Ұлттық өнер жастардың көзімен

2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны баршаға мәлім. Бұл бастама еңбекқорлық пен кәсіби маман қалыптастыру идеясын дәріптейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімді қабылдау барысында: «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы біз қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік идеяларын насихаттаймыз», – деген болатын.

Осы атаулы датаға орай Алматы қаласы Білім басқармасының Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы ТжКБ бөлімінің жоспарына сәйкес Алматы сән және қызмет көрсету саласы колледжінде «Қазақтың ұлттық қолданбалы өнері» атты 5- ші қалалық кәсіби байқауы өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын байқауға АКАиМИ, АҚПтиТ, АКТИФ, АКМиСО колледждерінің студенттері қатысты.

Киіз басу, текемет жасау, кестелеп тігу, құрғақ жүннен бұйым жасау, құрақ құрау сияқты қазақтың ұлттық қолданбалы өнерін дамытып, жастар арасында насихаттау мақсатын ұстанған іс-шара бірнеше кезеңнен тұрды.
Алдымен әр колледжден келген командалар өздерін таныстырды. Келесі кезеңде үй тапсырмасы бойынша жасап келген бұйымдарын әділқазы назарына ұсынды. Ұлттық стильде тігілген коллекция көрсету бойынша өткен келесі кезеңде де үміткерлер барын салып бақты. Сол жерде дымқыл киіз басу әдісімен текемет жасау, құрақ құрау арқылы жастық тысын тігу, құрғақ киіз басу әдісімен жүннен бұйым жасау сынды тапсырмадан тұрған қорытынды кезеңде де жастар білгендерін жарқырата көрсетіп, ата-баба дәстүрі ұмыт қалмайтынын паш етті.

Әр кезеңнің тапсырмаларын мұқият тексеріп, бағалаған әділқазы алқалары жеңімпаздарды анықтап, барлық қатысушыларғаа алғыс хат тапсырды.

Қолөнер ісі жастар арасында кеңінен насихатталып, олардың креативты, заманға сай ойлары ұлттық өнермен ұштасып жатқандары көңіл қуантты.
Жанар Аубакирова,
Алматы сән және қызмет көрсету саласы колледжінің оқу өндіріс шебері