Тәрбиелі қыз – саналы ұрпақтың бастауы
01.08.2026
50
0

Ақпараттың шексіз ағынында адаспай, ақиқат пен жалғанды ажырата білетін, ұлттық болмысын жоғалтпай, әлемдік білімге ұмтылатын, өзін құрметтеп, өзгені де сыйлайтын қыздар – елдің байлығы. Өйткені рухани мықты, тәрбиелі бүгінгі қыз саналы ұрпақтың бастауы. Саналы ұрпақ – қуатты мемлекеттің іргетасы. 

Десек те әлеуметтік және этноәлеуметтік рөлі өзгеріп жатқан қыздардың қазіргі цифрлық дәуірде көшбасшылық қасиеттермен қатар ұлттық құндылықтардан да алшақтамауы күн тәртібінен түспеуі керек. Міне осы мақсатты ұстанған келелі басқосуды «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалы ұйымдастырды. Талқы форматында өткен дөңгелек үстелге «Бабалар аманаты» ҚБ аналары мен жастар қатысты. 

Іс-шараның мақсаты мен мәнін түсіндіріп өткен Бірлестіктің филиал басшысы Меруерт Мәулетқызынан кейін сөз алған «Бабалар аманаты» ҚБ Іле ауданы бойынша төрайымы Кәмила Сапархайыр қыз тәрбиесі – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырын айқындайтын ең маңызды құндылықтардың бірі екендігін жеткізді. Ақ кимешекті әжелермен бірге салт-дәстүрді насихаттап, оның ішінде жастармен белсене жұмыс жасап жүрген ұйымның әр еңбегі ертеңгі қоғамның сапасына қосылған үлес екендігін жеткізді. 

Ардагер ұстаз, білім саласының үздігі, профессор Баян Ахметованың әр сөзі жүрекке жетті. 

— Қыз тек бір әулеттің перзенті емес, ол – ертең бір шаңырақтың шамшырағы, бір әулеттің ұйытқысы, ұлттың рухани жалғастығын сақтайтын ана. Сондықтан қызға берілген тәрбие – бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың болашағына салынған ең қымбат әрі қайтарымы мол инвестиция деп қарауымызға болады. Қазақ халқы қыз баланы ешқашан әлсіз деп емес, ұлттың ары мен намысы, тәрбиенің айнасы деп таныған. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөздің түпкі мәні еркіндігін шектеу емес, оның абыройын, қауіпсіздігін, ар-намысын қорғау болатын. Өйткені тәрбиелі қыз – тәрбиелі ұрпақтың бастауы. Анасының әлдиімен ұлттың тілі сақталады, анасының тәлімімен ұлттың мінезі қалыптасады, анасының мейірімімен қоғамның адамгершілік, азаматтық келбеті бекиді, — деген Баян апайдың сөзін кезекпен сөз алған қатысушылар құптады. 

Нахан Жұмекеева, Халипа Маханова, Тамара Төлегенова, Раушан Қожақанқызы, Зариға Молдекеева, Күләнипа Әбілдақызы сынды аналар өмірден көрген-түйгендерінен кеңес айтып, қыздардың дүниетанымына әсер ететін әңгімелермен бөлісті. Іс-шарадағы негізгі спикердің бірі болған физиолог, биолог, нутрицолог, дұрыс тамақтану экспері, Бірлестік жанашыры Еркежан Маратқызы сыртқы сұлулық дұрыс тамақтану мәдениетіне негізделуі керек екендігін жіпке тізгендей жеткізді. 

— Адамның сыртқы келбеті – ең алдымен оның өз денсаулығына деген жауапкершілігінің айнасы. Нағыз сұлулық қымбат киімнен немесе сәнді әшекейден басталмайды. Ол дұрыс тамақтанудан, денеге күтім жасаудан, жеткілікті ұйқыдан және салауатты өмір салтынан бастау алады. Ағзаға пайдалы ас – адамның жүзіне нұр, көзіне жанар, денесіне сергектік сыйлайды, — дей келе пайдалы ас жайлы жан-жақты мәлімет берді. 

М.Мақатаев атындағы №13 мектеп мұғалімі Әсел Серікқызы пікірін білдіріп, оқу жылы басталғанда осы тақырып төңірегінде кешенді іс-шаралар легін ұйымдастырудан ұтарымыз көп екенін айтты. Жастар да ойларын білдіріп, көкейге тоқыған кеңестерімен бөлісті. Іс-шара соңында шолпы, шашбау тағудан шеберлік сабағы көрсетіліп, бұл әшекей бұйымдардың мән-мағынасы, денсаулыққа пайдалы тұсы жайлы мағлұмат берілді. 

М.Маулина,

журналист

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір