ТҮРКІСТАН ДАЛАСЫН ӘН мен ЖЫРҒА БӨЛЕГЕН РУХАНИ САПАР
02.06.2026
37
0

20 – 21 мамыр күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың көрнекті ақыны Қасымхан Бегманов туған жеріне шығармашылық сапармен барып, өңір халқына ерекше серпін сыйлады.

Рухани сапардың алғашқы күнінде қаламгерлер Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстан Бабқа зиярат етіп, мәңгілік мекенін Отырар топырағынан тапқан қазақтың ұлы ақыны Мұхтар Шахановтың рухына құран бағыштады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов пен ақын Қалқаман Саринды және кеш иесі Қасымхан Бегмановты арнайы қабылдап, шапан жауып, құрмет көрсетті. Ел руханияты, ұлттық әдебиет, Түркістан қаласының түркі әлеміндегі маңызы туралы өзекті әңгіме өрбіген кездесуде облыс әкімі Нұралхан Көшеров: «Сіздерді Түркістан төрінде көргеніме қуаныштымын. Түркістан – тек қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының қасиетті мекені. Қасиетті мекенде өткен түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Түркістанның аты ерекше құрметпен аталды. Бұл – бүкіл Алаш жұрты үшін үлкен мәртебе. Ғасырлар бойы ақындар мен жыраулар жырлаған қасиетті шаһар бүгінде жаңа дәуірдің рухани астанасына айналып отыр. Сондықтан Түркістанды дәріптеу – тарихымызды, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды ұлықтау. Түркістан топырағында дүниеге келген талантты ақын Қасымхан Бегмановтың туындылары әр қазақтың жүрегінде жатталып тұр. Ағамыздың қаламына қуат, шығармашылығына шабыт тілеймін», – деп қасиетті өлке мен қастерлі поэзия жайында кеңінен ой толғады.
20 мамыр күні «Фараб» кітапханасында ақынның «Қазақ деп мұңға баттым мен» атты әдеби-сазды кеші өтті. Кеш шымылдығы ақынның «Қазағым» термесімен ашылды. Сонымен қатар «Жаңа леп» шығармашылық ұжымы әдеби композиция ұсынып, Қасымхан Бегмановтың шығармашылығы туралы ақын-жазушылардың пікірлерін оқып, сахна төріне кеш кейіпкерін арнайы құрметпен шақырды.


Әдеби іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде Қасымхан Бегманов шығармашылығының ұлттық руханияттағы орны айрықша екенін атап өтіп, ақынның елдік пен рухты дәріптеген еңбектері кейінгі ұрпаққа өнеге екенін айтып, ақынға құрмет көрсетті.
Сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, ҚР Президенті Әкімшілігінің консультанты Қалқаман Сарин сөз сөйлеп, ақынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің Алғыс хатын табыстады. Ол Қасымхан Бегмановтың қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан елеулі еңбегіне тоқталып, шығармашылық иесіне ыстық лебізін білдірді.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен әдеби-сазды кешке еліміздің белгілі ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов, белгілі ғалым, профессор Қансейіт Әбдезұлы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есберген Алауханов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы, С.Торайғыров атындағы Павлодар университетінің профессоры Серік Елікбай сынды зиялы қауым өкілдері кештің құрметті қонағы болып, ақын шығармашылығы туралы тағылымды ой-пікірлерін бөлісті.
Қасымхан Бегмановтың шығармашылығын кеңінен насихаттау, ұлттық әдебиет пен поэзияны дәріптеу, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арт­тыру, сондай-ақ елдік рух пен ұлттық құндылықтарды ұлықтауды мақсат тұтқан әдеби-сазды кеште Түркістан облыстық филармониясының әншілері ақын сөзіне жазылған көптеген танымал, хит әндерді орындап, көрерменді әсем күйге бөледі. Сондай-ақ басқосу барысында қаламгер жиналған қауыммен еркін пікір алмасып, қазіргі қазақ поэзиясы мен ән мәтіндерінің бүгінгі болмысы жайында ой өрбітті. Қойылған сұрақтарға жауап беріп, шығармашылық өмірінен естеліктер айтты. Тағылымға толы кеш соңында Қасымхан Бегманов қорытынды сөз сөйлеп, руханиятқа құрмет көрсетіп келген барша қонақтар мен ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.
Шығармашылық сапар 21 мамыр күні Сауран ауданы, Ескі Иқан мәдениет үйінде өткен «Поэзия – мәңгі жұмбақ тылсымым» атты облыстық көркемсөз оқу байқауымен жалғасты. Облыстың түкпір-түкпірінен келген мектеп оқушылары ақын өлеңдерін жатқа әрі нақышына келтіре оқып, ақын мен халықты ерекше толқытты. Өнерпаздар бұл күні де ақынның әнге айналған жырларынан шашу шашты. Рухани сапардың қос күнінде бір-бірін қайталамаған әндер легі әсем сазы мен сөзі үйлескен туындының жарқын үлгісін көрсеткендей.
Ақынның туған топыраққа сапары рухани сағыныш пен жергілікті жұртшылықтың ыстық ықыласына толы болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір