Гүлзия ПІРӘЛІ. ҰЛЫНЫҢ ҰСТАЗЫ М.Ф.ГАВРИЛОВ ТУРАЛЫ ТЫҢ ҚҰЖАТ ТАБЫЛДЫ
Жуырда кемеңгер суреткер, ғұлама ғалым, әлемнің Әуезові атанған Мұхтар Омарханұлының ХХ ғасыр басындағы қазақ әрі бүкіл түркітілдес халықтардың рухани астанасы болған Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттік университетінде еркін тыңдаушы (1922 – 23 ж.ж.) және аспирант (1928 – 30 ж.ж.) болған жылдары ұстазы болған атақты шығыстанушы ғалым Михаил Филиппович Гавриловтың қызмет бабымен Қазақстанға көшіп келгені, оның сол кездегі Мемлекеттік Көпшілік кітапханаға (бүгінгі ҚР Ұлттық кітапханасы) 1936 жылдың қыркүйек айындағы еңбек келісімшарты бойынша жұмысқа тұрғаны жөніндегі мұрағаттық құжатты алғашқы болып алып, таныстық. Бұл факт М.О.Әуезовтің өміріне қатысты архивтік құжаттың осы күнге дейін беймәлім болып келгенін, яғни тарихи да, әдеби де, ғылыми да айналымға енбегенін айғақтаса керек-ті. Өкініштісі, ұлының ұстазы болған
М.Ф.Гавриловтың Алматыда болғаны, қызмет атқарғаны жөніндегі ақпарат өз кезеңінде белгілі болғанда, бәлкім, еш жерде сақталмаған Ташкенттегі кезеңі туралы тарихи деректер толығып, түгенделер ме еді деген ой. Өйткені 1929 – 1930 жылдар аралығында Қазақстанда қазақ зиялыларын жазалау саясаты белсенді түрде қолға алынып, Алашорда қайраткерлерінің көбі дерлік (А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, Х.Досмұхамедов, Е.Омаров, т.б.) түрмеге қамалды. Аспирант Әуезовтің САГУ-дің №232 бұйрығы бойынша 1930 жылы 24 қарашада оқудан шығарылып, қамауға алынғанда бүкіл қолжазбалары қолды болғаны мәлім. Содан 1932 жылдың сәуіріне дейін Алматы түрмесінде тұтқында болған М.Әуезовтің Ташкент кезеңіндегі көп мәлімет беймәлім күйінде қалып, мұхтартанудың ақтаңдақ беттеріне айналды. Ташкенттегі ұстазы, аспирантурадағы ғылыми жетекшісі М.Ф.Гавриловтың Алматыға келіп ғалымдар көп баратын кітапханада, университетте қызмет атқарғанын білген ізденушілер болғанда, ұстаз бен шәкірт туралы да қаншама құнды ой-пікірлері қағазға түсіп қалар ма еді? Екі ұлы тұлғаның ғылыми өмірбаянынан, естеліктерінен мол мағлұмат алып қалар ма едік, кім білсін? Кейде біздің осынау немқұрайлығымыз да талай кемшілігіміздің көзі болып жатады.
Алайда бүгінгі мұхтартануға қатысты қоржынымызды қордаландыратын құнды мұрағаттық мәтіндерді сол қалпында оқырманға ұсынуды жөн көрдік. Ескерте кететін бір жайт, мәтіндегі кейбір сөздердің өшіп қалуына сәйкес дұрыс оқылмай, жазылмай кеткен жайлары бар. Алдын ала оқырмандардан кешірім сұраймыз. Архивтік құжат болғандықтан, суретке не сканерге түсірудің мүмкіндігі болмады. Өз қолтаңбамызбен қағазға түсіруге тура келді. «Государственная Публичная библиотека им. А.С.Пушкина. Общее делопроизводство. Дело №15. оп.1. д.286. св.12. Личное дело Гаврилова Михайла Филипповича. Начато 4 сентября 1934 г. Окончено 4 июля 1937 г. На «13» листах. Хранить постоянно (по переченю №255)» деген құжаттағы ақпараттарда мынадай мәліметтер бар: «Персональный договор»
«г.Алма-ата. Сентября дня 1936 г., мы нижеподписавщиеся Джумабаева, с одной стороны и научный работник-востоковед проф. Гаврилов М.Ф. с другой, заключили между собой нижеследующий трудовой договор:
1. Государственная Публичная Библиотека-представляет а проф.и Гаврилов М.Ф. принимает на себя обязанность вести основную работу в качестве научного сотрудника-востоковеда при Гос. Пуб. Библиотке, начиная с «4» числа сего сентября месяца, сроком на один год.
2. За свою работу проф.Гаврилов получает зарплату по руб. 600 в месяц и кроме этого ему пр. Гаврилову предоставляется право:
а) использование одного рабочего часа нормального трудового дня на совместительную работу в системе Казкомпроса.
б) пользоваться трудовым очередным отпуском в два месяца ежегодно и
в) получать весной научную командировку, в интересах библиотечного дела, в г.Москву или братские республики.
3. проф. Гаврилову предоставляется соответствующая квартира на двух человек его семьи при Гос, Публ, Биб-ка, причем, с переходом проф. Гаврилова на иную основную работу, он обязан эту квартиру освободить в течение пяти дней.
4. По желанию сторон, срок договора может быть продлен, при чем соглашение об этом должно быть выявлено № не позже чем за пол месяца. До истечения срока настоящего договора.
5. один экземпляр настоящего договора находиться в гос. Пуб, Биб-к, другой проф. Гаврилова М.Ф.

От ГПБ (Джумабаев)
Стороны (М.Ф.Гаврилов)
Личный листок
по учету кадр
Гаврилов Михаил Филиппович, муж.1884,10/Х (месторождения) гор Ташкент, нац, русский. (родителей) купец /м, с. Умер отец в 1908 г. Ташкенте, …образование высшее (политпросвету гр 1933 основные специальности: Императорский Санкт-Петербургский университет 1907 – 1911. Щвейцарии Сен-Галленской коммерч. академии (Востоковед-тюрколог).
Ученая степень (звоно…) б/ проф, журналистов загранице 1905 – 07 во Франции, Щвейцарии, Германии, Персии (полу, высшее образования) 1922. 23/24 замист, председателя Ташкент товар биржи и стбирмаклер.
1924–1931 научно-исследовательская педагогическая работа в области востоковедение (Ташкент).
Туркист. Восточный институт СА Гос ун-т.
1932-Казкрайогиз эк-ст плановик-КрайОгуз книгоцентр. Алматы.
1933-37 ученый секретарь гос.Терминал Ком (Гос термин. комиссии Алматы)
1934 проф, тюрколог КазПИ проф, консультант. Каз Пединститут. Алматы.
1937 – консультант в обл, этнографии центр музей Казахстана, Алматы.
СА ГосУн-т г.Ташкент госуниверситет Деканом востфак 1928 – 29
Таш Госуни, предс мкома ун-та 1930-31 г.
Ташкент окружное бюро секции науч. раб. чискомбюро. 1926 – 27,1930 – 31.
Знание иностранных языков и языконародностей СССР. Иностр: немец, французский, англиский,турецский, персидский, арабский.
Народностей: узбекский, казахский, таджикский.
Женат, проспект Ленина. Дом №11.
Дата заполнения 11/ІХ.1937 г. Подпись.
СПРАВКА
Печатных работ имею до 35 жало… на русском и восточных языках….
Самая ран..работы 1910 г.до последн… 1937
1941 г. защитник Брестской крепости Петр Михайлович Гаврилов Фото из архивов МК Брестская крепость-геройПодпись
Трудд… отпуск 2 ай болуы керек, жыл сайын көктемде науч. командировку в центр братскую республику интересах библиотечный дело.
(Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивтің жеке тектік қорлары бойынша жөнсілтемесі (1959 – 2009). (Құрастырған М.Г.Жылысбаева, Алматы 2020). 1 том. М.О. Әуезов 66-бетте)».
Ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінің 1813-қорынан алынды.
Осы ретте көрнекті абайтанушы, мұхтартанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының «Әуезов және Абай» (Алматы: «Қазақстан», 1996. – 272.) еңбегіндегі «Абайға барар жолда» атты мақаласында 1977 жылы 28 наурыздағы «Вечерный Ташкент» газетінде И.Безбродныйдың «Архивтен табылған олжа» деген қысқаша хабарламасынан Мұхтар Әуезовтің 1930 жылы сәуірде толтырылған аспиранттық анкетасын, онда жетекшісі М.Ф.Гаврилов жөнінде деректерді кездестіргенін мәлімдейді. Мұхтар Әуезовтің ғылыми жолында үлкен рөл атқарған ұстаздары, «…әсіресе ғылыми жетекшісі М.Ф.Гаврилов жайлы деректер әлі күнге дейін бізге беймәлім болып келеді» деген мұхтартанушы ғалым М.Мырзахметұлы одан әрі: «…іздестіре бастағанымызда кездейсоқ сәтті жағдайда Гавриловтың баласы Борис Михаиловичпен ұшырасып, біршама нақтылы деректер көзін танып білуге мүмкіндік тапқандай болдық…» – дейді (18-бетте кітапта). Өкініштісі де ұстаздың өзімен емес, ұрпағымен кездесуі. Дегенмен тағдырдың бұл тосын сыйына да қанағат. М.Мырзахметұлы арқылы ғылыми айналымға енген Мұхтар Әуезовтің ұстазы әрі аспирантурадағы ғылыми жетекшісі М.Ф.Гаврилов туралы шағын өмірбаяндық дерек, жалғыз мәтін бүгінде құнды. Оның әрбір еңбекте көшіріліп жүруі де соның дәлелі болса керек. Бүгінде ұстаздың аты-жөнінен бөлек, өмірбаянына қатысты қасқалдақтың қанындай шағын мәліметті біз де сол қалпында беруге мәжбүрміз. Өйткені бүгіндері табылып отырған олжамыздың кейіпкері – М.Ф.Гавриловтың кім екенінен оқырманға ақпарат бере кету парызымыз. М.Әуезовтің ғылыми жетекшісі М.Ф.Гаврилов 1884 жылы Ташкент қаласында көпес отбасында туған. Ұлының ұстазы М.Ф.Гаврилов алғашқы білімді Ташкент гимназиясында оқып, алған. Содан соң даңқты өркениет өлкелері Париж, Берлин қалаларында өзінің таңдаған мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Кейін Петербург университетінің шығыстану факультетіне түсіп, оны 1911 жылы бірінші дәрежелі дипломмен бітірген. Университет қабырғасында жүрген кезде-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, 1910 жылы «Сарттардың қолөнері» деген еңбегі үшін университет кеңесі оны күміс медальмен марапаттайды. 1922 – 1931 жылдар аралығында САГУ-дің шығыстану факультетінің деканы, түркология кафедрасының доценті, профессоры, 1930 жылдан бастап Түркістан республикасындағы Терминология комиссиясының председателі қызметін атқарған (3. 18-б.). М.Ф.Гавриловтың шәкіртіне деген ықыласы ерекше болған. Ол М.Әуезовтің болашағынан үлкен үміт күткен, сеніммен қараған.
Ал ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан табылған құжаттағы М.Әуезовтің ғылыми жетекшісі М.Ф.Гавриловтың жеке өмірбаянына, отбасына, ғылыми мұрасына қатысты қаншама тың деректер бар екенін аңғарамыз.
Мәселен, Алматыға көшіп келгенге дейін САГУ-де түркітанушы, этнограф, өзбек тілі мен әдебиетінің оқытушысы, атақты ғалым А.Н.Самойловичтің шәкірті болған көрнекті ғалым М.Ф.Гаврилов та кеңестік кезеңдегі саяси репрессияның әзірге белгілі 3 292 885-тің ішіндегі құрбаны болыпты. 1938 жылы 7 ақпанда ұсталып, 1938 жылдың 19 қыркүйегінде атылыпты. Сөйтіп, тек қана 1989 жылы ғана саяси айыптан арылып, ақталыпты. Бұл деректер «Люди и судьбы». Биобиблиографический словарь востоковедов-жертв политического террора в советский период. СПб. 2003; БД «Жертвы политического террора в СССР» деген еңбектерде бар.
М.Мырзахметұлының мақаласында кездеспейтін автобиографиялық деректер ғылыми жетекшінің өмірбаянын толықтырып, кейбір деректерді нақтылап, анықтай түседі. Мысалы, М.О.Әуезовтің ұстазы Михаил Филиппович Гавриловтың отбасы мүшелерінің, оқыған және қызмет атқарған жерлерінің атауы аталып, бұрындары жазылмай жүрген мәліметтер жүйеленген. Оған жоғарыда келтірілген құжаттағы тарихи деректер дәлел. Оларды қайталау қажеттілік тудыра қоймас.
1924 жылдан басталып, 1931 жылы тамамдалған Ташкенттегі өмірі, САГУ-дегі ғылыми педагогикалық қызметі 1932 жылдан бастап Алматыға ауысқан. Оны да жаңа табылған архивтік құжаттар айғақтайды.
Бізге таңсық болып отырған жайт – 1934 жылдан басталған, Ташкентте тұңғыш рет ашылған қазақ педагогикалық институтының негізінде 1928 жылы Алматыда Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ ) түркітанушы, профессор, кеңесші болып 1937 жылға дейін еңбек етуі. Осы жылдары М.О.Әуезов те Алматыда бірнеше жоғары оқу орнында дәріс беріп, әдеби, ғылыми ортада жүрді.
Айталық, 1932 жылдың қыркүйегінен бастап, Алматыдағы қазақ ауыл шаруашылығы (зоовет) институтының қазақ және орыс тілі кафедрасының доценті ретінде педагогтық қызметтен бастаса, 1932–1949 жылдары Қазақ педагогика институты қазақ әдебиеті кафедрасында және Қазақ мемлекеттік университетінде профессор міндетін, ал 1932 – 1937 жылдары қосымша Қазақ академиялық драма театрының әдебиет бөлімін басқарды.
Міне, осы кездері ұстаз бен шәкірттің кездеспеуі, шығармашылық байланыста болмауы мүмкін емес қой. Алайда осы күнге дейін мұхтартанушы ғалымдардың еңбектерінде осы маңайдағы ойлар, деректер келтірілмеген. Өз басым кездестіре қоймадым. М.Ф.Гавриловтың Алматыдағы кезеңі, ұстаздық қызметі, ғылыми мұралары турасындағы мәліметтер мүмкін келешекте табылып қалар деген дәмеміз де бар. Ол – уақыт әміріндегі олжа.
М.О.Әуезовтің Қазақ КСР ҒА-ның 1948 жылы 6 сәуірде Алматы қаласында өткен Президиум отырысында сөйлеген «Выступление М.О.Ауэзова на заседании Президиума АН КазССР о деятельности Научной библиотеки АН КазССР» деген сөзінде біздің тарихымыз, көп қолжазбамыз өзбек кітапханалары мен архивтерінде сақталып қалғаны жөніндегі: «…представители Узбекской академии наук на открытии нашей АН обещали
выделить нам рукописей фонд. Ведь коллекции очень богатые, которые относится и к казахской литературе, в Ташкенте есть наша доля. Они дружественно обещали, но ничего не дают. Надо напомнить…» деген ұрпаққа айтып кеткен аманатын арқалап, 2025 жылдың күзінде «АР23488634 – Түркі мәдениетіндегі М.О.Әуезов әлемі» атты жоба бойынша Ташкентке барған болатынбыз. Алайда архивтерге кіру арман болып, Ұлттық кітапхана қоры мен жоғары оқу орындарындағы кітапханалармен шектелуге тура келді. Ал ақиқатында Ташкенттің архивтерінде төл тарихымызға қатысты қаншама құнды құжаттар, архивтік материалдар жатқаны мәлім. Өзгені былай қойғанда, бір ғана М.Әуезовтің Ташкенттегі кезеңдері, оның әдеби, ғылыми мұраларына қатысты тарихи құжаттар мен этнографиялық мұралар, шығармашылық ортасы, сол Ташкентте шыққан басылымдар, оларға жазушының қатынасы, жарияланған мақалалары, өзбек ғалымдары мен қаламгерлерінің әріптесі туралы естеліктері, әр мерейтой кезінде мерзімді басылымдарда жазылған мақалалары, ғылыми-теориялық конференцияларда жасалған баяндамалары – бәрі де қайта сүзгіден өтіп қаралса, тағы да құнды қолжазбалар, стенограммалық мәтіндер табуға болар еді. Әлі де үміт бар, келешекте шешілер деген сенімдеміз.
Осы сапарымызда «Первый казахский институт в Ташкенте» (Сборник документов и материалов)» деген жинақты олжаладық. Кітап Өзбекстанның республикалық қазақ орталығынан шыққан. Жауапты шығарушы – тарих ғылымының докторы, профессор С.Тілеуқұлов. Жинақта Ташкентте тұңғыш рет ашылған қазақ педагогикалық институтының тарихына қатысты бүкіл архив құжаттары мен материалдары жарияланған. Кейін, 1928 жылы осы институттың негізінде Алматыда Қазақ педагогикалық институты (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) ашылғаны белгілі. Жинақтан алғашқы педагогикалық институтта оқыған, қызмет еткен қазақ зиялылары туралы молынан мәлімет алуға болады және мұнда дәріс берген әлемге әйгілі шығыстанушы ғалымдар мен академиктер, олардың ғылыми мұралары мен еңбектері жөнінде де құнды деректер бар. Мәселен, академик В.В.Бартольдтың «История турецко-монгольских народов». Конспект лекций, читанных студентам Казахского Высшего Педагогического Института в 1926 – 27 учебном году» Ташкент. Издание Казахского Высшего Педагогического Института» деген, т.б. көпшіліктің қолына түсе бермейтін ғылыми педагогикалық мұралар жөніндегі ақпараттар да аз емес. Бұл еңбектің көптеген ғалымдарға, тарихшыларға, ізденушілерге аса зәрулігі байқалады. Осы алғашқы рухани ордадан білім алған қазақ зиялылары, сөз жоқ, әр саланың кәсіби мамандарына, тарихи тұлғаларына айналғаны да ақиқат.
1923 жылы шілде айында Түркістан мемлекеттік университеті Орта Азия мемлекеттік университеті (САГУ) деп өзгертіледі. М.Әуезов осы университетке 1922 жылы еркін тыңдаушы болып қабылданады. Алайда 1923 жылдың 9 мамырдағы Түркістан мемлекеттік университетінің басқармасының мәліметі бойынша, М.Әуезов қоғамдық ғылымдар факультетінің студенттер құрамынан өз таңдауындағы мамандықтың болмау салдарынан өз еркімен шығады. Орта Азия мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесінің мүшесі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов М.Әуезовтің Ленинград университетіне арнайы жолдамамен оқуға түсуіне қол ұшын береді. М.Әуезов пен Т.Рысқұловтың таныстығы кейін М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінің жазылуына түрткі болды.
1928 жылы қыркүйек айында
М.Әуезов Ташкентке, Орталық Азия мемлекеттік университеті шығыстану факультетінің түрік филологиясы кафедрасының қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша аспирантурасына қайта оралады. 1928 жылдың мамырынан 1929 жылдың қыркүйегіне дейін Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының директоры, қазақ жастарының әдеби бірлестігінің жетекшісі болған қоғам және қалам қайраткері, көрнекті ақын Сәкен Сейфуллин аспирант Мұхтар Әуезовті өз бұйрығымен арнайы жалақы тағайындап, орыс және қазақ әдебиеті тарихынан оқытушылық қызметке алады.
Осылай М.О.Әуезов оқу-ағарту институты және орман шаруашылығы техникумында қазақ әдебиетінен сабақ беріп, 1929 жылдан САГУ-дің түркология кафедрасында аспирант әрі ғылыми қызметкер болып істеген.
М.О.Әуезов білім алған САГУ-де Түркістан өлкесіндегі жергілікті өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, тәжік ұлтының өкілдері оқыды. Оларға Мәскеуден келген профессорлық-оқытушылар құрамы дәріс берді. Соның бірі – ұлының ұстазы, ғылыми жетекшісі болған көрнекті ғалым, атақты шығыстанушы Михаил Филиппович Гаврилов еді. Әлемдегі ең жоғары дәрежелі еуропалық ғалымдардан білім алған М.Ф.Гаврилов, А.Э.Шмидт, Диваев, т.б. сынды ғұлама ғалымдардың М.Әуезовке берген бағыты, ақыл-кеңестері шығыс әдебиетін терең оқып, білуіне себеп болды.
М.О.Әуезовтің осы аспиранттық кезеңі туралы көрнекті абайтанушы, мұхтартанушы ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Қазақстан мұғалімі» (1977 ж. 14 қазан), «Қазақ әдебиеті» (1981 ж. 10 маусым) газеттерінде және «Абайға барар жолда», «САГУ-дың аспиранты» атты еңбектерінде көптеген мұрағат материалдары негізінде оқырмандарға көп ақпарат береді («Әуезов және Абай». – Алматы: «Қазақстан», 1996. – 272.).
М.Мырзахметұлының, Ташкентте тұратын танымал ғалым, мұхтартанушы Қалдыбек Сейдановтың («Әуезов және Орталық Азия әдебиеті») зерттеулеріндегі мәліметтерге сүйенсек, 1930 жылы 20 наурызда шығыстану факультетінің мәжілісінде М.Әуезовтің бір жылғы есебі бойынша сөйлеген профессор М.Ф.Гаврилов: «…қазақ-қырғыз әдебиеті саласында ол өте бағалы ғылыми қызметкер бола алады. Жұмысын жоспарлы әрі жүйелі түрде жүргізеді», – деп баға берген.
Сондай-ақ кафедра оқытушысы А.А.Семенов те: «Қазірдің өзінде М.Әуезовтің екі жыл бойы парсы тілін оқыған аспиранттармен бірдей жақсы даярлығы бар», – деген екен. Аспирантурадағы ғылыми жетекшісі Михаил Филиппович Гавриловтың тапсыруымен М.Әуезов Қожа Ахмет Ясауидың «Диуани хикметін», өзбек әдебиетінің классигі Ә.Науаидың шығармаларын, Осман түріктері мен түрікмен эпостарын оқып, шағатай, түркі жазба әдебиетінің түпнұсқаларымен жұмыс жүргізгені мәлім. Тілдерді үйрену саласында да шағатай, әзербайжан, түрік әдебиетін жете меңгеру үшін парсы тілін үйренген, университет профессоры А.Э.Шмидттің қосымша сабақтар өткізуі арқылы араб тілін де меңгерген, осы ұстаздарының кеңесімен аспирант М.Әуезов ғылыми жұмыспен бірге түрлі тақырыптарда дәрістер оқып, оқулықтар жазып, ғылыми үйірмелерге араласып, зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Осы әлемге танымал түркітанушы, шығыстанушы ғалымдардан, сол кезеңдегі Одақтағы ең ірі жоғары оқу орындарында (САГУ, ЛенГУ) алған филологиялық білімі, әлемдік деңгейдегі атақты оқымыстылардан алған тағылымы М.О.Әуезовтің әрбір ғылыми жұмыстарында, ұлттық әдебиеттану ғылымын қалыптастырудағы көшбасшылық қызметтерінде жемісін көрсете білді. Әрбір көне дәуірден бастау алған түркітілдес халықтар тарихындағы әдеби мұраларды жинап, жариялап, зерттеуде, оларды түпнұсқадан оқып, танып-білуде, олардың көркемдік эстетикалық құндылығын айыра алатындай аналитикалық, теориялық талдаулар жасауда М.О.Әуезов әлемдік деңгейде ешкімге дес бермейтін білгір маман, энциклопедиялық білім иесі болуы да осы ташкенттік кезеңіндегі ғұлама ғалымдардың ғибратты өнегесінен бастау алса керек.
Олай болса, «ұстазы мықтының ұстанымы жақсы» деген даналықты ескере отырып, М.О.Әуезовтей ұлының ұстазы болған танымал түркітанушы, шығыстанушы ғалым М.Ф.Гавриловтың жаңадан табылған архивтік құжатында көрсетілген тың тарихи деректер бізге жаңа талпыныстар туғызып, көптеген әдеби, ғылыми мұраларымызды қайта тірілтіп, жаңғыртуға септігі тиеді-ау деген ойдамыз.
Қалай десек те ұлының ұстазы М.Ф.Гавриловқа қатысты құнды құжаттар – қазақ әдебиеті, мұхтартану тарихына тікелей қатысы бар рухани құндылық. Өзге өркениетті елде ұлы тұлғаларына қатысты аз ғана ақпараттың табылуын сүйіншілеп, ұрандатып жатады. Біз де тапқан олжамызбен бөлісейік дедік.
ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан
М.Әуезовтің ұстазы, аспирантурадағы ғылыми жетекшісі М.Ф.Гавриловтың бұрындары беймәлім болып келген құжаттарын тауып, танысуыма көмек көрсеткен кітапхана қызметкерлеріне, Ертай Біләлға алғысымды білдіремін.