ӨНЕР МУЗЕЙІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ТАНЫМ
02.06.2026
23
0

 

Халықаралық музейлер күні қарсаңында Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясына қарасты Өнер музейінде «Ашық аспан астындағы музей түні» атты мәдени-танымдық шара өтті.

Музей кеңістігін заманауи мәдени орта ретінде танытып, ұлттық өнерді, тарихи жад­ты және рухани мұраны жаңа форматта насихаттап, қала тұрғындары мен қонақтарына музейді тек жәдігерлер сақталатын орын ретінде емес, өнер мен мәдениет тоғысатын ашық шығармашылық алаң ретінде ұсынуды мақсат тұтқан шара жоғары деңгейде өтті.
Бағдарлама аясында келушілер қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен, ұлттық өнердің көркемдік ерекшеліктерімен және музей қорындағы құнды экспозициялармен танысты. Киіз үйдің құрылымы мен жасалу ерекшеліктері көрсетіліп, ұлттық аспаптар мәдениетіне арналған шеберлік сағаттары, жанды музыка, фото аймақ, балаларға арналған шығармашылық алаң, түнгі экскурсия және лекция-концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Астана қалалық мәслихатының депутаты, «Креативті индустрияларды дамыту» қоғамдық қорының өңірлік даму жөніндегі басқарушы директоры Ерлан Каналимов: «Халықаралық музейлер түнінің мән-мағынасы ерекше. Бұл шараға өнер мен мәдениет өкілдері, руханиятқа жанашыр жандар қатысты. Қазақтың киіз үйі, құнды дүниелер көпшілік назарына ұсынылды. Өйткені мұражайда халықтың рухани әрі мәдени құнды жәдігерлері сақталады. Адамзаттың өткені мен бүгінінен сыр шертеді. Әрбір қобыз, домбыра, көзе, торсық сияқты түрлі экспонаттар тарихтан, рухани әлемнен хабар береді. Музей әрқашан адам баласы үшін қастерлі орын», – деп бұл іс-шараның маңызды екенін жеткізді.
Ал Өнер музейінің басшысы Баянды Сахарияұлы: «Халықаралық музейлер түніне байланысты «Ашық аспан астындағы музей түні» ұйымдастырылды. Мұнда Болат Сарыбайұлы атындағы шеберхана жұмыс жасайды. Қазақ халқының соғыс, жорық уақытындағы көпшілік атын білсе де, затын білмейтін құнды жәдігерлері қойылды. Белгілі этнограф ғалымдар Шоқан Уәлихановтан бастап, Ақселеу Сейдімбекке дейінгі зерттеген дүние­лерін зерделеп, Joshy Qazaq National Group ансамблі құрылып, ән, күйлер жазылып, халыққа танылып келеді. Бұл – өнер арқылы тарихты танып, мәдени мұрамен жаңа форматта қауышуға мүмкіндік беретін ерекше шара. Іс-шара Өнер музейінің де Елорданың мәдени өміріндегі маңызды шығармашылық кеңістік екенін айғақтайды», – дейді.
Расында да, Өнер музейінің ашық кеңістігінде өткен шара ұлттық болмыс, мәдени сабақтастық және заманауи өнер ұғымдарын бір арнаға тоғыстырды. Ұлттық аспаптардың үні, музей экспозициялары, түнгі экскурсия және ашық аспан астындағы мәдени атмосфера кештің мазмұнын толықтыра түсті.
Өнер музейінде қазақ халқының сирек кездесетін, уақыт көлеңкесінде қалып бара жатқан көне музыкалық аспаптарының мол қоры сақталған. «Желбуаз», «Мес сырнай», «Уілдек», «Тастауық», «Мүйізсырнай», «Керней», «Шыңдабыл» сынды бабадан жеткен асыл мұралар қайта жаңғырып, келушілерге таныстырылды.
Бүгінде мұнда 1600-ден астам ұлттық аспап қойылған. Келушілер көне жорық және көшпелі дәуірдегі дыбыстық белгілермен танысып, олардың жасалу тарихы мен үнін тыңдауға мүмкіндік алды. Қазір Өнер музейін Елордамыздың туристік тартымды нысандары қатарына енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық таным мен халық құндылықтарын терең түйсіне түсуге бағытталған шаралар легі жалғаса бермек.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір