Дәнеш АХМЕТҰЛЫ. Қара шаңырақ (Әңгіме)
04.08.2026
37
0

Бұл үйдегі дау түптеп келгенде өздері отыратын үйді сатудан басталған. Заманауи үлгіде салынған, құс ұясындай төрт-бес бөлмелі үй көптен бері үй адамдарын шырғалаңға салып, сауданың таразысында теңселіп тұрғандай еді. Әлгі сөз естілді де, еңселі үйдің көкірегінде қыжыл болып жатып алды, бөлме бөлмелерге суық жел болып тарады. Үй сату мәселесі бәрінен де балалардың анасы Ажарға қатты батты. Байқұс ана екі оттың ортасында қалып, қанаты күйген құстай шыр-пыр болды. Ары тартса арба сынатын, бері тартса өгіз өледінің күйіне жетті. Не істерін, кімге нендей уәж айтарын білмей басы қатты. Кей-кейде өзін-өзі дүние шуынан алыс ұстап, ойға шомды.
Ажардың ертеңгі шай болсын, түскі шай, кешкі ас болсын дастарқан басында шошайып жалғыз отыратын әдеті. Ас мәзірін дайындап алады да, үстел басында оңаша күй кешеді. Мұндай жалғыздыққа бойы әбден үйреніп алған. Құдайға ғана жарасатын жалғыздық Ажарға да құп келгендей еді.


Қәзірде ас бөлмесінде таңғы шайын ішіп болып, маңдайы тершіп, жан рақатын қызыл күрең шайдан тапқандай болып, оңаша отырған. Алайда бұл жолы Имандос үйде еді. Қосалқы бөлмеде ақ тер-көк тер болып, ертеңгі жаттығуын жасап жатқан. Бұл оларға етене жақын, көзтаныс көрініс. Бала өз мезетінде тұрып, алуан түрлі жаттығуын жасап жатқанда, ана дастарқанын дайындап, бар дәмдісін үстел үстіне қойып, оның келуін күтіп отыратын. Ал оның қашан келері белгісіз, кейде әуелі түскі шайға ұласып кететін шақтары болған. Имандос – негізі қызба мінезді, намысқой бала. Реті келген тұста әңгімеге де, өзгедей тірлікке де араласып кетеді. Сырт тұлғасы да көз тартқандай, бойшаң келген, талдырмаш денелі, қазақи өңді, өткір шегір көзді сарғылт реңді сымбатты бала. Спорт, оның ішінде зілтемір көтеру – оның сонау бала кезден бастап бойына дарыған жан серігі.
Ал екініші ұлы болса, беймаза, қыти. Басқасынан кешіксе де, ішер астан кешікпеген. Шай үстіне келіп, мойны қылқиып, қиястанып отырады. Сыйқым бойынан ештеңеге де қызығушылық, жылы леп байқалмайтын. Не нәрсеге болмасын сынай қарап, мінеп отыратын. Көзі түскен нәрседен кінә табуға тырысатын. Тіпті үстел үстіндегі шыны-аяқтың қойылғаны, қасық-шөміштің қалай шашырағанына дейін ерінбей сөз қылатын. Сөз аңдуға да қамбыл. Анасының болсын, Имандостың болсын әр айтқан сөзін ішкі есепке алып, шұқыланып отыратын. Тым кірпияз, кінәмшіл және бір айта кетерлігі осы қылығын ол өзінше тақуалық санайтын. Үшеуара бас қосқанда әркім аузына ие болып, екі елі ауызға, бір елі қақпақ қоятын. Әсіресе анаға қиын еді. Имандосқа қарата қандайда бір ұнасымды сөз айтып, жылы лебіз білдірді бітті, Сыйқымның өңі лезде бұзылып шыға келетін. Алапардай қыли көздері одан әрмен үш бұрыштанып, жанары сұйқылтым, селдір қастарының астына жасырынып, саз беттене қалатын. Үстел басындағы осындай сұрқылтайды сезген ана көбіне демі ішінде тұншығып, үнсіз отыратын.
Бәрі де Ажардың басынан өткен кешегі өтпелі өкініштің әсері. Ел қатарлы басталған оң жақтағы аз күндік түлкі бұлаң шақтың да қызығы көпке бармаған. Жиырмадан аса тұрмысқа шықты. Барған жерінде алғашқы жылдар үкілі үміт сыйлағандай болғанымен, кейінгі мезгіл тасбауыр, тар қыспаққа айналған. Арада аттай шауып, жылдар сырғып өтіп жатса да бұл бала көтермеген. Бойының жібіп, анарының иімегені бұған соққы болып тиді. Сүйегі жарылып, кеудесінен сүт тамбаған. Түрі де әйбат, түсі де келісті еді, алайда мәуесі жоқ жеміс ағашындай болып, өзгеден оқшаулана берген. Қатарынан үш рет некеге отырып, үш ошақтың отын жақты. Соңғысы осы қолындағы екі баланың Имандос пен Сыйқымның әкесі Тапал еді. Әйелі жүрек талмасынан қайтыс болып, он жасар Имандос пен одан екі жас кіші Сыйқымға ие болып, қаңыраған шаңырақ астында жалғыз қалған екен. Тапал үлкен ұлы өз кіндігінен болғанда, екінші баланы жетім балалар үйінен асырап алыпты.
Уақыт өте берген. Сол өтпелі уақыт бұл отбасыға тағы да бір қаралы таңба, өшпес өкініш тастап кеткен. Үлкені әскери қызметін өтеп, екіншісі он жылдық өмір мектебін түгеткен жылы Тапал да дүниеден өткен.
Бұл отбасында бірін-бірі жоқтан өзгеге кінәлау, аяқ астынан ұрыс шығару, сөйтіп бетжыртысып, жікке бөлініп жату дегеніңіз түкке тұрмайды.
Сынықтан сылтау табыла кетеді де, арты ренішке ұласады. Бұл неғылған ұрыс, себебі не, бізге сілкілесудің қажеті қанша деп ешкім елеп-екшеп жатпайды, әркім ойындағысының бәрін айтпаса да, шет жағалатып айтып, саябыр табады. Әсіресе ешкімге дес бермей, барын ақтаратын Сыйқым. Іш қысасы ішінде болып, сары масадай ызыңдап жүретін даукес неме тезінен ілінісе кетеді. Анасы баланың үлкені ғой деп, Имандосқа көңіл бөлді бітті, Сыйқымның иттатайы құрыстайтын.
– Имандос, түрің кетіп тұр ғой, ыстық-ыстық шай ішсеңщі,– деді бітті Сыйқымның тиегі ағытылатын.
– Ана деген қандай жақсы,– дейтін кекетіп, – бер балаңа, бәрін бере бер. Ал біз сормаңдайға қарайтын пенде жоқ. Өйткені біздің анамыз жоқ. Жетімдер үйі деген тасбауыр, суқай мекеме бар. Жартастың баурайына салған ұядағы қызылшақа балапандай кіл жетімектер шыр-шыр етеді. Біз соның біріміз. Сол үшін де бізге ешкімнің жаны ашымайды.
– Қой балам олай деме, – деп ана бәйек болады, – сенің анаң да, ағаң да бәрі бар. Біз саған өмір бойы қамқор боламыз.
– Қажеті жоқ, біз секілді тастандыларға кім пана болар дейсің.
– Өйтпе қарағым,– дейді ана,– Сыйқымның өксікті өмірін еске алып жатқанына налып,– біздей жанашыры бар сен бақыттысың.
– О, кей-кейде басым айналады, сөйтсем бақыттан айналады екен ғой…
Сол бір шақта Ажар көшпелі дүкеннен жалғыз тал аяқ киім алып еді. Ер жеткен екі бала бар, біреуі киер деп ойлаған. Қырсық шалғанда аяқ киім Имандосқа дәл келді де, Сыйқымға сыймай қалды. Жаңа аяқ киімді киіп алмақ болып, олай бұлқынды, былай бұлқынды, болмады. Аяқ киім сыймап еді. Сыйқым бүйткен киім құрсын деп лақтырып кеп жіберген. Ана тезінен іліп алып, Имандосқа ұсынған. Ол аяғын сұққан бойда киім өлшегендей нақ келген.
– Бұл киімді кімге арнап алдыңыз,– деген Сыйқым.
– Ешкімге арнаған жоқпын, – деп ана шынын айтқан, – әйтеуір екеуінің бірі киер деп ойлағам.
– Жалған сөйлеп тұрсыз,– деп ақиланған ол, – бос сөйлеп тұрсыз.
– Сөздің расы сол, өзге не дейін.
– Сөздің расын мен айтайын. Сіз бұл киімді әу дегенде Имандосқа арнап алғансыз. Сіз оның өлшемін білесіз. Сол үшін де бәрі жарасып тұр.
– Жоқ, менде ондай ой болған жоқ.
– Болған, болғанда қандай. Сіз Имнадосқа арнап алған затты маған неге ұсынасыз.
– Кисін дегенім ғой.
– Жалған сөйлеп тұрсыз. Сіз кисін деп емес, киіп жатқанда сыймай қалып, келеке болсын деп ойлағансыз. Сол үдеге жеттіңіз.
– Өйтпе қарағым, көрінген нәрсені теріс айландыра берме.
– Сөз соған сай келіп тұр.
Үйге Имандос кірген. Үйдегілердің түрін көріп, шарасыздық сезініп еді…
Имандос жаңа тақия киген күні үстел басында тағы кезекті шу шықты. Екі бала да үйде еді. Екеуі де ортаңы бөлмеде бейқам отырған. Ана кірген бойда дорбасын үстел үстіне қойып, той ырызғысын тарту етті де Имандосқа қарап:
– Тақия бар еді, сол Сыйқымға қарағанда саған келісетін секілді,– деп әлгі тақияны Имандостың басына кигізген. Басына кигізді де:
– Ә, міне айттым ғой саған жарасады деп, әншейін бап келді,– деп қуанышын да жасыра алмаған, – игілігіңе ки, қарағым. Зіл темір көтеріп, ел аралап, су кешіп жүрсің ғой, барған жеріңде киіп жүр.
– Жарайды анашым,– деп Имандос анасының бетінен сүйген,– рақмет, тақия емес, қасқыр ішік кигендей қуанып тұрмын. Ендігі сыйлық бізден де болып қалар…
– Жарайды, өстіп, ел алғысын арқалап, аман жүргеніңнің өзі сыйлық. Одан өзгесі керек те емес.
– Маған тегі көз салатын, қаперіне алатын адам жоқ, – деп осы тұста Сыйқым күңк ете түскен, – жетімдер үйін еске алатын есіркейтін адам, қоғам қашан пайда болды.
– Оның ауылы әлі алыс, ал қызғанғаның қызыл тақия болса, ал міне, – деп тақияның Сыйқымның алдына лақтырып жіберген. Сыйқым дәл алдына түскен тақияға тап бір құбыжық көргендей жиіркене қарап, теріс айналған…
Сөз аяғы ойламаған жерден ренішке ұласқан. Сыйқым тағы да мұңын шақты.
– Біз жетімдерміз, – деді күйініп, – жатақханаларда өзгелермен жағаласып тірлік кешіп жатқан бейресми топтың өкіліміз. Санда бармыз. Санақта да бармыз. Біз жетімдерміз, жылап жүріп біздер де жетілерміз…
– Құлыным, кешірімді болшы, – деп ана Сыйқымға бәйек болды, – қанша дегенмен ағаң ғой.
– Сен менің анам емессің, – деді Ажардың қолын қағып жіберіп, – сол үшін де мені балам деп айтпа, құлыным деп еркелетуші де болма. Бұл үйде менің ағам да, анам да жоқ. Мен жалғызбын, мен тума жетіммін. О, тоба, – деді екі қолын алдына созып, – осы мен кейде ештеңені түсінбеймін. Күні кеше ғана есігі ашық, түрменің не екенін білмейтін бейкүнә ел едік қой. Қарттар үйі, жетім балалар ауласы деген мүлде болмаған. Сонда бізде енесі өліп кеткен жетім лақты екіншісі келіп баурына басып, емізіп кете беретін киік-аң құрлы жанашырлық қалмағаны ма? Түсінсем бұйырмасын…
– Барар жер, басар тауың жоқ екенін білесің, – деді әлі де бойынан ашуы тарқамаған Имандос,– қаңғып-қаңғып қайта айналар жерің осы екенін тағы білесің. Ең болмаса ұшқан ұяңды бұзып, су ішкен құдығыңа түкірмесең етті.
Мектеп бітіргелі төрт жылдың жүзі болды. Әскерге жарамады. Қала қаңғыды. Арада бір рет үйленіп, қайын жұртында күшік күйеу болды. Біле білсе қанша дегенмен бұл менің інім ғой. Оны біліп жатқан бұл жоқ. Қала кезіп, аяғынан тентіреп жұмыс істеген болды. Береке таппады. Тағы ит болып, үйге келіп итаяғын жалады. Енді келіп, түк таппағандай үйді сатамыз дейді.
– Сөздің тоқ етері сол,– деді Сыйқым оңшалып алып,– сөздің тоқтар жері сол үйді сату керек.
– Қандай мақсатпен сатамыз?
– Ақшасын үшке бөліп аламыз да, әрқайсымыз өз бетімізше күн көреміз.
– Қателесіп тұрсың, – деді Имандос, – қатты қателесіп тұрсың.
– Неге?
– Олай болатыны біздің анамыз бар. Оны қайтып көзің қиып, қаңғыртып, далаға тастап кетпексің.
– Менің анам жоқ. «Иттің иесі болса, бөрінің құдайы бар» деген. Жетім деп кемсіте бермеңдер, біздің де тәңіріміз бар.
– А, – деп анасы сұмдық көргендей шошынып, артқа шегіне берген, – не деп тұрсың?
– Не естісеңіз сол.
– Ей, сандалма, – деп осы тұста Имандос орындықта мыжырайып отырған немені жағасынан алып, тік тұрғызып, шапалақпен тартып-тартып жіберген.
Арашаға тағы да Ажар түсті. Екеуінің ортасына түсіп жік-жапар болды.
– Қойыңдар, айналайындар, бұларың тегі жараспайды. Сендер ағайындысыңдар.
– Қайдағы ағайын, – деді Сыйқым сыртқа шыққанға қам жасап жатып,– ағайыны несі, біз ағайын емеспіз және болмаймыз да. Өйткені мен жетмідер үйіненмін… Үйді сатамын дедім бе, сатамын. Мен қалаға кеттім. Мен қайта айналып келгенше үйдің бағасына келісіп, мүмкін болса сатуға дайындап қойыңдар. Мен де қарап жүрмеспін. Алам деушілер де алдымнан шығып қалар…
Ажар мен үлкен ұлы кімге не дерін білмей аңтарылып, бір-біріне қарады…

***
Сыйқым сол кеткеннен молынан кетті. Қайда баратынын, не істейтінін ешкімге тіс жарып айтпаушы еді. Бұл жолы да сөйтті және оның осы мінезіне қанық үй адамдары оған еш сұрақ қоймайтын. Имандос болса, әдеттегі жаттығуынан жаңылмады. Таң бозынан тұрып, өзіне үйреншікті жаттығуларға кірісетін.Күн ашық болса, есік алдындағы алаңқайда, егер жек болса, қосалқы бөлмеде жаттығатын. Нендей жағдай болмасын жаттығудан қол үзбейтін және жай, қарадүрсін жаттықпайтын. Белгілі бір ереже жоспар бойынша шынығатын. Күніне бір қолмен салмағы он келі тұратын ауыр темірді он рет көтеру керек болса, жазбай, жаңылмай сол он келіні көтеретін. Жиырма болса, отыз болса да оған бәрібір көтермей қоймайтын. Салмағы орташа еді. Алпыс пен жетпістің аралығында болатын. Сол салмақ бойынша зілтемірші не істеу керек болса, бұл соның бәрін артығымен орындайтын. Үй маңында, есік алдында болсын өзгедей білек күшін білеп, көтеретін заттары болатын. Мысалы кесілген шөлке, мотоциклдің әлдебір темірі, жеңіл машинаның дөңгелегі тағы басқадай ауыр заттарды уақыт талғамай көтере беретін. Қорада жеті-сегіз қой-ешкі тұрушы еді. Имандос күніне екі- үш рет барып, әлгі малдарды шетінен көтеріп шығатын. Қозыдан тартып, қойды көтерумен аяқтайтын. Кей-кейде қосарлап екіден көтеретін. Жай көтеріп қоймай қора шінде айналып жүретін. Бұзауды көтеріп, тананы көтере алмай әлекке түскен кездері де болған.
Имандос әлдебір ауыр заттарды көтеруді сонау ерте кезден, тіпті мектептің төменгі сыныптарында оқып жүрген шағында бастаған. Денешынықтыру пәнін ерекше жақсы көрді. Спорт үйірмелеріне, оның ішінде зілтемір көтеру скециясына белсенді қатысты. Оның бұл талабын байқаған пән мұғалімі де одан еш жақсылығын аямаған. Үнемі қанатының астына алып, қамқорлық жасаған. Зілтемір көтерудің қыры мен сырын айтып, ертеңіне жол сілтегендей болған. «Бүгін мұнша салмақ көтердің келесі аптада мұнша, ай соңында пәленше салмақ көтересің» деп, ұдайы алға жетелеумен болған және бір жақсысы сол айтқандарын сөз жүзінде қалдырмай, іске асырып отырған. Әлі есінде бесінші сыныпты түгесер жылы наурыз мерекесі қарсаңында ұстазы екеуі үйге келген. Екеуі де мәз, қуаныштарын жасыра алмай жайраң қағады. Есік алдында тұрған Ажар апасын тосын жаңалықпен қуантқан.
– Апа, сізге айтар қош хабарымыз бар – деген ұстазы күлмең қағып.
Ана бас изеген. Айта бер дегені.
– Айтса былай, бүгін мектепте ауданаралық спорт жарысы өтті. Оған оншақты мектептің жас спортшылары қатысты. Спорт­тың әр түрінен жарыстар өтті. Ал зілтемір көтеру бойынша біздің мектеп бірінші орын алды. Жеңіске жеткен сіздің ұлыңыз Имандос Тапал. Ол өз салмағы бойынша өзі қатарлас спортшылардың ішінде ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Міне, сонда алған сыйлықтарымыз деп өздерімен бірге ала келген түрлі марапат қағаздарды, тағы өзгедей заттарды көрсетті. Имандостың төсінде көлемі үлкен түймедей медаль жылт-жылт етеді.
Ажар ұстаздың қолын алып, бетінен өпті. Ал Имандосты баурына басып, маңдайынан сүйді. Құтты болсын айтып, танабау тағушылар көбейді. Ажар мал сойып, қонақ күтіп, біраз шығынға батты…
Имандостың сол жетістігі жыл өткен сайын жалғаса берді. Ауданаралық, тіпті облыстық жарыстарға барып қайтты. Барған жерінен қоржыны бос қайтпады. Кем дегенде қызылды-жасылды әріптермен жазылған марапат қағаздарын алып қайтты. Тағдырдың зырылдауығында шектеу жоқ. Имандос орта мектепті тамамдап, керек десе әскер қатарына да барып қайтқан.
– Апа, – дей келіп бірде Ажарға ашылып, сырын айтқан, – осы әскери жүктеме маған оңынан келді, – мен үшін еш қиындығы болмады. Әскери басшылар мені сол ортада түпкілікті қалуды ұсынды. Көп айналдырды. Жалақың да қолжетімді, пәтері де болады дегенді алдыға тартты. Мен келіспедім..
– Неге?
– Болмайтыны сол, сізді мұнда кім қарайды. Сіз жалғыз қалатын секілдісіз.
– Алда жарғым-ай, ә, – деп жүрегі елжіреген ана Имандосты құшағына алып, екі бетінен кезек-кезек сүйген.
– Сыйқымға жаным ашиды, қанша дегенмен Тапалдың алақаны тиген бала ғой.
– Сіз оған еш алаң болмаңыз. Оны өмірдің өзі түзейді.
– Өмірдің өзі түзегенше саудасы да бітіп болар. Екі күннің бірінде хабарлама жібереді.
– Не жетпей жатыпты?
– Не жетпейді дерің бар ма, сол баяғы ақша. «Аш қалдым» дейді. «Автобусқа төлер ақшам жоқ, табанымнан тозып жаяу қалдым» дейді. «Сендер менің үйімде рақатқа батып, шалқып жүрсіңдер, ал менің күйім мынау» дейді. «Аралатып айтқанда, үй менікі, пәтерақы төле» дегенге саяды. Екі сөзге келмей соны меңзейді. Зейнетақының көбі соған кетіп жатыр. Әй, жағдай осылай жалғаса берсе, күндердің күні біз баспанадан айырыламыз. Далада қалуымыз әбден мүмкін.
– Алаң болма анашым, ол жағын мен де жар құлағым жастыққа тимей ойластырып жатырмын. Теңгенің де сәті түсіп қалар.
– Бізге кім ақша бере қояр дейсің?
– «Сабақты ине сәтімен» деген. Сабыр етіңіз.
– Өзімде сол сабырға мойынсал болып жүрмін. Айтарым, ол Сыйқым ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір күні үйді сатпай қоймайды. Ол өз дегенін істейді. Мен оған кәміл сенемін.
– Әй, осының бойында қазақи қан жоқ-ау шамасы. Жатыры басқа ғой нәлет соққырдың.
– Ол жағын өзің де білесің ғой. Жетмідер үйі қайбір жетіскен орта дейсің…
Соның арасынша Ажардың қалта телефоны шылдырап қоя берген. Хабарласқан тағы да Сыйқым екен, тағы да ақша дауы, үй дауы сөз болып жатты…
Екі апта мезгіл өткен. Келесі жарысқа еткен Имандос қуанышпен оралды. Ұлан­баторда өтетін зілтеміршілердің халықаралық ақтық жарысына жолдама алыпты…
– Бұл мен үшін өте маңызды жарыс,– деді Имандос толқи сөйлеп, – өте маңызды. Бұл жарыс менің тағдырымды шешеді. Не алдағы күндерге жарқын жол ашады, не болмаса тағы да ақ тер-көк тер болып жаттығуды талап етеді. Мен бәріне де дайнымын. Шешінген судан тайынбайды.
– Сонда бұл үлкен жарыс болғаны ғой.
– Әрине, солай, бұл жарысқа бүкіл төрткүл дүниенің ең мықты деген зілтеміршілері қатысады. Небір қара күш иелері бар. Атағынан ат үркетін дүниеге танымал зілтеміршілер де төбе көрсетеді.
– Ендеше, саған сәттілік тілеймін, – деп Имандосты тағы құшақтап, бетінен сүйіп қоя бергені сол еді, құтты болсын айтушылардың алды келе бастаған.
– Пәлі, мынаны қара,– деді келгендердің бірі, – баласын әлі құшақтап сүйіп тұр.
– Дәл сондай сүюге лайық балаң болса, сүйгенге не жетсін, – деп екінші дауыс оны қостап қойды.
Келгендер бірінен кейін бірі Имандосты құшақтап, тілеулестік білдіріп жатты…
– Алла тағала алдыңнан жарылқасын, түнде телевизордан ойындарыңды көріп, қатты риза болдық.
– Мен, тегі Имандостың сонша ауыр темріді көтеріп, жеңіске жеткенін көріп, таңға ұйықтай алмадым. Өңшең өңі бөтен адамдардың арасында өзіміздің баланың жүргені тегі қызық болады екен.
– Тағы сол өзіміздің баланың жеңіп жатқаны қызықтың көкесі емес пе?
– Ал, Ажар, – деді балпанақтай ақ сары әйел күле сөйлеп, – ақ түйенің қарны жарылатын күн бүгін. Нең бар, соның бәрін ортаға сал.
– Менде не бар дейсің, – деді Ажар,
– дейтұрғанмен осы үйдің шінде не бар, соның бәрі сендердікі.
Қарапайым ауылдың қашан да құшағы кең, алақаны ашық қой. Келгендердің бәрі құралақан, бос келмеген. Әркім өз әліне қарай әлденесін жаншығына баса келіпті. Жолдаманың көрімдігінің өзіне пәлен теңге түсті. Тіпті ұсақ мал атағандар да бар.
– Бұл жақсылықтың басы,– деді әлгі мамақаздай мамырлаған ақ сары әйел көсіле сөйлеп, – бұл игі іс әлі жалғасады. Көрімдіктің көкесін Имандос Мұңғұл елінен чемпион болып оралғанда алады. Тоқтысы қошқарға, тайы атқа, танасы өгізшеге айналады. Бар айтарымыз сол, тек қана жолы болсын.
– Көк туды желбірет Имандос, аянушы болма.
– Жеңісті күндерде кездескенше!

***
Келгендер кетіп, үй іші босап, Ажар мен Имандостың оңаша қалған бір шуақты шағы еді. Алайда бұл тыныштық көпке бармаған. Жалқы шыны шай ішті ме, ішпеді ме, үй сыртынан машинаның гүрілі естіліп, соның арасынша есік ашылған. Келген Сыйқым екен. Есікті ашты да, босағада теңселіп тұрып қалды. Ол мас еді. Сол себепті де не істерін білмей әрі өзін дұрыс ұстай алмай мәңгіріп қалған. Артынша жүргізуші кірді. Осы ауылдың баласы.
– Апай, – деген Ажарға қарап, – Сыйқымды аудан орталығынан алып келдім. Өткен жолы да алып келгенмін. Ол ретте де жол ақысын бермеген. Бұл жолы да бермей отыр.
– Неге?
– Теңгем жоқ дейді.
– Енді қайтсін, қанша дегенмен сыртта жүрген бала ғой, ақшасы болмаса болмай қалған шығар. Мен төлейін, – деп қалтасын қарманды да жүргізушіге ақша ұсынды. Ол болса, алғанына қуанып, шығып кетті.
– Сыйқым, неғып босағада тұрсың, бері кірсеңші,– деді ана қамқорлық танытып,– киіміңді шеш, отыр дегендей…
Сыйқым теңселе басып, үстел басындағы орындаққа емес, үй қабырғасына жанап қойыл­ған диванға отыра кетті. Көзі кілгіріп, үй ішін, дастарқан жақты шолып шықты да:
– Той жасағансыңдар ма,– деді.
Ана тілге келді.
– Той емес, соның беташарын жасадық.
– Ол ненің қуанышы?
– Ағаң Уланбаторда өтетін үлкен жарысқа жолдама алыпты. Енді сол жақта зілтемір көтереді.
– Сөз емес,– деді түкірігі шашырап,– түкке тұрмайды. Қашанғы көтереді дейсің. Бір күні көтен ішегі үзіледі де, құриды.
Мына сөзді естігенде Имандос тыжырынып теріс айналды.
– Әй, ит-ай, қысастығың қалмады-ау.
– Жанашыры бар адам сөйтеді,– деді сұқ саусағын шошайтып, – оның анасы бар, басқасы бар. Ал, менде түк те жоқ.
– Неге, біз бармыз ғой.
– Сендердің бүйтіп бар болғандарың құрысын. Сендер мені жеп жатсыңдар.
– Жегені несі.
– Мен қалада табанымнан тозып, тіршлік жасаймын. Бірде ашпын, бірде тоқпын. Мен қаңғыған ит секілдімін.
– Қой, олай деме, сен өз үйіңде отырсың.
– Жөн айтасыңдар. Мен өз үйімде отырмын. Алайда үйдің қызығын кім көріп жатыр, сендер көріп жатырсыңдар. Маған ай сайын ең болмаса, бес теңге бермейсіңдер.
– Ей, өйтіп сандалма,– деді осыған дейін тыныш отырған Имандос сөзге араласып,– апаң зейнетақысының жартысын беріп жатқан жоқ па.
–Иә, иә,– деді де сүйретіліп орнынан тұрып, үстел астына қол созды да, сопаң еткізіп тығыны ашылып, аз ғана ішілген ақ арақтың бөтелкесін суырып алды.
– Одан да,– деді езуі созылып, ыржия күліп, – мына арақты іш демейсіңдер ме?
Ана кеңшілік танытты.
– Ішкің келсе, іше ғой, қарағым. Әуелі адал ас ішкін, нан жеп дегендей, – деп ана бүгежектеді.
Сықаңның кенезесі кеуіп қалған сыңайлы. Көк бөтелкені басына бірақ көтерді. Бірақ көтерді де, ауа жетпегендей демігіп отырып қалды. Тиегі сәлден соң ағытылып еді.
– Сендер мені ешқашан кінәламаңдар,– деді қолын сермеп,– мен сендердің өйтіп күстәналағандарыңды көтере алмаймын. Мен барып тұрған қу жалғыздың өзімін. Оны сендер өте жақсы білесіңдер. Менде ана бар ма, жоқ, әке бар ма, жоқ, енді кім бар. Мен – жетімхананың перзентімін. Бұзылған қыздар анам, ішкіш еркектер, көшеде, жол бойында қаңғып қалғандар олар менің әкелерім. Менің бәрінен бұрын соларға жаным ашиды. Басқа емес, соларға көмектескім келеді. Әттең, қолымнан келер шара жоқ. Көрінгенмен жыныс қатынасын жасап, төсектес болған қыздарды көрсем есіме анам түседі. Соларға жаным ашиды. Әлгі қыздар өзгеге қайдам, маған нақ анамдай болып көзіме көрінеді. Бұған кім кінәлі, анам ба, жоқ әлде әкем бе, әлде бізді осы қалге жеткізген қоғам ба. Түсінсем бұйырмасын, түсінсем бұйырмасын,– деп енді өз басын өзі тоқпақтап ұзақ жылады. Ағыл да тегіл болып еңіреді. Сыйқымның бүйтіп жылағанын Ажар да, Имандос та бұрын көрмеп еді. Екеуі де үнсіз тұнжырап қарай қалған. Дегенмен екеуі де ләм деп азуын ашпады. Көңіл жұбатар жалқы сөз айтпады. Адам жылап алса, ішкі шері тарқап, жеңілденіп қалады деген сөз бар. Байқұс бала сәті түскенде айтарын айтып, көз жасын да аямай төгіп, жылап алсын деген шығар…
Сыйқым сол солқылдап жылап, есіне түскенді сандырақтап айтып жатқан күйі диванның бір шетіне қисайып ұйықтап қалды.
Айтылған күні белгіленген уақытта Уланбатордағы зілтеміршілер арасындағы дәстүрлі халықаралық жарыс та басталған. Әлемнің пәлен елінен келген спортшылар қалың жұрт алдында өз өнерлерін көрсетіп жатты. Үйде екі адам бар еді. Оның бірі – Ажар болғанда, екіншісі – Сыйқым болатын. Ана байқұс екі көзін телеқобдишадан алмай, қу жаны қуырдақ болды. Мүлде мазасы кетті. Уақыттың да қадірін бүгін сезген шығар. Әншейінде түс болып, түс болса кеш бола кететін сынаптай сырғыған уақыт бүгін тегі әлденеге байланып қалғандай. Сағат емес минуттың өзі зорға қозғалып, сағат тілі әрең алға жылжыған. Сонымен ақыры күткен сәт те келіп жеткен. Сыйқым шала мас еді. Әдеттегі әуеніне салып, ананы бір айтып, мынаны бір сөз қып, өз- өзінен сандырақтап отырды. Жарыс дәл басталар сәтте өзінше кино көрмек болып, әлекке түсті.
– Балам, есіңді жина, – деді ана бұл ретте қатқыл үнмен, – есіңе түскенді сандала берме. Мен болсам күнді зорға батырып, Имандостың жарысын зарыға күтіп отырмын. Ал, сенің кино көремін дегенің қай сандырағың. Көрмейсің киноны, айттым бітті, сөз осымен үзілді.
– Сол да ойын ба, – деді Сыйқым шарасыздық танытып,– сол да өнер ме. Әсіресе сіз секілді кемпір адамдарға мүлде жараспайды.
– Біле білсең, ол – менің балам.
– Шынымен бе?
– Шынымен, оған сенің дауың болмасын.
– О, құдірет айына бір келгенде өз үйімнің төрінен кино көруге де ұлықсат етпейді. Демек сен секілділерге жаның ашығанда бекер екен. Енді төтесінен үйді босатыңдар да қалаған жақтарыңа кетіңдер деу ғана қалды. Жандарың аман болса, оны да естірсіңдер.
– Бар бәлсінгенің үйің болса, оны да кезінде көре жатармыз. Ал, қазір үніңді өшір.
Телеқобдишадағы жарыс тіптен қызып жат­ты. Өз салмағы бойынша жарысқа түскендердің ішінен үнемі алға шығып отырған Имандос енді пәлен келіні артығымен көтеріп жеке дара көзге түсіп еді. Енді оның жалғыз қарсыласы ирандық Мұхаммед Сапар еді. Атпал денелі, апайтөс жігіт өзі міндеттеген салмақтың бәрін көтеріп, үздіктер тобының басына шыққан. Финалдық сында алғашқы болып ирандық шықты да, белгіленген салмақты кеудеден асыра алмады. Кезек Имандостікі еді. Бұл да сол ирандықтың әрекетін қайталаған. Екінші мәурітте ирандық алғашқы көрсетілімді айнытпай қайталаған. Ал Имандос әлгі салмақты тік көтеріп еді. Зал дуылдап, шулап жатты. Ажар байқұс телеқобдишаның ішіне кіріп кетердей болып, алға еміне түсіпті. Ал шала мас Сыйқым жан-жағына зәрін шашып, қағынып жатты.
– Ол енді көтере алмайды, ол құриды. Имандос кәзір өзі көтерген зілтемірдің астында қалады. Алла байқұстың тіршілігін бере көр.
Ирандық пен Имандостың енді соңғы кезегі ғана қалып еді. Ирандық не етті дейсіз ғой. Ол көрермендердің бәріне жағасын ұстатып, өзі көтере алмаған салмақтың үстіне тағы бес келі салмақ қосып, тапсырма берді. Егер ол көтеріп кетсе, Имандос көтерген салмақтан үш келі асып кетер еді. Сәті түскенде көтеріп кетті. Сөйтіп, суырылып алға озған еді. Ирандықтың ішкі қулығын сезген Имандос намысын қамшылап, тәуекел деп тас жұтпақшы болды да өзі көтерген салмақтың үстіне тағы бес келі салмақты еселеді. Біреу­лер бұл өз күшіне сенді десті, енді біреулер анық қателесті, аяғын шалыс басты деп жорамалдады. Ең жақсысы, оның жүрісінен еш сасқан, абыржыған нышан білінбеді. Өзін-өзі соншалықты салқын, сабырлы ұстады. Сол жүрісінен жаңылмаған қалпы келді де, белгіленген салмақты лік еткізіп, төбеге көтерді. Пәлен келі салмақ Имандостың төбесінде қалықтап тұрды. Имандос дүние чемпионы атанды.
Сыйқым болса, ештеңені көргісі келмей, теріс қарап жатып алыпты. Ал ана жанарынан төгілген мөлдір тамшыларды дамыл-дамыл сүртіп, Жаратушыға шексіз алғысын жау­дырды.
Шет елде чемпион атанып, кеудесіне алтын медаль тағып, көңілі орнына түскен Имандос енді тезінен үйіне жетуге асыққан. Үлкен қалаға ұшақпен келді де, одан әрмен такси жалдаған. Түс әлетінде ауылға жанасалап таяп қалған бала үй маңынан қараңдап жүрген адамдардың сұлбасын көрген. Алдынан анасы шықты. Шықты да, Имандосты құшағына алды, маңдайынан иіскеп, мауқын басты. Көз жасымен жағаласып жылап та жүрді.
– Апа, бұлар кімдер,– деді үйге кіріп-шығып, әлденені қарап, өзімен-өзі болып жүргендерге қарап,– бұлар неткен жандар өзі?
– Бұлар Сыйқымның адамдары, – деді Ажар, – үй саудалап жүр. Енді түсіндім.
– Сыйқым, – деді қаңғалақтап үйден шығып бара жатқан үй иесін өзіне шақырып,– бері кел, саған айтар сөзім бар.
– Сөзіңнің түкке керегі жоқ. Үй сатылады.
– Мен де сол жайында сөйлеспекпін.
– Қалтасында көк тиыны жоқ, түйенің тісін ашып көріптінің кері болмасын.
– Қазір мен саған түйенің тісін көрсетемін. Одан да мынаны айт, үйіңнің бағасы қанша?
– Оны қайтейін деп едің, жоқ шынымен сатып алғың келіп тұр ма?
– Сенімен бұдан әрмен салғыласқым келмейді. Бағасын айт.
– Үйдің бағасы төрт миллион,– деді үй сатып алғалы келген адам. Біз осы бағаға келіскелі отырмыз.
– Ол арзан, – деді Имандос, – ал мен бұл үйді төрт жарым миллионға алар едім.
– Ендеше сол ақшаны мен де беремін.
– Үй өз-өзінен аукционға түсті,– деп қуанды Сыйқым.
– Бес миллион, – деді Имандос.
– Бес дейсіз бе, – деп оның сөзін қайталады саудаласушы адам, – онда біз әйел мен бала дегендей ақылдасып келелік.
Көп бөгелмеді, сәлден соң үй алушы келді де, өздерінің бұл баспананы сатып алмайтынын хабарлады. Имандос әуелі қара шаңырақтың құжатын қолға алды да, чемпиондық дәрежесі үшін берілген он миллион теңгенің бес миллионын санап берді. Бәрінің көзінше электрондық тәсіл арқылы үйді анасы Ажардың басына аударды. Бір сәт қыры сынып, сыйқы кеткен Сыйқым Имандос берген ақшаны екі қалтасына нықтап салды да, кетуге айналды.
– Балам, келіп тұр,– деді ана өңі албырап, көңілі толқып, – біздің үйдің есігі сен үшін қашан да ашық. Бізді ұмытып кетіп жүрме. Қанша дегенмен қолда өскен күшіксің ғой. Хабарласып тұр. Алған ақша бойыңа дарысын. Біреулерге алданып қалма, жоғалтып та алма, әр теңгені орнымен жұмса. Кетсең, жолың болсын, қайда жүрсең де аман бол.
Ана осыны айтты да, Сыйқымды құшақтап, бетінен сүйді. Осы уақытқа дейін тасырайып, сазбеттеніп жүрген Сыйқым есіне не түскенін кім білсін, ана құшағында еңіреп жылап жібреді.
– Кәзірше табысым осы,– деді Имандос қолында қалған бес миллион теңгені анасына санап беріп жатып,– кейіндеп тағы болып қалар.
– Жарайсың ұлым,– деді анасы мерейі тасып, – жарады деген осы.
Үш күннен кейін Имандостың чемпион­дық марапаты мен қоныс той қатар өтетін болып белгіленді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір