемісі желкіл қаққан ырысты жерлер», – деген бір ғана сөйлеммен бейнелесе, Иранның таулы-тасты, шөлді-шөлейтті даласының кейпін: «дәл Тегеранға шейін самолет астында қызыл шақат жат-жалаңаш, қатпар-қатпар тақыр тастар үзілмеді. Осы тастар, тақыр өлкелер күйіп жатқан от дариясы, түксіз, түйірсіз ұзақ-ұзақ өлке үңгірлер жан түршіктіреді. Реңдері мыс, лай тәрізді көкшіл, шымқай сұрғылт ұзақ бір үңгірлер кетеді. Немесе нақ бір мыстың татындай у реңді, залалды жасыл шөлдер көрінеді. Жер атаулы ыстық шөл демінен, зәрінен түршіге шошығандай, кейде жарылып-жарылып, тарам-тарам, айғыз-айғыз шұбырынды тәрізді тақырлар тармақ-тармақ құр тамырлар қалдырған», – деген хас шебердің ғана қаламынан туатын қайталанбас суреттермен береді.
Түрік жерінен өткенде ұшқыр қанат астында отырып, көркем сөзбен сомдалған келісті картиналар жасауын жалғастыра түседі. Оған: «Анкара маңында бір тамаша көл бар екен. Жағалары таулар болғанда, көл өзі оралып-оралып қызық, көрікті шимай салып жатыр. Кей тұсы тарыла кетеді, бұрылады. Онда екі жағасынан таулар қоса оралып ілеседі. Көл мен тау бұралып, оралып аймаласқандай», – деген жолдар дәлел.
Делегация мүшелері ұзақ ұшулардан кейін Парижге келіп бой жазған. Бір ғана 20 тамыз күні алпысты алқымдаған Әуезов өзі жас күнінен оқып, еліктеп, үйреніп өскен француз жазушыларының шығармаларына талай арқау болған Париждегі сәулет пен сымбат өнерінің ғажайыптары саналатын 17 нысанды аралайды. Оның ішінде өзі арнайы атап өткендей, «Пер-Лашез зираты, Бальзак, Дюма, Коммунарлар, Барбюс қабірлеріне» дейін болып, Луврды тамашалайды, «Онда ван Дейк, Троус, Давид, Делакруа, Леонардо да Винчидің ғажайып Мона Лизасы, әсіресе Венера Милосская, Афродиталар – ғажайып инкрустация, хрусталь, гобелендер көрдік», – деп тамсана жазады.
Сапар соңында әдебиет алыбының күнделік беттерінде: «Қайырлы сапар қайырлы боп аяқталды. Бар жүріс, жолға дәл ризамын», – деген жолдар түскен.
Иә, жазушының сапары қайырлы, ал жазуы берекелі болыпты.
Әуезов «Абай жолының» екінші кітабынан кейінгі туындыларының басым көпшілігін бірден машинкаға бастыратын өнікті дәстүр қалыптастырған еді. Оның үстінде сапардан келген соң алған әсерлерін жақын-жуық, жора-жолдастарына майын тамыза әңгімелеп те берген.
Әдетте капиталистік елдерге шығатын кеңестік делегация мүшелері атақ-даңқы, атқаратын қызметінің үлкен-кішілігіне қарамастан жан-жақты «дайындықтан» өткізілген.
Әуезов өмірдің талай өткелегінен өтіп, бірнеше мәрте өмір мен өлімнің қылкөпірінде тұрған адам еді. Сондықтан өзі ежелден тілектес болған халықтың экономика, ғылым мен техникадағы жетістіктерін, оның мыңдаған жылдық бай тарихын, көне мәдениеті мен өнерін, алға ұмтылған күшін, өршіл рухын, атом қасіретінен ауыр зардап шексе де, жасымаған жігерін күнделіктерінде зор суреткерлік шеберлікпен, дос көңілмен, тілектестік пейілмен төгілдіре жазса да, жариялауға батылы бармаған, ал басқаша жазуға ар-ұяты жібермеген.
«Басқаша жазу» дегенді жайдан-жай келтіріп отырған жоқпыз. Оның «тамаша» үлгісін қазақ алыбына сапарлас болған орыстың жайдақ журналисі Кудреватых «Под чужим небом» деген атының өзі айғайлап тұрған кітабымен көрсетіп берді.
Кеңес заманында кітап шығарудың машақаты көп еді. Жоспарлы экономика заңы бойынша ол әуелі 2-3 жыл бұрын баспаның тақырыптық жоспарына енуге тиіс. Кейін ұзақ талқылаулар мен рецензиялардың нәтижесінде әупірімдеп бекітіліп, цензура тарапынан түзетіліп, күзетіліп барып жарыққа шығатын.
Кудреватыхтың «Записки советского журналиста» деген қосымша айдары бар кітабы қолжазбасының сиясы кеппей жатып, 1958 жылдың алғашқы жартысында-ақ басылып шыққан. Себебі де белгілі – капиталистік Жапонияның «қайшылықтары» мен «кемшіліктерін» кеңес оқырмандарына тездетіп жеткізу үшін.
Бас-аяғы бес баспа табақтан сәл ғана асатын кітапша әрқайсысы оқиға орнынан жазылған репортаж типтес мақалалардан тұратын 8 бөліктен құралған. Олардың мазмұнын «предупреждение друзей», «пять ртов» и «один завтрак», «в часы «пик», «еще раз о заработке рабочего», «десять и шестьдесят пять процентов», «необычная демонстрация», «львиная доля и крохи», т.б. жапон өмірінің тек көлеңкелі тұстарын қамтып, тырнақ астынан кір іздеген арамза тақырыптарынан-ақ аңғаруға болады. Жапонның асын ішіп, сакесін сімірген орыс жазушысы осылайша оп-оңай табағын теуіп шыға келген.

 

Мұхтар Әуезов пен Кудреватых (жазушының жанында тұрған адам) қонақжай жапон елінде

Әр тұсы сақ, скиф заманынан жеткен алтын жәдігерлердей жарқырай көзге түсетін Әуезов күнделіктерінің уақытында жарыққа жетпеуі жөнінде мен де көп ойландым. Сондай қалың ойдың құшағында «Алашорда ісіне» байланысты мұрағаттарды ақтара жүріп, алпыс жылдығы Кеңес Одағы көлемінде кеңінен аталып өткен ұлы жазушыға берілген тілдей ғана анықтамаға көзім түсті. Онда Мұхтар Әуезовке 1958 жылдың 2 желтоқсанында берілген «өте құпия» деген белгі соғылған құжатта: «Определением Верховного суда КССР 28 февраля 1958 года дело прекращено за отсутствием состава преступления» деген сөздер жазылған. Иә, Жапонияға барған сапарда кемеңгердің үстінен қозғалған қылмыстық іс ресми түрде әлі тоқтамаған.
«Орнында бар оңалар» дейді қазақ даналығы. Кемеңгер мұрағатында жылдар бойы жатып қалған күнделіктегі «өткірдің жүзі, кестенің бізіндей» өрнекті ойлар тәуелсіздік тұсында өз оқырманымен қауышты.
Күнделіктегі жазушының жан сыры ұрдажық кеңестік идеологияның шоқпары оңды-солды сермеліп тұрған заманда жарық көргенде «білгенге маржан» туындыдан «надандар бәһра ала алмас» еді. Абай ілімімен өскен кемеңгердің күнделікті жариялауға асықпауының тағы бір сыры осында деп білеміз.
Оның үстіне, 1957 жылдың қыркүйек айында жазушыны 60 жылдық мерейтойы күтіп тұрды. Қазақстан жұртшылығы сүйікті жазушысының тойын тұңғыш рет республика көлемінде атап өтуге қызу дайындық жүргізді. Мұхаң жанашыр достары арқылы өзінің мәртебелі марапат – Ленин орденіне ұсынылып жатқанынан хабардар еді. Бұдан кейін төрт томы тұтастай орыс тілінде басылған эпопеяны Лениндік сыйлыққа ұсынудың машақаты басталды. Бар өмірін аңду мен арбау, қуғын мен сүргінде өткізген жазушы тірлігі енді ғана барақат тапқанда көкезулердің кезекті айыптауларына себепкер болмау үшін күнделікті жариялауды үнемі кейінге қалдыра берген…
Әуезовтің аяқталған көркем шығармаларға бергісіз күнделік жазбаларының қатпар-қатпарлы табиғатын ашу үшін әдебиеттанушы болу аз еді. Күнделікте жапон өмірінің мыңдаған жылдық тарихына қатысты сан алуан оқиғалар, замандар, кезеңдер, императорлар мен сёгундер, бірегей мәдениет тудырған халықтың әдебиет пен руханият саңлақтары, әрқайсысы жеке зерттеуге тұрарлық сәулет пен сымбат, кескіндеме өнерінің ғажайыптары, жапонның ежелгі мифтері мен аңыздары, ортағасырлық әдебиет туындылары, жапон қоғамын серпілткен Мэйдзи реформасының ізашарлары мен қайраткерлері, ұдайы үдеріс жолындағы ел экономикасының табыстары мен жаңғыру жолындағы жетістіктері, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі табыстары, осы заманғы әдебиет пен өнер туындылары кеңінен қамтылып, көркем тілмен жазылған мол мәліметтермен көмкерілді.
М.Әуезов күнделіктеріндегі жапон тілін білмейтін оқырманның қабылдауына ауырлау, жазылу ерекшелігі әр алуандау болып келетін географиялық, топонимикалық, тарихи, этникалық ұғымдар мен толып жатқан кәсіпорын, компания, бұқаралық-ақпарат құралдары, т.б. атаулары транскрипция заңдылығын сақтай отырып, арнайы түсініктер жазуды қажет етті. Мұның бәрін жапон тарихын білмей атқару өте қиын екені және де белгілі еді. Ал мұндай мамандар Әуезов Жапонияға сапар шеккен кезде қазақта болған жоқ.
Қазақ кемеңгері Хиросима, Токио, Киото, Осака, Нара, Нагоя және Унуноми сияқты Жапонияның ірі қалаларын аралап, конференцияларда, митинг, түрлі басқосулар мен мәжілістерге қатысып, сөз сөйледі. «Асахи» сияқты ірі ақпарат құралдарының журналистеріне арнайы сұхбат берді. Ежелден мұра мен мұрағатқа мығым, бүгінде әлемдегі ақпараттық технологияның көш басында тұрған жапондықтар солардың бәрін хатқа түсіріп, газет-журнал тігінділерін әлдеқашан цифрландырып қойған. Оның үстіне Әуезов қатысқан халықаралық конференцияға дүниежүзінің көптеген жоғары лауазымды басшылары, әлемдік деңгейдегі айтулы ғылым мен мәдениет қайраткерлері қатысты.
Жапон қоғамы атом және сутегі бомбаларын сынауға тыйым салуға арналған іргелі конференцияларға айрықша мән берген. Қандай істі болсын, қапысыз ойластырып, алдын ала жоспарлап, бас-аяғын жып-жинақы өткізудің шебері саналатын ұқыпты халық мұндай ауқымды шаралардың аясында өткізілген әрбір оқиғаны айрықша бақылауға алып, оның нәтижесін хаттап-шоттап, мұрағаттап отырған.
Тәуелсіздік жылдары Әуезовтің Жапонияда жүріп өткен жолымен мұқият іздестіру жұмыстарын жүргізіп, оның сөйлеген сөздері мен сұхбаттарын жинастыруды қолға алу керек еді. Өкінішке орай, бұл салада тындырылған жұмыстар ауыз толтырып айтуға келмейді.
Болашақ жапонтанушылардың диплом, курс жұмыстары ретінде Әуезовтің Жапония сапарының әр тақырыбын жеке-жеке зерттеп, оны жас ғалымдардың ұжымдық еңбегі ретінде жариялау алда атқарылар жұмыстардың бір парасы дер едім.
Мұндайда әдебиеттанушылар мен жапонтанушылар одақтаса қимылдап, Әуезовтің жапон күнделіктерін ғылыми аппарат, тиісті түсініктермен толықтырып шығарар болса, көп жыл бойғы олқылықтың орны толар еді.
Бұл тақырыпқа мүлде ештеңе жазылмады деуге болмас. Осыдан 15 жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде Жапониядағы Қазақ елшілігінде қызмет істеген дипломат, жапонтанушы маман Батырхан Құрмансейіттің «Әуезов жапон жерінде не айтты?» деген мақаласы басылды («Егемен Қазақстан», 2009 жыл, 29 тамыз).
Батырхан бауырымыздың тыңға түрен салғандай болған бұл шағын мақаласында айтылғандай, ол Токио қаласының Жастар сарайында өткен арнайы жиында Әуезовтің сөйлеген сөзінің ұзын-ырғасын мұрағатта сақталған жиылыстың хаттамасынан тауып, қазақшаға аударған. Қағазға қарамай көсіле сөйлеудің шебері болған Әуезов: «Жастар – адамзаттың гүлі іспетті. Гүлдер мезгілі жеткенде шешек атады. Ал бұл гүлдер сұм соғыстың орағына түсіп, жапырылып шабылып жатыр. Сондықтан атом және сутегі бомбаларының қауіп-қасіретін ең алдымен сезетін де – осы жастар. Осы қарулардың қорқынышын түйсіну арқылы жастар бүгінгіден де берік бола алатынына сенемін. Атомға жан-тәнімен қарсы шығып жатқаны жапон жастарының керемет қасиеті деп білемін», – деген екен.
Жапон хаттамасынан шыққан шағын ғана үзіндіден поэтикалық теңеулер мен шендестіре сөйлеуді ұнататын Әуезовтің стилін жазбай танисың және Мағжан айтқан «Мен жастарға сенеміннің» сұлбасын да аңғарасың. Өкінішке қарай, мұрағатта қазақ кемеңгерінің сөзі тұтас сақталмай, осындай қысқа үзінді түрінде ғана жетіпті.
Құрмансейіт ініміз араға он жылдан астам уақыт салып, «Егеменге» «Әуезов жапон жазушыларына не айтты?» деген тағы бір мақаласын жариялады («Егемен Қазақстан», 2022 жыл, 25 мамыр). Бұл жолы дипломат «Жаңа жапон әдебиеті» («Шин-нихон бунгаку») атты әдеби журналдың 1957 жылдың қазан айындағы санында жарияланған Шёджи Учияма дейтін жапон қаламгерінің «Совет жазушыларын арамызға алғанда» атты мақаласынан Мұхтар Әуезов сөйлеген сөзінің тағы бір нұсқасын тауыпты. Жапон журналисі Әуезовті көргендегі алғашқы әсері туралы: «Қол шапалақтадық. Екі ер кісі кіріп келді. Біреуінің түр-әлпеті мен терісінің түсі жапонға ұқсаған. Ёкодзуна сияқты қарны шыққан, галстугі сол қарнына жайғасыпты. Бұл кісі Әуезов мырза еді. Екіншісі аузы-мұрны тұсынан водканың иісі сезілетін, вестерн жанрындағы ковбойға келеді. Жалпақ қалпақ кигізіп, екі жанына револьвер іліп қойса, тура өзі. Бұл кісінің де комусуби деңгейінде қарны бар. Бұл Кудреватых мырза еді», – деп жазады.

Дипломат Батырхан Құрмансейіттің жапон жазбалары

Әр сөзінің астарына алуан мағына сыйдыра жазатын жапон қаламгері қазақ әдебиетінің алыбын ёкодзунаға тегін теңеп отырған жоқ. Бұл – жапон біткеннің ұлттық мақтанышы саналатын сумо күресінің хас шеберлеріне ғана берілетін ең жоғары атақ.
Сумо – жапондардың есте жоқ ескі замандардан келе жатқан көне спорт өнері. Ол бойынша өткізілген жарыстар 8-ғасырларда-ақ хатқа түсе бастаған. Қарсыластарын жапырата жеңіп, талай мәрте топ жарған алыптардың ең мықтысына берілетін мәртебелі атақ «ёкодзуна» күні бүгінге дейін (2026 ж.) 75 адамға ғана берілген екен. Жапон жазушысының Әуезовтей әдебиет алыбын ёкодзунаға теңеуінің арғы жағында оған деген осындай үлкен құрмет жатыр.
Аузынан арақ мүңкіген жадағай жазарман Кудреватыхты жапондар тарс-тұрс атыс-шабыстан көрермендерді мезі етіп, келемежге айналған ковбойға ұқсатуының астарында кекесінді мағына бар. Ол кейін «Жат аспанның астында» атты кітабымен жапондардың бұл «бағасын» толығымен ақтады.
Батырхан ініміз жазып отырған «Жаңа жапон әдебиет қауымдастығы» жазушыларымен болған кездесу 22 тамызда өткенге ұқсайды. Бұл туралы Әуезов күнделігінде: «Бұл жиында «Новая литература» журналының редакторы Канако болды… Менің өмірбаянымды айтты. Иенова Бэстен мәлімет алған. Мен сөйледім. Аудармалар туралы кейін Кудреватых сөйледі», – деп жазылған.
Күнделікте бұл кездесудегі әңгіменің жай-жапсары біршама кеңірек қамтылған. Өзі де әлем классикасынан талай тәржіме жасаған Мұхаң аудармадағы принцип туралы: «Байлаулы форма жоқ. Ескі формамен аудару лайық емес», – десе, қойылған сұрақтардың біріне: «Жауап:1) Изд-волар прозаны алғысы келеді. 2) Тілдер алыс, аудару қиын», – деген жауап қайтарыпты.
Б.Құрмансейіт тапқан мақалада дәл осы кездесуде көтерілген аударма төңірегіндегі мәселелер жаңа қырынан ашылып, қазақ әдебиеті классигі сөзінің мазмұны толыға түскен. Ол Әуезов сөзінен: «Бірақ менің айтайын дегенім, бүгін мына жерде абыройлы аудармашылар қатысып отыр екен, менің де тәжірибем болғандықтан осы аударма ісі жайында айтсам деймін. Аударма ісі мәдени байланыстарға тікелей нақты әсер етеді. Совет Одағында аударма ісіне көп көңіл бөлінеді және Жазушылар одағында сол үшін арнайы бөлім ашылған. Жапонияда совет шығармалары көптеп таныстырылып отырған сияқты, бұл тұрғыда біз сіздерге қарыз болып қалыппыз. Бұдан былай біз де жапон шығармаларын таныстырып, сол қарызымызды қайтарсақ дейміз», – деген үзінді келтірген.
Байқайсыз ба, кісілігі мен кішілігі қатар жүретін Әуезов бұл жолы да бекзат болмысынан жаңылмаған. Кеңес жазушылары шығармаларын көптеп аударғаны үшін жапондық әріптестеріне әуелі алғыс айтады, сосын орыстан басқа да ұлт әдебиетінің аударуға лайық туындыларының бар екенін тілге тиек етіп: «Ресейлік туындылар расымен кеңінен аударылған екен, ал басқа ұлттардың әдебиеті аздап болсын, аударылмағаны неліктен? Бүгінде ұлттық әдебиетсіз совет әдебиеті жайлы айту мүмкін емес. Ұлттық әдебиетте көптеген мықты туындылар бар. Маяковскийдің туындыларынан кем емес туындылар бар», – деп ұлт әдебиетінің үздік шығармаларын аударуға шақырады.
Әуезовтің уәжін қабыл алған әріптестері өз журналдарында ұлт әдебиеті өкілдеріне де орын беруге уәде етіпті. Жапон әдебиетінің ірі тұлғалары бас қосқан осы жиындағы уағдаластық аяқсыз қалмай, Мичия Наказатаның аудармасымен «Көксерек» 1968 жылы «Дзенрёу» журналында жарияланады.
Әуезов сапарының ізімен жүріп, оның екі бірдей сөйлеген сөзінің ұзын-ырғасын тауып, шымыр мақалалар жариялаған дипломат Б.Құрмансейіт бауырымызға ағалық көңілмен алғысымызды айтып, оның бұл игілікті бастамасын қазақ жапонтанушыларының жас буыны жалғастырады деп үміттенеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір