БЕКЗАТ БОЛМЫС
02.06.2026
110
0

Сыр өңірінің рухани кеңістігінде өзіндік орны бар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінен ел әдебиеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ақындар, жазушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері түлеп ұшты. Олар уақыт көшінде университеттің мерейін асырып, Сыр елінің рухани беделін биіктетіп келеді.

Осындай тұлғалардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы да бар. Қазақ әдебиеттану ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар ғалым ұлттық құндылықтарды зерделеуге, қазақ руханиятының терең тамырларын танытуға сүбелі үлес қосып келеді.
Бүгінде жетпістің белесіне көтерілген Бағдат Кәрібозұлының өмір жолы – ғылымға адалдықтың, ұлтқа қызмет етудің айқын көрінісі, ізденіс пен парасаттың, ұстаздық пен азамат­тықтың өнегелі жолы.

1980 жылдың қыркүйегі. Сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсіп, институт табалдырығын аттаған жиырма бесіміз мұғалімді тағатсыздана күтіп отырмыз. Жоғары оқу орнының оқытушысы туралы бірінші курс табалдырығын енді ғана аттаған студенттің ой-қиялы да қызық… Ішімізде университет оқытушысын ауылдағы мектеп мұғалімінен өзгешелеу көзге елестетіп отырғанымыз да бар.
Бір сәт сол қиялымыз шындыққа айналғандай болып, шашын келістіре тараған, ортадан жоғары бойы бар, аққұба өңді, сымбатты жігіт аудитория есігін баппен ашып, оқытушы орнына жайғасты. Кескін-келбеті мен жүріс-тұрысы, сөз мәнері оның бойында тектіліктің, сырбаз-серіліктің бар екенін бірден аңғартады. Бітім-болмысында бір бекзаттық бар! Әрқайсымызбен жеке-жеке танысып шыққан соң, жағымды үнмен:
– Мен Бағдат Карбозовпын, – деді.
Сосын біздің топқа куратор болатынын, халық ауыз әдебиетінен дәріс оқитынын айтты.
Сол сәтте біз оның болашақта қазақ ғылымында өзіндік орны бар ғалымға айналарын, талай шәкірттің тағдырына ықпал ететін ұстаз боларын сезбеген де шығармыз. Бірақ алғашқы әсердің өзі көңілде ерекше із қалдырғаны анық.
Қоңырау соғылып, ағай аудиториядан шығып кеткен соң, қыздар жағы өзара сыбырласып:
– Жап-жас!… Әдемі екен… – десіп жатты. Біз де қызыға қарадық.
Сол бір сәт қазір де көз алдымда. Студенттік өмірдің алғашқы күні, алғашқы әсер, ұстазбен алғашқы жүздесу… Кейін ойласам, ол жай ғана таныстық емес, өмірлік тағылымның басталуы екен. Ғасырлар қойнауынан жеткен жырлар мен дастандар, аңыздар мен шешендік сөздер, батырлар жыры мен термелер – ұлттың рухани жадын сақтап қалған баға жетпес қазына. Сол асыл мұраның қадір-қасиетін бізге алғаш терең сезіндірген ұстаздардың бірі – Бағдат Кәрібозұлы еді.
Ол кезде ағай жоғары оқу орнын енді ғана тамамдап, оқытушылық жолға жаңа қадам басқан жас маман болатын. Сабақ үстінде әңгімесін көсілте айтып, кейде жыр жолдарын тебірене оқып, кейде ұлттық рух, әдебиет туралы толғана сөйлейтін. Сондай сәттерде оның сөзінен халқына деген шынайы сүйіспеншілік сезіліп тұратын.
Кейде әңгіме арасында:
– Біздің әдебиетіміздің тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Талай ақын-жырауларымыздың мұрасы толық жиналмай жатыр. Оған қазір мүмкіндік те аз… Бірақ заман өзгереді ғой, кезі келер… – деп ойлана сөйлейтін.
Сол кезде біз оның сөзінің астарындағы мұңды толық түсіне бермеппіз. Көңілімізде
«Неге зерттемеске? Оған қандай кедергі бар?» деген балаң сұрақтар ғана қылаң беретін. Кеңес үкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған тұста ұлттық әдебиеттің терең қатпарларын зерттеу оңай болмағанын, талай мұраның саясаттың көлеңкесінде қалғанын біз қайдан білейік ол кезде?
Бүгін сол күндерге қайта үңілсем, осындай терең ойларды айтып отырған Бағдат ағайдың өзі небары жиырма төрт-жиырма бестердегі жас жігіт екен. Ал біз жастықтың жалыны бойы­мызды кернеген жиырмаға әлі жете қоймаған бозбала едік. Кейде арсың-гүрсің жүріп, кейде қызбалықпен бірдеңені бүлдіріп аламыз. Ондайда ағай кешірімшіл.
Уақыт өте келе біз Бағдат ағайдан тек әдебиет­тің қыр-сырын ғана емес, кісілікті, ұлт руханиятын қадірлеуді, үлкенді сыйлауды, кешірімді болуды үйренгенімізді түсіндік.
***
Тоқсаныншы жылдардың аяғы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қызмет істеп жүрген кезім. Халықаралық І Дулати оқуларына алыс-жақын шетелдерден, республикамыздың түкпір-түкпірінен белгілі ғалымдар келді. Университеттің бас ғимаратының алдына қойылған Мұхаммед Хайдар Дулати ескерткіші ашылды. Араға біршама уақыт салып Бағдат ағаймен осы жиында кездестім. Амандық-сау­лық, хал-жағдай сұрасқаннан кейін: «Аға, ғылым жолына түссем деген ойым бар. Өзімнің жаныма жақын Сыр сүлейлері шығармашылығы туралы аз-кем ізденіп жүр едім, қалай болар екен», – дедім. Дүниеде ойдан ұшқыр нәрсе жоқ қой, Бағдат ағай жауап беремін дегенше: «Баяғы студент-куратор, шәкірт-ұстаз арасындағы байланысымыздың үзілгеніне де біршама уақыт болды. Оның үстіне ғылым докторы, білдей бір университеттің проректоры бұл ұсынысымды қабылдай қояр ма екен деп» ойлап та үлгердім. «Ой, оның еш қиындығы жоқ, уайымдама! Өзім тақырып беремін, ғылыми жетекші боламын. Мынау Түркістандағы А.Яссауи университетінде Диссертациялық кеңестің мүшесімін. Содан қорғаймыз», – деді. Кісімсу, менменсу жоқ ақеден, ақжүрек пейіл, ағаның ініге, ұстаздың шәкіртке деген қамқор, жанашыр көңілі менің пендешілік ойымды осылай сыпырып тастады.
Осы кездесуден кейін-ақ ағайдың жетекшілігімен «Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлының әдеби мұрасы» деген тақырыпты бекіттік.
Ғылыми ортада өзін мойындата алған Бағдат ағайдың адами болмысымен сыйлы, қадірлі екеніне кандидаттық диссертациямды қорғаймын деп жүргенде талай көзім жетті. Академик Рахманқұл аға Бердібаевтан бастап әдебиеттанушы ғалымдар Бағдаттың шәкірті деп маған бір жылы көзқараспен қарайтын. Диссертациялық жұмысқа пікір алуға талай ғалымның алдына бардым, жетекші ұйым ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әдебиет кафедрасынан өттім, алдын ала қорғау, қорғау кезінде ғылыми жетекшімнің абыройы маған көп көмегін тигізді.
Тағы бір жағдайды айтпай кетуге болмас. Бірде сол кездегі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, академик У.Қ.Бишімбаевқа өтінішпен кірдім. Қорғаудың қамында, Алматымен екі ортаны жол қылып жүрген кезім. «Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» дегендей, қорғайын деп жүргенімді, жалақымның аз екенін, қаражаттан қиналып жүргенімді айттым, ұят болса да. Уәлихан Қозыкеұлы ғылыми жетекшің кім деп сұрады. «Қызылордада, профессор Бағдат Кәрібозұлы» дедім. «Иә, иә ол жігітті білемін, жақсы ініміз, мықты ғалым» деп жылы пікір айтты. Мен ректордың алдынан масаттанып шықтым. Жетекшімнің атына айтылған жылы лебіз менің атыма айтылғандай қабылдадым.
Үлкенге – іні, кішіге – аға, ортаңда сыйлы бола білу де парасат биіктігі болса керек. Абай сөзіне жүгінсек: «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік береді. Егерде адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады». Бәкең сый-құрметтің соңына түсіп іздеген адам емес, олар өзі іздеді, өзі тапты. Өз табиғатындағы тектілікпен, жан жүрегін паналаған имани қасиет­пен келді. Бәкеңнің адамгершілік болмысындағы көркем мінездің де негізі содан болар. Абай ұғымындағы иман – ар мен жанның тазалығы, жауанмәрттілік – ақыл, рахым, шындық. «Өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптану» Абайша ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Осы қасиеттердің барлығының тоғысар жері – толық адам. Мен біліп, таныған Бәкең осы толық, кемел адам қатарында.

***
Бағдат Кәрібозұлының ғылыми-зерттеу еңбектерінің басты ерекшелігі – қазақ әдебиетін ұлттық рух, тарихи сана және көркемдік таным тұрғысынан терең зерделеуінде. Ол әдебиетті тек эстетикалық құбылыс ретінде ғана емес, ұлттың рухани жадын сақтайтын, халықтың дүниетанымы мен тарихи тәжірибесін танытатын іргелі мәдени феномен ретінде қарастырды. Ғалым еңбектеріндегі негізгі арналардың бірі – қазақ поэзиясындағы ұлттық сипат. Бұл бағыттағы зерттеулері арқылы ол әдебиеттану ғылымында бұрын арнайы жүйелене қоймаған тың ғылыми концепциялар қалыптастырды.
Поэзия табиғатын талдауда тек мазмұндық немесе формалық өлшемдермен шектелмей, ұлт­тық болмыстың көркем шығармадағы көрінісіне айрықша назар аударды. Оның пікірінше, ұлттық сипат – тек тақырыптық ерекшелік емес, ол халықтың тарихи жады, мінезі, дүниетанымы, тілдік өрнегі, образ жасау жүйесі мен көркем ойлау машығы арқылы танылатын күрделі рухани құбылыс. Ғалым халық поэзиясынан бастап қазіргі қазақ лирикасына дейінгі әдеби үдерісті саралай отырып, қазақ өлеңінің табиғатындағы ұлттық өрнектерді, дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығын ғылыми тұрғыдан негіздеді.
«Қайран сөз», «Сырлы сөз сипаты», «Өркениетке өріс», «Беталыс» секілді еңбектерінде қазақ сөз өнерінің көркемдік-эстетикалық қуа­ты, поэзияның ұлттық рух қалыптастырудағы орны кеңінен талданды. Әсіресе ғалымның сөз табиғатына қатысты тұжырымдары ерекше назар аудартады. Ол сөзді жай қатынас құралы емес, халықтың рухани коды, тарихи жадтың көрінісі деп таныды. Сондықтан оның зерттеулерінде сөз мәдениеті, көркем ойлау, поэтикалық таным мәселелері терең философиялық пайыммен сабақтасып жатады.
Зерттеу еңбектеріндегі тағы бір бағыт – Сыр өңірінің әдеби-мәдени мұрасы. Бағдат Кәрібозұлы Сыр бойындағы ақын-жыраулар шығармашылығын, олардың тарихи және рухани қызметін ұлттық әдебиет тарихының құрамдас бөлігі ретінде қарастырды, тек аймақтық әдеби құбылыс деңгейінде емес, қазақ руханиятының тұтас бір мектебі ретінде бағалады. Осы тұрғыдан келгенде, оның еңбектері әдеби өлкетану ғылымының дамуына да елеулі үлес қосты. Ғылыми мақалалары мен зерттеулерінде тарихи тұлғалардың рухани болмысы да терең ашылады. Әйтеке би, Жалаңтөс баһадүр, Мүсірәлі сопы әзіз, Марал ишан, Базар жырау секілді тұлғалар туралы еңбектерінде ғалым олардың ұлт руханиятындағы тарихи орнын, елдік сана қалыптастырудағы миссиясын кеңінен саралады.
Ғылыми ұйымдастырушылық қызметі де ерекше назар аударуға лайық. Оның бастамасымен жүзеге асқан «Сырдария кітапханасы» сериясындағы 200 томдық – өңір әдебиеті тарихындағы ірі ғылыми жобалардың бірі. Бұл еңбек арқылы Сыр өңірінен шыққан ақын-жазушылардың шығармалары жинақталып, ғылыми айналымға түсті. Сонымен қатар «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы бойынша бірнеше аудан тарихының жазылуы да ғалымның елдік мұратқа қызмет еткен іргелі істерінің бірі болды. Мұндай жұмыстар Бағдат Кәрібозұлының әдебиеттанушы ғана емес, ұлттық руханияттың жанашыры, мәдени мұраны жүйелеуші қайраткер екенін танытады.
Жылдар, тіпті ғасырлар бойы халық жадында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен фольклорлық мұраларды жинақтап, ғылыми айналымға енгізу – үлкен табандылық пен жауапкершілікті қажет ететін күрделі іс. Осы бағытта Бағдат Кәрібозұлының атқарған еңбегі айрықша.
Оның бастамасымен жүзеге асқан ғылыми жобалардың ішінде Қорқыт ата мұраларын жинақтау мен жүйелеудің орны ерекше. Түркі дүниесіне ортақ ұлы тұлға Қорқыт ата туралы аңыздар мен әпсаналарды Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан елдеріндегі нұсқаларымен салыстыра зерттеп, ел ішіндегі ауызша сақталған үлгілермен бірге топтастырып жариялауы – ұлт­тық фольклортану ғылымындағы елеулі еңбек. Бұл жұмыстар арқылы ғалым Қорқыт мұрасының тек қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ғана емес, бүкіл түркі өркениетіне ортақ рухани құндылық екенін ғылыми тұрғыдан терең пайымдады.
Үштомдық «Сыр өңірі фольклорының антологиясы» да – ғалым еңбегінің іргелі нәтижелерінің бірі. Бұл антологияға ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін сақталған Сыр бойы аңыздары, тарихи әңгімелер, әпсаналар, жырлар жүйеленіп енгізілді. Бұрын-соңды мұндай көлемде әрі ғылыми негізде бір өңірдің фольклорлық мұрасын тұтас қамтып жариялау қазақ руханиятында сирек кездесетін құбылыс еді. Сондықтан бұл еңбек тек аймақтық емес, ұлттық мәдениет тарихындағы маңызды ғылыми жоба ретінде бағаланады. Антология арқылы Сыр өңірінің бай рухани мұрасы хатқа түсіп, ғылыми айналымға енді, кейінгі ұрпаққа аманатталды.

***
«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» дейді Абай. Терең философия. Мұңсыз, ойсыз адамға өмір сүру әлдеқайда жеңіл. Ал ойлы адамға ше?!Оның ішінде Бағдат Кәрібозұлы сияқты әдебиеттің тереңіне сүңгіп, ұлт мұрасын түгендеп жүрген ғалым ойсыз болар ма?! Жүрек сыздамай, көңіл құлазымай тұрар ма?!Халықтың жоғалған сөзін іздеу, көмескіленген рухани қазынаны қайта тірілту сырт қарағанда ғылыми ізденіс сияқты болып көрінер, ал, шын мәнінде, ол талай ұйқысыз түндер, оймен арпалысу ғой.
Соңғы уақытта Бағдат ағайдың денсаулығы сыр беріп, науқастанып қалды. Мүмкін, ұзақ жылдар бойы елдің рухани жүгі мен уақыттың ауырлығын көтеріп келе жатқан жүрек бір мезет әлсіреген де шығар. Сол дертпен алысып жүріп те қолынан қаламы түспеді. Соңғы екі жылда «Ғазиз жүрек»,«Ұстаз ұлағаты», «Ізденіс іздері» сияқты естелік-эссе, монографиялар шығарды. Бұл ғылым, әдебиет алдындағы үлкен жауапкершіліктен, ұстазы Зейнолла Қабдоловқа деген шәкірттік парыздан туған еңбектер болар. Қалай болғанда да, ішкі рухтың, жігердің мықтылығы екені даусыз.

***
Салтанат жеңгеміз телефон соқты.
– Ағаңның айтатыны бар, келіп кетсең, – деді.
Бардым. Бағдат ағайдың жүзі сабырлы болғанымен, жанарында терең бір ойдың табы бар екен. Қасына шақырып алып:
– Мына өмір бойы жинаған кітаптарымның ішінен саған керек-ау дегендерін іріктеп қойдым. Мынау – жазу үстелім. Өзіммен отыз жылдан бері бірге. Осы үстелде талай еңбектерім жазылды. Екеуін саған берейін деп отырмын, – деді.
Ғалым үшін дүниедегі ең қымбат байлық не десе, біреу атақ дер, біреу мансап дер, енді біреу абырой мен беделді айтар. Бірақ шын мәніндегі ғалым үшін ең асыл қазына – кітап. Өйткені ғалымның бүкіл ғұмыры кітаппен бірге өріледі, кітаппен бірге кемелденеді.
Ал жазу үстелі – ғалым еңбектерінің үнсіз куәгері. Қаншама ой мен алысып, қаншама сөйлемді қайта түзеп, қайта жазғаны ақ парақ пен осы үстелге ғана аян. Ғалымның маңдай тері, ой азабы мен шығармашылық қуанышы – бәрі-бәрі осы қарапайым дүниемен бірге жасап келе жатқан жоқ па еді?!
– Аға, кітаптарды алайын. Ал жазу үстелін дайындалып жатқан өз кабинетіңізге қойсақ қайтеді? –дедім абайлап.
Бағдат ағай сәл ренжігендей болды.
– Ол көпшілік жер ғой. Қадірін білер дейсің бе? – деді баяу ғана.
Үнсіз қалдым. Бірақ көңілімде сан түрлі сезім арпалысып жатты. Бұл өмір бойы жансерігі болған дүниесі емеспе еді? Қаншама кітап, қаншама мақала, қаншама ғылыми еңбек осы үстелдің үстінде жазылды. Ендеше, неге бұлай жасады екен?
Кейін ойланып қарасам, бұл – ұстаздың шәкіртіне артқан сенімі, өзі жүріп өткен жол жалғасын тапса деген үміті екен.
Өзіңіз сыйлаған жазу үстелі. Жазып отырмын.
Жетпістегі белесіңіз құтты болсын! Сол баяғы бекзат, асқақ болмысыңызбен талай шәкіртті әдебиеттің терең тұңғиығына сүңгітіп, көсіле дәріс оқып тұратыныңызға сенемін!

Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің профессоры, ф.ғ.к.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір