Торы ат туралы баллада
15.02.2025
301
1

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ

Атпен өткен қазақта сан қилылар,
Бағалай білген ат­ты танитындар.
Сондай ат­тың біреуі, бірегейі –
Торы ат, бәйге торы тарихы бар.

Ас, атына Алаша Аталықтың,
Беріліп, басын жиып көп халықтың,
Тігіліпті бәйгеге жүз шақырым,
Таңғалдырар, көп сыйлық қадалып тым.

Айтылып алдын ала болатыны,
Сәйгүліктер ай, жылдап жаратылды.
Алпыс ат­тың ішінде әйгіленген,
Төрт-бес тұлпар өзгеден дара тұрды.

Біріншісі болған-ды жиренқасқа,
Бәйге алған, топты жарып талай аста.
Көргендер ойлайтын-ды іштерінен,
Тумас деп, ат баласы, мұндай басқа.

Кетелер әзірледі қара атын,
Тек алдынан бәйгенің табылатын,
Қуантқан талай рет қол соқтырып,
Бір кез­де «Шайтан қара» аталатын.

Ақбоз жүйрік солардың бірі тағы,
Түскелі тұр сынаққа бүгін бағы,
Жиірек жүре-тұғын бәйге бермей,
Ерекше жүйрік еді бұрын-дағы.

Есейіп қалса-дағы құла айғыр,
Озған-ды талай тойда ұлан-ғайыр,
Ат иесі кезегін күтсе керек,
Бәйгеге жиі қазір шығармай жүр.

Сезбейтін, қанша шапса, қашықтықты,
Жабылар ел есінде қалып мықты.
Тым алыс шабыстарда мұнан бұрын,
Бас бәйгені бұлар да алып шықты.

Аз-кем аты шыққандар көп болатын,
Болмаса да тарихы тоқталатын.
Кез­дері кез­дескен-ді, арагідік,
Олардың да жеңімпаз боп қалатын.

Шабандоздар өз бағын сынай келген,
Жиналыпты бұл жолы маңай елден.
Ат айдаушы белгілі балалармен,
Аламанның бәйгесін талай көрген.

Көзіне түсті бөлек, тұрған жұрт­тың,
Ысқаяқ ат құс тірсек, сырдаң ет тым.
Қара қасқа айғыры, дөнен шыққан,
Қойыс Шеркеш бас биі,
Тұрманбет­тің.

Тұқымы болатын бұл қазанат­тың,
Баяғыда шығарған қазақ атын.
Жалт-жұлт еткен жібектей,
қарағанда,
Бөлек-ті, түрі-түсі ғажап ат­тың.

Жүретіндер бәйгені қадағалап,
Алпыс атқа көздерін қадап қарап.
Баға берді таласып әр жүйрікке,
Іштерінен әр ат­ты сараптап ап.

Тұр ылғи жарау жеткен күйде жүйрік,
Қысқартылған, кейбірі түйме құйрық,
Айдаушылар алаңдап, асығуда,
Тым ұзақ көрінетін кейде бұйрық.
Назарын алды жұрт­тың бірден тартып,
Бір торы, оң аяқпен жүрген тарпып,
Үстінде, тыншымаған, ат­тың бір сәт,
Шірене отыр бала, жүген тартып.

Беріліп күткен әбден бірер белгі,
Жүйріктердің тізгіні жіберілді.
Тұяғы алпыс ат­тың, дүбірлеген,
Қозғағандай болған-ды түгел жерді.

Бәйге төбе астында бара жат­ты,
Әр рудың үкілі аманаты,
Үш-төртеуден біразы қосса-дағы,
Кейбіреудің кеткен-ді жалғыз аты.

Жүйріктер бұйра шаңға оралды да,
Көзді ашып-жұмғанша жоғалды да,
Алпыс ат бара жат­ты шұбатылып,
Он-он бесі бөлініп топ алдында.
Алғашқы он шақырым, негізінен,
Ұзамай бір-бірінен сезіп жүген,
Аз ке­йіндеу басқасы келе жат­ты,
Ілгері шыққан жеті-сегізінен.

Осылай он шақырым қалды-дағы,
Сегіз ат үлкен топтың алдындағы,
Араны алшақтатып бара жат­ты,
Қуырып жер апшысын арындады.

Шықпастан ат мойындай ілгеріден,
Қалыспай келе жат­ты бір-бірінен,
Бір сәт­те таяқ тастам шықты алға,
Құла айғыр жеті жасқа биыл кірген.

Топ болып шабу біт­ті осыменен,
Басталды қашу, қуу осы жерден,
Қара қасқа ілесті екінші боп,
Құлаға, қалмай арт­тан, жосылумен.

Үшінші боп бұлардан аз-кем арт­та,
Келеді ке­йінірек жирен ат та ,
Ілесіпті соңынан ақбоз жүйрік,
Төртеуі тізіліпті тиген сапта.

Қырық шақырым бекетке кіргенінде,
Өзгерді табылғандар ілгеріде,
Қара ат қуып жетіп артқыларын,
Қалмай қойды ақбоздан бір елі де.

Асқанда алдыңғылар жарты жолдан,
Қос жабы, торы жұрт­тың арты болған,
Шай қайнатым уақыт­та өтіп бәрін,
Үшеуі шыға келді, тартып алдан.

Сол кез­де жирен қасқа дүбірлетіп,
Оларды аз уақыт­та жүріп жетіп,
Суырылып, шықты алға, үшеуімен,
Бара жатқан басқадан шұғыл кетіп.

Өткенде біраз уақыт басталғалы,
Төртеуіне ілеспей басқалары,
Аралары біртіндеп ұзай берді,
Байқалды кейбірінің шаршағаны.

Белгілі болды енді үміткерлер,
Алпыстан бас бәйгеге үздік келер,
Кет­ті озып бәрінен көш ілгері,
Қалмады басқа біреу күдіктенер.
Жұрт білетін әуелден маңайдағы,
Үшеуі белгілілер талайдағы,
Торы ат келе жатыр қалмай әлі,
Соншама, жүйрік сонда, бұл қайдағы?

Қаз мойын, қамыс құлақ, ұзын тірсек,
Торы ат келе жатқан, мүсін жүрдек,
Байбақты Баймырзаның торысы еді,
Бәйгеге алғаш рет ұсынды кеп.

Киген бірге құлыннан қос жүгендік,
Қос жабыны тағы да қосты келіп,
Екі бала қысылмай, еркін отыр,
Бастарын жабылардың бос жіберіп.

Жіберіп, тартып басын келе жат­ты,
Айдаушы, қасқа маңдай жирен ат­ты,
Осынау жерге де­йін, көрмеген ат,
Ілесуге тым жақын қиналмапты.

Торының басын мықтап тығырлады,
Айдаушыда құпия ұғым бар-ды.
Мінген бала мұқият білетін-ді,
Алдағы биік өскен жыңғылдарды.

Торы ат болса-дағы алымдырақ,
Жирен қасқа, жібермей, алдын орап,
Келе жатып, көрінді жыңғыл тоғай,
Үстінде жатқан жазғы сағым құлап.

Жыңғыл өскен балаға меже еді,
Ат­тың басын жіберді, тежемеді,
Торы алға ағызып, шыға келді,
Келгенін сезгеніндей кезек енді.

Жиренді де шыдамай қосып енді,
Жүгенді ат айдаушы бос жіберді,
Бауырын ашып әбден әккі жүйрік,
Құйындап, бұрынғыдай көсілген-ді.

Апырай, бұл қайдағы дарабозды,
Шапқан сайын жиреннен әрі озды,
Кешікпей ұзай берді аралары,
Орындардың бұрыңғы бәрін бұзды.

Жиренге мұндай жағдай тосын сонша,
Ешқашан қалмап еді осыншама,
Қашан да жүретін-ді алда әр кез,
Бүгінгі торы келіп қосылғанша.

Екпіні торы ат­тың азаймады,
Қалдырды тым алыста талайларды,
Өтпегендей соншама ұзақ жолды,
Құстай ұшып мәрені маңайлады.

Әркім жасап жорамал өз тұсынан,
Тұрғанда, көрінді ат, көз ұшынан,
Біраз адам өз атын күтіп алдан,
Азая бастағанда төзім, шыдам.

Жорамал жасаушылар дым демеді,
Мұндай ат­ты көбісі білмеп еді,
Біраз уақыт өткенде, жирен қасқа,
Мәреге жабылармен бірге келді.

Осылай жеке дара торы келді,
Танитын болды халық толық енді,
Үш үйір жылқы, он бес інген сыйлық,
Бұл аста бас бәйгеге болып еді.

Құдалардан кезінде сый айтылған,
Туыпты, торы, келген бір байталдан,
Бәйгені естіп, олар әлектепті,
Торыны аламыз деп біз қайтадан.

Баймырза түсіп әбден қиын күйге,
Жүгініпті, шыдамай Сырым биге,
Би депті, торы ат­ты алам десе,
Алсын бірге келінді кері үйіне.

Құдалар орынына ұғынудың,
Қоймаған соң түр-түрін ұрынудың,
Торыны ол, сыйлапты Сырым биге,
Ішінде қалсын деумен бір рудың.

Нұралы ханға халық наразылық,
Көрсетіп, Орынборға арыз қылып.
Шешім болды, билерін рулардың,
Тыңдауға ақылдарын абыздылық.

Сырым би ел арасын алып бетке,
Жеткен-ді, Шеркеш биі Тұрманбетке,
Айтылып, көп әңгіме біткеннен соң,
Қоштасқалы бөлектеу тұрған шет­те.

Тұрманбет Сырым бидің атын көріп,
Сөйледі інісіне батыл келіп,
– Шешенсің, бисің әрі батыр, Сырым,
Жүресің сөйлегенде ақыл беріп.

Сырым би, атағыңа ел сыйлаған,
Лайық емес атың мінген саған,
«Қара қасқа бестіні мін астыңа,
Жүйрік тұлпар сый болсын менен саған.

Үндемей қалды-дағы бір мезет­те,
Сөйледі Сырым батыр сөз кезекте,
«Қара қасқа бестіге ризамын,
Торы ат, маған бірақ өзгеректе.

Бір кез­де, сақтап еді оқтан аман,
Бәйгеде жұрт­тан озып, тоқтамаған,
Бұл торы, алыс сапар шегер кез­де,
Сезініп, оң аяғын соққылаған».

«Апырай» – деді сонда би Тұрманбет,
«Бұл сонда, мен таңғалған торы ма еді»,
Құрықтай мойнын торы доғалады,
Сезгендей, сөз барысы, болды ма деп.

Осылай торы жұртқа естіліпті,
Жетекте қара қасқа бесті кет­ті,
Әйгілі Сырым биге бәйге торы,
Көрсетіп жылқыдағы тектілікті.

«Жақсы ат – қазынаның бірі» деген,
Шыққан шығар торыдай ірілерден,
Аңыз емес, бұл шындық, оқырманым,
Хикаясы торының түгелденген.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.02.2025 | 00:44

керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір