Тектіден текті туады…
28.12.2024
179
0

Бүгінгі мақалам ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Әлібек Каюповтың ата-анасы – Амангелді ағамыз бен Нәпиза апамыз туралы болмақ.

…Балалық шағы туралы естелік айтқан сардар әңгімесін сонау Орал қаласында өткен оқушы кезінен бастады. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінен бері қарай еске түсірді.Нағашыларының үйіне көп барғыштайтын жиеннің үйірсектігін үй іші баяғыда-ақ байқаған. Сосын да шығар «нағашының баласы» атанып кеткеніне де көп болды. Үлкендер тұратын үйге асығудың тағы бір себебі бар еді. Ол үйде асыл қазына атанған қария – анасының әкесі Төлеу атасы бар. Нағашы атасымен әңгіме-дүкен құрған ұнайтын. Көкірегі ояу, өмірлік тәжірибесі мол үлкен кісінің білмейтіні жоқтай болып көрінетін. Отставкадағы милиция подполковнигі. Нағашы атасы 1938 жылы Қызыл әскер қатарына қабылданған. Ресей Федерациясы Мурманск облысы, Кандалакша қаласында қызмет ет­ті. Бір жылдан ке­йін Кеңес-Финляндия соғысы басталып, майдан даласына ат­танған. Жау жақтан құрылған деверсияның алдын алуға арналған құрама жасақталады. Төлеу ата да солардың қатарына қабылданады. Халқын сатқандарға қарсы күресті. Жазаларын берді.
Осы әскери қызмет бабында Украина­ға қоныс аударған Төлеу ата жалғыз ат­танған жоқ. Жанына жаңадан қосылған сүйген жары Зураны да алып кеткен. Адал махаббатпен қосылған жұп бірін-бірі бала кез­ден жақсы танитын. Екеуі – бір ауылда, бір көшеде өскен көршілер. Балалық шақтан басталған шынайы сезімдерінің отын өмір бойы өшірмеді. Зура «жары офицердің адал қосағы» деген атаққа дақ түсірмеді. Әскери қызмет­тің жолында кез­дескен қиындықтың барлығын еңсерді. Нағыз офицердің жары атана білді. Украинада олардың тұңғыштары – Аманжол дүниеге келді. Зура әже үлкен ұлын немістермен жүріп жатқан майдан алаңында, жауған оқтың астында траншеяда босанған болатын.
Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде КСРО Ішкі істер халық комиссариат­тында қызмет еткен Төлеу ата соғыс аяқталғаннан ке­йін де әскери қызметін жалғастырады. Зейнеткерлік жасқа де­йін осы салада басшы болып, жауапты қызмет­терде жұмыс жасады.
Төлеу ата білімге зерек, ұғымтал жиенімен өз көзімен көрген соғыс пен әскери қызмет туралы естеліктерімен бөлісуден жалықпайтын. Бірде үшінші сыныпқа енді ат­таған оқушыға кітапханасында көп жылдан бері сақтап келген «Их именами назвали заставы» кітабын сыйға тарт­ты. Жай ғана қолына ұстата қойған жоқ. «Болашақта үлкен офицер болып, Отан үшін қалтқысыз қызмет ет! Иығыңда үлкен жұлдыз жарқырасын!», – деп, ақ батасын да берді.
Жасы тоғызға енді шыққан жиеніне қарт офицер сыни көзбен қарап қояды. Сыртқы мұқабасында қызмет­тік ит жетектеген екі шекара сақшысының суреті бар кітапты қуанғаннан құшақтап алыпты. Артынша жақын жерде тұрған үстелге отыра қалды. Алғашқы парақтарын оқи бастады. Байқауынша, бала қиялы алға самғап кеткен сияқты. Өзін дүрбісін асынып алған шекара шебінде жүрген нағыз шекарашы сезініп отыр. Көңілге қонған орамды сөздері бар парақтардың қызықты жерлеріне қарандашпен белгі қоюды да ұмытпайды. Басын алмастан, қызыққан тұсты бірнеше қайтара оқиды. Иә, жауынгерлік қызмет­те ерлік көрсеткен атақты шекарашылардың өмірі шынымен де, жақсы әсер берген болатын.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, Әлібек Амангелдіұлы үшін атасының ерлікке толы әскери қызмет туралы айтқан ұзақ-сонар әңгімесінің нүктесін осы шекарашыларға арналған кітап қойғандай. Бастауыш сыныпта оқып жүрсе де болашақ мамандығын біржолата таңдауына ықпал ет­ті. Ол келешекте екі ел арасын абыроймен күзеткен шекарашы офицердің қатарына қосыламын деп шешті. Болашақ жоспары туралы ата-анасына айтқан кез­де олар да бала арманына балта шаппастан, ниетіне жігер берді. Қолдау көрсетіп, мақсатын орындауға қолдарынан келгенше қолғабыс жасады. «Әкең де, анаң да медицина саласының қызметкерлері, ағаң да сол жолды таңдап отыр. Сен де осы бағытқа түс», – деп мазасын алмады. Нағыз офицер болуға ерік-күші жететін, бірбеткей ұлдарының қайсар мінезін дұрыс бағаласа керек.
Иә, қасиет­ті кәсібінің шыңына жеткен аптал азамат­тар туралы сөз болғанда ата-анасының да есімдері қатар аталады. Жақсы тәлім-тәрбие бергендері үшін алғыс айтылып, мерейлері асқақтайды. Себебі орны бөлек тұлғаның қайсысын алсақ та, бойындағы жақсы қасиет­тердің барлығы әкенің қанымен, ананың сүтімен даритыны сөзсіз.
Амангелді аға – жасынан еңбекке жақын адам. Білімге де құштар жан туған жері Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бүгін ауылынан Алматы қаласына ат­танады. Бұған де­йін білікті жұмысшыларды даярлауға арналған кәсіптік білім беретін оқу орнын аяқтаған болатын. Бағы жанған талапты жігіт сол жылы Медициналық институт­тың Стоматология факультетінің студенті атанады.
Ағамыздың жасы 82-ге келсе де, әлі тың. Қолынан тіс емдеуге немесе ота жасауға арналған құралдарды бір күнге де тастап көрген емес. Батыс Қазақ­стан облыстық ауруханасында Жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі. Хирург-стоматолог. Жанына медет тілеп келген жандарға қолынан келген көмегін аямайтын ақ халат­ты абзал жан.
Амангелді Каюпұлы алған білімін үнемі жетілдіріп тұратын дәрігерлердің қатарынан. 2004 жылы туа біт­ті қоянжырық жаралары бар он беске жуық қазақ­стандық баланы жинап, шетелде ота жасауды ұйымдастырды. Израиль қалаларының біріне арнайы барып, балаларға ота жасауда тәжірибе алмастыру үшін өзі де бірге қатысады. Бүгінгі күні жоғарыда аталған күрделі отаны өзі жасайды.
Еліміздің Астанасында өтетін медицинаға қатысты түрлі конференцияларға қатардағы дәрігер ретінде ғана қатысып қоймай, ғылыми баяндамалар жасайды.
Осыдан екі жыл бұрын дәрігерлердің шеберлігін сынаған бір оқиға орын алады. Жас жігітке травматикалық тапаншадан атылған оқ бас сүйегін тесіп өтіп, көзінің артқы жағына тоқтағаны белгілі болады. Өз жұмысының кәсіби маманы атанған хирургтер оқты алуға арналған отаны жасауға жасқанады. Осы кез­де өзінің тәжірибесіне сенімді Амангелді аға тәуекелге бел буады. Ауыз қуысы арқылы, таңдайдан жоғары орналасқан мұрын тесігі арқылы арнайы құралын ішіне қарай тереңдетеді. Осылайша, нерв жүйесіне ешқандай залал келтірместен, оқты алып шығады. Жинақталған тәжірибе мен алған білімнің қашан да өз нәтижесін көрсетіп тұратыны белгілі. Бұл жерде Амангелді аға – тек қызмет өтілі мол дәрігер ғана емес, сонымен қатар ғылыми дәрежесін Ресей Федерациясында қорғаған Медицина ғылымының кандидаты. Себебі мұндай атаққа ие мамандардың қай жерде де орны бөлек.
Нәпиза апамыз да білім мен абыройдан құралақан жан емес. Апамыз да – Алматы қаласындағы Медицина институтының түлегі. Амангелді ағамыздың курстасы. Гиппкорат сертіне адал жан жасы 78-ден асса да әлі де ақ халатын тастамаған. Батыс Қазақ­стан облыстық емханасының хирург-стоматологі. Медицина саласы бойынша ұйымдастырылатын республикалық ғылыми конференциялардың белсенді қатысушысы. Жас мамандарға бағыт-бағдар сілтер кеңесші.
Салауат­ты өмір салтын таңдаған Амангелді ағамыз бен Нәпиза апамыз жұмыстан қолдары босай қалған кез­де Орал қаласының жанында орналасқан саяжайларына асығады. Көктем шыққан бойда еккен қияр, қызанақ және тағы басқа жеміс-жидектеріне күтім жасайды. Берекелі күзде жемістерін жинап, жертөледе сақтайды. Күнделікті өмір сүру дәстүрі де бір жүйеге қойылған.
Осындай асыл текті жандардан өмірге ғашық, білімге құштар, жандары жайсаң ұрпақ қана дүниеге келсе керек. Үлкен ұлдары – Болатбек Амангелдіұлы. Ақтөбе медициналық институтының жанындағы клиникада жетекші хирург-трансплантолог. Медицина ғылымының докторы, профессор. Ал кіші қыздары Сәуле болса, ол да – стоматология саласының білікті маманы. Қарағанды медициналық институтының түлегі. «Астана дент» стоматологиялық клиникасының иесі. Әскери саланы таңдаған Әлібек Амангелдіұлы – шекара қызметінің білікті офицері. Үлкен шекара ұжымының бірі – Алматы облысы бойынша департамент бастығы.
Бүгінгі күні Амангелді ағамыз бен Нәпиза апамыз – екі ұл мен бір қыздан он немере, екі шөбере, үш жиен сүйіп отырған мәуелі бәйтерек.
…Мақаламыздың басында сөз болған Төлеу ата Әлібек Амангелдіұлының офицерлік жұлдызды иығына таққан күнін көре алмай кет­ті. Екінші курста оқып жүрген кез­де өмірден өт­ті. Ал нағашы әжесі Зура «майор» әскери атағын алған кезін көріп кет­ті. Үшарал шекара жасағында әскери қызмет­те жүрген кез­де жиенінің жұмыс орнын көру үшін, әдейі­леп барды. Жұмыс орнын көріп кет­ті.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, саналы ұрпақ тәрбиелеуге ғұмырын арнаған Амангелді ағамыз бен Нәпиза апамыздың маңдай тері еш кетпеді. Ұл-қыздары – қазіргі кез­де халықтың алғысына бөленіп, күш-жігерлерін туған жеріне арнап жүрген жандар.
Сексеннің сеңгіріне келген ағамыз бен апамыздың ғұмыр жастары ұзақ болып, немере-жиен, шөбере-шөпшектерінің қызығын көре берсін деген тілек айтамыз. Қазақ елінде өз бойындағы қасиетін ұрпақ санасына сіңіре білетін осындай алтын шаңырақты әулет­тердің қатары мол болсын!

Манарбек Қарекенов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір