«Ақ Жайықтың аспанын» жыр кернеді
Батыс Қазақстан облысында тұратын жас ақындардың жыр жинағы жарық көрді. «Ақ Жайықтың аспаны» атты кітап оқырмандарға Республика күні қарсаңында жасалған рухани сыйлық болды.
Жыр жинағына 32 ақынның өлең-жыры енген. Әдебиеттің айдынына ақ желкендерін енді керген жастардың ортақ кітабына алғысөзді Отан, Құрмет ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева жазды. «Ақ Жайықтың аспаны» атты әдеби жобаны ҚЖО-ның Батыс Қазақстан облыстық өкілдігі Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық өнер және мәдениет орталығымен бірлесіп жүзеге асырды.
Айтпақшы, бұл жоба Батыс Қазақстан өңірінде 23 жылдан кейін қайта жалғасып отыр. Аймақтағы жас дарындардың ұжымдық жинағы осыдан 23 жыл бұрын «Ақ желкен» деген атпен жарық көрген екен.
– Жастардың жинағын шығару жөніндегі бастамаға оң қабақ танытқан облыс әкімі Нариман Төреғалиевке, өзі Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы болып тұрған кезде жас қаламгерлердің ұжымдық жинағын шығару идеясын қызу қолдаған Гүлжанар Шөкееваға Қазақстан Жазушылар одағының атынан және Ақжайық атырабында тұратын ақын-жазушылар атынан алғыс айтып, ризашылығымды білдіремін. Тапсырысты тап-тұйнақтай қылып сапалы орындаған «Полиграфсервис» баспасының басшы-қосшысына да дән ризамыз, – дейді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі, ақын Бауыржан Ғұбайдуллин.