Қара шәугім (әңгіме)
11.03.2025
610
0

Балғын есік алдындағы қазан-­ошақ­тың жанына бір құшақ сабан отынды үйіп жинап әкеліп, содан ке­йін шырпы тұтатып маздатып от жақты. От­ты көсеу­мен оңды-солды көсеп қойып, қызыл тілі сумаңдап лапылдап жанып жатқан от жалынына қызыға қарап ойланып отыр. «Шіркін! Қайран анам құлан-таза жазылып кетсе ғой! Қылтамақ деген қауіпті дертінен айығып, бұрынғыдай аман-сау шапқылап жүрсе, шіркін! Бауырым мен сіңлім төртеуміз мәз-мейрам болып арқа-жарқа сөйлесіп, дастарқан басында уайым-қайғысыз жайбарақат әңгімелесіп отырсақ, дәл бұрынғы кез­дегідей анамның көзін ала беріп, бауырларыммен бірге құлын-тайдай тебісіп ойнап кетсек! Ал қазіргі уақыт­та анамның ауру қажытқан мүшкіл халін көріп, балалық ойын тұрмақ, өмір сүруден баз кешіп жүргеніміз мынау! Алла анамның қатерлі ісігінің дауасын беріп, шіркін-ай жазылып кетсе екен!» деп армандап отырып, қазан-ошақтың үстінде сақылдап қайнап жатқан қара шәугімді көріп, тәт­ті ұйқыдан оянғандай орнынан ұшып тұрды. Талдырмаш денесімен су толы ауыр шәугімді мықшыңдап әрең көтеріп, анасы жатқан үйге кірді.
– Шай қайнады, дастарқан жа­йып қойдым, анашым! Жанәбіл, Гүлнәзия, жүріңдер, шай ішейік! – деп, салалы балғын саусақтары майысып, епті қолымен қаймақ қатып шай құя бастады. Анасы Рахила ауырғалы бір жылға жуықтады. Балғын бар болғаны он бір жастан жаңа асқанымен шешесі сырқат­танғаннан бері осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын. Құрбылары алаңсыз асыр салып ойнап жүргенде ауыр өмірдің өзі жас қызды тым ерте есейткендей. Арқа сүйер анасы қауіпті дертке шалдыққаннан бері, осы үйдің бар ауыртпалығы Балғынның басына түскен. Осы шаңырақтағы үш баланың тұңғышы – Балғын. Бір отбасының үш баласының туған жылдары тым жақын, аралары екі жыл ғана айырмашылық. Жанәбіл бауыры – тоғызда, Гүлнәзия – жеті жастағы қыз бала. Анасы ауырған күннен бері таңсәріде ерте тұрып, ала сиырдың бауырына жабысып, балғын саусақтары майысып сиыр сауады. Шелектегі сүт­ті қара қазанға құйып, есіктің алдындағы осы қазан-ошаққа сүт­ті пісіреді. Сиырдың ала бұзауын иітіп емізіп алып, сауын сиырды ауылдың шетіндегі өріске айдап салады. Содан ке­йінгі шаруасы – ошақтың үстіндегі қара шәугімді қайнату. Сүт пісірім уақыт­та қара шәугімдегі шайды қайнатып әкеліп, ауру анасы мен үшінші класта оқитын бауыры Жанәбіл мен бірінші класқа биыл ғана барған Гүлнәзияны дастарқанға шақырады. Таңғы шайын ішісімен қоңыр сөмкесін иығына іле салып, қалың шашты бұрымындағы ақ бантигі желбіреп мектепке қарай жүгіреді. Бір жақсысы екі мыңдай ғана тұрғыны бар шағын ауылдың мектебі бұлардың үйіне тым жақын.
Бұрын анасы Рахила қаймақ қатқан үнді шайын дәмдеп ішуді жақсы көретін. Сол әдетімен бір кесе шайды іше салысымен жүрегі айнып, лақылдатып құсып тастады.
– Жаным қысылды-ау, Балғын, қызым-ай! Тамағымнан ас өтпейтін қылтамақ болғалы қу сүйегім қалды, уһ, енді қайт­тім жаным-ай! – деп, аһылап- уһілеген анасы тілерсегіне түскен ұзын гүлді көйлегі шұбатылып, бөлменің төр жағындағы төсегіне барып жат­ты. Балғын бұл күндері ап-арық болып, еті кетіп қабырғалары ырсиған анасын сүйемелдеп, салулы төсегіне ептеп жатқызды, үстіне жұқалау жүн көрпесін жапты. Жаңа ішкен шайын лақылдатып құсқан кез­де гүлді жаулығының астынан қобырап шығып кеткен шашын мүйізтарақпен тарап, ақ жаулығын қайтадан байлады.
– Анашым, мен мектепке барып келгенше демалып ұйықтап алсаңшы,— деп анасының ақ жібек жаулығының сыртынан аялай сипады.
– Сабағыңнан қалма, қызым. Мен ауырсам да сендер аман болыңдар, – деген анасы Рахила ыңқылдай ауырсына сөйлеп, жастыққа жантайып төсегіне жат­ты. Анасының кереге тұсында сырт-сырт етіп ілулі тұрған сағатқа қарап еді, таңғы уақыт сегіз болып қалғанын көрген Балғын ақ бантигін асығыс тағып, мектеп формасын кие салып, мектепке қарай құстай ұшты. Күндегі көрген күні осы. Таңның атысы, күннің батысына де­йін зыр жүгіріп, сырқат анасының бабын тапқысы келеді. Одан ке­йін ел қатарлы мектептегі сабағына кешікпей барып, кешкілік тағы анасының жанында шырқ үйіріледі. Осы ауылда мейірбике Жанымгүлден басқа дәрігер жоқ. Ауру-сырқау­дың бәрін қарап, ем-дом жасайтын егде жастағы мейірбике Жанымгүл. 
– Бүгін тым нашармын, қызым. Басым айналып, көзім қарауыта береді. Неше күннен бері нәр сызбай жатқан соң, халім бітіп бара жатыр. Уақытым жақындағанын сеземін. Құдай-ау, сендерді қайда тастап кетемін, балапандарым-ай! Тым болмаса бұғаналарың қатып, өз қолдарың өз ауыздарыңа жеткенін көре алмай кетіп бара жатқаным өзегімді өртейді, қызым! Сәл де болса сен бауырың мен сіңліңнен ересектеусің, қарағым, шамаң жеткенше бауырларыңа бас-көз бол, қызым. Құдай-ай, мені неге мұншама сорлы ғып жарат­ты екенсің, не жазығым бар, Алла-ау! Алдымен, бұл балалардың әкесін жалмадың, енді мені алмақсың! Сонда мына шиет­тей балаларыма кім пана болады, кім, кім?!–деп, көз жасына булықты.
– Жыламашы, анашым! Сен жақында жазылып кетесің, – деп ерні кемсеңдеп Балғын қоса жылады. Сыртқа шыққан соң Балғынның есіне марқұм әкесі Мәлгаждар түсті.
Иә, сол күні күндегі әдеті бойынша таң бозынан тұрып, ескілеу жүк көлігіне мініп, асығыс жұмысына ат­танып бара жатқанда анасы сыртқа шығып, әкесінің қара жұмыстан тарамыстанған қолына бір дорба ұсынып жатыр екен.
– Тамағыңды уақытылы ішуің керек, әйтпесе өткендегідей асқазаның ауырады, міне, алсаңшы, Мәке! – деп, қолындағы тамағын ұсынған.
– Кешке келем ғой, Рахила. Бекер әуре болдың, маған алаңдама, – деп, әкесі мен шешесіне ұйқылы көзін уқалап қарап тұрған қызын емірене еркелет­ті.
– Ақ ботам бүгін ерте тұрыпты, ерке қызым, менің! Сабағыңды жақсы оқы, қызым! – деп, жандарында селтиіп тұрған Балғынның шашынан сипап, маңдайынан емірене иіскеген. Балаларын жақсы көрген кез­де, анасы Рахила бетінен сүйсе, әкесі Мәлгаждар маңдайынан ғана мейірлене иіскейтін.
– Жақсы оқимын, әкетай. Мен анама айт­тым ғой, бар сабақтан ылғи бес аламын! – деп, Балғын балалық мақтанышпен жүзі балбұл жанып, қуана хабарлаған.
– Айналайын, ерке қызым! Жарайды мен ертерек жолға шығайын, – деп кабинасына отырған күйі гүр еткізіп ескі жүк көлігін оталдырып, ауыл шетіндегі тасжолмен зырылдап жүріп, әлден соң көзден ғайып болған. Неге екені белгісіз сол күні Балғын әкесінің ескілеу жүк көлігі көзден таса болғанша ұзақ қарап тұрған болатын. Бұл соңғы рет әкесін тірі кезінде көргені екенін ке­йін білді. Жуынып-шайынып таңғы асын ішкен Балғын қаннен-қаперсіз мектепке қарай аяңдаған. Соңғы сабақ кезінде Мәпруза апайы жанына келіп, Балғынға аянышты жүзбен қарады.
– Балғын, сені сабақтан ертерек босатайын, анаңа барып көмектесе ғой, – деген. Шашына ақ бантик таққан кішкене қыз алдындағы кітап, дәптерлерін жинап, класс жетекші Мәпруза апайдың неге сабақтан ерте босатқанын түсінбесе де, үлкендерді тыңдайтын әдетімен сөзге келмей орнынан тұрып, кітап толы сөмкесін арқалап үйіне қарай аяңдаған. Үйіне жақындап қалған кез­де қаптаған үлкен, кіші адамдарды, жылап-сықтаған дауысты естіп, кішкентай жүрегі кеудесіне сыймай дүрсілдеп, үйіне тез жету үшін жүгіре жөнелген. Ауладан кіре бере анасының шашын жайып жіберіп, дауыс салып айғайлап жылап отырғанын көріп, төбе шашы тік тұрғандай зәресі ұшқан.
– Неге жыладың, анашым? Не болды, айтшы! – деп түкке түсінбей кемсеңдей сұраған.
– Әкеңнен айырылып қалдық, қызым! Енді сендер жетімсіңдер, мен жесір әйелмін! Алла тағала мұншама қинайтындай саған не жаздым? Менің не кінәм бар Жаратушы Аллам-ау! –деп дауыс сала аңыраған. Мұндай суық хабарды естіген Балғын өкіріп жылап жіберді.
– Әкем енді үйге келмей ме, рас па, бұл айтқаның шын ба, анашым? Таңертең ғана жұмысына кетіп еді ғой, әкеме не болған? Әкем қайда? – деп шырқырады. Толық денелі көрші апайы Шәрбану кіп-кішкентай талдырмаш қыз Балғынды қапсыра құшақтап, қарсыласқанына қарамастан, үйіне қарай дедектетіп ала жөнелді.
– Мектептен жаңа келдің, біздің үйге кіріп шай іш, қызым. Алланың басқа салғанына көнгеннен басқа шарамыз жоқ, жүре ғой, қызым! – деп Балғынның барғысы келмей бұлқынғанына қарамастан үйіне кіргізіп, дастарқан жайған. Бірақ Балғынның тамаққа тәбеті жоқ еді, құйып қойған шайды да ішпеді. Бетінен тарам-тарам жас ағып, қыстыға жылады.
– Әкетайым! Әкетайым менің, қайдасың? Әкетайым! – деп әкесін шақырып, жылауын үдете түскен. Сол күні жылап-жылап көрші үйде ұйықтап қалыпты. Таңсәріде оянып кетіп, тағы Шәрбану апайы ұстап ала ма деп, аяғының ұшынан басып сыртқа атып шығып, үйіне жүгіріп келген. Бұл уақыт­та кілемге оралған әкесінің мәйіті ауланың ортасында тұр екен. Басына аппақ сәлде киген шоқша сақалды молда жаназасын шығарып, дауысын мақамдай созып дұға оқып тұр екен. Қолдарын жайып тұрған қалың жұрт­ты кимелеп, арасынан өте шыққан Балғын кілеммен оралған әкесінің бетін ашып қалды. Өн-бойы дір ете қалып, сұп-суық жат адамға айналғандай әкесінің жансыз сұлап жатқан денесін көрді. Енді бетін сүйгісі келіп еңкейе бергенде, Балғынды байқап қалған көршісі Шәрбану апа нәзік қызды қапсыра құшақтап, ке­йін қарай ысырылды.
– Әкемнің бетінен соңғы рет сүйіп алайыншы, апа, жіберші мені, апа! Жіберші! – деп, жанталасып бұлқынғанымен алпамсадай әйелдің тастай жабысқан құшағынан босай алмай өксіп ағыл-тегіл жылады.
– Болмайды, қызым! Әкең – енді о дүниелік марқұм адам. Алланың басқа салғанына шарамыз жоқ, қызым, сабыр ет, қалқам! – деп сол күйі жібермей ұстап тұрды. Бірнеше ер-азамат­ әкесінің мәйі­тін көтеріп, көлікке салып, бейіт басына алып кет­ті. Балғын Шәрбану апаның құшағынан әрең босап шығып, екі бүйірін таянып жылап отырған анасын құшақтап жылады…
Әкесі қайтыс болғаннан ке­йін анасы мен тұңғыш қызы Балғын күн сайын әкесін жоқтап жылаумен болды. Анасы болса күні бойы әкесінің моласының жанында үйілген топырағын сипалап, ағыл-тегіл жылап-еңіреп отыратын. Балғын жас болғанмен бұрын гүлдей жайнап жүрген анасының қуарған гүлдей солып бара жатқанын жан-тәнімен сезген. Арада жарты жыл өткенде, шешесінің қауіпті дертке шалдыққанын білген. Балғын өткен жайт­тарды қаз-қалпында есіне түсіріп, анасының құлан-таза жазылып кетуін тағы да Құдайдан тілеген. «Алла тағала, анашыма көмектесе көрші! Біз, Жанәбіл, Гүлнәзия – үшеуміз әкемізден айырылдық, енді шешемізден айырылсақ, тұлдай жетім боламыз ғой. Құдайым, көмектесе көрші бізге!» – деп аспанға қарап, балаң саусағын жайып, «әумин» деп бетін сипады. Осы кез­де Жанәбіл жүгіріп келді.
– Сені анам шақырып жатыр, әпке. Бәріңе айтатын өсиетім бар деді, – деп, үйге қарай қайта жүгірді.
– Қазір барамын, – деп көз жасын көйлегінің етегімен сүрте салып, бауырының соңынан ерген. Анасы төсектің үстінде мұңайып, ауыр науқастан қалжырап отыр екен.
– Келдің бе, қызым. Маған жақындау отырыңдар, балаларым. Соңғы кез­де бұл жаман аурудың мені алмай тынбайтынын сездім, мен алай-бұлай болып кетсем, айтарымды айтып қалайын, – деп көзіне жас іркіліп, жанында қаздай тізіліп отырған Балғын, Жәнәбіл, Гүлназия балаларына дауысы дірілдей сөйледі.
– Айта беріңіз, анашым! Біз мұқият тыңдап отырмыз, – деді Балғын үлкендік танытып.
– Балғын қызым, сен небәрі тоғыз жаста болсаң да ақылды қызымсың! Мына артыңнан ерген бауырларыңа бас-көз бол, қарағым! Айтпақшы, мына сырғамды жоғалтпай менің көзімдей көріп жүр, – деп құлағындағы гауһар көзді алтын сырғасын Балғынға ұсынды.
– Керек емес, анашым! Өзің тағып жүрсеңші, сіз неге бізбен қоштасып жатырсыз? – деген Балғын көз жасына булықты.
– Жылама, қызым! Соңғы кез­де халім нашарлап бара жатқанын сезем, Алланың басқа салғанына көнгеннен басқа шарам жоқ. Бәлкім, марқұм әкең мені күтіп жатқан болар, – деп қамыға тіл қат­ты.
– Бұл аурудан жазылып кетесіз, анашым. Неге өмірден күдер үзесіз?–деп, Балғын жылауын үдете түсті. Өйткені осы үйдің естияр адамы болып, артынан ерген екі бауырына қамқор болудан қорықты.
– Мына Құран кітабын, Жанәбіл балам, қайда жүрсең де жоғалтпа! Қасиет­ті дұғалар сендерді қорғап-қоршап жүрсін, – деп ескілеу араб әрпімен жазылған Құран Кәрімді Жанәбілге тапсырды.
– Рақмет, анашым! Мен ешқашан жоғалтпаймын, – деп, Жанәбіл балалық мақтанышпен қоңыр кітаптың сыртын сипалап қойды. Енді анасы көзі жәудіреп отырған кішкентай Гүлнәзияға қолындағы жүзігін шешіп алып, ұсынды.
– Айналайын, кенже қызым, менің! Менің алтын жүзігімді көзіңнің қарашығындай сақта немесе Балғын әпкең әзірге қолына тағып жүріп, сен есейгенде берсін, – деп жарқыраған ақық көзі бар алтын сақинасын Гүлнәзияға берді. Содан ке­йін қат­ты шаршағанын сезді.
– Мен енді аздап тынығып алайын, балалар! Сендер сыртқа шығып ойнаңдар, – деп төсегіне жантайды. Ет асым уақыт­тан соң Рахила жаман түс көріп, бастырылып оянды. Өн бойы терлеп-теп­шіп жатыр екен. Төсектен басын әрең көтеріп жан-жағына бажайлап қараған. Жанәбіл мен Гүлнәзия бір бұрышта ойнап отыр екен. Ал Балғын қолын иегіне сүйеп қойып, әлі солқылдап жылап отырғанын көрді.
– Болды, жетер, сен жылама, қызым! Екеуміз егіліп отырсақ мына байғұстар аш қалар, одан да шай қайната ғой, қызым. Кенезем кеуіп шөлдеп барамын, – деген соң Балғын зыр жүгіріп сыртқа шығып, қазан-ошақтың астына лаулатып сабан жағып, шай қайнатуға кірісті. Сәлден соң қара шәугім тасып төгіліп, ыстық плитаның үсті быж-тыж ете қалды. Балғын саусақтарымен қолы майыса көтеріп, үйге қарай дедектеп аяғын жылдам басты. Өйткені жаңа ғана сақылдап қайнаған қара шәугімнің сабына ше­йін қолын күйдіріп барады, оның үстіне су толы шәугім нәзік қыз балаға ауырлау екен. Үйдің табалдырығын ат­тағанда су толы шәугім шайқалып, қайнаған ыстық суы аздап тамшылап төгіле жаздады. Ыстық шәугімді діт­теген жеріне қойған соң ғана Балғынның көңілі көншіп, жүзі жадырап сала берді.
– Шай ішіңіздер, анашым, Жанәбіл, Гүлназия! Дастарқан жайып қойдым, – деп дауысы жарқын шығып, дастарқанға шақырды. Анасы аһылап, уһілеп дастарқанға тәлтіректеп жүріп, зорға келіп отырды. Аурудан қажығаны әжім басқан жүзінен, қабырғаларын саусақпен санарлықтай арық тыриған дене бітімінен-ақ құр сүлдері қалғанын анық байқауға болады. Рахила дастарқан басына отырған соң ентіге сөйледі.
– Қаймақ қатып, қою қылып шай құйшы, қызым, кенезем кеуіп барады, – деген.
– Жарайды, анашым, қазір құямын, – деген Балғын саусақтары майысып, дәмдеп шай құйды. Рахила ауруын ұмытып кеткендей бір кесе шайды бір демде ішіп тастады. Екінші кесені қолына ала бергенде, жүрегі айнып лоқси бастаған. Балғын орнынан лып етіп ұшып тұрып, анасының қолтығынан ұстап сыртқа шығарды.
– Жүрегім айнып барады, қызым, легенді әкелші, – деген. Балғын керегеде сүйеулі тұрған легенді анасының алдына қойды. Рахила жаңа ғана сүйсініп ішкен қаймақ қатқан үнді шайын лақылдатып құса бастады. Балғын құманға жылы су құйып әкеліп, анасы қолы мен бет-ауызын жуып әлсіреп қалды.
– Мені төсегіме апарып жатқызшы, қызым, әлім құрып қалды, – деген Рахила қызы Балғынға сүйеніп, төсегіне барып жат­ты. Тағы ауруы асқынған анасының қиналғанын көріп, Балғын қоса қиналды.
Ертеңіне демалыс күні болатын, Балғын күндегі әдетінше сырт­тағы қазан-ошаққа қара шәугімді қайнатып, анасын, бауырын, сіңлісін дастарқанға шақырды. Қаймақ қатқан шай құйып, анасына ұсынған. Неге екені белгісіз, осы жолы анасы шайды сүйсіне ішті. Балғын анасына жалтаңдап қарағанымен, әліптің артын бағып үндемеді. Өйткені анасы тағы қинала лоқсып, жүрегі айнып, ішкен шайын құсып тастай ма деп қауіптене бақылады.
– Шайың тәт­ті екен, қызым! Қоюлау қылып құйшы, – деп тағы кесесін ұсынды. Балғын анасының айтқанын екі етпей орындап, тағы үндемей шай құйды. Сөйтіп, анасы сау кезіндегідей терлеп-тепшіп рақат­тана шай ішті. Дастарқанды жинастырып жүрген Балғын анасынан көз айырмады. Анасы Рахиланың екі беті қызылшырайланып, рақат­тана күлімдейді.
«Апырмау, анам аяқ астынан жазылып кет­ті ме? Ертең қалай болар екен, әлде бір сәт­тік қана алдамшы көрініс пе? Бұл қалай болғаны?» деп ойлап, сан сауалдың жауабын таба алмаған Балғын қара шәугімді алып, қазан-ошаққа орнына қойды. Әлдебір әуестік жеңіп, қара шәугімді ашып көріп, шәугімнің түбінде жатқан қызыл табанды бақаны көріп, әлдебір жұмбақ жайт­ты түсінгендей күй кешті. Осы кез­де көрші үйдегі Шәрбану апай да келе қалыпты. Балғын анасының бүгін сау адамдай рақат­танып шай ішкенін, мына шай қайнатқан қара шәугімнің түбіне кез­дейсоқ қызыл табанды бақаның түсіп кеткенін тәптіштей айт­ты.
– Е-е-е, байғұс-ай! Алла себеп қылып, түнде сырт­тағы қазан-ошақта қалған қара шәугімге бақа түсіп кеткен ғой. Ал сен сол бақаны шаймен қоса қайнатып, анаңа апарып бердің. Демек, сенің анаң осындай қызыл табанды бақаның сорпасын ішсе не шайын ішсе, қылтамақтан дін-аман жазылып кетеді екен. Балғын қызым, сен Жанәбіл бауырың екеуің осындай қызыл табанды бақаны тауып әкеліңдер. Олар тау-тасты жерде бар деп естігенмін. Байғұс анаңның шипасы – осы қызыл табанды бақа. Егер аналарың жазылып кетсін десеңдер, осындай бақаны тауып әкеліп, қара шәугімдеріңе салып, шай қайнатып бере беріңдер, – деп, көлдей етегін қағып, қазан-ошақтың жанындағы аласа орындықтан отырған Шәрбану апай үйіне бет­теген. Мынадай жаңалықты естіген Балғын бауырлары Жанәбіл мен Гүлнәзияны ертіп, ауылдың айналасындағы тау бетке­йіне бет­теді. Үшеуі қолдарына кішкене шелек алып, екі бақаны қуана алып келді. Көрші Шәрбану апайлары «қызыл табанды бақаның ем болғаны туралы аналарыңа ештеңе айтпаңдар» деп ескерткен болатын. Сондықтан күнде қара шәугімге бір бақадан салып, аналарымен бірге үшеулері де сол бақамен қоса қайнатылған шайды үн-түнсіз ештеңе айтпай ішіп жүрді. Арада екі-үш апта өткенде, аналары Рахила орнынан тұрып, үй шаруа­сымен айналыса бастады. Сол кез­де ғана Балғын болған оқиғаны анасына айтуды жөн көрген.
– Анашым, сіз осыдан екі апта бұрын шайды сүйсіне іштіңіз, есіңізде ме? Сол кез­де сырт­тағы қазан-ошақта қалып қойған қара шәугімге түнде қызыл табанды бақа түсіп қалыпты. Сол бақаның сіздің дертіңізге дауа болғаны анық. Өйткені сол күннен бастап, үшеуміз күн сайын қызыл табанды бақа тауып әкеліп, қара шәугімге салып қайнатып, өзіңізге шай беріп отырдық, – деп шынын айтқан.
– Алда, құлыным-ай! Мені Алла себеп қылып, емдеп жазған үш құлыным екен ғой. Алла шипасын берсін! Балапандарым менің! Мен осы дерт­тен қайтыс болсам, мына үш балапанымның күні не болар екен деп мен өзімді емес, сен үшеуіңді ойлап уайымдағаным рас. Әкелерің жол апатынан қайтыс болды. Егер мен өлсем, балаларым тұт­тай жетім болып, қалай күн көрер екен деп жатсам-тұрсам сендерді уайымдағам. Алла тілегімізді беріп, дерт­ті берген Аллам, шипасын да өзі жіберіпті. О! Құдіреті күшті бір Алла! – деп Рахила Аллаға сан мәрте құлшылық ет­ті.
Сол күннен бастап ауруынан құлан-таза айыққан Рахила үй шаруа­сын өз қолына алып, бес уақыт намаз оқитын әдет тапты. Ораза ұстап, бір Аллаға күні-түні құлшылық жасайтын болып, Алланың ақ жолына түсті. Иә, біздің тағдырымыз тек бір Алланың қолында екені айдан анық.

 

 

Бақыт Мерекенова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір