«ШЕБЕР FEST – 2026»: ҰЛТТЫҚ ӨНЕР МЕН РУХАНИЯТ ТОҒЫСҚАН ҰЛЫ АЛАҢ
Атырау төрінде өткен «ШеберFEST – 2026» халықаралық қолөнер шеберлерінің фестивалі ұлттық өнердің қадірін асқақтатып, рухани мұраны ұлықтаған ірі мәдени оқиғаға айналды. Екі күн бойы Сұлтан Бейбарыс алаңы мен шығармашылық кеңістіктері ұлттық нақышқа бөленіп, қолөнердің қасиетін ұғындырған тағылымды мерекенің ортасына айналды. Бұл фестиваль – тек шеберлердің көрмесі ғана емес, тарих пен бүгінді, дәстүр мен заманауи өнерді, халықтар мен мәдениеттерді тоғыстырған рухани көпір болды.

Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де мемлекеттерден келген 100-ге жуық қолөнер шебері қатысты. Олар өздерінің бірегей туындыларын көпшілік назарына ұсынып, ұлттық қолөнердің бай мұрасын кеңінен насихаттады. Атыраулықтар мен қала қонақтары фестиваль барысында киіз басу, алаша тоқу, зергерлік өнер, ағаш және тері өңдеу, қыш құмыра жасау, тоқыма тоқу секілді халқымыздың көне өнерінің қыр-сырымен жақын танысты. Бірнеше тақырыптық аймақта ұйымдастырылған фестиваль-көрмеге 6000-ға жуық қолөнер бұйымдары мен ауыл шаруашылығы өнімдері қойылып, оның ішінде 4000-нан астам авторлық қолөнер туындысы көрермен назарына ұсынылды. Әр бұйымнан ұлттық болмыс пен шебердің жан дүниесі сезіліп тұрды. Қолөнер шеберлері өз жұмыстарын таныстырып қана қоймай, келушілерден арнайы тапсырыстар қабылдап, бірегей бұйымдарын сатылымға шығарды. Нәтижесінде 2000-нан астам авторлық туынды өз иесін тапты.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған халықаралық шеберлік сағаттары да көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. «Creative Hub Atyrau» шығармашылық орталығында өткен кездесулерде шетелдік және отандық шеберлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық өнердің терең мазмұнын танытты. Қырғызстаннан келген қолөнерші, дәстүрлі білімді зерттеуші Бактыгүл Капалова құрақ құрау өнерінің ерекшеліктерін таныстырса, Өзбекстан Республикасындағы Риштан халықаралық керамика орталығының мүшесі Мухаммадйёр Назиров ұлттық керамика өнерінің қыр-сырын түсіндірді. Ресей Федерациясынан келген Оксана Гречкина саз балшықпен жұмыс жасау техникасын үйретіп, қатысушыларды шығармашылық ізденіске баулыды. Ал алматылық шебер Гүлназым Өмірзақ бізкесте өнерінің нәзік ерекшеліктерін дәріптеді.

Фестиваль барысында этно-дефиле, көрмелер, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылып, ұлттық өнердің мәйегі мен ата-баба мұрасы кеңінен насихатталды. Қазақтың ұлттық киімі – тек сән үлгісі емес, ұлттың тарихы мен рухани болмысының айнасы екені сән көрсетілімдері арқылы айқын көрініс тапты. Киізден бастау алған қазақы нақыш, оюмен өрілген өркениет, ұлттық болмыс пен за манауи стиль үндескен дизайнерлік туындылар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Алғашқы болып сахна төріне суретші-дизайнер, республикалық және халықаралық фестивальдердің қатысушысы, «Маржан Маршалл» брендінің негізін қалаушы Маржан Маршалл шықты. Оның топтамаларында ұлттық нақыш пен заманауи сән үйлесім тауып, әйел табиғатының нәзіктігі мен еркіндігі ерекше сипат алды. Келесі кезекте «Global Textile Manufacturing» компаниясы мен «Madame Aisu» брендінің негізін қалаушы Айсұлу Уразбаева өз туындыларын ұсынды. Халықаралық сән алаңдарында ұлттық киім өнерін жаңа деңгейге көтеріп жүрген дизайнердің жұмыстары қазақы сән мен әлемдік трендтердің үйлесімін көрсетті. Сән шеруі әрі қарай халықаралық дәрежедегі суретші, «BatiKKami» мәдени қорының негізін қалаушы Камила Жапалованың ерекше топтамаларымен жалғасты. Батик өнері арқылы ұлттық бояуды жаңғыртқан суретшінің туындылары көрермен жүрегінен орын алды. Сондай-ақ «RAI» брендінің негізін қалаушы Райхан Әбдіғалиева этно-заманауи үлгідегі киімдерін таныстырды. Оның шығармашылығындағы басты ерекшелік – ұлттық сән арқылы мейірім мен қамқорлық идеясын насихаттау. Дизайнер ерекше және қалыпты жасөспірімдерді сән сахнасына шығарып, ұлттық киімнің жаңа тынысын көрсетті.
Фестиваль барысында ұлттық тағамдар көрмесі мен «ГастроFEST» алаңы да ұйымдастырылды. Мұнда аудан кәсіпкерлері ауылдан өндірілген ұлттық өнімдер мен дәстүрлі тағамдарды ұсынды. Қонақтар қазақ халқының бай дастарқан мәдениетімен танысып, ұлттық дәмдерден ауыз тиді. Ұлттық ойындар да көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Қатысушылар ептілік, төзімділік және батылдықтарын сынға салып, қазақ халқының көне ойындарының мән-маңызын сезінді.

Шара аясында фестиваль қонақтары көне Сарайшық музей-қорығына арнайы барып, тарихи-танымдық экскурсияға қатысты. Қолөнер шеберлері мен қонақтар көне шаһардың бай тарихымен танысып, қазақ халқының мәдени-рухани мұрасы туралы мол мағлұмат алды. Экскурсия барысында Сарайшықтың Алтын Орда дәуіріндегі орны, Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи маңызы мен қазақ халқының рухани өміріндегі ерекшелігі кеңінен таныстырылды. Тарихи мекеннің ерекше атмосферасы шетелдік меймандарға үлкен әсер сыйлап, олар қазақ халқының терең тарихы мен бай мәдениетіне үлкен қызығушылық пен ықылас білдірді.
Фестиваль аясында Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов қолөнер көрмесін аралап, шеберлермен жүздесті. Өңір басшысы ұлттық нақыштағы туындылармен танысып, шеберлердің еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар фестиваль соңында қатысушылар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Шеберлер фестивалінің барысындағы маңызды шаралардың бірі – «Музейге сый» акциясы болды. Шеберлер Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің қорына өздерінің құнды жәдігерлерін тарту етті. Бұл ұлттық мәдени мұраны сақтауға қосылған ерекше үлес ретінде бағаланды.
Екі күнге созылған «ШеберFEST – 2026» фестиваліне 8000-нан астам адам қатысып, Атыраудың мәдени өміріндегі ең жарқын рухани мерекелердің біріне айналды. Бұл фестиваль ұлттық өнердің мәртебесін көтеріп қана қоймай, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтқан, шығармашылық пен дәстүр сабақтастығын тоғыстырған маңызды халықаралық алаң болды. Фестивальді Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы және оған қарасты Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі ұйымдастырды. Ұлттық өнерді ұлықтаған тағылымды шара жоғары деңгейде өтіп, қолөнер шеберлері мен қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді.
Қазақтың қолөнері – ұлттың жаны. Ал сол асыл мұраны бүгінгі заманмен үндестіріп, әлемге таныту – руханиятқа қызмет етудің биік үлгісі. «ШеберFEST – 2026» дәл осы құндылықтарды дәріптеген тағылымды жобалардың бірі ретінде ел жадында қалары анық.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА