ЖАЙЛАУДАН ЖЕТКЕН АМАНАТ
09.07.2026
193
2

Екіаша жайлауында Көлбастау колхозының малшыларының ұрпақтары бас қосты.

Қазақ халқы үшін жайлау – төрт түліктің өрісі ғана емес, ұлттың рухы сақталған қасиетті мекен. Жайлауда өткен әрбір басқосу – өткенді еске алып, бүгінді бағалап, ертеңге аманат қалдыратын тағылымды кездесу.

“Өткенге құрмет-ұрпаққа аманат” атты қазақ үйге бұрынғы әке-шешелері ұстаған бұйымнан көрме ұйымдастырылды.

Жуырда 2026 жылдың 4 шілдесінде Алматы облысы, Кеген өңіріндегі қасиетті Екіаша жайлауында өткен «Жайлаудан жеткен аманат» атты тағылымды шара – сондай елдік пен бірліктің жарқын көрінісі болды.

Бұл басқосудың ерекшелігі – кезінде Кеңес Одағы тұсында Көлбастау колхозында мал шаруашылығында еңбек еткен малшылардың ұрпақтарының қайта қауышуы еді. Кезінде бір жайлауда еңбек етіп, бір үзім нанды бөлісіп жеген, елдің ырысы мен берекесін арттыруға үлес қосқан азаматтардың бүгінгі ұрпағы қасиетті жайлауда бас қосып, ата-баба рухына тағзым етті.

Бұл күні Әлжан ата, Нүрәш ата, Рақымберді ата, Мұқан ата, Дәуітқали ата, Нұрақын ата, Кеңесбай ата, Мәмбетәлі ата, Мергенбай ата, Иманмұхамет ата, Тұрсынқожа ата, Бекен ата, Мұсан ата, Әбен ата, Стан ата, Қалиахмет ата, Бердәулет ата, Сейлібай ата, Манап ата, Нүрәлімбай ата, Тоқтарбай ата, Кәкен ата, Ниязақын ата, Қоржынбаев Серік аға, Сағындық ата, Амантай ата, Жұмақожа ата, Рақым ата, Ысқақ ата, Оразқан ата, Әбіт ата, Айтжан ата, Қопыр аға, Ізтай ата, Қайнарбай ата, Сабаз ата, Тұрсынғали аға, Рақымбай ата және Иманәлі аталардың ұрпақтары бір шаңырақ астында жүздесті. Барлығы 39 әулеттің ұрпақтары ата-баба аманатына адалдық танытып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің өнегесін паш етті.

Шара таңғы уақытта 39 әулеттің салтанатты шеруімен басталды. Ақ жаулықты аналардың шашуы шашылды. Радио саласының ардагері Аманжан ағаның жүрекжарды лебізі көпшілікті толқытып, ата-баба жолын жалғаудың, туған жерді қадірлеудің маңызын тағы бір мәрте еске салды.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев мұндай игі бастамалардың жастар тәрбиесіндегі орны ерекше екенін атап өтті. Ал ауыл әкімі Рүстем Әлімов баяндама жасап , әр әулеттің жеткен жетістіктері туралы баяндап берді. Осы іс-шарада 90 жасқа толайын деп отырған Кеңесбай ата батасын берді. Ал Ілияс Оразаев Олар ата-баба мұрасын ұлықтаған ағайынға алғыстарын білдіріп, осындай кездесулердің дәстүрге айналуына тілектестік білдірді.

Кездесудің ең әсерлі тұстарының бірі – ата-аналарды ардақтау рәсімі болды. Әр әулет сахна төріне шақырылып, арнайы дайындалған номинациялармен марапатталды. Бұл марапат – жарыс жеңімпаздарын анықтау емес, ата-ананы құрметтеген, бірлігін сақтаған әулеттерге көрсетілген құрметтің белгісі еді. Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетіліп, қонақтарға қазақы дәстүрмен шапан жабылды.

Мерекелік концертте халық әндері шырқалып, күйлер орындалды. Елімізге белгілі әнші Ербол Құдайбергенов әнмен әуелетсе, ал ҚР мәдениет қайраткері Талғат Оразаев күймен Екіаша жайлауына шашу шашты. Ысқақ атаның немересі әнімен көпшілік көзайымы болды. Жалағаш ауылының мәдениет үйінің басшысы Сания ханым әні өткен шаққа саяхат жасатса, Нұрақын атаның немере қызы Нұрайдың арнау оқып, бәрімізді біраз толқытып алды, Әбен атаның немересі керемет би билесе, Берікқызы Алаудың орындауындағы «Ортеке» әні көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Ақсақалдардың естеліктері көпшілікті өткен күндерге жетеледі. Олар Көлбастау колхозының тыныс-тіршілігін, малшылардың ерен еңбегін, жайлаудағы өмірдің қызығы мен қиындығын тебірене еске алды. Сағындық ата мен Нұрсәуле апалар, өлкетанушы Болат Сәрсенбаев ағамыз және Амангелді Ысқақұлы ағамыз өздерінің ақжарма естеліктерімен бөлісті. Жастар сол әңгімелер арқылы өздерінің ата-бабалары жүріп өткен жолдың қадірін тереңірек сезінді.

Шара барысында дүниеден өткен ата-бабалардың рухына Құран бағышталып, ас берілді. Бұл – қазақтың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тағылымды сөзінің өміршеңдігін тағы бір дәлелдегендей болды.

Түстен кейін ұйымдастырылған ұлттық ойындар – көкпар тарту, асық ату және өзге де жарыстар – мерекенің сәнін келтіріп, үлкен мен кішінің басын қосты.

Осындай тағылымды шараның дүниеге келуіне мұрындық болған бастамашы, идея авторы әрі негізгі ұйымдастырушысы – Бақытгүл Әлжанқызы Нұрмұқанова. Ол екі жарым ай бойы тынымсыз еңбек етіп, шараның әр сәтін жан-жақты ойластырып, ұйымдастыру жұмыстарын үйлестірді. Оның батылдығы, табандылығы, алғырлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті осы игі істің жоғары деңгейде өтуіне негіз болды.

Ұйымдастыру жұмыстарына Ибақов Мұрат, Тәжиев Айдар, Мамырбеков Асхат, Қызайбеков Қуатжан, Әбіішов Ерболат, Сыдықов Серік, Нүсіпқожаев Қайрат және Нүрелов Нақан, Шарғынов Ерболат, Тоқтарбаев Жарқын , Тұрсынғалиұлы Қуат сияқты жігіттер белсене атсалысып, мерекенің мазмұнды әрі үйлесімді өтуіне елеулі үлес қосты.

Шара соңында ақсақалдар ұйымдастырушыларға ақ баталарын беріп, әсіресе Бақытгүл Әлжанқызының еңбегіне ризашылықтарын білдірді. «Қыз болса да, елдің жүгін көтерді, ағайынның басын қосты» деген жүрекжарды тілектер айтылып, ақ жаулықты аналар алғыстарын жаудырды. Бұл – халықтың ықыласынан туған ең үлкен марапат еді.

«Жайлаудан жеткен аманат» – жай ғана кездесу емес. Бұл – Көлбастау колхозында еңбек еткен аға буынға көрсетілген құрмет, олардың маңдай терімен келген еңбегін ұлықтау, кейінгі ұрпаққа бірлік пен сабақтастықтың үлгісін көрсету болды. Осындай басқосулар ұлттық жадымызды жаңғыртып, туған жерге, ата-бабаға және еңбек адамына деген құрметті арттыра түсетіні сөзсіз.

  Естелік фотосуреттерден жасалған холсттар өткеннің жарқын сәттерін еске түсіріп, ностальгия сезімін оятты.

Екіаша жайлауында жаңғырған бұл тағылымды кездесу өткеннің өнегесін бүгінмен жалғап, келешек ұрпаққа аманат болған рухани мұра ретінде ел жадында ұзақ сақталмақ.

Бақыт Нұрақынқызы

ПІКІРЛЕР2
Аноним 09.07.2026 | 23:36

Өте керемет әдемі әсері таумен уштасып мағынасы терең тағлымды естелік болмақ

Аноним 10.07.2026 | 12:26

Керемет жарайсың БАҚАТАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір