РУХ ШАҚЫРҒАН САПАР
02.06.2026
31
0

Қазақ халқының материалдық емес рухани мәдениетінің шексіз байлығы мен алуан түрлілігі халықаралық ЮНЕСКО ұйымының назарына ілігіп, сәуір айының 9-10 күндері Алматы қаласының Достық үйінде ҚР Премьер- минис­трінің орынбасары – мәдениет министрі Аида Балаеваның төралығымен осы мәселе кеңінен талқыланды.

Осы жолдардың авторына Атырау өлкесіндегі материалдық емес мәдениеттің өткені мен бүгінгісі туралы баяндама жасаудың сәті түскен еді. Бұл мақалада мен атыраулық бір отбасының өткен ғасырдың 20–30 жылдары басына түскен ауыртпалығын баяндай отырып, жақсылық пен жамандықтың, қара түнек пен жарықтың арасындағы күресті, сондай-ақ саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың арасында әулиелер мен көріпкелдердің болғанын, олардың аруағының мәңгілік екенін, қажет болған жағдайда олардың өздерінің ұрпақтарын желеп -жебеп жүретінін паш етпекшімін.
Қазақ халқының басына не келіп, не кетпеген дес еңізші! Биылғы бір жылдың өзінде жеке басым саяси қуғын-сүргінге ұшырап, сүйектері жат жерде қалған құрбандардың бірнеше ұрпақтарымен кездесіп, сол жарқын жандардың адамгершілік қасиеттеріне тәнті болып, осы сауапты шаруаға өзімнің отыз жыл өмірімді бекер арнамағаныма көзім анық жетті.
XX ғасырдың 20-40 жылдарында елімізде кеңестік биліктің өзінің халқына қарсы жүргізген саяси қуғын-сүргін шараларын көптен бері зерттеп жүрген ғалымдардың бірі ретінде, соңғы отыз жылдың ішінде талай қилы тағдырлар мен оқиғалар туралы республикалық және облыстық архивтердің деректерінен басқа, адам баласының үш ұйықтаса түсіне кірмейтін мәліметтерді бір кезде қудалауға ұшырап, тағдырдың талқысына түскен құрбандардың ұрпақтарының ауыздарынан естіп, қазақ халқының алабөтен адамгершілік қадір-қасиеттеріне тәнті болып, өз халқым үшін мақтаныш сезіміне бөлендім. Ондай мәліметтермен бізбен бөліскендер, негізінен, жас адамдар, олар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың үшінші, төртінші ұрпақтары бола тұра, өздерінің перзенттік борыштарын жан-тәндерімен түсіне отырып, аталарының жатқан жерін іздеп тауып, бастарына Құран оқытып, ескеркіш белгі қойдырыпты. Мен осы мақалада қатыгез заманының құрбаны болған Сейіт­баттал Есениязовтың немересі Айгүлдің өзінің әулие атасын түсінде көргенін, ол кісінің немересіне өзінің қайда жерленгенінен аян бергені таңғажайып естелігін оқушы назарына ұсынамын.
Әрине, бұл естелікті бірқатар адамдардың нанымсыз немесе тіпті мистика деп қабылдауы да мүмкін, бірақ адамзат тарихында көп уақыт бұрын қайтыс болған ата-аналардың аруақтарының аса ауыр жағдайларға ұшыраған өз перзенттерінің жанына араша болып, оларды талай рет құтқарғаны туралы оқиғалардың болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Қазақтардың арасында өмір сүрген әулиелер мен көріпкелдердің айналасына жасаған қайырымдылығы мен жақсылығын халық ешуақытта ұмытпайды, олар туралы таңғажайып деректерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады. Біздің өңірде Шағатай Назарбайұлы (1750–1832) Арықпан әулие, Мәтенқожа әулие, XIX ғасырда өмір сүрген Сұлтануәйіс әулие, Тазмолда әулие, Дәден Қалмырзаұлы, Жұмабай Бозшаұлы, Достан Қаспайұлы және біз білмейтін т.б. әулиелер өзінің халқына араша болып, талай адамды ажалдан құтқарғаны халық арасында күні бүгінге дейін айтылып жүр.
Сондай әулиелердің бірі саяси қуғын-сүргін құрбаны Құлкеш Беріш Есениязов Сейітбаттал болатын. Енді Сейітбаттал Есениязов деген кім және ол кісі қашан және қалай Совет үкіметінің құрығына ілікті, тағдыры қандай болды деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Ол кісінің Алматы қаласында тұратын немересі Нұргүл Есқалиева жинақтаған материалдардан білгеніміз: Сейітбаттал Есениязов 1879 жылы Қаңбақты құмында дүниеге келген. Руы – Құлкеш Беріш, Етжемес бөлімі. 1927 жылы совет үкіметінің пәрменімен қамауға алынып, Орал қаласындағы түрмеде болған. Отбасылық естеліктерге қарағанда, ол кісі саяси қуғын-сүргінге жазықсыз ұшыраған, әулиелік, көріпкелдік қасиеттері үшін жазаға тартылған болуы әбден мүмкін. Себебі, сол жылдары Совет үкіметінің күштік ұйымдары мен мекемелері діни адамдар мен халық емшілерінің, әулиелер мен көріпкелдердің артына шам алып түскен болатын. Орал қауіпсіздік комитеті архивінің деректері бойынша, Сейітбаттал Есениязов Аманғали Кенжахметовтың ісіне байланысты қуғынға ұшырап, түрме мен лагерьлер азабын көрген. Асыраушы азаматынан айырылған Сейітбатталдың отбасының шаңырағы ортасына түсіп, күйреген. Сейітбатталдың тоқалы Бадай Нұргүлдің әкесі Байғабылдың анасы, көп ұзамай Сейітбатталдың туысқанына әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шығып, ол әйелден туған балалардың бәрі Айтқалиев деген бөтен фамилияны иемденген. Нұргүлдің айтуынша, аталарының жалғыз ұлы Байғабыл Айтқалиев та анасынан ерте айырылып жетім өскен. Ол кісі алматылық зерттеуші Ләтифолла Қапашевтың «Банды Аманғалидың ісі» атты кітабы шықпастан екі ай бұрын қайтыс болғандықтан (2004 жылы), әкесінің тағдыры туралы ешқандай хабарсыз дүниеден өтті. Бірақ «жоқтан еш нәрсе пайда болмайды, бар нәрсе жоғалып кетпейді» дегендей, Байғабылдың әкесі Сейтбатталдың қайда жерленгені туралы оның немерелері Мейрам, Нұргүл, Айгүл, Ақмаралдар айналысып, көп жұмыс бітірген екен. Оны біз Нұргүл Айтқалиеваның естелігінен оқып білдік. Ең қызығы, осы шаруаны жүзеге асыруға Байғабылдың ұл-қыздарына бұдан көп жыл бұрын Ресей жерінде қайтыс болған олардың аталары Сейітбатталдың аруағы көмектескен көрінеді.

Сейітбаттал Есениязов атамның рухына арнаймын

Атам Сейітбаттал Есениязов, 30-жылдардың соңында Сібірде жазасын өтегеннен кейін оған Қазақстанға оралуға тыйым салынып, Волгоград даласында қалып қояды. Ол сол жерде 1945 жылы дүниеден өткен. Біз мұны қалай білдік дейсіз ғой. Көп жылдар бойы атамыз туралы еш дерек болмай келді. Тек 2004 жылы астрахандық жазушы Латифолла Қапашевтың кітабы жарық көргенде ғана шындықтың шеті ашылды. Ол кітап менің әкем – Байғабыл Айтқалиев дүниеден өткеннен кейін екі айдан соң жарық көрді. Қапашев еңбегін ешқандай қоспасыз, НКВД мұрағаттарының ресми материалдарына сүйеніп жазған. Кітап тұтастай архивтік құжаттардан – түсініктемелер мен тергеу хаттамаларынан тұрады, автор оларды хронологиялық ретпен оқырман назарына ұсынған. Сол беттердің арасында біздің атамыз – Сейітбаттал Есениязовтың есімі де аталады. Менің екі жас кіші Айгүл атты сіңілім бар. Бір күні оған құрбысы мен жеңгесі қонаққа келеді. Сөйтсе, әлгі жеңгесінің ерекше қасиеті бар, көріпкел екен. Өзі бастамашы болып, рухтармен байланыс орнататын сеанс өткізгісі келетінін айтады. Бөлмедегілерге қалам мен қағаз дайындап қоюды өтінеді, өйткені ол айтқан сөздерді жазып алуға тура келетінін ескертеді. Бөлмедегілердің әрқайсысына көріпкелдің не айтқанын егжей-тегжейлі баяндамай-ақ қояйын, бірақ сіңіліме өзін атамыздың рухы ретінде таныстырған бір ақсақал шал көрінеді. «Мен – сендердің аталарыңмын, 72 жасымда дүние салдым», – дейді. Ол «Мен ұлыммен, яғни сендердің әкелеріңмен қайта қауыштым. Сендер мені еске алып, дұға етпесеңдер де, өмір бойы сендермен бірге болдым. Қиын сәттерде жандарыңнан табылдым» дей келе, «бүгін түнде саған түсімде келемін» депті. Біз Айгүл екеуміз бөлек тұратынбыз. Ертеңінде таң сәріде ол маған асығып қоңырау шалды. «Тез жазып алшы, түсімде атам келді, біраз нәрсе айтты, ұмытып қалмай тұрғанда жазып алайық!» – деді. Атам түсінде айтыпты: «Егер менің қабірімді іздейтін болсаңдар, Затон және Эсразинский деген станцияларды табыңдар. Мұны Нұргүл білуі керек», – депті. Біз дереу интернеттен іздей бастадық. «Затон» деген атаумен елді мекендер көп екен – Волгоград, Астрахан, Ростов, Саратов облыстарында бар. Ал «Эсразинский» дегенді қанша іздесек те таппадық: «Степан Разинский», «Разинский», «посёлок имени Степана Разина» дегендер ғана кездесті. Мүмкін, уақыт өте келе станцияның атауы өзгеріп кеткен шығар дедік. Бәлкім, бір күні Алланың қалауымен атамыздың мәңгілік мекенін табармыз дедік. Айтпақшы, мен ұлымды (1996 ж.т.) атамның есіміне ұқсатып, Сейітжан деп атадым.

Уақыт өтті…

Екі жылдан кейін мен, сіңілім және ағам, үшеуіміз атамыздың қабірін іздеуге бел будық. Атыраудан Астраханға дейінгі жол кей жерде асфальт, кейде топырақ және қиыршық тас жолмен жалғасатын. Сондықтан біз жол азабын ескере отырып, жүргізушісімен бірге жол талғамайтын көлік жалдадық. Ол кісі өте ақжарқын, әзілқой, мейірімді жан болып шықты. Біз іздеуді Астрахан өңірінен бастадық, одан әрі Еділдің (Волганың) оң жағалауымен жоғары, Волгоград далаларына қарай жүрдік.
Жолай кездескен қазақтар мен өзге жұрт өкілдерінің шынайы пейілі, бауырмал ниеті бізге ерекше әсер қалдырды. Олар өмірдің талай сынынан өтсе де, қарапайым тұрмысында терең даналық пен сабыр бар еді. Сол адамдардың мінезінен адамдықтың шынайы негізі – ақжүректік пен рухани тазалық сезілді. Тағдырдың сыйы болар, біз ақыры атамыздың бұрынғы көршісі болған бір кейуанаға жолықтық. Ол кісі кішкентай бойлы, бірақ мығым, жүзінен нұр төгілген, көзі отты, шамамен 85-86 жастағы ақылды әже екен. Сол кісінің арқасында біз атамыздың асырап алған қызы Үлмекен апаны таптық. Ол шамамен 77 жаста, жалғыз тұратын, балалары Мәскеу мен Волгоградта нәпақа тауып жүрген кісі екен. Әңгімесінің арасында білгеніміз, Үлмекен апа атамыздың бауырының қызы болып шықты. Қызылдардың қуғын-сүргіні кезінде жетім қалған екі қыздың кішісін атамыз өзімен бірге Ресейге ертіп кеткен, ал үлкені елде қалып қойыпты.
Кейуананың есі көмескілеу болғанымен, бір нәрсе анық еді: атамыз өмірінің соңына дейін ақ киім киіп, ақ атқа мінетін, тазалық пен ұқыптылықты ерекше қадірлеген, сөзі өтімді, әділ адам болған. Оны жергілікті жұрт қатты сыйлап, тіпті сескене құрметтеген. Атам киіз үйге не басқа үйге кірсе, отырғанның бәрі орнынан тұрып сәлем беретін болған. Куәгерлердің айтуынша, атамыз көктемнің найзағайлы күнінде, далада мал соңында жүргенде, аяқ тұсынан жай түсіп жан тапсырған. Ол өлерінен сәл бұрын ерекше бір көңіл күйде болыпты, жуынып, аппақ киімін киіп, сабырлы да мұңды қалыппен тағдырын қабылдаған деседі…
Атырауға қайтар жолымызда біз атамыздың жатқан қорымына соғып, дұға бағыштадық. Сол сәт өзімізге де, атамыздың рухына да уәде бердік: «Қайта келеміз, белгі орнатамыз». Қорымнан шыққан соң үш шақырымдай жүргенде жол теміржолмен түйісті. Сол жерде бағанадағы жазуға көзіміз түсті – С.Разинский. Сонда ғана бәрі түсінікті болды: атамыз түсімізде айтқан Эсразинский деген сөз – осы С.Разинский станциясы екен! Ал одан бұрын станция Затон деп аталған. Міне, сол сәтте біз жүрегімізбен сездік: Аруақтар бар. Рух өлмейді. Адам жаны мәңгі тірі.
Нұргүлдің бұл қорытындысына менің алып-қосарым жоқ. Десек те, Аманғалидың ісіне байланысты сотталып, Орал түрмесінде болған көп адам 1931 жылы этаппен Совет үкіметінің қатыгездігінің символына айналған Мурманск ерекше лагеріне (СЛОН-ға) жөнелтіліп, бірнеше жыл сол жердің азабын тартқан. Менің ойымша, Орал түрмесі мен СЛОН-да Сейітбаттал Есениязовтың болуы әбден мүмкін. Ол лагерде Аманғалидың туған інілері Сүндетқали мен Үмбетқали, әйелі Мұхсина, құдасы Абдрахман және Мәмбет елді мекенінің молдасы қаратоқай Рамазан деген кісі болған. Жасы егде тартқан Рамазан сол жақта қайтыс болып, оны Үмбетқали жерлеген көрінеді. Тағдырдың салымымен Үмбетқали балық аулайтын шхунамен теңізде ығып кетіп, Финляндиядан бір-ақ шығып, қалған өмірін сол елде өткізген көрінеді. Егер Есениязов Сейітбаттал сол адамдармен бірге болып, 1936 жылы бостандыққа шыққан болса, ол кісіні сол кездегі тәртіпке сай өзінің туған жеріне қайтуға тыйым салып, Ресей жерінде қалдыруы мүмкін еді.

Шахман НАҒИМОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір