Шекара шебіндегі шығармашылық сапар

Осы жылдың мамыр айында телефоныма бейтаныс жігіттен қоңырау келіп түсті. Амандық-саулық сұрастырғанан кейін:
– Мен – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің жауапты қызметкері, баспасөз секторы бойынша жетекші маман Манарбек Қаракенов деген подполковникпін, – деп таныстырды телефоның ар жағындағы дауыс. – Сізді Жетісу облысы шекара қызметіндегі сарбаздардың қазіргі жай-күйімен танысу үшін арнайы шақырып отырмын. Сол балаларға аталық әңгімеңізді айтып берсеңіз. Әрі биыл 75-ке толатын мерейтойыңыз екен. Жауынгерлермен өз шығармашылығыңыз туралы сырласып, қазіргі өмірдің басқа бір қырымен, мемлекеттік шекараны қорғаушылар өмірімен танысып қайтасыз, – деп өтініш жасады.
Манарбек Қаракенов мырза тағы бірде, әлдебір жиналыс үстінде мені арнайы іздеп келіп, алдын ала менімен жүзбе-жүз танысып кетті. Өзі Батыс Қазақстан облысының тумасы екенін айтып, өмір деректерінен мағұлмат берді. Жастайынан әдебиетке құмар болып өскенін еске сала отырып, өзінің де қалам ұстай білетін қабілеті барын да жасырған жоқ.
Біздің сапарымыздың басы, сол күні еш жерге кідірместен, тоқтаусыз жүріп отырып, маңдай тірегеніміз – Қытай Халық Республикасымен шекарадағы атақты «Достық» кенті. Сонымен, бастап жүрген подполковник М.Қарекенов кенттің ішіндегі тиісті бөлімшелерге жауапты адамдарға жолығып, алдымен тамақтану керегін айтты. Сөйтіп, «жауынгер ботқасының» дәмін таттық.
Кешкі тамақтан кейін бет алғанымыз – шекарашы сарбаздар тосып отырған мәжіліс залы. Жауынгерлер әскери тәртіппен тік тұрып, ыстық ықыластарын білдіріп жатыр. Қазіргі таңда әскерге шақырылғандар үшін әскердегі қызметтің ұзақтығы бір-ақ жыл. Бұл жолғы бізбен кездесуге келген сарбаздарымыз сол көктемгі шақырылыммен келгендер екен. Негізінен, осы Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағынан, Алматы және Жетісу облыстарынан болып шықты.
Қасиетті Отанымыз Қазақстанның шекарасын қорғаудың қаншалықты жауапты қызмет екенін, жердің шетінде, желдің өтінде жүріп, сол қызметті атқарып жатқан жас сарбаздар мен офицерлердің отаншылдығы зор мақтаныш екенін әр жүздесу сайын қайталап еске салып отырдым.
Ертеңіне осы кенттегі тағы бір бөлімше сарбаздарымен нақ осындай әңгіме өткізген соң, бет алғанымыз – Жоңғар Алатауының оңтүстік-батыс бағытындағы кең шатқал. Ондағы мақсатымыз – енді осындағы застава бөлімшесінің сарбаздарымен жолығу. «Достық» кентінен біраз жерде орналасқан застава сарбаздары сол әскери тәртіптен айнымаған қалыптары жалындап тұр.
…Осыдан кейін бізді теміржол бойындағы «Айдала» заставасының сарбаздары құшақ жая қарсы алды. Мұнда да бізді риза еткен шекарашы офицерлер мен қатардағы жауынгерлердің руханият әлеміне, соның ішінде әдебиетке деген ықыласы. Шекараны жағалай жүріп біраз кездесулер өткізген соң, бел шешіп дем алмастан, бет алғанымыз – Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласы. Бұл – біз кеше осылай қарай шыққанымызда тікелей кірмей, үлкен жолмен дәл жанынан жанасалай өткен қала. Мұнда осы Жетісу шекара департаментіне қарасты қомақты оқу орталығы бар екен. Оның өзі байыппен байырқалап, көзбен шолған кісіге әжептеуір қалашық болып көрінеді.
Кездесу соңында рұқсат алып сөйлеген жас сарбаздар осындай іс-шараның өздеріне үлкен әсер еткенін, сергіп қалғандарын, Отан қорғауға қатысты патриоттық әңгімелердің өздеріне қуат бергенін айтып жатты. Иә, бұл сапардағы біздің мақсатымыздың өзі де сол ғой.
Заставалардағы алғашқы кездесуден басталған ұнасымды үрдіс мәдениет үйіндегі үлкен басқосуда әрі қарай жалғасын тапқаны анық. Сапар барысында байқағаным, қызметте жүрген жауынгерлер мен офицерлердің жағдайлары мен ойлап келгеннен де жоғары. Жекелеген жұмыс кабинеттеріне кіріп таныстым, казармаларды да аралап көрдім. Тіпті ас ішетін, киім-кешек сақтайтын жерлері, әжетханалары – бәрі өз рет-ретімен, тәртіпті, ретті. Мені риза еткен жағдаяттардың бірі – әр асханадағы тамақтардың көңілден шығатындай дәмді және құнарлы азықтармен әзірленгені.
Қай жерге барсақ та, әскери тәртіппен қақпаны ашып, қызмет көрсетіп жатқан жас сарбаздар, құлаққа естілетін дербес мемлекет екеніміздің айқын нышанындай қазақша беріліп жатқан әскери әмірлер; тіпті ұлты басқа жауынгерлердің де мемлекеттік тілге деген құрметі. Ал Кеңес заманында бұндай әскер қатарында, шекарашылық қызметте ұлттық нышандар түсімізге кіруші ме еді.
Еліміздің осы шебінде жүргендеріне едәуір жыл болған офицерлер де бар екен. Әңгімелесу барысында, ең бастысы, сарбаздарымыздың рухы мықты, әскери дайындықтары жақсы екеніне куә болдық. Бір сөзбен айтқанда, жазушы адамға еріксіз ой салатын, көркем шығарма жазуға алғышарт жасаған жемісті сапар болды. Өйткені тағы бір есімде қалғаны – сапардың өн бойында ұшырасып, әңгімелескен офицерлік құрам мен сарбаздардың бейнелері.
Алматыға бет алған ұзақ жолда пополковник Манарбек Қарекенов және жүргізуші – үшеуіміз алған әсерімізді бөлісіп, шекарашы өмірінің әр қырын ұзақ талқыладық. Екі жақ бір-бірімізге риза болып, рақметімізді айтып тарастық.
Нұрдәулет АҚЫШ