Ана аманаты
18.07.2026
43
0

 Ана аманаты

(Қызы Көшекова Айнұр Арғынтайқызының естелігінен)

 Адамның өмірі – жылдармен емес, жүректерде қалдырған ізімен өлшенеді. Адам баласының бұл дүниедегі ғұмыры мәңгілік емес. Бірақ кейбір адамдардың өмірі олардың жасаған жасымен емес, артында қалдырған өнегесімен, адал еңбегімен, тәрбиелеген ұрпағымен өлшенеді. Ондай жандар өмірден өтсе де, олардың есімі ел жадында, ұрпағының жүрегінде мәңгі сақталады. Өйткені олар өз өмірін өзгелерге жарық сыйлауға, айналасына мейірім шашуға, жақсылық жасауға арнаған. Менің аяулы анам – Алтынбекқызы Күлшат сондай асыл жандардың бірі еді.

Қазақ халқы қашанда ананы өмірдің бастауы, отбасының берекесі, әулеттің ұйытқысы деп білген. «Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөздің астарында тұтас бір ұлттың дүниетанымы жатыр. Себебі адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бәрі ең алдымен ана тәрбиесі арқылы қалыптасады. Адалдық, еңбекқорлық, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, туған жерге деген сүйіспеншілік – бәрі де ананың ақ сүтімен, ақ тілегімен бірге дариды. Өткен ғасырдағы қазақ аналарының тағдыры – тұтас бір дәуірдің тарихы. Олар соғыстың ауыр зардабын да, жоқшылықтың тауқыметін де, бейбіт еңбектің бейнетін де үнсіз көтерді. Олар ешқашан атақ іздеген жоқ, марапат сұраған жоқ. Бар арманы – балаларының амандығы, шаңырағының берекесі, елінің тыныштығы болды. Менің анам да дәл сондай қарапайым, бірақ жүрегі дархан қазақ әйелдерінің бірі еді.

Күлшат Алтынбекқызы 1944 жылы бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданының Құлбабас ауылында дүниеге келді. Ол туған шаңырақ еңбекпен абырой тапқан, адалдықты өмірлік қағида еткен өнегелі әулет болатын. Әкесі Алтынбек Көпжасаров – ғұмырын жылқы бағуға арнаған еңбек адамы еді. Нағашы атам жылқы бағатын кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа, яғни кенже ұлы Еламан ағама дейін жеткізуі – қазақ халқының ата-баба жолына деген ерекше құрметі мен табиғатпен үндестігін көрсететін өнегелі іс. Қазақ үшін жылқы – тек төрт түлік емес, еркіндіктің, тектіліктің, кең даланың символы. Сондықтан жылқы баққан адамның бойынан төзімділік, сабыр мен жауапкершілік қатар табылатын. Алтынбек ақсақал (бабам) да маңдай терімен адал еңбек етіп, балаларына «еңбек етсең ғана елдің құрметіне бөленесің» деген өмірлік ұстанымды үйретті. Анасы Нұрғиза әжем тоғыз перзентті дүниеге әкеліп, олардың бәрін қазақы тәрбиемен өсірген ардақты ана болды. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу, қонақтың жолын кеспеу, ағайынның бірлігін сақтау, дастарқанның берекесін арттыру – осының бәрі Күлшат анамыздың бойына анасының тәрбиесі арқылы сіңді.

Бұл әулеттің тағы бір ерекшелігі – атасы Көпжасар қарияның жүз жасқа келіп дүниеден озуы еді. Ғасыр жасаған қарияның батасын алып өскен ұрпақтың бойында сабыр да, береке де, бірлік те қатар орнықты.Осындай қасиетті ортада тәрбиеленген Күлшат анамыз жастайынан қарапайымдықты, адалдықты, адамға құрмет көрсетуді өмірлік ұстанымына айналдырды.Туған жерінен жырақ кетуді ешқашан ойламады. Өзінің бақыты туған елге қызмет етуде деп білді. Сондықтан еңбек жолын Ақсуат өңіріндегі сауда саласында бастады.

Бүгінгі күннің өлшемімен қарағанда ауыл дүкеніндегі қызмет қарапайым жұмыс болып көрінуі мүмкін. Ал сол кездегі ауыл өмірінде дүкен – халықтың тыныс-тіршілігінің бір бөлшегі болатын. Азық-түлік те, киім-кешек те, тұрмысқа қажетті заттардың бәрі ауыл дүкені арқылы халыққа жететін. Сондықтан сатушы тек тауар сатушы емес, халықтың сенімін арқалаған адам еді. Күлшат анамыз сол сенімді өмір бойы ақтай білді. Ол ешқашан жұмысына салғырт қараған емес. Әр келген адамды жылы жүзбен қарсы алып, мәселесіне түсіністікпен қарайтын. Әсіресе жалғызілікті қариялар мен көпбалалы отбасыларға ерекше қамқорлық көрсететін. Дүкенге жаңа тауар келсе, алдымен соған шынымен мұқтаж адамдарды ойлайтын. Бұл оның қызметтік міндетінен емес, адамдық болмысынан туындайтын қасиет еді.

Сондықтан ауыл адамдары:

– Күлшаттың қолынан сауда ғана емес, сауап та өтетін, – деп ризашылықпен айтатын. Халықтың шынайы алғысы – кез келген марапаттан биік. Анам да өмір бойы сол алғыс пен ақ батаны ең үлкен байлығы санады. Ақкөңіл мінезі, бауырмал болмысы, көпшілдігі оны ауылдың қадірлі аналарының біріне айналдырды. Оның үйіне келген адам өзін бөтен сезінбейтін. Дастарқанынан дәм татқан жан оның кең пейіліне риза болып қайтатын. Қазақ «Қонақ келсе – құт» дейді. Анам сол құтты төрінен түсірмеген жан еді. Ол үшін байлық дүние-мүлік емес, адамдардың арасындағы сыйластық болатын. «Жақсылық жасасаң, міндет етпе» деп отыратын. Бұл сөзді өзі өмір бойы ұстанып өтті.

Күлшат анамыздың еңбек жолы ауыл дүкенімен ғана шектелген жоқ. Сол кезеңде сауданың ең жауапты саласының бірі – автолавкамен шалғайдағы қыстақтарды аралау болатын. Бұл қызметтің ауырлығын бүгінде екінің бірі толық сезіне бермейді. Қазір бір батырманы басып қажетті затқа қол жеткізуге болатын заман. Ал сол жылдары малшылардың тұрмыс-тіршілігі автолавканың уақытылы келуіне тікелей байланысты еді.

Анам автолавкамен алыс қыстақтарды, жайлаулар мен мал отарларын аралап, шопандардың күнделікті қажетіне жарайтын азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар мен басқа да қажетті заттарды жеткізіп беретін. Малшылар үшін ол тек саудагер емес, сағындырып келетін жақсы хабардың, ауылдың тынысының белгісі болатын. Қыстың ақ бораны мен үскірік аязы, көктемнің лайсаңы, күздің қара суығы – оның еңбегіне бөгет бола алмады. Кейде көліктері иен далада бұзылып, сағаттап, тіпті тәулік бойы жолда қалған кездері де болды. Сондай сәттерде даладағы аяздың бет қаратпайтын ызғары мен ақ түтек боранның ортасында қалу үлкен қауіп еді. Бірақ анам ешқашан қиындықтан қаймыққан жоқ. Өйткені шалғайдағы шопандардың өздерін күтіп отырғанын, олардың қажеттілігі уақыт күтпейтінін жақсы түсінетін. Бұл – жай ғана қызмет емес, адам алдындағы жауапкершілік еді. Сондықтан да ауыл адамдары анамды еңбегіне адалдығы үшін ерекше құрметтейтін. Ұзақ сапардан үйге оралған сайын анамның жүзінен шаршағандық байқалғанымен, шаңыраққа кірген сәтте бар қажуы ұмытылып кететіндей көрінетін. Бізді құшағына алып, маңдайымыздан иіскеп, жолдан әкелген тәттілерін үлестіретін. Кейін асығыс асүйге кіріп, дастарқанның қамына кірісетін.Үй іші әрдайым анамыздың мейіріміне бөленіп тұратын.Ол бізге тек тамақ әзірлеген жоқ. Ол әр тағамына аналық махаббатын қоса пісіретін. Пештен жаңа шыққан нанның иісі, табадан түскен бауырсақтың дәмі, самауырдың буы – біздің балалық шағымыздың ұмытылмас естелігі болып қалды. Апта сайын ата-анамыз нан жауып, бауырсақ пісіріп, қой соятын. Үйіміздің есігі ағайын-туысқа, көрші-қолаңға, дос-жаранға әрдайым ашық болды. Дастарқан басында үлкендердің әңгімесі айтылып, жастар тәлім алатын. Қазақы тәрбиенің қайнар көзі де сол отбасылық дастарқан еді. Анам қонақ күтуді міндет емес, ырыс деп білетін. Үйге келген адамды төрге шығарып, шын көңілімен қарсы алатын. «Қонақтың несібесімен бірге берекесі келеді» деп отыратын. Сол себепті біздің үйден қонақ үзілмейтін.

Анамның кеңпейілдігі мен әкеміздің зиялылығы шаңырағымыздың ең үлкен байлығы болды. Әкеміз – Арғынтай Айдапкелұлы Көшеков өз ісінің шебері, білімді, жан-жақты азамат еді. Мамандығы агроном-гидротехник болғанымен, математикаға жүйрік, орыс тілін еркін меңгерген, сурет салуға ерекше қабілетті болатын. Кешкілік жұмыстан кейін шаршадым демей, біздің сабақтарымызды бірге қарайтын. Математика есептерін шығарып, орыс тілінен жаттығулар орындатып, сурет салудың қыр-сырын үйрететін. Кейде бір суреттің көлеңкесін қалай түсіру керек екенін сағаттап түсіндіретін. Біз сол кезде оның жай ғана сабақ үйретіп отырмағанын, өмірге деген ұқыптылық пен табандылықты үйреткенін кейін барып түсіндік. Әкеміз бен анамыз бір-бірін толықтырып тұрған қос бәйтеректей еді. Бірі – отбасының тірегі болса, екіншісі – шаңырақтың шуағы болды. Екеуі жиырма алты жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, бес перзентті өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Бізге байлық емес, адалдықты; мансап емес, адамдықты; сөз емес, іс арқылы үлгі көрсетіп кетті.

Анам ешқашан дауыс көтеріп сөйлеген емес. Ұрыс-керісті жаны сүймейтін. Адамдардың арасы суып қалса, бір ауыз жылы сөзімен қайта табыстырып жіберетін. «Адамның көңілін қалдыру оңай, ал қайта табыстыру қиын» дейтін. Сол сөзді өзі өмір бойы ұстанды. Ол ренішті ұмытуды, кешіре білуді, жақсылық жасауды үйретті. Өзінің кең жүрегімен талай адамның көңіліне медеу болды. Қазір ойласам, біздің ең үлкен байлығымыз – ата-анамыздың қалдырған тәрбиесі екен. Өйткені дүние қалады, байлық тозады, ал жақсы тәрбие мен жақсы ат ешқашан ескірмейді. Адам баласының тағдыры бірде шуақты көктемдей құлпырып тұрса, енді бірде күздің қара суығындай сынаққа толы болады. Өмірдің заңдылығы да – осы. Бақыт пен қайғы қатар жүреді. Бірақ сол сынақтың алдында сынбай, тағдырдың тауқыметін сабырмен көтере білу – нағыз ерлік. Анамыздың өмірі де осындай қайсарлықтың жарқын үлгісі болды.

Жастық шағында еңбекпен есейіп, шаңырағының шаттығын еселеп жүрген анамыз тағдырдың ауыр сынағына ерте ұшырады. Өмірлік жары, отбасының тірегі, балаларының қамқор әкесі Арғынтай Айдапкелұлы 1942 жылы Ақсуат ауданының Алғабас ауылында дүниеге келіп, Құлбабаста 1993 жылы небәрі елу жасында дүниеден өтті. Бұл – отбасы үшін ғана емес, анамыздың бүкіл өміріне түскен ауыр қайғы еді. Жиырма алты жыл бірге өмір сүрген жарының орны ешқашан толмайтынын анамыз жақсы түсінді. Бірақ ол қайғыға беріліп кеткен жоқ. Өйткені алдында әке мейіріміне зәру болып қалған балалары тұрды. Сол сәттен бастап ол ана ғана емес, әкенің де орнын басуға тырысты. Қазақ «Жесірдің көз жасы мен жетімнің наласы ауыр» дейді. Анам осы ауыр жүкті үнсіз көтерді. Күндіз қызметіне барып, кешке үйдің бар тірлігін өзі атқаратын. Балаларының ешқайсысын жетімсіретпеуге тырысты. Әкеміздің жоқтығын білдірмеу үшін бар күшін салды. Біз анамыздың көз жасын көп көрмедік. Өйткені ол мұңын балаларына көрсетпеуге тырысатын. Жалғыз қалғанда ғана жүрегіндегі сағынышын Аллаға айтып, тағдырға тәуекел ететін шығар. Оның сабыры бізге өмірлік сабақ болды. Алайда тағдырдың сынағы мұнымен аяқталмады. Ана үшін перзентінен айырылудан ауыр қасірет жоқ. Қазақ «Қара жердің көтергенінен, қаралы ананың көтергені ауыр» деп бекер айтпаған. Өкінішке қарай, ұлдары Мейрамтай мен Арқаттың мезгілсіз дүниеден озуы анамыздың жүрегіне жазылмас жара салды. Бұл қайғыны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Перзентті дүниеге әкеліп, мәпелеп өсіріп, азамат болғанын көрген ананың өз баласын ақтық сапарға шығарып салуы – өмірдегі ең ауыр сынақ. Бірақ анамыз тағы да сынбады. Қайғысын ішіне бүгіп, қалған перзенттерінің бақыты үшін өмір сүруді жалғастырды. Ол бізге ешқашан үмітсіздік туралы айтқан емес. Керісінше: «Басына іс түспеген адам болмайды. Ең бастысы – адамдықты жоғалтпау», – деп отыратын. Осы бір қарапайым сөздің астарында тұтас өмірдің философиясы жатқанын біз кейін түсіндік.

Анам өмір бойы ешкімге жамандық ойлаған емес. Біреудің жетістігіне қуанып, қиындыққа тап болған жанның қайғысын бөлісе білді. Қолынан келген көмегін ешқашан аямады.Біреудің үйінде қуаныш болса, алғашқылардың бірі болып құттықтайтын.Біреудің басына қайғы түссе, көңіл айтып, жанынан табылатын. Ауыл адамдарының оны ерекше құрметтеуінің сыры да осында еді.Ол өз өмірімен «адам болып қалудың» қандай болатынын көрсетті.Уақыт өз арнасымен ағып жатты.Балалары ер жетіп, әрқайсысы өз өмір жолын тапты.Анамыздың берген тәрбиесі бізді өмірдің небір белестерінен сүрінбей өтуге жетеледі.

Бүгінде оның аманатын арқалап келе жатқан Ардақ, Айнұр, Айдын, келіні Сандуғаш, күйеу баласы Сәбит, жеті немересі мен төрт шөбересі – Күлшат анамыздың өмірінің жалғасы. Олар – бір әулеттің ғана емес, бір ананың жүрегінен тараған тәрбиенің жемісі. Қазақта «Ана өлмейді, ана ұрпағында өмір сүреді» деген терең мағыналы сөз бар. Шынында да, бүгін біз анамызды оның әрбір немересінің жүзінен, әрбір айтқан тәлімінен, қалдырған өнегесінен көреміз.

2025 жылы Алматы облысы, Іле ауданының Байсерке ауылында анам Күлшат Алтынбекқызы бұл фәнимен қоштасты. Бірақ ол біздің жүрегімізден кеткен жоқ. Кейде үйге кіргенде анамыздың бауырсақтың иісі аңқыған дастарқаны көз алдымызға келеді. Кейде оның жылы жүзі мен мейірімге толы жанары сағыныш болып елестейді.Кейде бір ауыз ақылы өмірдің қиын сәттерінде демеу болып тұрғандай сезіледі. Сонда адам тәнімен ғана кететінін, ал жасаған жақсылығы мен тәрбиесі мәңгі қалатынын түсінесің.

Биылғы беріліп отырған жылдық ас – тек бір әулеттің анасына арналған ас емес. Бұл – қазақтың барша еңбекқор, сабырлы, мейірімді аналарына көрсетілген тағзым. Өйткені дәл осындай аналар ұлттың рухани тірегіне айналды. Олар биік мінберлерден сөйлеген жоқ. Бірақ тәрбиелеген ұрпағы арқылы елдің болашағын қалыптастырды. Олар байлық жинаған жоқ. Бірақ халықтың алғысын жинады. Олар ерлік туралы кітап жазған жоқ. Бірақ бүкіл өмірін ерлікпен өткізді. Біз үшін анамыз қалдырған ең қымбат мұра – дүние емес.Ол – адал еңбек. Ол – сабыр. Ол – мейірім. Ол – ағайынның бірлігі.Ол – адамға деген құрмет. Ол – ешқашан жоғалмайтын  — Ана аманаты.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді дана халқымыз. Анамыз Күлшат Алтынбекқызының жарқын бейнесі де адал еңбегімен, кең жүрегімен, ақ пейілімен ұрпағының жадында мәңгі сақталады. Алла Тағала анамыздың жатқан жерін жарық, топырағын торқа, иманын жолдас етсін. Жәннаттың төрінен орын берсін. Артында қалған ұрпағына бірлік, амандық, береке мен баянды ғұмыр нәсіп етсін. Анамыздың рухына тағзым.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір