ҰРПАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚОРДА ҮЛЕСІ БАР
21.05.2024
84
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында тың бастама көтеріп, әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуға мүмкіндігі бар екенін мәлімдеген болатын.
Президенттің: «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынамын. Бұл ретте оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді», – деген сөзі жұртшылық тарапынан қолдау тауып, биыл алғашқы аударылымы жеткіншектердің есепшотына түсіп үлгерді.
Осылайша, он сегіз жасқа толмаған қазақстандық бала Ұлттық қордан үлес иеленуге мүмкіндік алды. Бұл жерде олар аталған қаржыны тек екі мақсатта:
1. Баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады. Бұл жерде тұрғын үйді тек Қазақстан аумағынан ғана сатып алуға рұқсат берілген.
2. Білім алу. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде оқуға рұқсат етіледі.
Заңда аталған қаражатты емге жұмсау қарастырылмаған. Сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмаған бала шет елге көшіп, Қазақстан азаматтығынан айырылатын болса, Ұлттық қордың аударылымы тоқтатылып, қаражат төленбейді. Егер ол елге қайтып келіп, қайтадан азаматтық алған жағдайда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады.
Жоғарыда айтқандай, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жинақталып, бала 18 жасқа толғанда оның нысаналы жинақтаушы шотына аударылады. Ал жинақ иесі 18 жасқа толғаннан кейінгі 10 жыл ішінде төлемді алуға өтініш білдірмесе, шоттағы сома ерікті зейнет­ақы жарнасы ретінде оның зейнетақы шотына аударылады деп белгіленген.
Алдын-ала есеп бойынша 2024 жылы дүниеге келген сәбилердің есепшотына 18 жыл ішінде 3 500 доллар жиналады екен. Дегенмен, Ұлттық қордың кірісіне байланысты бұл сома өзгеріп отыруы да мүмкін. Айта кетерлігі, аталған түсімдерге мемлекеттік салық салынбайды.
2024 жылдың қаңтар айында бұл бағдарламаға 6 919 131 бала тіркеліпті. Оларға 100 АҚШ доллары 52 цент мөлшерінде бірдей ақша аударылды. Әрине, жаңа бастама болғаннан ке­йін жекелеген түсініспеушіліктердің де болып тұратыны заңдылық. Атап айтқанда, ата-аналар өз балаларының орнына басқаның жазылып кеткенін, немесе мүлде тізімге ілінбей қалғанын айтып шағымданған болатын. Жұмыс барысында бұлардың барлығы ретке келтіріліп, қаражат өз иелерін тауып үлгерді. Бұл – алғашқы аударылым. Ал болашақта Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кірістің ұлғаюына байланысты бұл сома өсіп отырады деп күтілуде.
Балалардың есебіне түскен қаржы Ұлттық қор активінің құрамында одан әрі инвестициялануын жалғастыратын болады. Ол бағдарламаға қатысушы балаларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша кіріс әкелетінін атап өткен жөн.
2024 жылы 18 жасқа толған 304 815 жеткіншектің БЖЗҚ-да ашылған жинақтау шотына аталған қаражат түскенін айттық. Қазірдің өзінде бұл ақшаны жоғарыда көрсеткен мақсатқа жұмсау жөнінде өтініштер келіп жатыр.

Қ.ӘБІЛ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір