Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Бүгінгі Түркістан – руханият пен өркениеттің тоғысқан ордасы»
28.10.2025
236
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «аймақ басшысы шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс» деп мәлімдеді. Бұл әсіресе Түркістан аймағы үшін ерекше маңызға ие. Себебі Президент айтып өткендей, Түркістан – түркі әлемінің алтын бесігі, бауырлас халықтардың бірлігін көрсететін ұлы шаһар. Киелі Түркістанның рухани астана ретінде дамып жатқанына 7 жылдың жүзі болды. Осы мерзім ішінде түлеген, түрленген Түркістанды дамытуда жасалған айтулы қадамдар бүкіл аймақтың экономикасына тың серпін берді. Түркістан шаһары бүгінде миллиондаған туристер мен қонақтардың тамашалауға асығып келетін мекеніне айналса, өңірдегі өндіріс саласының қарқыны күшейіп, тың жобалар іске асырылуда. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен арнайы жолығып, экономикалық мәселелермен қатар руханият тақырыбы төңірегінде де сұхбаттасудың сәті түсті.

 – Нұралхан Оралбайұлы! Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістан қаласы ерекше мәртебеге ие болды. Соңғы жылдарда еліміздің рухани астанасы адам танымастай өзгерді, түледі, түрленді. Түркістан тек Қазақстан емес, күллі түркі дүниесінің рухани орталығы екенін ескерсек, осы бауырлас түркітілдес елдермен арада туризм, іскерлік және мәдени бағыттардағы байланыстарды нығайтуда қандай жоба-жоспарлар бар?
– Иә, расында да, Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі – тарихи әрі тағдырлы шешім болды. Бұл мәртебе Түркістанның тек өңірлік емес, халықаралық деңгейдегі рухани, мәдени және экономикалық орталыққа айналуына жол ашты. Әлемде қала көп, бірақ Түркістан – жалғыз. Ол – түркі халықтарының тарихи тамыры, ислам өркениетінің алтын діңгегі. Түркістан – бүгінде тек Қазақстанның рухани орталығы ғана емес, күллі түркі дүниесінің ынтымақтастығын біріктіретін символ. Сондықтан бұл мәртебе тек Түркістанның емес, тұтас ел дамуының жаңа кезеңін бастады деуге болады.
Бүгінде Түркістан қаласы Мемлекет басшысының жүйелі қолдауының арқасында түбегейлі жаңарып, жаңа дәуірге қадам басты. Қаланың инфрақұрылымы мен сәулеті жаңарып, туристік әлеуеті артып, мәдени және экономикалық тұрғыдан серпінді даму жолына түсті. Қалада сәулет пен тарих үндескен бірегей дизайн-код бекітіліп, тарихи нысандардың сақталуы мен кесене айналасында құрылысқа шектеулер қою бойынша нақты регламент қабылданды.
Бұл шаралар – Түркістанның тарихи бейнесін сақтау мен заманауи дамуын үйлестіруге бағытталған. Бұл бағытта халықаралық деңгейде Түркістанның брендингі мен танымалдығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл Түркістанда алғаш рет «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST–2025» атты халықаралық қолөнершілер фестивалі өтті. Бұл іс-шараға 100-ден астам шетелдік шебер және 70-тен аса халықаралық қонақ қатысты. Форум аясында шетелдік және отандық қолөнер шеберлері тәжірибе алмасып, жаңа бірлескен жобаларды бастады. Басты мақсат – қазақтың ұлттық қолөнерін жаһандық деңгейге шығару, туристік және мәдени брендке айналдыру.
Көне шаһарға ерекше мәртебе берілгеннен кейін қолөнер мен туризм салаларын мемлекеттік тұрғыдан қолдау күшейтілді. Түркістанға ерекше мәртебе беру жайлы арнайы заң биыл 3 наурызда қабылданса, 18 сәуірдегі нормативтік актіге сәйкес, қолөнер шеберлерінің шығындарын өтеу тәртібі бекітіліп, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылды. Бұл – шағын және орта бизнесті, дәстүрлі кәсіптерді дамытуға арналған нақты қадам.
Түркітілдес елдермен мәдени және туристік байланыстар жаңа деңгейге көтерілді. Қазір Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Әзербайжан елдері бірігіп ортақ туристік бағыттар мен маршруттар әзірлеуде. Бұл бағдарламаға тарихи, рухани және гастрономиялық бағыттар енгізілген. Мысалы, «Tabarruk Ziyorat» жобасы аясында қасиетті орындарға зиярат туризмін дамыту қолға алынуда. Ал Өзбекстанның Қоқан қаласы биыл түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесіне ие болып, Түркістанмен бірлескен мәдени бағдарламаларды жүзеге асыруда.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жол картасы аясында Түркістан–Ташкент бағытында жаңа автобус
мар­шрут­тары қосылуда. Бұл – зиярат және мәдени туризмді біріктіріп, туристер легін арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Сонымен бірге бауырлас елдердің туристік орталықтары арасында бірыңғай ақпараттық платформа құру жобасы іске асырылуда. Түркістанда Әмір Темір, әл-Фараби және Қожа Ахмет Ясауи мұраларын сақтау және тұрақты туризмді дамыту тақырыбында халықаралық конференциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Мұндай жиындар түркі өркениетінің ортақ рухани тамырын жаңғыртуға және ғылыми байланысты нығайтуға зор үлес қосуда. Туризм саласының экономикалық әлеуетін арттыру бағытында нақты нәтижелер бар. 2025 жылға арналған даму жоспары аясында ішкі туризм бойынша 161 мың турист тарту жоспарланып отыр. Бүгінде жалпы құны 16,6 млрд теңге болатын 11 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар іске асқанда, 109,4 млн теңге көлемінде салық түсімі қамтамасыз етіліп, 354 жаңа жұмыс орны ашылады. Мұның бәрі өңірлік экономиканың тұрақтылығын арттырып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Түркістанның білім және ғылым саласындағы әлеуеті де күшейіп келеді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, сондай-ақ жуырда ашылған «Woosong University Kazakhstan» оқу орны өңірді халықаралық білім хабына айналдыруда. Қазірдің өзінде түркі елдерінен келген үш мыңнан астам студент Түркістанда білім алып жатыр. Алдағы уақытта Түркі мемлекеттерінің білім беру консорциумын құрып, академиялық алмасу бағдарламаларын іске асыру жоспарланған.
Қорытындылай айтқанда, бүгінгі Түркістан – руханият пен өркениеттің тоғысқан ордасы, түркі елдерінің мәдени және экономикалық интеграциясының символы. Біздің басты мақсатымыз – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістанды мәдениет, білім, бизнес және туризм бағыттары тоғысқан жаһандық деңгейдегі рухани орталыққа айналдыру. Түркістанның өркендеуі – барша түркі жұртының ортақ мақтанышы, ал осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде әрі халықаралық стандарт­тарға сай жалғасын таба береді.
– Түркістанның басты құндылығы, сәулет өнерінің жауһары, туристердің ерекше қызығушылығын туғызатын нысан – Әзірет сұлтан кесенесі екені даусыз. Соңғы кездері кесене қабырғаларының ылғалданып, көгере бастағаны жайлы түрлі әңгімелер айтылып жүр. Кесененің қазіргі жағдайы қалай?
– Әлбетте, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – қазақ елінің мақтанышы, күллі түркі дүниесінің рухани мұрасы. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген, халықаралық маңызы бар жалғыз тарихи ескерткішіміз болғандықтан оны сақтауға, қорғауға айрықша көңіл бөлініп отыр. Кесененің жағдайы әрдайым тек облыс әкімдігі емес, Үкімет пен республикалық деңгейдегі бірқатар ғылыми мекемелердің ұдайы бақылауында. Соңғы үш жылда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жай-күйін кешенді зерттеу мақсатында арнайы бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Кешенді ғылыми-реставрациялық жұмыстарға «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны, еліміздің және шетелдің жетекші ғалымдары мен тәжірибелі реставраторлар тартылған. Мамандар қабырғаның гидрооқшаулау жүйесін жаңартып, ылғалдың таралу себептерін анықтады. Нәтижесінде, зерттеу барысында кесене қабырғаларындағы ылғалдың артуына бірқатар сыртқы факторлар әсер еткені анықталды. Атап айтсақ, жақын маңдағы көгалдарды шамадан тыс суару мен дренаж жүйесінің ескіруі мен ауа райының өзгеруі, жауын-шашынның көбеюі – негізгі себептердің бірі болуы мүмкін.
Осы жайттарды ескере келе кесенені сақтау жөніндегі аймақтық бағдарлама қабылданып, оның аясында нысанның төңірегіндегі топырақ сулары мен жерасты ылғалына қарсы инженерлік шаралар іске асуда. Білікті мамандар кесенеден 150 метр қашықтыққа де­йінгі аумақта көгалдандыру жұмыстарын мүлде шектеу туралы ұсынысын жеткізді. Бұл шара іске асырылуда. Сонымен қатар ескі дренаж жүйесін толық жаңарту және кесенеге қорғаныш білік жасау мәселесі қолға алынды. Бұл тиісті нәтижесін береді деген сенімдеміз. Негізгі жұмыстар 2026–2028 жылдары басталады. Ең бастысы, кесененің тарихи келбеті бұзылмай, оның табиғи беріктігін сақтап қалу керек.
– Облыс басшысы ретіндегі басты міндетіңіз – өзіңізге сеніп тапсырылған аймақтың гүлдендіру, осында қоныстанған халықтың әл-ауқатын жақсарту. Осы тұрғыда сіздің облыс әкімі ретінде «Менің мақсатым – Түркістанды дотациялық өңір деңгейінен өз бюджетін қамтитын, өндірісі дамыған облысқа айналдыру» деген мәлімдемеңіз елді ерекше елең еткізді. Бұл реттегі нақты жоба-жоспар қандай? Түркістан өзіңіз айтқан дотациялық емес, дамыған өңірге қашан айналады? Сіз басқарып отырған 9 айда осы мақсатқа жету жолында қандай қадамдар жасалды?
– Мемлекет басшысы биыл жалпы экономиканың 7 пайыз өсімін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы межеге жету жолында Түркістан облысы айтарлықтай ілгері қадам жасап келеді. Өткен жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 4,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 110 пайыз деңгейінде орын алды. Ағымдағы жылы даму қарқыны сақталды. Қысқа мерзімде экономикалық өсім 115,8 пайызды құрады.
Түркістан облысын дотациялық өңірдің тізімінен шығару – басты міндеттеріміздің бірі. Оның бір ғана жолы бар – өзіндік кірістерді көбейту үшін өндірісті дамытып, экономикаға инвестиция тартуымыз қажет. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу жөнінде тапсырма берді. Бұл бағытта облысымызда нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Осы ретте облыс экономикасының дамуына жаңа серпін беретін 111 инвестициялық жоба пулын қалыптастырдық. Индустриялық аймақтардың жұмысын жандандырып, жаңа жобаларды жүзеге асырамыз. Негізгі басымдық ретінде өңдеу, ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу, энергетика және туризм салаларын айқындадық. Осы жобаларды іске асыру есебінен алдағы 10 жылда өзіндік кірістерді 1,1 трлн теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, республикалық бюджетке тәуелділікті 80 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетеміз. Яғни әлеуметтік инфрақұрылымы толықтай қалыптасқан, экономикалық дамуы тұрақты және өзін-өзі қамтамасыз ете алатын қуатты өңірге айналатынына сенімдіміз. Оған барлық мүмкіндіктеріміз бар деп есептеймін.
– Мына бір қызықты дерек менің назарымды аударды. Бүгінгі таңда елімізде 55 индустриалдық аймақ бар болса, солардың 30 пайызы Түркістан облысында шоғырланған екен. Бұл үлкен көрсеткіш қой. Осы индустриалдық аймақтардың болашағы не болмақ? Барлығының жұмысы алға басып, сәтті қадам жасайтынына сенесіз бе?
– Дұрыс айтасыз, идустриалдық аймақтардың 30 пайызы бізде. Қазіргі таңда Түркістан облысында 20 индустриалдық аймақ жұмыс істеуде. Жалпы аумағы 2 397 гектарды құрайды. Жаңа өндіріс орындарын ашуға орын тап­шылығы пайда болғандықтан кейбір аудандарда бір емес, екі индустриалдық аймақтан ашылды. Осы аймақта жалпы құны 152 миллиард теңгені құрайтын 98 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған болса, бүгінгі таңда 50 жоба іске асты. Осы арқылы 2 603 жаңа жұмыс орны ашылды. 39,5 млрд теңге инвестиция тартылды.
Жалпы, әрбір аудан, қала әкімдеріне нақты жоспар белгіленіп отыр.
Облысымыздағы кез келген индустриалдық аймақта кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Бұл ретте аудан басшыларының өз бетінше ізденуі қажет. Инвесторды тарту – оңай шаруа емес. Сырттан дайын инвестиция өздігінен келе салмайды. Инвесторды шақыру керек, қызығушылық танытып, бизнес жобаны іске асыруға мүмкіндік беретін алаңды ұсыну қажет. Ол үшін толықтай инфрақұрылым дайын болуға тиіс. Зауыт-фабрика ашуға келіскен инвестор келуін келіп, есесіне жергілікті әкімдік оған қажетті инженерлік желілерді уақытылы қамтамасыз етіп бере алмай, соның кесірінен жоба іске аспай қалған жайттар біздің өңірде де, еліміздің басқа аймақтарында да орын алған. Инвестор тек инфрақұрылымы дайын өңірге барады. Сондықтан басты бағытымыз – бизнес үшін қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру. Бұл ретте сәтті тәжірибеміз бар. Мәселен, Түркістан қаласының әуежайының маңындағы жалпы көлемі 30 гектарды құрайтын өндірістік аймақта қазір бос орын жоқ. Бас-аяғы бір жарым жылдың ішінде толықтай игерілді. Бұл өндірістік аймақта қазір жиһаздың түр-түрі, тоңазытқыштар, басқа да бұйымдар көптеп шығарылып жатыр.
Бұдан бөлек, Үкіметтің қаулысымен арнайы экономикалық аймақ құрылған болатын. Аймақтың қатысушылары салықтық преференция мен қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады. Түркістан қаласы аумағындағы 180 гектар өндірістік аймақта
115 млрд теңгеге 9 ірі жоба іске асырылуда. Оның ішінде, мақта өңдеу зауыты, тау-кен металлургия кешеніне арналған жабдықтар өндірісі, ПВХ құбырлары, ламинат, полимерлі құбырлар мен пластмасса бұйымдары, орау материал­дары, полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданатын ыдыстар шығаратын зауыттар салынуда.
Айталық, Сауран ауданы Оранғай елді мекеніндегі 365 гектар өндірістік қосалқы аймақта 2027 жылдың соңына дейін 29 миллиард теңге құрайтын 4 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз.
Ел Президентінің тікелей тапсырмасымен өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін дамыту мақсатында Мақтаарал ауданы Атакент кеден бекеті аумағынан «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылды. 50 гектар аумақта Кеден бекетімен заманауи қоймалық және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық болып жұмыс істейді. 7 әлеуетті инвестор Орталықта өз жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде, 123 млрд теңге инвестиция тартып, 3 мыңнан аса жұмыс орны құрылатын болады. Бюджетке қосымша 355 млн теңге салық түседі. Бүгінгі таңда 7 өндірістік ғимарат және ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы басталып кетті.
Индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтардың қызметін трансформациялау арқылы жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен облыс өнеркәсібінің драйверіне айналдыруды жоспарлап отырмыз. Өңірді дамытуда кластерлік жүйені де мейлінше белсенді түрде қолдануға мән беріледі. Бүгінгі таңда үш бағыт – мақта, жүгері және ет саласы бойынша кластерлік даму тәсілі іске асырылып отыр. Осы бағытта шетелдік ірі инвесторлар белсенді түрде тартылуда. Айталық, Қытайдың «Лихуа» атты компаниясы облысымыздағы мақта кластеріне 400 миллион доллар көлемінде инвестиция жұмсамақ. Бұл кешенді жоба аясында мақта егуден бастап, киім шығаруға дейінгі аралықтағы барлық кезеңдер қамтылады. Бір жылдың ішінде Отырар ауданында 32 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Біле білсек, бұл нағыз тарихи көрсеткіш, себебі сонау кеңес дәуіріндегі тың игеру жылдарынан кейін мұндай көлемдегі жер аумағы игерілмеген екен. Осы жобалардың ойдағыдай іске асырылатынына сенім мол.
– Түркістан өңірінің басты ерекшелігі – тұрғындарының 80 пайызы ауылда тұратынында. Осыдан-ақ өңірдің гүлденуі – ауыл жағдайының жақсаруын білдіретіні айтпаса да түсінікті. Осы ретте қазақтың жаны, дәстүрі мен болмысының қайнар көзі саналатын ауылды көркейту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа Президенттік мерзімдегі алғашқы тапсырмаларының бірі – ауылды дамыту, халықтың табысын арттыру және жұмыспен қамтуды күшейту болды. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға, олардың өз кәсібін ашып, табыс табуына мүмкіндік беруді көздейді. Әрине, халықтың басым бөлігі ауыл тұрғындары болып табылатындықтан, өңірде ауыл шаруа­шылығын дамытуға мейлінше көңіл бөліп отырмыз. Агросекторды әртараптандырудың, әсіресе су үнемдеу технологияларын барынша енгізудің маңызы ерекше. Орта Азия кеңістігінде соңғы жылдарда ағын су тапшылығы қатты байқалып отыр. Түркістан өңірі де бұл тенденциядан шет қалған жоқ, себебі облысқа қажетті судың 70 пайызы көрші мемлекеттен келеді. Сол себепті ауыл шаруашылығында заманауи су үнемдеу технологиясын ендіруге, жаңа дақылдар мен сорттарды өсіруге басымдық береміз. Су үнемдеу технологиясын 400 мың гектарға енгізіп, суармалы жерлердің үлесін 72 пайызға жеткізу жоспарымыз бар. Қазірдің өзінде бұл технология жалпы 55 мың гектар жерге енгізіліп үлгерді.
Біз ауыл тұрғындарының сұранысын бюджеттің мүмкіншілігіне қарай кезең-кезеңімен жоспарлы түрде шешіп келе жатырмыз. Бұл бағыттағы көрсеткіштер жаман емес. Айталық, елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі бүгінгі таңда 95 пайызды құрап отыр. Яғни облыстағы 763 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылған. Биыл 30 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры жүргізіліп, 11 елді мекеннің тозған жүйелері жаңартылмақ. Халықты табиғи газбен қамту деңгейі де айтарлықтай өсті, биыл бұл көрсеткіш 85,5 пайызды құрады. Былтыр газ құбырлары 53 ауылға тартылып, жалпы «көгілдір отынмен» қамтылған елді мекендер саны 563-ке жетті.
Жыл соңына дейін қосымша 37 елді мекен газға қосылып, халықтың қамтылуы 88,9 пайызға жеткізілмек. Орталықтандырылған электр қуатымен облыстың барлық дерлік елді мекені қамтылған. Шалғай орналасқан бірді-екілі шағын ауылдар баламалы электр қуатымен қамтамасыз етілген. Былтыр 44 елді мекеннің тозығы жеткен желілері жаңартылды. Биыл қосымша 22 елді мекен жаңғыртудан өтеді.
Білім беру мен денсаулық сақтау саласына әрдайым ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда облыстағы 1 438 балабақшада 155 мың бала тәрбиеленеді. 2–6 жастағы балаларды қамту деңгейі 99 пайызды құрады. Ал 1 093 мектепте 549 мың оқушы білім алады. Бүгінде облыстық бюджет есебінен 17 мектеп құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 2 мектеп пайдалануға тапсырылады. Қалғаны келесі жылға өтпелі. «Келешек мектептері» жобасы аясында қуаттылығы 23 000 орындық 29 мектеп құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 21 мектеп пайдалануға тапсырылды, 8 мектеп құрылысы жыл соңына дейін аяқталатын болады. Денсаулық сақтау саласында жалпы 199 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуға үлкен назар аударылуда. Өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста жаңа 49 нысан салынып, пайдалануға берілді. Биыл облыстық бюджет күшімен қосымша жаңа 32 ғимарат салынуда, жыл соңына дейін тапсырылады. Бұдан бөлек, Қазығұрт, Сарыағаш және Шардара аудандық орталық ауруханалары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ жедел жәрдем қызметі сапасын арттыру мақсатында 60 арнайы автокөлік сатып алынды.
Ел Президенті цифрлық теңсіздікті жоюды, ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді мемлекеттік саясат­тың басым бағыты ретінде айқындады. Мемлекет басшысының осы тапсырмасы аясында қазіргі таңда облыстағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде облыстық білім басқармасына қарасты 1000-ға жуық мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісіне қосылған. Өңірдің 300-ге жуық білім ұяларында Starlink спутниктік интернет желісі елімізде алғашқылардың бірі болып орнатыла бастады. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген жаңа мектептер толығымен талшықты-оптикалық желіге қосылды. Биыл облыс әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында «Түркістан облысында байланыс және интернетті дамыту жөніндегі өзара іс-қимыл туралы» меморандумға қол қойылды.
Бұл жоба 2025–2027 жылдар аралығында 372 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық интернет желісімен қамтуды көздейді. Оның ішінде 274 ауыл мектебі мен 258 медициналық нысан толық интернетке қосылады. Қазіргі уақытта, ауылдық медициналық мекемелері 85пайыз интернет желісімен қамтамасыз етілген. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы бойынша 2025–2027 жылдары аралығында облыс аумағындағы ауылдық елді мекендерге талшықтық оптикалық интернет желісімен қамтамасыз етілетін болады. Біздің басты мақсатымыз – әрбір ауыл тұрғыны, әрбір бала мен мұғалім, әрбір дәрігер заманауи цифрлық мүмкіндіктерді толық пайдалана алатын орта қалыптастыру. Түркістан өңірі цифрландыру ісінде республикадағы көшбасшы аймақтардың біріне айналады деп сенеміз.

Әңгімелескен
Бауыржан ЖАҚЫП

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір