ҰЛЫ ЕРЛІК ҰРПАҚҚА АМАНАТ
26.12.2025
192
1

Бейбіт заманда ерлік дегеніміз не?

Қолына қару алып, оқ пен оттың ортасында шайқасу ма, әлде тыныш күнде ар-ожданға адал болып, елге қызмет ету ме? Ерлік – өткенді ұмытпай, батыр аманатына берік болу, Отанды сүюді сөзбен емес, іспен дәлелдеу.

Қазақ халқының тарихы – сын мен сынаққа толы жол. Тар жол, тайғақ кешу де болды, Ақтабан шұбырынды да өтті, от кешкен сұрапыл соғыс жылдары да артта қалды. Бірақ бір нәрсе ешқашан өшкен емес – елдік рух. Сол рухтың биік шыңында Бауыржан Момышұлы сынды батыр тұлға тұр. Ол – тек соғыс қаһарманы емес, ұлттың ар-ұяты, тәртіп пен намыстың темірқазығы.

Бауыржан Момышұлы үшін ерлік – бір сәттік батырлық емес, өмір бойы ұстанған азаматтық қағида еді. Соғыс жылдарында ол тек қол бастаған қолбасшы ғана емес, сарбаз рухын көтерген, әділдік пен тәртіпті бәрінен биік қойған тұлғаға айналды. Оның ерлігі қарумен емес, қайсар мінезімен, әділ шешімімен, адамдық болмысымен өлшенді.

Осы терең ой Батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай Алматы қаласындағы И.А. Крылов атындағы қалалық жасөспірімдер мен балалар кітапханасында өткен

«Ұлы ерлік – ұрпаққа аманат» атты тағылымды кештің негізгі өзегіне айналды. Шараға Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы әскери және спорт колледжінің ұландары қатысып, батыр рухына тағзым етті.

Кеш барысында Бауыржан Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігі мен бүгінгі бейбіт замандағы ерлік ұғымы өзара сабақтастырыла айтылды. Егер кешегі майдан даласында ерлік – елді қорғау болса, бүгінгі күні ол – тәртіпке беріктік, жауапкершілік, адал қызмет пен рухани мықтылық. Бұл – батыр аманатының бүгінгі көрінісі.

Тағылымды кеш колледж ұландарының орындауындағы «Егемен Қазақстан» әнімен ашылды. Сап түзеген жас сарбаздардың асқақ үні залға ерекше рух беріп, елдік пен патриотизмнің биік сезімін сездірді.

Кештің қадірлі қонақтары – ерлік жолын өз өмірімен дәлелдеген тұлғалар болды.

Ауған соғысының ардагері, запастағы полковник, Қазақстан Республикасының шекара қызметі жүйесіндегі құқық қорғау құрылымдарының құрметті ардагері, «Застава Тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ертышпаев Қазақпай Зейнулұлы – бейбіт күннің қадірін майдан көрген жүрегімен ұғынған азамат.

Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзі оның өмір жолымен толық үндеседі. Қазақпай Зейнулұлының әрбір ойы жастарды отансүйгіштікке, жауапкершілікке, ерлік пен адалдыққа үндеді.

Екінші қонақ – журналист, тарихшы, жазушы, мәдениеттанушы, музей ісінің кәсіби маманы Жандарбек Қырықбайұлы Қарабасов. Ол Бауыржан Момышұлының тұлғасын тек батыр ретінде емес, ұлттық рух пен азаматтық мінездің символы ретінде терең ашып көрсетті.

Өз баяндамасында ол батырдың Отан туралы философиялық ойларына тоқталып, тыңдарманға ерекше әсер қалдырған мына сөздерді келтірді:

«Отан деген түсінік адамның ұғымына ананың ақ сүтімен бірге сіңеді… бұл менің туған ауылым, бұл менің Отаным еді…»

Бұл ойлар Отанның жүрекпен сезілетін қасиетті ұғым екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Кеш барысында ұландардың бірі – Сатыбалды Аңсар батыр рухына арналған өлең оқып, залға ерекше серпіліс сыйлады. Жас буынның бойындағы отансүйгіштік пен рухани жауапкершілік айқын аңғарылды.

Кеш соңында ұландар өздерінің күнделікті өмірлік ұстанымын білдіретін жүрекжарды ант сөздерін айтты. Бұл салтанатты рәсім емес, Бауыржан атына адалдықтың, Отанға деген сенімнің айғағы болды.

Осы сәт кештің мазмұнын түйіндеп, батыр рухының бүгінгі ұрпақ жүрегінде тірі екенін көрсетті.

Ұландарға жетекшілік еткен аға сержант Махамадов Бобомурод Хаётович жас сарбаздарға тәртіп пен жауапкершіліктің нақты үлгісін көрсете білді.

Шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы әскери және спорт колледжінің бастығы, майор Ақпанбеков Берден Гузыханұлына шынайы алғыс білдіреміз. Ол басқарып отырған ұжым жастардың бойына батыр рухын, тәртіп пен елдік мінезді жүйелі түрде сіңіріп келеді. Осындай азаматтармен мақтанамыз.

Бұл тағылымды кеш – батыр ерлігін ұлықтаған, жас ұрпақтың жүрегіне отансүйгіштік рух дарытқан мәнді рухани басқосу болды.

Ең басты түйін айқын: ерлік – өткеннің естелігі емес, бүгінгі өмірде жалғасатын рухани мұра.

Бауыржан Момышұлының ерлігі – ұрпаққа қалған аманат. Сол аманатты ісімен, мінезімен жалғастыру – бүгінгі жас буынның қасиетті борышы.

Ұлы ерлік – ұрпаққа аманат.

Айжамал Жолдасқызы,
қаламгер,
кітапханашы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.12.2025 | 11:58

Әскери колледж ұланының анасы ретінде осындай танымдық әрі мәдени іс -шара өткендігіне және сол кешке менің де ұлым қатысып дүниетанымын кеңейткеніне дән ризамын. Баукеңнің нар тұлғасы, әдебиетке қосқан үлесі, Отан алдындағы азаматтық парызы әрбір жанға үлгі, өнеге. Батырдың туғанына 115 жыл қарсаңында осындай игі шара жасалып, қаһарман атамыздың есімін ұлықтап жатқан ұйымдастырушыларға зор алғыс!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір