«Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі…»
Осылай деп Ілияс Жансүгіров жоғары бағалаған қазақтың ақпа-төкпе ақыны Қашаған Күржіманұлы туралы айту – тұтас бір халықтың жадын, бір өңірдің рухын, бір ұлттың сөз өнеріне іңкәрлігін, тарихқа адалдығын, ізгілікке ілтипатын қозғау.

Мен 2013 жылы жарық көрген «Қашаған – сөздің дүлдүлі» кітабым мен 2021 жылы шыққан «Жыр жүйрігі – Қашаған» атты академиялық жинақты құрастыру кезінде жауапкершілікті терең сезіндім. Себебі Қашаған – елдің тілі болған, заманның зілі мен зарын көтерген, мұңдыны жұбатқан, дүлейді тежеген, сараңды түйреген, надандықты әшкерелеген, әділетті жоқтаған, сөздің құнын өз ғұмырымен дәлелдеген ірі тұлға. Оның мұрасын бір мақалаға, бір кітапқа, бір конференцияға, тіпті бір мерейтойға сыйғызып қамту мүмкін емес. Бірақ соған қарамастан әр буын өз заманында шамасы жеткенше Қашағанды санамызда қайта жаңғыртуға міндетті.

Қашаған мұрасы – көп қабатты рухани әлем. Оның өз шығармалары – өлеңдері, толғаулары, сөз қағысулары, айтыстары, дастандары – бір бөлек дүние. Сол мұраны ел аузынан жинап жеткізгендер, баспаға әзірлегендер, зерттегендер, түсінік бергендер, көркем шығармаларға арқау еткендер, мақалалар жазғандар, насихаттағандар – бұлар екінші үлкен әлем. Ал осы екінші әлемнің өзінде де қаншама тағдыр, қаншама табандылық, қаншама адал еңбек жатыр. Библиографиялық көрсеткішті жай ғана тізім деп қарауға болмайды. Ол – Қашағанды ұмыттырмай келе жатқан ұлт жадындағы үзілмеген арқаудың картасы. Онда Ілияс Жансүгіровтен бастап, Ахмет Жұбанов, Қабиболла Сыдиықов, Әбіш Кекілбайұлы, Хамит Ерғалиев, Бибіайша Нұрдәулетова, Серікбол Қондыбай, Жетібай Жылқышыұлы, Тұрсынғали Көшенұлы, Мырзатай Болат, Темірхан Медетбек, Серік Негимов, Ислам Жеменей сынды талай зерттеуші, қаламгер, жинаушы, жанашыр тұлғалардың ізі сайрап жатыр. Бұл еңбектердің әрқайсысы Қашаған әлеміне ашылған бір-бір қақпа іспетті. Бірі оның жырын хатқа түсірді, бірі текстологиясын саралады, бірі көркемдік қуатын танытты, бірі тарихи тұлғасын айқындады, бірі тектілік тамырын іздеді, бірі ескерткіштерінің жайын сөз етті, бірі ұрпағын іздеп тапты, бірі халыққа қайта қауыштырды. Осынау жекелеген еңбектердің бәрі тұтас ұлттық рухани қозғалыстың көрінісі.
Менің Қашағантануға кірісуім – сырттай қызығушылықтан емес, ішкі рухани тартылыстан болды деп сеніммен айта аламын. Ақын атамыз туған топырақта туып өстім. Оқушы, студент, магистрант, докторант кездерімнен Қашаған туралы тұрақты түрде мақалалар жазып келемін.
Қашағанның киелі өнер иесі, тылсым болмысы бар жырау екенін танытқым келді. Бір мақаламда жазғанымдай, оған «Шыңғыс хан» дастанын қысқартып айтуға мәжбүр болған сәтте жай түсуі туралы ел аузы ндағы аңыз – сөз киесіне деген халықтық танымның бір көрінісі. Бұл – Қашағанды әрі әдеби категориямен, әрі дәстүрлі дүниетаным деңгейінде тануымыз керектігін аңғартатын нышан.
Ал Қашекеңнің аталас ұрпағы Тұрсынғали Көшенұлы ақсақалдың маған ұсынған көлемді естелік-деректерінен ақынның жан-жақты қыры көрінеді. Онда жыраудың ата-тегі, тұрмыс жолы, өнер қонуы, ел ішіндегі беделі, өзінен кейінгі мұрасының сақталу тарихы, ұрпақтарының тағдыры, мерейтойларының өтуі, ескерткіштерінің орнатылуы, «Қашаған» мұнай кен орны атауының берілуі, кеңестік кезеңдегі арыз-өсек, қызғаныш, талас-тартыс, бірақ соған қарамастан ақын рухының қайта оралуы – бәрі-бәрі бар.

Ұлы жырау есімі мен еңбегінің елдің есіне қайта оралуында, әр жылдары республика көлемінде мерейтойларының аталып өтуінде, Қырықкездегі кесененің салынуында, Ақтаудағы ескерткіштің орнатылуында, ел ішіндегі насихат жұмыстарының жандануында, Түрікменстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан жақтағы ағайындарға хабар жетуінде, жаңа деректердің табылып, ұрпақтарының анықталуында руханият жоқшысы болып жүрген азаматтардың өлшеусіз еңбегі жатыр. Ол еңбекті тек «ұйымдастырды», «жүгірді», «хабарласты», «үйлестірді» деген етістіктермен бағалау аздық етеді. Бұл – рухани күзеткерлік, бұл – ұлт мұрасының қарауылында тұру. Бір адамның емес, тұтас елдің жадын сақтап қалуға бағытталған азаматтық миссия.
Қашаған туралы ел ішінен жиналған, шағын көрінгенімен, шын мәнінде аса бағалы ауызша материалдардың да орны бөлек. Олардың әрқайсысы Қашағанның ақындық табиғатын, мінезін, дүниетанымын, импровизаторлық шеберлігін, сатиралық қуатын, адам танығыштығын, қоғамдық көзқарасын, сөздің психологиялық әсерін шебер пайдаланатын дарынын аңғартады. Қашаған біреуді жай мінеп қана қоймайды, ол әлеуметтік мінезді ашады. Бір сөзінде бүкіл дәуірдің кеселін дәл басады. Бір шумағында бір адамның емес, тұтас қауымның дертін көрсетеді. Сол үшін де оның сөздері жеке оқиғаға байланғанмен, мазмұны жалпыхалықтық сипатқа ие болып кетеді. Қашаған поэзиясының өміршеңдігі осында.
Мен академиялық жинақ құрастыру үстінде Қашаған мұрасының мәтіндік, тарихи, әдеби, мәдени, музыкалық, қоғамдық және мифопоэтикалық қабаттарының бір-бірімен үзілмей байланысып жатқанын анық көрдім. Мәселен, Қашағанды тек жырау десек – талант ауқымын тарылтып аламыз. Тек ақын десек – тағы да жеткіліксіз. Ол – шежіреші, әлеуметтік сыншы, эпик жыршы, сөз қағыстыру шебері, салттық жыр үлгілерін жаңғыртушы, халықтың көңіл-күйін дөп басатын психолог, тарихи жадыны тірілтуші, діни-философиялық ойды да игерген, елдік сананы да көтерген, ұлттық мінез-құлықты да сөйлеткен сирек тұлға. Оның «Атамекен», «Топан», «Адай тегі», «Қарасай-Қази», «Әзіреті Ғали» сияқты туындыларының өзі бір-бір ғылыми мектептің жүгіне татиды. Ал қонақкәде, тойбастар, көңіл айту, мысқыл, бітім-сөз, жұмбақ айтыс, тосын жағдайларға байланысты лезде туған жырлары – Қашаған поэзиясының табиғи лабораториясы іспетті.
Менің он бес жыл бұрын жазған «Қашаған Күржіманұлының әдебиеттегі бейнесі» атты мақалам да осы ұзақ жолдағы бір белесім еді. Ол кезде мен Қашаған бейнесінің ақынның өз жырларында, әдебиеттегі көркем бейнелеулерде, зерттеулер мен естеліктерде қалай сомдалатынына көбірек назар аудардым. Бүгін сол мақалама сын көзіммен қарап отырып, оның жас зерттеушінің шын ықыласынан туған еңбек екенін сезінемін. Бірақ бүгінгі түсінігім сол кездегіден әлдеқайда кеңейді. Бұрын мен Қашағанның әдебиеттегі бейнесін негізінен мәтіндік және теориялық тұрғыдан танысам, қазір оның тұтас мәдени феномен екенін анық ұқтым. Қашаған – бірнеше дәуірдің рухани айнасы. Оны әр заман әртүрлі қырынан қабылдап келеді. Кеңес дәуірінде бірде еленбей, бірде іріктеліп, бірде күдікпен қаралып, бірде қайта көтерілген ақын бейнесі тәуелсіздік тұсында ұлттық руханияттың ірі символына айналды. Бұл өзгеріс жайдан-жай болған жоқ. Мұның артында елдік сананың өсуі, архивтік мұраның жиналуы, ұрпақтар сабақтастығының сақталуы, қазақ ұлтының ұлы перзентіне деген адалдығы жатыр.
Қашағанға қатысты кітаптар легіне қарасақ, мұнда да бір жүйе, бір эволюция бар. Алғашқы әдеби басылымдарда жыраудың жекелеген жырлары, кейінірек жинақталған туындылары, одан соң зерттеулер, энциклопедиялық анықтамалар, оқу құралдары, ғылыми монографиялар, ноталық жинақтар, антологиялар, естелік кітаптар, көптомдықтарға енген нұсқалар, тіпті көптілді басылымдар мен диск нұсқалары жарық көрді. Бұл нені аңғартады? Бұл – Қашаған мұрасының бір жанрға, бір салаға, бір аудиторияға ғана тән емес екенін көрсетеді. Оны әдебиетші де іздейді, тарихшы да қарайды, фольклортанушы да үңіледі, тілші де пайдаланады, күйші мен жыршы да сүйенеді, мектеп пен университет те қажетсінеді, жергілікті өлкетанушы да тірек етеді, журналист те мақаласына арқау қылады. Демек, Қашаған – оқшау тұрған ескерткіш емес, үнемі қолданыстағы рухани қуат көзі.
Газет-журнал материалдарының өзі бөлек бір эпос. 1935 жылғы «Әдебиет майданынан» бастап, 2021 жылға дейінгі мерзімді басылымдарда Қашағанның атын тірілткен жүздеген жазбалар жатыр. Әсіресе, 1989-1991 жылдар аралығындағы газет тігінділері – шын мәнінде Қашағанды қайта халыққа қайтарудың қоғамдық хроникасындай. Сол жылдардағы «Коммунизм таңы», «Маңғыстау», «Түлеген түбек», «Жұмысшы», «Огни Мангышлака» секілді басылымдарда жарияланған материалдардан ел ішіндегі ояну, мерейтойға дайындық, қаражат жинау, халықтық қолдау, өңірлердің үн қосуы, жыр мәтіндерінің қайта басылуы, көрмелер, кездесулер, экспедициялар, ескерткіш пен кесене төңірегіндегі жұмыстар, ғылыми пікірлер, әдеби арнаулар – бәрі көрінеді. Бұл мақалалар жиынтығы бізге тұтас қоғамның рухани серпілісін көрсетеді.
Мен үшін бұл қос жинағымның бір үлкен мұраты – Қашаған туралы шашырап жатқан дүниелерді бір арнаға түсіру, сонымен қатар Қашаған айналасында қалыптасқан зияткерлік ортаның ауқымын көрсету. Өйткені кейде біз ақынның өз туындыларын ғана алға шығарып, оны зерттегендер мен жоқтағандардың еңбегін көлеңкеде қалдырып қоямыз. Ал шын мәнінде Қашаған мұрасы – ақын сөзі мен халық жадының, жырау өнері мен ғалым еңбегінің, ұрпақ аманаты мен баспа мәдениетінің тоғысқан жері. Бұл тоғысуды түсінбейінше, Қашағанның бүгінгі биігін толық ұғына алмаймыз.

2011 жылғы 170 жылдық мерейтой да осы жолдағы аса ірі белес болды. Қырықкез қорымына тағзымнан басталып, университеттегі кітап тұсаукесері мен ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласқан, филармониядағы республикалық жыршы-термешілер байқауымен, ашық аспан астында өзім өткізген мүшәйрамен, аймақтық ақындар айтысымен жалғасқан сол үш күн – Қашағанның ел санасындағы орнының әлі де айрықша екенін дәлелдеді. Ол мерейтойда өткенді еске алу, мұраны бүгінгі заман тілімен қайта сөйлету үрдісін байқадық. Бір жағынан ғылыми баяндамалар жаңа тұжырымдар ұсынды, екінші жағынан жыршылар мен ақындар Қашаған рухын сахнада тірілтті. Осы екі арнаның – ғылым мен өнердің қатар жүруі Қашаған феноменінің табиғатына өте сай келді. Себебі Қашағанның өзі де әрі ойшыл, әрі орындаушылық дәстүрдің иесі болған тұлға.
«Қашаған – сөздің дүлдүлі» деп шыққан алғашқы еңбектің де, кейінгі «Жыр жүйрігі – Қашаған» секілді жаңарған сипаттағы жинақтың да астарында бір ғана ниетім болды. Ол – Қашағанды халыққа жақындату, Қашағантану зерттеулерінің ауқымын кеңейту, Қашаған туралы сөздің өрісін тарылтпау. Бұл жұмыстарымда талай жылдық ізденіс, кітапханалар мен архивтегі газет тігінділерін ақтару, ел ішіндегі қариялардың сөздерін жазып алу, бұрын жарияланған материалдарды салыстыру, мәтіндерді түзету, авторлар мен құрастырушылар еңбегін бір арнаға түсіру, рухани сабақтастықты жалғау секілді бейнетті жұмыстар жатыр. Мұндай еңбекті бір адамның атақ үшін атқара салуы қиын. Бұған махаббат, ыждағат, төзім керек, ұлт сөзінің алдындағы адалдық керек.
Енді Қашаған ақын – музей сөресінде, архив қорында қатып қалған есім емес. Ол – бүгін де керек тұлға. Себебі ол әділет туралы айтты. Ол елдік туралы айтты. Ол рухани азғындауға қарсы тұрды. Ол қорлық көргеннің сөзін сөйледі. Ол бай мен кедейдің, әкім мен қараның, молда мен көптің, ер мен әйелдің, жақсы мен жаманның, сараң мен сақидың, дүмше мен білімдінің ара-жігін сөзбен ашып берді. Яғни Қашаған поэзиясы – моральдық компас. Оның өткір тілі – қоғамның өзін-өзі тексеру құралы. Оның эпикалық кеңістігі – тарихи сана мектебі. Оның шежірелік арнасы – тамыр тану сабағы. Оның жыршылық дәстүрі – ұлттық интонацияның үлгісі. Оның айтыстары – ойдың қылышы. Оның мысқылы – қоғамдық иммунитет.
Сондықтан Қашағанды тек мерейтойлық деңгейде еске алу аз. Оны мектеп бағдарламасында да, жоғары оқу орындарының курстарында да, жыршылық мектептердің репертуарында да, өңірлік мәдени саясатта да, ғылыми жобаларда да, цифрлық архивтерде де жүйелі түрде ұстау керек. Қашаған мұрасын текстологиялық тұрғыдан қайта қарап, барлық нұсқаларын салыстырып, академиялық жинағын толықтырып отыру – алдағы ірі міндеттердің бірі. Оның шығармаларының ғылыми түсініктемелермен, аудармалармен, дыбыстық және ноталық нұсқалармен қатар жариялануы да маңызды. Өйткені Қашаған – тұтас қазақ руханиятының алтын қорына кірген тұлға.
Қашаған туралы еңбек ету – өткенге, бүгінге де, болашаққа да қызмет ету. Өйткені рухани іргесі әлсіз ұлттың ертеңі де әлсіз болады. Ал Қашаған секілді алыптарды тану – сол іргені бекіту. Біз Қашағанды қаншалық терең танысақ, өзімізді де соншалық терең танимыз. Біз оның жырынан халықтың мінезін көреміз, тарихтың табын сеземіз, сөздің салмағын ұғамыз, ар мен намыстың өлшемін аңғарамыз. Қашағанды ұлықтау – сөздің қасиетін, әділеттің құнын, ұлттық рухтың биіктігін мойындау.
Мақсатымыз – Қашағанды жаңа буын оқырманға жеткізу, жастардың танымына лайықтап ұсыну. Оның тек өткеннің емес, бүгіннің де, ертеңнің де ақыны екенін дәлелдеу.
Өзі айтқандай, Қашаған – қайыртпай кеткен жүйрік. Оның дүбірі бір ғасырмен тоқтаған жоқ. Оның даусы Қырықкезден де, Каспийден де, Еділ мен Жайықтан да, көршілес түрікмен мен қарақалпақ халықтарының арасынан да, кітап пен күйтабақтан да, мақала мен естеліктен де, жыршының көмейінен де, зерттеушінің қоржынынан да естіліп келеді. Сол үнді бәсеңдетпеу – біздің парызымыз. Қос жинақты құрастыру барысында дәл осы парыздың салмағын жан-тәніммен сезіндім.
Қашаған Күржіманұлының есімі тек әдебиет шеңберінде қалып қоймай, әлемдік деңгейдегі ірі «Қашаған» кен орнының атауымен бірге дүние жүзіне танылды. Қашаған туралы сөз әлі де айтыла береді. Қашаған туралы кітап әлі де жазыла береді. Қашаған туралы зерттеу әлі де тереңдей береді. Бірақ бір нәрсе анық – қазақ бар жерде Қашағанның аты өшпейді. Себебі ол – елдің тілі.
Бақтыбай ЖАЙЛАУ,
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аға оқытушысы,
PhD докторант.
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.