САТИРАЛЫҚ САНА ҚОҒАМНЫҢ ОЯНУЫНАН КЕЙІН ТУАДЫ (Ж.Қорғасбектің «Премьер-министр» повесі хақында)
24.06.2026
83
0

«Халықтың мінезі, құлқы, ой-санасы өз
заманының әдебиетінен танылады».
Халел Досмұхамедұлы

Қазіргі повесть жанрындағы жаңа бағыттың бірі – сатира. Сатирадағы ағалар салған сара жолды ұстанып (С.Адамбеков, Ү.Уайдин, Ш.Смаханұлы, О.Әубәкіров, Ж.Алтайбаев, Б.Қыдырбекұлы, Е.Домбаев, Ғ.Қабышев, О.Иманалиев, С.Әлжіков, Қ.Ілиясов, Ә.Табылды), өзінің «Премьер-министр» повесі арқылы заман талабына, жаңа жағдайға сай дамытқан жазушы – Ж.Қорғасбек. Аталған туынды – саяси тұлғаларға деген астарлы сын жоғалып, оның орнына арзан мақтаулар мен қолпаштаулар көбе­йіп кеткенін арқау еткен пародия сынды. Кітап жайындағы: «Е, енді дұрыс болды, нүктесі түгел екен, тіпті леп белгісі де бар екен» деген жолдар Мигель де Сервантес Сааведраның өз заманында рыцарьлық романдарға сатира ретінде жазылған «Дон Кихот Ламанчылық» шығармасын еске түсіреді. Сатирик Т.Қожакеев: «Біздің сатириктеріміздің таланты қу, сұм, жебір-жегіш, арызқой, арақкештер туралы жазуға ғана жететін сияқты. Ал үлкен проблема, терең әлеуметтік қайшылықтарды қозғауға бара қоймайды», – деп сатира жанрының олқы, кемшін тұсын көрсетсе, бүгінде соған жауап беретін бірден-бір шығарма – «Премьер-министр» повесі.


Қазіргі қоғам келбетін аллегория тәсілімен айқын бедерлеген (2009 жылы жарық көрген) бұл повестің «Премьер-министр» деп аталуы тегін емес. Бұған дейін қазақ әдебиетінде мұндай тақырыпта шығарма жазылған емес. Автор уытты сарказммен жазылған шығармасына оқырманының көңіл аударғанын, оның астарын түсінгенін қалады. Біздің тәуелсіз мемлекетімізді отыз жыл бойына мызғымай отырып, бір ғана президент басқарып, бірнеше премьер-министр ауысқанын жеріне жеткізе сынады. «Қанша күлкіге ұшыраса да, оның әйтеуір мінезі, сосын көп-көп ақшасы бар еді» деген жолдар әрбір басшының қызметке пайда (жеу) үшін келіп, қалтасын (жемқорлықпен) толтырған соң, еш жазаланбай, өзіне тиімді, денсау­лығына артық салмақ түсірмейтін, жайлы қызметке ауысып кете беретін келеңсіздікті алға тартады.
Өз заманының жанашыр қаламгерінен оқырман қауым сатиралық оқиғаны көру, тану, табу, оны көркемдік-эстетикалық тұрғыдан сомдап, оқырманына ой салатындай етіп жазуды күтетіні белгілі. Абай заманында «пысықтар арыз жазушылар, жала жабушылар, өз халқын өзгеге жем етушілер, құр көкірек, бос кеуделер» көбейсе; кеңестік кезеңде Ғ.Қабышұлы: «пәлеқор, жалақор, парақор, сотанақ, түртіншек, тебеген, емеген, суайт, суқит, өтірікші, өсекші, айлакер, саудагер, ұрлықшы жаңа «пенжак-шалбар» киіп, қатары жаңа «қайраткерлермен» толығып, топырлап қаланы да, даланы да жайлап алғанын» сынға алды. Ал тәуелсіз мемлекет жазушысы Ж.Қорғасбектің негізгі нысаны – тойымсыздығы, жағымпаздығы мен көзбояушылығы қоғамдық кеселге айналып үлгерген министрлер.
Мұнда тұтас қоғамның карикатуралық портреті бар. Қоғамды ірітіп, тұралатып жатқан жемқорлық мәселесі безбенделген. Өтірікке имандай ұйыйтын кер заман, кесірлі қоғам сипатын түйреп өткен астарлы күлкі, уытты сарказм бар. «Қоғамдағы былықтың оқыс тұсына шүйліккендіктен» автордың сатира майданындағы ойы өзекті, құнарлы.
Жанрдың білгірі Т.Қожакеев: «Егер жазғанымызда өмірдің аумақты бір панорамасы жайылып салынса, заман, кезең кең суреттелсе, характерлер қақтығысы мол да ұзақ қамтылып, сол дәуір, сол орта қайшылықтары терең ашылып әшкереленсе, осылардың негізінде автор үлкен ойлар түйіп, зор жинақтауға көтерілсе, ол туынды сатиралық повесть болады», – дейді. Жазушы Ж.Қорғасбек те өз дәуірінің шындығына дер кезінде белсене үн қосу үшін бұл повесін саналы түрде сатиралық бағытта жазды десек, дөп түсеміз (Поль Лафарг айтқандай, «моралисты без морали» қалған жоқ). Өйткені сатирик О.Әубәкіровтің «Бос портфелінің» иесі – «портфельде не қалам, не сия, не қурай, не мия жоқ, ең болмағанда жасырынып қалған жын жоқ, ал портфельде мін жоқ, бос портфель көтеріп жүрген мына қасқаның басында дым жоқ» деп сипатталатын дөкей бастық кешегі замандағы бастықтардың әлқиссасы болса, бүгінгі заманның шын қиссасын Ж.Қорғасбектен табамыз.
Туынды ағылшын жазушысы Уильям Теккерейдің «Мансапқорлар жәрмеңкесінен» бір мысқал кем емес. Сыншыл реалист Теккерей түйрегендей, біздің қоғам бейне бір үлкен жәрмеңке сынды, шешуші рөлді атқаратын – ақша. Онда бәрі сатылады, ақшаң болса, арманың орындалады, өзің қалайтын қандай қызметті де сатып ала аласың. Ақшаң болса, даусың болмаса да әнші боласың, білімің болмаса да бастық боласың. Ж.Қорғасбектің «Басқа бір қолайлы Премьер-министр табылғанша, уақытша» деген сөздері «көп-көп ақшасы» бар адамның еш қиындықсыз премьер-министр бола алатынын меңзеп отыр. «Премьер қанша күлкіге ұшыраса да, оның көп ақшасы бар еді» есте қалатын жақсы жағы осы. Марк Твенше пайымдағанда, «күлкі етуге тұрмайды деп те айта алмаймыз».
Ж.Қорғасбек те Теккерей сынды өз қоғамының «қарғыс атқан қоғам» екенін, жақсы мен жаманның, текті мен тексіздің, зиялы мен наданның, парасат пен тоғышарлықтың мидай араласып кеткенін, бүгінгі қазақ қоғамы да «жазуы өшіп қалған» (Мериме) қара бақырдай екенін көрсетті.
Бәрін күйдіріп, жандыру, жою мақсатын көздейтін сатираның талабына сай аталған повесть те өз кезеңінің түйткілді проблемасына шүйлігіп, халыққа пайдасыз, тіпті зиян қоғамдық құрылысты сынға алды. Оның жөн-жосық, әдет-дағдысын жоққа шығарды. Памфлет «қоғамдық құрылысты, жүйені мансұқ ету үшін көбіне оның ірі қайраткерлерін, жетекші өкілдерін сынға алса», автор Премьер-министр мен министрлерді сынға алады. Сол арқылы бұқараның саяси психологиясын оятып, бейқам жата бермей, өз қотырын өзі қасып, өз дертін өзі жазуға талпыну қажет екенін көрсетіп, санасындағы, бойындағы күрескерлік рухты оятуға тырысты. Шығарма желісінен кесапат қоғамның әлеуметтік-саяси мәнін ашып көрсетіп, оны тек қана жоюды көздейтін, ымыраға келмейтін авторлық позиция байқалады. Қоғам дертін әшкерелеу үшін астарлы кекесін (ирония), келемеж (сарказм), әсірелеуді (гротеск) пайдаланып, өткір полемикалық сарынға жүгінеді.
Сатирик Ү.Уайдин: «Сатира жаратылысы – шабуыл. Шабуыл болғанда, оның мақсаты – адам өлтіру емес, адам ойланту», – дейді. Шабуылшы – Ж.Қорғасбек болса, нысанасы – жемқорлар. «Қазақша күрес» бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті дұрыс ұйымдастыра алмай жатқаны үшін Ішкі істер министрін сынға алады Премьер-министр. Бірақ онысынан түк шықпайды. Себебі Ішкі істер министрі оның сөзін шыбын шаққан құрлы көрмей, сынын қабылдамайды. Керісінше, оны мақтау, өзіне сенім білдіру, жұмысын жоғары бағалау деп қабылдап, рақмет айтады. Санасызға сан айтсаң да қабылдамайдының кері келіп, оған сөзін өткізе, түсіндіре алмады. Осыған байланысты автор кейіпкерлеріне номинативті есімдерді қояды. Мысалы, «Ойын» тарауында Малқарбай (мемлекеттік тәртіп министрлігінің аудандық қызметкері), Жартыбай (басқарма бастығы), көріпкел, сәуегей, атқамінерлер, жандайшаптар, өкіл тышқандар (қара халықтың атынан келгендер), оған қоса, зиялы қауымбыз дейтін топшылдар, жалған партия құрушылар, жағымпаз газеттің тілшілері бар.
Жемқорлық жайлаған қоғамда сатира өрлей, буырқана көрінуі заңды. С.Дөнентаевтың «Бозторғай» өлеңінде астарлы түрде берілген қанға тойып ыңқ-ыңқ етіп отырған қырғи, көкірек керіп қаз етін жеп отырған лашын сынды патша шенеуніктерінен бүгінгі министрлердің айырмашылығы шамалы. Жемқорлардың үстемдігі, олардың майлы шелпекке айналдырып алған жұмсақ креслосынан айрылмауы тәуелсіздік алған кезеңде де биліктің (ниетін, халыққа деген көзқарас, ықыласының) өзгермегенін көрсетеді.
С.Дөнентаев та, Ж.Қорғасбек те шарт­ты түрде жазып, нақты адамдардың атын атамайды, оқиғаның болған жерін көрсетпейді, бірақ өмірлік фактіні арқау етеді. Сынап отырған объектісін түбегейлі әшкерелеу үшін контраст жасап, «Дуалы ауыз» бөлімінде халық сөзін сөйлеген, шындықты бетке айтатын, зиялы жанды «Арысым, ардағым» деп ортаға шығарады, яғни халықты алдап, «билік әділ» деген пікір туғызу мақсатында әкеліп, қошемет көрсеткен боп төрге шығарғанымен, оқырман оның сағы сынған, мүлде қауқарсыз жан екенін байқайды. Бұл қоғамда ақиқат пен әділдіктің ақ туын көтеретін, шындықты айтатын адамдарға орын жоқтығы айқын көрсетілген. Кешегі үкімет пен билікке қарсы сөйлеп, «басшыдан қосшыға дейін бәрін сықпыртып сынаған», шындықты тіліп бетке айтқан, жеті жыл шетқақпай көріп, қудаланған, асқан зиялы адамның бүгінгі сипаты: «Таяғымен астын түртпектеп, өзі талтақтап, көпке емірене қарап, әркімге бір жаутаң-жаутаң етіп, жігіттердің екі жағынан демеуімен әлтек-тәлтек басып қалған кәрі шал. Оны ортаға әкелгендегі биліктің мақсаты – өздерін шындықты жақтайтын етіп көрсету. Бірақ бір парадокс: ол өзі сөйлеуден қалған, құлағы естімейтін, тіпті «жаза алмауы да мүмкін» қадірменді қарияның сәлемін көпшілікке оқып береді. Оқылған жасанды хаттың мағынасы: көп жетістікке жеткен біздің елімізге көрші елдер қызығады, егер олар осындай жетістікке жетсе «бақыттан бастары айналып, шаттықтан милары шайқалар еді». Қарияның әдейі­леп бүгінгі жиынға келіп, өсиет айтудағы мақсаты – басшыларды қадірлеп, оларға қарсы келмей, атқамінерлердің мәртебесін арттыру. Бұл – схоластика қолдаған, ортағасырлық батыстағы ауызжаласқан феодалдар мен шіркеу қызметкерлерінің «о дүниенің рахатын көріп, жұмаққа түскің келсе, өз феодалыңа адал, тегін қызмет ет» деп аңғал халықты үгіттейтін абсурд насихатындай.
Төраға өсиет-хатты оқып болғанда залдағылардың ерекше шабытпен, сүйсіне қол шапалақтауынан кептер-алақандар пыр-пырлап дүр көтерілді. Қария дәрменсіз жас баладай әркімге бір жаутаңдап, күліп, өзіне көрсетілген құрметке көңілі босап, көзі жасаурап, орамалымен қайта-қайта сүрте берді. Ол өзінің бұл жерде тек қуыршақ кейпінде, марионетка болып отырған шындығын естіген де, білген де, түсінген де жоқ еді. Өкініштісі – биліктің шындықтың өзін шыңғыртып, қайсардың рухын сындырып, құлдыққа салатынында.
Автор саясат сырын, оның қолданар аяр тәсілдерін, халық алдында ойнар кезекті
ойындарын жақсы біледі. Өзі жазып отырған болмыс, фактінің терең мәнін, зиянды сырын ашып көрсетеді. Сатирик Уайдин айтқандай, оппозиционер секілді өз пікірін ашық айту бар, бірақ қоғамға қарсы емес, ұстанған өз бағыты арқылы шындықты ашып көрсетеді.
Повесть өкіл тышқандар, шарадамдар сынды сатиралық образдарымен бай. Ж.Қорғасбекте орынбасарлар мен көмекшілер, кеңесшілер мен жандайшаптар биік лауазымды атқамінерлерді құйынның бір соққанына шыдамай, не тамақ, не сусын, не жұмыс жоқ аспанға ұшып кетеді. Өйткені олар шар ғып үрленген адамшарлар еді. Ерекшелігі – тұла бойында тыңдайтын да, сөйлейтін де тесік қалмаған, құлақ түріп тыңдаса, не ауыз ашып сөйлесе, желдері шығып кетеді; тыныштықты, желдің соқпауын армандайтын, жиналыс үшін ғана өмір сүретін адамшарлар.
Қорғасбек сатирасы жанрдың талабына сай өмірлік құбылыстарды шындыққа ұқсатып, жанасымды етіп суреттеп, осындай ситуациялар өмірде болатындай етіп суреттегендіктен, оқырманына сенімсіздік туғызбайды. Сатирада автор оқиғаның, фактінің тек логикалық жүйесіне жүгінеді де, ойдан, қиялдан байытуға тежеусіз барады. Шарттылық тәсілін пайдаланып, нақты адамды туралап көрсетпей, өкіл тышқан, көріпкел, сәуегей сияқты ойдан шығарылған кейіпкерлерді енгізгендіктен, «сойылын сүйретіп соғысқа шығатын» адам болмағандықтан, әлеуметтік жинақтауға қол жеткізіп, кеңінен, ашық суреттеуге мүмкіндік алған. Мәселен, «Министр болғың келе ме?» тарауында премьер-министр мемлекет қазынасын толтыруды өз қалтасынан бастауды ұсынады. Мұнда түрік елінің 22-премьер-министрі болған академик, экономист, саясаткер Тансу Чиллердің есімі аталады. Біздің министрлер: «Түріктер әйелдердің сырға, жүзіктерімен қазынасын толтырған», – деп келеке етеді. Ал өздерінің халықты тонаған ұрлықшы екенімен шаруалары жоқ. Министрлер осыншама байлыққа қайдан ие болды деген сұрақ қоя алмаймыз. Өйткені олардың байлығының барлығы – заңды, заңдастырылған. Оноре де Бальзактың шығармасындағы эльзастық иудейдің ұлы, банкир, миллионер Нусинген сынды барынша адал, байлықты тек әділ, заңды жолмен иемденген. Мәтінге сүйенсек, Премьер-министрдің Швейцария банкінде бес жүз миллион доллар ақшасы, құны екі жүз елу миллион доллар тұратын Бельгияда қорғантасы; Вице-министрдің Канар аралдарында екі қорғантас үйі, шетелдегі есепшотында төрт жүз елу миллион доллары; Жол министрінің Африкада үлкен қорғантасы, Мәрмәр теңізіндегі Бүйікада аралында қорғантасы және банкте төрт жүз елу миллион доллары; Есеп-қисап министрінің Анталияда демалыс үйі, Голландияда зауыты және үш жүз елу миллион доллары; Тәртіп министрінің Сочиде саяжайы, Канадада жабық стадионы және үш жүз миллион доллары; Зейнет министрінің Канар аралдарында үй-жайы, үш жүз миллион доллары; Соттардың сотының жеті жүз миллион доллары бар. Жалмауызға жан керек болса, бұларға отырған жұмсақ креслолары керек. Сол үшін қанша ақша болса да беруге даяр. Олар мұны қазынаға құйғанмен мұрты да қисаймайтынына премьер-министрдің: «Тағы да жинап аласыңдар, өкінетін ештеңе жоқ. Біз сендермен бұдан кейін де бірге жұмыс істейтін боламыз», – деген сөздері дәлел. Автор лауазым иелерінің заңсыз жинаған байлықтарын әшкерелеу арқылы «мың асқанға – бір тосқан» болатынын ескертеді.
Үстінен кілкіген газ бен түтіні арылмаған Алматы… Сиыр жалағандай жалтырап тұрған, мәрмәр таспен шегенделген, қабырғасы ұлутаспен қапталған, адам есінен танатындай аппақ, биік, зәулім үйлерде түрмеге отырып шыққан атақты ұры, түрме бастығы, бас молда, бас салықшы тұрады. Олар қала кірлеп кетті деп, үйлерін тау басына салған. Демек, кірлеп кеткен қала ғана емес, «қара халық кірлеп кетті». Олар қара халықпен бірге тұруға арланады, өздерін олардан тым жоғары қояды.
Жазушының бұл повесі оқырманының бойына «зұлымдықтың іні түлкінің жымындай мың түйіншекті болғанымен, ізгілік індете жүріп жеңбей қоймайтынына» деген сенім ұялатады. Жетпіс жыл үстемдік құрған социалистік құрылыстың түбіне жеткен – сөз бен істің арасындағы ақылға сыймайтын алшақтық, жеке басқа табынуға, әсіреқызыл сөзге, дәріптеуге жол беру, халықты тобыр санау деген тажалдың да қоғамда үстемдік құрып отырғанын ашық айтады.


Сатириктің қаруы – күлкі. Кесапат атаулыны күлкімен емдеу – жақсы әдіс қатарынан саналады. Аристотель «Күлкілі жайт – ешкімге қайғы әкелмейтін, жанды қинамайтын қайсыбір қателік, қисынсыздық» дейді. Қай уақытта да күлкі нысанасы ретінде – қоғамдағы, адам бойындағы жағымсыз кесел, мінез-құлық алынатыны белгілі. «Шынайы сатиралық, юморлық шығарма тудыру үшін авторға басты үш нәрсе қажет: біріншіден, өмір құбылыстарынан күлкі объектісі болатын «дәнді» ажырата білетін «көргіштік» қасиет, екіншіден, уытты да өткір тіл, үшіншіден, «ақындық қуат». Қорғасбек повесінде кер заман, кесірлі қоғам сипаты астарлы күлкі, уытты сарказммен берілген.
Ең басты көңіл аударатын мәселе – премьер-министрдің киімі. Өйткені ешкім мақтамайтын, ешкім даттамайтын, суретшілер бір жыл суретін салған, мүсіншілер бір жыл тер төгіп, мүсінге айналдырған, ерлі-зайыпты сиқыршылар жан кіргізген, депутаттар дауысқа салып, сайлап алған, дәлірек айтқанда, қолдан жасалған министрдің үлесіне берілген жалғыз нәрсе – киімін өзі таңдап киінуіне берілген құқық. «Премьер-министр әлемдік дағдарыстан айылын да жимады», «Премьер-министр ана елде оқып келген, мына елде оқып келген», «Премьер-министр іске кірісті» деген құр ұрандар мен «Біз сенімен біргеміз, дағдарыс дауылы соқса да» деген сыпатты арнау өлеңдерден тұратын, мақтау мен марапатқа толы киім киген басшы көшеге шыққанда балалар тыр жалаңаш кісіні көргенін жарыса әңгімелеп жүреді. Бұл – аллюзия.
Киімі мақтау-марапатқа толы республикалық, облыстық газет, арнау өлеңдер жазылған кітаптан тұрғанымен, «көрші үйдің балалары көшеден тыр жалаңаш бір кісіні көрдік деп жарыса әңгімелеп» жүруінің себебі, мерзімді баспасөз, кітап бетінде мақтау сөздердің негізсіз, шындыққа жуымайтындығынан еді. Зерттеу­ші М.Кольцов айтқандай, мұнда дәлелдеу тенденциясы бар. Өйткені автор жалған мақтау мен көпірме сөздерге тойған премьерді жалаңаш қалдыру арқылы өтіріктің түбі неге апарып соқтырарын көрсетеді.
Әдебиеттер диалогы – халықтар диалогы. Повесть сюжетінен әлем әдебиетімен үндестік пен мұраттастық байқалады. Бас кейіпкер премьер-министрдің киім киісі дат жазушысы Андерсеннің жалаңаш патшасының әрекетін еске түсіреді. Ганс Христиан Андерсеннің ертегілері тек балаларға арналып жазылмаған, ішінде саяси тақырыпта жазылған ертегілері де бар. Соның бірі – «Корольдің жаңа киімі». Халық қазынасын киіміне шашатын король­ді автор ащы мысқылмен әжуалап, сын найзасына түйрейді. Өзге басшылар әлеумет жайын ойлап, кеңес құрып, мәселе шешіп жатса, бұл корольдің жаңа киім ауыстырудан қолы тимейді. Соны біліп, пайда іздеп келген екі алаяқтың құрған торына бүкіл сарайдың түсуі өкінішті. Өз орындарында қалу үшін министрлердің тігілмеген матаны көрдім деуінің салдарынан, өзі ақымақ король халық алдына жалаңаш шығып, абыройы төгіледі. «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» демекші, бойын министрлер секілді король маңайындағы «жылы орындарынан» айрылып қалу қаупі билемеген кішкентай бала ғана патшаның үстінде лыпасы жоқ, тырдай жалаңаш екенін жария етеді. Сонда ғана король өзінің алданғанын түсінеді. Андерсен ертегісінде суреттелген бұл «шындықтың» бүгінгі таңда біздің қоғам үшін де жат еместігін меңзейді автор. Кейіпкер-корольдің өмірі қай ғасырда болмасын қоғамның суреті, шынайы, ащы бет-бейнесі болып қала бермек. Күнделікті тұрмыста, яғни бүгінгі қоғамда болып жатқан әділетсіздіктер мен бассыздықтарды көріп жатсақ та, ертегідегі көре тұра байқамайтын «халық жанашырларынан» еш артықтығымыз жоқ.
«Премьер-министр» повесінің болмыс-бітімі композициясынан көрінеді. Шағын миниатюралы сатиралық бөлімдері қалауын тауып, қиысып, бүтіндік танытады. Тарау аттары мазмұнына сай. Тіні күлкімен суарылған. Созғылап суреттеу, мыжғылап баяндау, зорлап күлдіру сынды арзан тәсілдер мүлде жоқ. Барлық бөлімдерін қиюластырғанда көздеген мақсатына сай, оқырманына бағыт сілтеп, мақсатты сурет жасауға тырысқан. Аяр күлкі, ойлы-оспақты ойнақылық, астарлы-ауыспалы мағыналылық бар. Уытты тіл, өткір сөзімен ойлантады.
Неге үтір мен сұрау белгісінен тұратын бұл шығарманың нүктесі жоқ?.. Өйткені басшы ісінде тиянақ жоқ, халық есінде қалатын жақсы әрекет, қимыл, тиімді реформа жоқ. Бірақ нүктесі түгел, леп белгісі бар шығарма жазылар деп қаламгер жақсы күннен, жақсы басшыдан үмітін үзбейді.
Автордың өзі бұл туындыға: «Уақытша кітап, ешкім түсінбейді, мұнда мазмұн жоқ, ұлттық бояу жоқ. Эмоциялық әсерден мүлде ада, оқырман сезімін селт еткізбейтін суық, шаң басқан кітапхана сөресінен орын алатын шығарма, өйткені ол о баста ұмытылу үшін жазылған шығарма болатын», – деп баға береді. Керісінше, мұнда мол саяси ой-өріс, отты тіл, патетикалық үн, проблеманы түсіну, тегеурінді зіл, сатиралық ірі қорытындыға көтеріле білу бар. Автор оқиғаны сатиралық интонациямен баяндап, сатиралық пафоспен шешеді. Комикалық ситуация («Қал» тарауында), сатиралық лепті диалогтар бар.
«Премьер-министр» – О.Бөкейдің жауабын таппаған «Неге, біз осы?», сыншы А.Кеңшілікұлының «Неліктен?» сынды сауалдарының заңды жалғасындай туынды. Қазіргі қоғамның жарасы, проблемасы (жемқорлық, жағымпаздық, мансапқорлық, көрсеқызарлық, бәсекелестік т.б.) сипат­талғанымен, нақты жауабы жоқ туынды. Автор шығарма финалын ашық қалдырады. Автор мақсатты түрде басқа жанрларға қарағанда, еліміздің әлеуметтік-саяси өміріне белсене араласатын сатира жанрын таңдап алу арқылы жақсы мен жаманды айырудан қалған қоғамның қасіретін көрсетті. Адам бойын­дағы батылдық, тазалық, мейірімділік сынды асыл қасиеттері әділдік болмаған қоғамда құнсызданып, жойылып, жұтылып тынып, оның орнын екіжүзділік, жемқорлық, менмендік сынды арам қабілеттер басатынын дәлелдеді.
Повестің біздің түсінігіміздегі кемшін тұсы – жеке тарау, бөлімдерінің арасындағы ішкі бірліктің, біртұтастықтың болмауы, олар жеке-дара шығарма секілді көрінеді. «Мұңлы эпилогта» автор бұл жөнінде «кез келген тарауын жұлып алып тастай берсеңіз де, сюжет желісіне еш нұқсан келмейді» деп көрсеткен. Дегенмен шығарманың біртұтастығы оқырманға жақсы әсер ететінін де ескеру қажет.
Шығарма көлемі шағын, ықшам формада жазылған. Автор сөз қуып, көркем сөздермен беруді мақсат етпейді. Шығарма қысқа қайырымдылығымен, қарапайымдылығымен, уытты тілімен ерекшеленеді. Сын тоқпағына алынатын нысананы орынбасарлары арқылы әшкерелейді. Ақын құбылысты барған сайын өсіре күшейтіп, күлкілі көріністің табиғатына терең бойлатып, гротескілік-гиперболалық мәнерімен оқушысына ерекше әсер етіп, күлкіні өткірлеп отырады. Мұнда тұспал, меңзеу, аллегорияға жүгіну бар. Автор «жалаңаштанбайықшы» деп тұтас қоғамға айқай салғысы келеді.
Жазушының аталған туындысы сатираға қойылар өзіндік талаптар мен шарт­тарға жауап бере алған. Өз заманының шындығын көзбен көріп, азаматтық мәселелерге белсене үн қосып жүрген жазушы «өз дәуірінің дүбіріне үн қосып» (Н.Қуантаев), өрнек-айшығы басқа, жаңа, сапалы тұстарымен кейінгі қаламгерлерге өзгеше нұсқа көрсете аларлықтай дәрежедегі сатиралық дүниесін жазды.
Сатира – қалам ұстағанның бәрі батылдық таныта бермейтін жанр. Бұл классикалық жанр – жазушының субъективті шешімімен жүзеге асырылған деуге болады әрі нағыз дер кезінде жазылған туынды. Қорғасбек повесінің рецепиентке сая­си әсер ету дәрежесі күшті. Таңдаған тақырыбын, ой-санада сараптап, сын-сықақ тілімен бейнелі сөйлетуде өзіндік табысқа жеткен, яғни «үндістер секілді сатирик деген аз халықтың» (Көпен Әмірбек) лайықты өкілі бола білді.
«Премьер-министр» повесін тәуелсіз қазақ әдебиетінің жаңашылдығы, жеңісі деуге болады. Кеңес үкіметі сатираның сипатын да, мақсатын да, кейіпкерлері мен нысанын да түбегейлі өзгерткені белгілі. Коммунистік партияны мінсіз деп санағандықтан, тұтас қоғамды сынауға жол бермей, қарапайым, «кішкентай» адамдарды сынауға ғана жол берсе, Ж.Қорғасбек өз шығармасында тұтас билікті, әділетсіздік пен қиянатты, парақорлық пен жемқорлық жайлаған қоғамды найзасының ұшына алып, ел мүддесінің жоқшысы деңгейіне көтерілді. Автор бұл жанрды кездейсоқ таңдап, адасып келген жоқ. Сан жылғы мерзімді баспасөздегі тынымсыз еңбегі, мол тәжірибе, ой-парасат, қоғам арасында үздіксіз ой салып, ашық пікірталасқа шақырып отыруы осы повестің жазылуына алып келді (мүмкін автордың депутаттыққа сайлауға түсіп, әділетсіздікпен бетпе-бет келуі де әсер еткен шығар). Туынд  ы идеясы қоғамдық-саяси өмірдегі кемшіліктерді жоюға бағытталған. Жазушы өзінің жаны ауыратын, толғантқан тақырыпқа баратыны түсінікті.

Гүлназ ТОҚШЫЛЫҚОВА, әдебиеттанушы, ғалым

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір