Серік НЕГИМОВ. Тәуелсіздік рухына сыйынып, жыр аспанын дабылдатқан
Интеллектуалдық-шығармашылық мәдениеті жоғары, интуитивтік танымы мен пайымы, түсінігі мен түйсігі, болмысы мен табиғи жаратылысы бөлек Серік Тұрғынбекұлының «Жүрегім – мұңның ұясы» дейтін жинағына топтастырылған дуа қонған, кие дарыған, қырмызыдай, құндызша құлпырған лирикалық ғазалдарында философиялық, тарихи-әлеуметтік, дүниетанымдық, руханилық, тұлғатанушылық, елтанушылық, көркемдік құндылықтар жеткілікті. Негізінде, оның суреткерлік, гуманистік ұстанымы – дәуірдің суреттері мен дала көріністерін, адам жанының мың қырлы, мың сырлы күйлерін халықтың тілімен, кемелдікпен сүгіреттеп, көсемдікпен сипаттап, «ақиқаттың сиясымен» саралап, даралап, құйқылжытып, сыңғырлатып, тамылжытып-күмбірлетіп, төндіріп-төгілтіп, табиғи жарасыммен, әсерлі леппен жеткізіп, көңіл құсын мейлінше сайрату.

Жыр тұйғыны Серік Тұрғынбекұлы осынау «Жүрегім – мұңның ұясы» кітабында ұлы даламыздың қасиетті келбетін, «аспан-жерді дүбірімен дүрліктірген» ұлы стратег баһадүрлеріміздің арыстандық-қаһармандық жойқын қимылдарын, мыңжылдықтардың дауысын, қыран дабылды дауылпаздарының рухын, данагөй бабаларымыздың өлшеусіз дүниетанымдық, даналық тағылым-тәжірибелерін, ақ қанатты періште кейпіндегі Тәуелсіздігіміздің миуа-жемістерін, Астана эпопеясын мінсіз шыншылдықпен, нәзік сыршылдықпен, қуатты, сымбатты, сап таза жалынды толғауларымен кестелеп, көріктендіріп туындатқан. Төрт құбыласы да келісті жыр жинағы«Тәуелсіздік – тұмарым», «Есімің сенің – Елорда», «Жыр – тұлға», «Туған жерім – тал бесік», «Қысқа – нұсқа», «Сібір ақындарының жырларынан» дейтін тараулардан түзілген.
Замана, халық, ел атынан тоқсан толғанып, буырқанып сөйлеген дүр ақын әлқиссасын былайша бастапты:
Арылмай,
Ардан, иманнан,
Таусылмай қалам, сиясы…
Сан жылдар
Шор боп жиналған
Жүрегім –
Мұңның ұясы.
Поэзияның жаны – ар, иман. «Жан дүниесін рухани тазартқан ізгі жандар ақиқатты көру қасиетіне ие болады» (12. «Юсуф» сүресі, 6 – аят тәпсірі.)
Ақынның лағыл сырлары мен лала лебіздері ішкі жан тазалығына, ішкі рухына, пәк мінезіне, ұшар көгінің кеңдігіне, мүмкіндіктерінің тегеурініне қатысты. Поэзияның ұлылығы мен сұлулығының көрсеткіші – иман. Яғни «иман – жақсы істердің өніп шығатын дәні»,«жақсы дән мен жақсы істер байланысты!» (4. «Ән-Ниса» сүресі, 125 аяттың тәпсірі.Абайдың «Мумин болсаң, әуелі иманды бол, Бендеге иман өзі ашады жол» дейтіні дұп-дұрыс).
Поэзиядағы кіршіксіз тазалық, адалдық, әділдік – ар-иманға тәуелді. Сұңқарлық мінезге, сұңғыла сезімге бай Серік Тұрғынбекұлының жүрегі, көңілі алаң. Азан-қазан мынау алапат ғалам тыншытпайды. Оның жүрегі – қазына, көңілі – дария. Ғарышың да, ғайып әлемі де, құрлықтарың да, қоғамың да күлімсіремейді. Шулы, шырғалаң, дулы-дүрбелең. Сондықтан да боз даланың бозторғайындай бебеулейді. Абай айтқандай, «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек» дегеніне ден қойғандай:
Абай мені
Адастырмас.
Айдалаға тастамас.
Адал достай –
Болған сырлас,
Небір жайсаң, қасқабас, –
деп, кісілік, ірілік танытады.
Ақынның көзқарасынша, жүрек – мұңның теңізі, мәуелі ойлардың айдыны. Мұңсыздық дегеніміз – құнсыздық, мисыздық, ойсыздық.
«Тәуелсіздік – тұмарым» атты алғашқы тарауында заманының құтпаны, абырой-атағы Алты Алашқа жайылған қолбасшы, майталман шешен-би, Ордабасы Шақшақ Жәнібектің (бірінші дәрежелі тархан әскери шенін 1742 жылдың 30 тамызында Ресей патшалығы Елизавета тапсырған) қыран мүсін, ай дидарлы бекзада Абылай ханға берген келешегінің кепіліндей, ізгіліктің жолындай батасында отаншылдық, гуманистік, стратегтік, әділеттілік, даналық сарындарға бай сәукеледей сәулетті түйдектерді меруерттей мөлтілдетіп тізген:
Қырда – қытай,
Ойда – орыс.
Қақтығыспа күшіңмен.
Бер, бәріне тойтарыс,
Ақылыңмен,
Ісіңмен.
Ару тіліміздің сегіз қырлы семсер сөздерін алдаспандай жарқылдатып, аққуша саңқылдатып, отты да ғибратты ойларымен ортақтастырған:
Қытайға да жағынба,
Орысқа да табынба!
Мұздай қару құрсансаң,
Мызғымайды тағың да.
Елдің бүтіндігін, бірлігін, тұтастығын, келешегін ойлау мақсатында нендей қадамдарға бару керектігін қадап көрсеткен:
Сән болмасын мұртың да,
Қан болмасын ұртың да.
Жын болмасын жұртыңда,
Мұң болмасын ұлтыңда.
Серік берме Құдайға,
Ерік берме құлқынға!
Қайда мейлі жүрсең де,
Мақтау сөзге бір сенбе.
Қарыз алма көршіден,
Қара жерге кірсең де.
Заманалар мақамында, ғасырлар қанатында абыз-бабалар тілегіндей мына бір даналық ұсыныс та ойлы оқырманның көңілін тербетеді:
Қара жеріңді баптай біл,
Қара халқыңды сақтай біл!
Ақынның тарихи зерделілігі, көрегендігі, көркемдік дүниетанымы, сәулелі санасы, қиялының ұшқырлығы «лебізі дауа жұртына» ой асылын, сөз асылын, ғасырлық пікірлерін толқытып, шалқытқан.
Мемлекетіміздің Ай мен Күндей баға жетпес құндылығы, бел омыртқасы, қантамыры – Тәуелсіздік. Ендеше, ой мен сөз зергері Серік Тұрғынбекұлы «Тәуелсіздік толғауы», «Тәуелсіздікке – тәубе» дейтін толғауларында «Ұлы Дала Жарғысындай» Тәуелсіздіктің философиясын суреткерлік тапқырлықпен айшықтайды:
Тәуелсіздік –
Бір биік тау екенсің.
Емін-еркін шыға алмас басына жан.
Тәуелсіздік –
Гүл бақша-бау екенсің,
Жемісімен жұртымды асыраған.
Тәуелсіздік –
Көктегі Күн екенсің.
Жер-жаһанды жайнатқан нұрыменен.
Тәуелсіздік –
Мәңгілік тірі екенсің,
Ақындардың өлмейтін жырыменен.
Тәуелсіздік –
Сен шексіз дала екенсің,
Сол даланы беріпсің тілегіме.
Тәуелсіздік –
Намыс пен Ар екенсің
Ұялаған ұлтымның жүрегіне.
Тәуелсіздік –
Сен байтақ Жер екенсің,
Өзен-көлі, тауы бар асқаралы.
Тәуелсіздік –
Сен нағыз – Ер екенсің,
Сарыарқаға салдырған Астананы.
Тәуелсіздік –
Көгілдір түс екенсің,
Көк Бөрінің оралған сарынымен.
Тәуелсіздік –
Сен Бақыт құсы екенсің,
Басқа қонған
Алланың әмірімен.
Иә, киелі, берекелі атажұртымыздың тарихы – шерлі, қасіретті қанмен жазылған тауарих еді. Енді, мінеки, дербес егемен мемлекетіміз (Атазаңымыз, Елтаңбамыз, Елұранымыз, Төлтеңгеміз, Әскери әлеуетіміз, ұлттық тіліміз) бар. Ел мұраты – Тәуелсіздігімізді қиямет-қайымға дейін мәңгі қорғау, гүлдендіру, сақтау. Айымыз аумасын, күніміз қисаймасын, Отанымыз көркейсін дейміз.
Халықта «Жүз ойды бір сөзге сиғызса – шебер де!» дейтін қағида бар. Сөз қазынасы – түпсіз тұңғиық телегей. Сондықтан да ой фәлсәфәсін жетік меңгеріп, шеберлік таныту – Серік Тұрғынбекұлының индивидуалдық ерекшелігі. Бұл орайда «Ғасыр – ғұмыр» дейтін жыры Қазақ елінің жүзжылдық өмірбаянын қасқалдақтың қанындай кесек ұғымдармен тұжырымдап қайырған:
Он жетіде –
Ояндым!
Он тоғызда –
Қызыл қанға боялдым.
Жиырмада –
Жігіт болып, Отау тіктім.
Жиырма төртте –
Байлардың төбесіне қамшы үйіріп,
Басын көрге тықтым.
Отыз екіде –
Жұтта қалдым.
Отыз бесте –
Жұртта қалдым.
Отыз жетіде –
Атылдым.
(…Босқа шатылдым).
Қырық бірде –
Отан қорғадым.
Қырық бесте –
Жеңіс жырын толғадым.
Елу бесте –
Тыңға келдім,
(Азын-аулақ мұңға да ердім).
Алпыста –
Астықтан тау тұрғыздым.
Жетпісте –
Желпініп думан құрғыздым.
Сексенде –
Сеніммен алға басып,
Дүниені қайта құрдым.
Ақиқатты айта білдім!
Ал тоқсанда…
Талай ғасыр зарықтырып,
Қаншама жыл тарықтырып,
Қолым жетті – Тәуелсізбін!
«Поэзия тарихтан тереңірек» дейтін данышпан Аристотельдің сындарлы пікірі бар. «Поэзия – тарихтан анағұрлым биік, өйткені тарих көрген фактінің күрделі-ұсақтығына, керекті-керек еместігіне, ішкі байланысының мағыналы-мағынасыздығына қарамай жазып ала берсе, поэзия оны зор талғаумен алады. Поэзияның тарихтан жоғары болуының енді бір қисыны, мұнда ішкі түйіннің байланысы зор, бұған қарсы тарих ішкі байланысы болмаған әртүрлі фактілерді тәртібімен әңгімелеп, онда ешбір ішкі байланыс деген болмайды. Поэзиялық суреттің ең мағыналы түрі, оның мазмұны мен ішкі байланысында» (Н.Г.Чернышевский «Поэзия туралы Аристотель шығармасы»). Ақиқатында, оның «Кенесарының Ақмолаға шабуылы», «Махамбет және Жәңгір хан», «Кейкі батыр», «Ақан сері – Балқадиша», «Балуан Шолақ – Ғалия», «Сәкен – сұңқар» жайындағы тарихи дастандары толық айғақ. Тарихты тыңдайсың, тілдесесің, кеңесесің… Тоқетері, С.Тұрғынбекұлының поэзиясында тарихилық та, деректанулық та, ақындық шеберлік те, сыршылдық та, әуезділік те, рухани сұлулық та, төгілмелі тіл де, психологиялық иірім де шұғыладай өріліп, бітеқайнасып, тұтастық тапқан.
Ақын Серік Тұрғынбекұлының поэзиясының сан сипатты көркемдік мазмұнындағы елшілдік-мемлекетшілдік, қаһармандық, патриоттық, ғибратшылық, символикалық, романтикалық, лирикалық күйлі-сырлы сарындар «Жүрегім – мұңның ұясы» кітабының ең бір асыл қасиеттері деуге болады. Мұнда сап толғау да, марқайып толғау да, сөгіс толғау да (ел түзеу, жөн көрсету, құлық тазарту, кемеңгерлік кеңес беру) бар. Ал «Батырларым,қайдасың?!» жыры, шын мәнісінде алтынның мінсіз тазалығындай намыс толғаудың жарқын үлгісі. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме» деп жазады. Кәнеки, «әдебінен таймаған, әділдікті жақтаған, ата даңқын асырып, ата салтын сақтаған, ұлан байтақ өлкемді дұшпандардан қорғаған» батырлардың рухына сыйынайық:
Аруақты Абылай.
Арғымақты Ағыбай.
Сұраншы, Саурық, Өтеген,
Райымбек, Қарасай,
Батыр Баян, Ер Қосай,
Исатай мен Махамбет,
Шапырашты Наурызбай,
Орақ, Мамай, Олжабай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Санай берсем, әлі көп.
Қазағымның қалықтар
Жүрегі боп, жаны боп.
Қаймықпаған ауырдан,
Қорықпаған дауылдан.
Батырлардың ең соңы
Кешегі өткен Бауыржан.
Отан үшін,
Ел үшін,
Жан жүрегі ауырған
Батырларым, қайдасың?
Қазыналы ой-пікірлерге бай «Төзім» дейтін өлеңі дәлел. Ақындық шеберлігін, иінін, иірімін, меңзеудің мүмкіндігін, орамын тапқан. «Поэзия дегеніміз – ол адам өмірін жалпы көзқараспен суреттейтін фәлсафа қасиеті бар нәрсе».
(Н.Г.Чернышевский). Иә, Серік ақынның фәлсафалық интуициясы – адамның тағдырындағы (халық болмысындағы) «төзім» дейтін ұлы қасиеттің мән-мағынасын айқын көрсетіп дәлелдегенінде.
Төзімділік түптеп келсе – бұл үміт,
Төздік біз де табанымыз тілініп…
…Осы күні –
Менің туған халқымды,
Түсінгенге –
Төзім ғана тұр сақтап!
Адам бойындағы«төзім» құндылықтардың әулиесі. Сақтаушы. Қорғаушы. Ақынның тағылым-насихаты,шыншыл ақыл-кеңесі мынау:
….Ертең Елім еркін самғап кеткенде,
Бір ескерткіш қою керек – Төзімге!
Осы орайда ақынның қызметі тәлімгер-фәлсафашыға ұқсайды. Әйгілі педагог Ян Амос Коменский – (1592–1670) фәлсафашы «Жоғарғы әлемнің ұшқынын» дарытушы. «Высший свет – это Бог, божественная истина, мудрости, источник знания». «Знание – есть добро, ибо оно есть свет». (Человек в контексте культуры. Славянский мир. М., 1995. с.72)
Асылы, ғайыптың, ғарыштың, ғаламның беймәлім күбірі, әсерлері, ғасыр суреттері, бағзыдағы, ұлы бабалар рухы сезімтал, нәзік ақын жүрегінің айнасына сәулесін түсірері, көңілін толқытары, санасын нұрландыруы хақ (жоғарыдан айтып тұрғандай), содан барып тұтас бір жырға, сырға айналуы заңды. Ақындық ойдың, идеяның жетілуіне орайлас, тіл шеберлігі де соған лайық қарулануы абзал. Ақынға тілімнің ұшында тұр деу жат қылық. Ой-фәлсафасын көркем тілмен бейнелеу – оның ақындық даналығын айқындайды.
«Жүрегім – мұңның ұясындағы» «Есімің сенің – Елорда» тарауы (49-115 беттер) Астананың көркем энциклопедиясы дерсің! Ақынның суреттеуінше, «Астана – Бабамның арманы, Ғаламның ардағы, Заманның толғағы». Ол – Қазақ елінің інжу-маржаны, ұлан-байтақ даламызға қан жүгіртетін, жан бітіретін күретамыры, Тәуелсіздігіміздің айғағы, Отанымыздың байтағы, Мемлекетіміздің тәжі, жасампаздықтың рәмізі. Поляк саяхатшысы Адольф Янушкевич 1846 жылы «Ақмола, мәселен, бүкіл даланың болашақ астанасы» деп жазыпты. (Янушкевич Адольф. Қазақ даласына сапары туралы жазбалар. Астана, «Аударма», 2003.53-бет)
Тәуелсіздіктің құдіреті-ай! Астананың сәулеті-ай! Күлтегін мен Кенесарының рухы-ай! Жанартау текті жыр жампозы қыран шабытын, қияға самұрыққа самғатып, қанатты жолдарды жандандырып-жайнатып, жырауларша жосылтқан:
Бойдағы
Бар тынысым, сен – Астана,
Жаралған
Халқым үшін, сен – Астана.
Жыр болып
Найзағайдай ойнап тұрған,
Жанымның жарқылысың, сен – Астана!
Елеңдер
Ел үнісің, сен – Астана.
Жұмақтың төрімісің, сен – Астана!
Құйылған жер мен көктен
Қазынаның
Қайнаған
Көрігісің, сен – Астана!
Ақиқат
Ақ алмасы, сен – Астана.
Елдіктің
Кең арнасы, сен – Астана!
Аңғарын жарты әлемге
Ашып тұрған,
Алаштың
Ақ ордасы, сен – Астана!
Мемлекетіміздің жұмақтай территориясы «Астананың Қазақстан картасы» дейтін етек-жеңі жинақы жырында толық сипатталған, тарихымыздың деректері де көңіл сүйсіндіреді. Б.з.д. Ғұн Елінің Құрылтайында Мөде қағанның: «Отан біздің ғана дүние-мүлкіміз емес, қабірде жатқан ата-бабаларымыз бен қияметке дейін туатын немерелеріміздің де бұл қасиетті жерде үлесі бар. Отанның бір қарыс жерін басқаға беруге құқы жоқ» дейтін аталы ғибратының әуені естілгендей.
Ұлт мұраты – ақын Серік Тұрғынбекұлы поэзиясының темірқазығы, шабытының қайнар көзі, даналық ой-пікірлерінің рәмізі. Оның рухани әлемі таза сезімдер мен ізгілікті идеялардан жаратылған.
Ертегідегідей Елорданың «жұлдыздан сырға тағынып, күннен жүзік салған жақұт дидары», архитектурасы (Әуежай, Хан-шатыр, Мәңгілік Ел, Хан сарай, Бәйтерек, Күлтегін, Хан Кене, Төле би, Әйтеке би, Қаздауысты Қазыбек би, Абай, Сәкен, Тәшенов ескерткіштері) мен табиғаты (төрт маусымның өзіндік өзгешеліктері) тамылжыған тілмен, телегей теңіз сезіммен, мырза пейілмен, мейірбандықпен өрнектелген.
«Жыр-тұлға» тарауында бір өзі – бір дәуір, бір өзі – мың дастан ақыл-ойдың кемесіндей, парасаттың асқақ тауындай замана шамшырақтарының – Нұрғиса Тілендиевтің, Қасым Қайсеновтің, Өзбекәлі Жәнібековтің, Әбіш Кекілбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Олжас Сүлейменовтің, Оралхан Бөкеевтің, Қасым Тәукеновтің тұлғасын (шығармашылық, ұйымдастырушылық, батырлық, көсемдік, лидерлік-стратегтік, қырлары) кемел білімпаздықпен, өнерпаздықпен есілтіп-көсілтіп, жалындатып сөйлеткен. Ұлт көсемдерінің, серкелерінің, қайраткерлерінің образдарын жасауда қалайша шабыттанғанын айшықтайтын мына бір сыбызғының күйіндей сиқырлы шумақтарына ден қояйық:
Уа, аруақ, Әлқисса,
Домбырада – Нұрғиса.
Бес саусағы пернеде,
Әуен жиса, үн жиса,
Бес саусағы шанақта
Шүйілгелі қырғиша…
Самғағандай не бір саз,
Бір әуені – қоңыр қаз,
Бір әуені – аққудай,
Бір әуені – бұлбұлша,
Сайрайды екен, дүние-ай!
Немесе:
Күй атасы – Әлкисса,
Құрманғазы – аптығы,
Тәттімбеттің тәтті үні,
Ықыластың ызасы,
Қазанғаптың қазасы,
Дәулеткерей шаттығы.
Шалқып, мұхит, құрлығым,
Тербетіліп тұр бүтін.
Алаштықтың ақ Туы,
Махаббаттың ақ гүлі.
Жұлдызымның жарығы,
Ұл-қызымның пәктігі.
Туған дала дидары,
Ел-жұртымның иманы.
(«Нұрғиса туралы толғауда»)
Музыкалық есту қабілеті ересен С.Тұрғынбекұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Аққу», «Көш-керуен» күйлерінің мазмұнын, әуенін, сарындарын поэзия тілімен күмбірлетіп, суреттеп берген.
Ұлы даланың географиясын (тарихи, шежірелік, аңыздық, поэзиялық, символикалық сипаты, мәнімен мағынасы орасан жер-су атауларын) жетік білетін отантанушы Серік Тұрғынбекұлының «Туған жерім – тал бесік» топтамасындағы «Торғай туралы толғау», «Бурабай туралы балладалар», «Кенесары үңгірі», «Сарайшық – сары уайым», «Жапон еліне сатылған жолбарыс» дейтін жібектей есілген, кәусардай таза жырларында есті оқырманның зейіні мен зердесін байытатын интеллектуалдық-фәлсафалық, көркемдік құндылықтар мол.
Ақындық шеберлік оның түйсіну, сезіну, қабылдау, талдау, жинақтау, бақылау, ынтызарлық таныту, тапқырлық көрсету, сипаттау, саралау, мәністеу, дәлелдеу, көріктендіру, гүлдендіру, епті сөз қисынымен ине сабақтау, ескі тарих кенінен мәліметтерді тірілтіп сөйлету секілді эстетикалық шарттарға тікелей қатысты десек, онда индивидуалдық – шығармашылық интуициясы, стратегиялық концептуалды логикасы жоғары Серік Тұрғынбекұлы сөз сырын, бояуын, рухын, төркінін, астарын, мәнісін, тәлімін түбегейлі түсініп, жан-тәнімен қабылдап, ұсталықпен әуелетіп-үлпілдетіп қолданады, ақсұңқар құстай қалықтатып шарықтатады. Ой фәлсафасына тілі де сайма-сай. Бұл орайда ел мерейі мен жан сусынын қандыратын гауһардай мөлдір теңемелерді келтіруге болады: Мысалы, Бурабай – «Жеті пейіш күмбезі», «Алқасындай Алланың», «Сұлулықтың сандығы», «Серілердің мекені», «Әрбір шырша – Кенесары туындай», «Пәктұлға», «Аспан – Жердің ортасындағы аққу». Я болмаса «Кенесары үңгірі» жырындағы жанның жарығындай сәулетті сипаттамалардың бірнешеуін келтірейік: «Ұлылықтың үлгісі», «Бурабайдың «Фудзиямасы»», «Батырлықтың толғанысы», «Ғасыр күмбірі». Неткен Ғажапстан дерсің?
Заманалар көшінде, ғасырлар тізбегінде поэзияның тарихилық сипатының қасиеті ерекше қымбат. Ақынның:
Сөйлеп кетсе тылсым дүние дерегі,
Әрбір сөздің бізге қымбат керегі, –
деуі неткен білгірлік!
Поэзияның түпкі мақсатын, басты стратегиясын былайша пайымдайды:
Өлең керек өмірге, өлең керек,
Жүректегі жараны ол емдемек.
Қалжыраған кезінде дүниені
Қолтығынан жалықпай келем демеп.
Керек, керек, бұл өлең керек, керек,
Өлең жайлы сөз де көп, дерек те көп.
Данышпан Платон (б.з.д. 428/427 — 348/347 жж.) айтқан-ды: әуелі жанды емдемей тұрып, тәнді емдеуге болмайды. Адамның жанын емдеу дегеніміз дұға оқып, үшкіріп, жан дүниеге әсер ететін жағымды сөздер айтып, оны иландырып, осындай сөздердің әсерімен адамның жан дүниесін де, бәрін де ақыл таразысына салып көру қасиеті пайда болады да, ал ол қасиет тамыр тартып нығайған сайын адамның басында да, бүкіл денесінде де денсаулықты күшейте түсу жеңіл болады.
Сонда өлең сөздің рухы оқырманның жаны мен тәнін қорғайды, нұрландырады. Поэзияның асыл қасиеті мен ғибратын Серік ағамыз осылайша мәлімдейді.
Абыз ақын Серік Тұрғынбекұлы – лирикалық, философиялық, тарихи-әлеуметтік, эпикалық поэзияның шебері әрі драмашы және де афористік (ғибратшылдық) поэзияға да ден қойған. Тұрмыс-тіршілік, өмір, қоғам, заман, геосаясат, ел мен өнер, тәрбие мен тәлім, ел басқару мен қазақ тілі, байлық пен кедейлік, мансапқорлық пен жемқорлық хақындағы тұрлаулы ой-тұжырымдары – дүниетану оқулығындай, тағдыр тәмсілдеріндей, даналық сабақтарындай деуге болады. Пікірімізді тұздықтап көрейік:
Табиғат –
Түсінгенге бұл бір ғажап.
Түскендей
Таңба болып мың күнгі азап.
Қолына шоқпар алып,
Найза ұстаған,
Алтайдың әрбір шыңы –
Бір-бір қазақ!
Алшаңдасаң – алшаңда
Тасығанмен толмассың.
Бұлттан биік болсаң да,
Ұлттан биік болмассың!
Аң да – өз тілінде
Аңдайды.
Құс та – өз тілінде
Сайрайды.
Ал, қазақ өз тілінде сөйлемесе,
Денем құрыстап,
Қаным қайнайды!
Қуатты, қанатты, дуа-дұғасы керемет бекзат сөз жанның мияты деп ұғып, ұлы өнердің шыңында тұйғындай түлеген, елдің сөзін сөйлеген, құбыладан соққан желдей жүйрік дегдар ақын Серік Тұрғынбекқұлы:
– О, Жаратқан!
Жалған Дүние –
Жұмыр жер! – деп сыйынады да,
Жүрегіме –
Даналардың жүгін бер! –
деп, киелі өнер ақындықтың ақ туын желбіретеді, «Қаламын бұлтқа малып, көз жасын төгеді». Ұлтының, жұртының ар-намысын қорғайды.
Қаламым –
Қарудан да қуаттырақ,
Өлеңім –
Арудан да сүйкімдірек, –
деп, даналық тәжірибесі мен тапқырлық өнегесін дұрыс безбендейді.
«Ғайыптан көкірегіне ғазал құйылған», жыр отын маздатқан, табаны жалпақ тарланбоздың «Ақынға самғау бақыт – жыр көгінде», «Өлеңнің ұқсап тұрмын бір шыңына» деуі шынайы мінездеме. «Егер сен сөздің шынайы мәнін түсінсең, сен өз мінез-құлқыңның ережесін таптың!» (философ Р.Ю.Виппер). Даналық дегеніміз – әрбір істі өзіне қатысты орнына қоя білу, рухани жетілдіру кепілі. Сол себепті ақын жүрегінің лүпілі – ізгілік пен әділеттің үні.
«Жүрегім – мұңның ұясы» кітабы – ақынның ой толғаныстары мен асыл сырларының жақұт қазынасы.
Мұнда ізгілік, тереңдік, жоғары идеялық, ғарыштық сана, тапқырлық, сыршылдық, деректілік атаулы көркемдікпен үйлесім тапқан.
Жинақтай айтқанда, ұлтымыздың көркем ойлау жүйесіне жойқын ағыс қосқан әйгілі ақын Серік Тұрғынбекұлының «Жүрегім – мұңның ұясы» атты кітабы – Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайықты шығарма деп есептеуге болады.