Ертай АЛТАЕВ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: ТҮРКІСТАН – КҮЛЛІ ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ РУХАНИ ОРДАСЫ

Түркістан – руханияттың, тарихи жады мен мәдени құндылықтардың алтын діңгегі. Облыс мәртебесін алғаннан бергі жеті жылда бұл аймақ көз ілеспес қарқынмен дамып, мәдениет пен өнер саласында тың серпінге ие болды. Өткен жылдың соңында Түркістан қаласында Қазақстан Жазушылар одағы мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлескен жобасы аясында «Ғасырлар ғұламалары және Түркістан» тақырыбында ерекше маңызға ие көшпелі пленум өткені, бұл жазушылардың тұңғыш пленумы болғаны да көпке мәлім. Осы ретте өңірдегі мәдени саясат, шығармашылық жобалар мен халықаралық бастамалар туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевпен арнайы сұхбаттасып, мәдени, әдеби жаңалықтар жөнінде сұраған едік.
– Ертай Кенжебекұлы, облыс әкімінің орынбасарлығына тағайындалып, рухани-мәдени салаларға жетекшілік етіп келе жатқаныңызға жылға жуықтады. Осы аралықта өңірдің рухани-мәдени дамуында қандай маңызды бастамалар жүзеге асты? Әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Түркістан – мыңжылдық тарихы бар, түркі жұртының жүрегінен орын алған руханияттың алтын бесігі. Бұл қасиетті өлке Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен жаңғырып, жаңарып келеді. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы», – деп атап өтіп, оның тарихи-саяси мәніне айрықша назар аударды. Бұл – күллі қазақ халқы үшін үлкен жауапкершілік, ал мен үшін туған топырағымның өркендеуіне үлес қосу – азаматтық әрі перзенттік парыз.
Соңғы бір жыл ішінде өңірдің рухани тыныс-тіршілігінде тың серпін байқалды. Мәдениет – ұлттың рухани діңгегі десек, біз бұл бағытта жүйелі түрде ауқымды жобаларды іске асырып келеміз.
Облысымыздың құрылғанына биыл 7 жыл толды. Ел Президентінің 2018 жылғы Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына көшіріліп, облыс қайта құрылып, Түркістан атауын иеленді. Осы тарихи шешімнен кейін өңіріміздің мәдени тынысы күрт жанданды, жаңа белестерге бет алды.
Осындай 7 жылдық айтулы датада Қазақстанның халық әртісі, қазақ ән өнерінің падишасы Роза Рымбаеваның «Түркістан» атты концерті өтті. Одан бөлек 20-21 маусым күндері қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын және түркі руханиятының алтын бесігі – киелі Түркістанды насихаттауға бағытталған халықаралық «Voice of Turan – 2025» фестивалі тың форматта, ашық аспан астында алтыншы рет шымылдығын түрді. Италия елінен келген талантты әнші Vincenzo Cantiello фестивальдің бас жүлдесіне ие болды. Ән додасына әлемнің 17 елінен келген кәсіби әншілер екі күн бойы қазақ әндерін шырқап, өзара бақ сынасты. Олардың өнерін елімізге танымал эстрада жұлдыздары бағалады. Фестиваль халықаралық, республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, басылымдарда кеңінен таралды.
Жеті жыл ішінде күннен-күнге көркейіп, жаңа келбетке ие болған облысымыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени ахуалында оң өзгерістер орын алғанын айта кеткен жөн.
Бүгінде Түркістан облысы мәдениет пен өнердің ордасына айналды. Әсіресе облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп жүр. Солардың бірі – «Өнерлі өлке» атты облыстық өнер фестивалі. Бұл бастама аясында әр ауданнан келген өнер ұжымдары өз шығармашылығын көпшілікке паш етіп, киелі Түркістан төрінде төл өнерімен танылып жүр. Фестиваль аясында апта сайын көрмелер, концерттер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып, өнерсүйер жұртшылыққа рухани азық берілуде.
Сондай-ақ «Түркістан дауысы» республикалық байқауы – өңірден шыққан жас таланттардың жолын ашып, оларды үлкен сахнаға жетелеуде маңызды рөл атқарып отыр. Бұл жоба арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас әншілер ұлттық ән өнерін дәріптеп, көрерменнің қошеметіне бөленуде. Дәстүрлі музыканы дәріптейтін «Күй құдіреті» атты республикалық күйшілер
байқауы мен «Түркістан мақамдары» атты термешілер байқауы да ел ықыласына бөленген жобалар қатарында.
Балалар шығармашылығын дамытуға арналған «Turkistar» облыстық фестивалі, жазушы Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шығармашылық байқаулар – жас ұрпақтың өнерге құштарлығын арттырумен қатар, олардың мәдени дүниетанымын кеңейтуге сеп болуда.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген республикалық командалық айтыс – ұлттық рухты асқақтатып, сөз өнерінің абыройын биіктеткен айтулы шара болды. Бұл аламанда Түркістан облысының командасы үздік өнер көрсетіп, ел ықыласына бөленді. Айтыс – тек сайыс емес, елдік пен бірлікті, өр рух пен шындықты ту ететін рухани мектеп екенін тағы бір дәлелдеді. Жуырда Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен облыс әкімдігі бірлесе отырып, Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторларының симпозиумын ұйымдастырды. Бұл – мәдени мұраны сақтау, тарихи нысандарды жаңғырту бағытында тәжірибе алмасуға, терең ғылыми ізденістерге жол ашатын маңызы зор жиын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру жөніндегі заңға қол қойып, шаһардың даму бағытына тың серпін берді. Бүгінде сол заң аясында нақты жобалар жүзеге асырылып, Түркістанды нағыз мәдениет пен туризмнің орталығына айналдыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл шаһарда республикалық, халықаралық деңгейдегі маңызы зор іс-шаралардың өткізілуі – заңды құбылыс. Түркістан – рухымен ұлтты ұйыстыратын, тарихымен болашаққа бағдар беретін мәңгілік мекен. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарымыз жалғасын таба бермек.

– Түркістанның асыл діңгегі – Қожа Ахмет Ясауи. Осы тарихи тұлғаның мұрасын насихаттау, ұлықтау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Иә, Түркістан – күллі түркі дүниесінің рухани ордасы. Оның асыл діңгегі – Қожа Ахмет Ясауи бабамыз. Ұлы ғұлама – артына өшпес мұра қалдырған, сопылық ілімнің темірқазығына айналған тарихи тұлға. Сондықтан Ясауи мұрасын ұлықтау – рухани әрі ұлттық міндетіміз. Бұл бағытта облыста ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ең әуелі ғылыми-зерттеу, рухани-ағартушылық, тарихи нысандарды сақтау бағыттары қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістанда «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум өтті. Шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин арнайы қатысып, симпозиумның Ясауидың гуманистік идеяларын жүйелі зерттеуге және рухани-зияткерлік мұрасын насихаттауға зор үлес қосатынын айтты. Жиынға шетелдік және отандық 100-ге жуық ғалым келді. Симпозиумдағы тақырыптық секциялар аясында Ясауи мұрасының түрлі қырларын қамтитын ғылыми баяндамалар жасалып, пікірталастар жүргізілді. Бұл бастама Президенттің Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдағы нақты тапсырмасынан кейін қолға алынған болатын.
Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау, абаттандыру, тарихи келбетін қалпына келтіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл нысан – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ерекше құндылық. Мектептер мен жоғары оқу орындарында Ясауи мұрасына арналған тәрбие сағаттары, ғылыми жобалар мен әдеби кештер жиі ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 7 қаңтардағы тапсырмасымен Ясауитану ғылыми орталығы құрылды. Бұл – Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жүйелі түрде зерттеуге, рухани құндылықтарын насихаттауға және халықаралық деңгейде танытуға бағытталған ұлттық маңызы бар ғылыми мекеме. Құрылған күнінен бастап орталық ғылыми-зерттеу, экспедициялық, ағартушылық және халықаралық байланыс салаларында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Атап өтсек, «Сирек жәдігерлер» көрмесі, «Әулие-ишандардың рухани және материалдық мұрасын сақтау және насихаттау», «Тұрбат – сопылық рухани кеңістіктің торабы» атты семинар өткізілді. Оған шетелдік және отандық ғалымдар, өлкетанушылар мен ақсақалдар қатысты. Сондай-ақ «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және заманауи зерттеулер» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Одан бөлек, АҚШ-тың белгілі зерттеушісі Девин ДиУиспен ғылыми кездесу ұйымдастырылып, Ясауи мұрасын зерттеудің заманауи бағыттары талқыланды. Биыл Ясауитану ғылыми орталығының бастамасымен атқарылған кешенді ғылыми, ағартушылық және мәдени іс-шаралар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыда жүйелеуге, насихаттауға, халықаралық деңгейде танымал етуге зор үлес қосты. Орталық жұмысы алдағы кезеңдерде де түркі руханиятының алтын арқауы болған Ясауи ілімін тереңдете зерттеу, насихаттау және ғылыми-институционалдық дамытумен жалғасын табатын болады. Бұл – ұлы ғұламаның еңбектерін жас ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған маңызды бастамалар. Рухани биігіміз – Қожа Ахмет Ясауидың мұрасын ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар болмақ.
– Өзіңіз қазіргі таңда жетекшілік етіп жүрген руханият саласының күрделі екені белгілі. Соған қарамастан мәдениет саласының қай тармағын да дамытуға күш салып келесіз. Облыста кино және анимациялық туындылар да жоғары деңгейде түсіріліп, көрермен назарына ұсынылды. Қандай туындылар екенін тарқата айтып берсеңіз.
– Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, елдің болмыс-бітімін айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында мәдениет саласын жүйелі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, Президент анимация өнерін өркендету, кино саласында сапаға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Осы тапсырмаларды басшылыққа ала отырып, Түркістан облысында да бірқатар іргелі жобалар жүзеге асырылуда.
Бүгінде өңірімізде кино және анимация саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «Сақ» киностудиясының бірлескен жұмысының нәтижесінде бірнеше анимациялық фильм жарық көрді. Олардың қатарында «Қошқар мен теке», «Оқсыз оқиғасы», «Отырарды қорғау», «Ордабасы – бірлік туы», «Бәйдібек би», «Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт» сынды туындылар бар. Бұл фильмдер республикалық «Балапан» және «Қазақстан» телеарналары арқылы тұрақты түрде көрерменге ұсынылып келеді. Алдағы уақытта киноөндірісті одан әрі дамыту жоспарда бар. Әсіресе идеологиялық және тәрбиелік мазмұнға негізделген туындыларға басымдық беріледі.
Облыстың мәдениет саласында қолға алынған жобалардың ауқымы кең. Бүгінгі күні 705 мәдениет және өнер мекемесі тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бұл – өңірдің мәдени тынысын айқындайтын елеулі көрсеткіш. Былтыр үш кәсіби театрда 16 жаңа спектакль сахналанса, биыл тағы 15 жаңа қойылым көрермен назарына ұсынылмақ. Соның бірін атап өтсек, Түркістан музыкалық драма театры IV маусым шымылдығын Байділдә Айдарбектің «Вальс королі» спектаклімен ашты. Төрт күн бойы көрерменге ұсынылған премьера аншлагпен өтті. Бұл туынды республика бойынша «Kazakhstan Ticketon Awards – 2025» байқауында «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясына ие болды.
Осы театр қойған «Келіндер көтерілісі» спектаклі де «Kazakhstan Ticketon Awards – 2024» байқауында «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» деп танылды.
Сондай-ақ Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театры Көкшетауда өткен С.Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орайластырылған «Сәлем» ІІ халықаралық комедиялық фестивалінде «Қазылар алқасының жүлдесімен» марапатталды. Ал Келес ауданының Халық театры сатирик Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Жүз шымшыма…» республикалық әзіл-сықақ байқауында жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Түркістан музыкалық драма театрының тағы бір туындысы – «Фариза» қойылымы ІІІ халықаралық «Театр all» театр фестивалінде суырылып алға шықты. Бұл – қазақ руханиятының көркемдік көкжиегін кеңейткен жетістіктердің бірі.
Облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 272 мәдени іс-шара, концерттер ұйымдастырылып, көрерменнің рухани сұранысын қамтамасыз етуде. Белоруссияда өткен ХХХІV халықаралық «Звіняць цымбалы і гармонік» фестивалінде «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі ұлттық аспаптар номинациясы бойынша І орынға ие болды. Бұл – қазақ өнерінің шекарадан асып, әлемдік деңгейде мойындалып жатқанының дәлелі.
Жалпы айтқанда, Түркістан облысында мәдениет саласы тың серпінмен дамып келеді. Кино, театр, музыка, анимация сынды бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстар – ұлттық болмысымызды жаңғыртуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, рухани бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар.
– Ал облыстағы және шалғай ауылдардағы мәдениет ошақтарының жағдайы қалай?
– Өткен жыл Түркістан өңірі үшін табысты болды. Әсіресе мәдениет саласында жүйелі жұмыстар атқарылып, бірқатар нысандар жаңғыртудан өтті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында осы күнге дейін жөндеу көрмеген мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне қайта ұсынылды. Мәселен, былтырдың өзінде Отырар ауданында төрт бірдей Мәдениет үйі пайдалануға берілсе, Сарыағаш және Келес аудандарында да жаңа мәдениет ошақтары есігін айқара ашты. Биыл бұл бағыттағы жұмыс қарқын ала түседі. Жыл соңына дейін Бәйдібек, Түлкібас, Сауран аудандары мен Қарашық ауылында және Мақтарал ауданында, барлығы жеті мәдениет үйін халық игілігіне тапсыру жоспарланып отыр. Жергілікті бюджет есебінен салынып жатқан Түркістан қаласындағы 500 орындық заманауи Мәдениет үйінің құрылысы биыл аяқталмақ. Бұл облыс орталығындағы мәдени өмірге серпін беретін маңызды нысан болмақ.
Жалпы, қазіргі таңда облыс бойынша мәдениет ошақтарын жаңғырту, қайта қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте шалғай елді мекендер де назардан тыс қалмайды. Жеке қабылдауыма келетін тұрғындардың дені – ауыл-аймақтағы мәдениет ғимараттарына қатысты мәселелерді көтеріп жатады. Ел ішіндегі мәдениетке деген сұраныстың жоғары екенін осыдан аңғарса болатындай.
Расымен де, кейбір елді мекендерге жаңа Мәдениет үйлері ауадай қажет. Осы орайда Мемлекет басшысы атап өткендей, мұндай игілікті істерге меценаттарды тарту өте маңызды. Қоғамдық жауапкершілікті сезініп, туған жерге жанашырлық танытатын азаматтар біздің өңірде де аз емес. Алдағы уақытта осындай жанашыр жандардың қолдауымен ел ішіндегі мәдениет нысандары жаңарып, ауылдарымыздың ажары арта түсетініне сенімім мол.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев музейлер – тарихымыз бен мәдениетіміздің асыл қазынасы екенін атап өткен болатын. Осы тұста театр, музей, кітапхана сынды мәдениет нысандарының жай-күйіне де тоқталып өтсеңіз.
– Соңғы жылдары Түркістан өңірінің мәдениет саласында айтарлықтай серпіліс бар. Қаланың туризм мен руханияттың орталығына айналуы, түрлі халықаралық іс-шаралардың өтуі – осының дәлелі. Театр, музей, кітапхана – ұлт руханиятының басты тіректері. Бұл салада да бірқатар игі істер жүзеге асуда.
Мәселен, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында аймақтық театрларды дамыту қажеттігін тілге тиек етті. Ел Президентінің Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заңға қол қоюының бір нәтижесі – Түркістан музыкалық драма театры жанынан «Түркістан» ансамблі құрылды. Оркестрлік құрам толық жаңа, арнайы театр логосы бейнеленген аспаптармен қамтамасыз етілді. Облыс әкімінің қолдауымен жаңа ұжым наурыз айында тұсауын кесіп, ел руханиятына тың леп әкелді. Бұл – ұлттық өнерімізді жаңғыртып, әлемге таныту жолындағы маңызды қадам.
Президент атап өткендей, музейлер – ұлттық жадымыздың, тарихи санамыздың сақтаушысы. Бүгінде бұл нысандарға мемлекет тарапынан ерекше мән беріліп отыр. Облыстағы 24 музейде өткен жылы 739 көрме, 9240 экскурсия және 600-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар Кентау қалалық музейі, Шәмші Қалдаяқов, Нұрсұлтан Оңдасынов, Саттар Ерубаев, Қазығұрт, Төлеби, Мақта және Ордабасы тарихи-өлкетану музейлері ағымдағы жөндеуден өтті.
Кітапхана саласы да назардан тыс қалған жоқ. Қазір облыс бойынша 399 көпшілік кітапхана жұмыс істейді, оның ішінде екеуі – облыстық деңгейде. Жалпы кітап қоры 6 миллионнан асты. Кітапханалардың жұмысын жандандыру үшін түрлі жобалар қолға алынған. «Бір ел – бір кітап», «Ақылдыммен – ақылдымын», «Әлемді кітап арқылы танимын», «Қазыналы керуен», «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» сынды рухани-ағартушылық жобалар жүйелі түрде өтіп келеді.
Оқырман тарту бағытында мектеп оқушылары мен студенттерге арналған «12 айда – 12 кітап» және жазғы мезгілде ұйымдастырылған «Кітап оқып, сыйлық ал» акциясы да сәтті жүзеге асырылды. Бұл жобалардың бәрі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани әлемін байытуға бағытталған.
– Аймақтағы жазушылар мен руханият өкілдерін қолдауға бағытталған қандай жобалар бар?
– Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен мәдениет пен әдебиетке жанашырлық танытылып, қаламгерлерге қолдау көрсетіліп келеді. Түркістанда белгілі тұлғалардың шығармашылығына арналған кештер өткізіліп, руханиятқа сүбелі үлес қосқан қаламгерлердің еңбегі ұлықталып жатыр. Түркістан қаласында Қазақстан Жазушылар одағы мен Түркістан облысы әкімдігі бірлесіп «Ғасырлар ғұламалары және Түркістан» тақырыбында пленум өткізді. Бұл жазушылар арасындағы тұңғыш пленум. Осы ауқымды рухани шараға Жазушылар одағының аппараты мен Алматы қаласынан, өзге де алыс-жақын облыстардан 100-ге жуық қаламгер қатысып, әдебиетке, мәдениетке қатысты талқылаулар жүргізді.
Жуырда Түркістан төрінде көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызының мерейлі 75 жасқа толуына орай «Өмірін өлеңімен өрнектеген Ханбибі» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылса, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақытжан Алдиярдың 50 жасқа толған мерейтойына арналған «Аналардың анасы» әдеби кеші де оқырман қауымды қуантты.
Өңір әдебиетін дамыту бағытында Жазушылар одағымен бірлескен ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – қазақ прозасының көрнекті өкілі Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл толуы қарсаңындағы кешенді шаралар. Қаламгердің шығармашылығын жаңғырту мақсатында «Мархабат» журналы мен «Markhabat.kz» порталы ашылып, Түлкібас төрінде «Мархабат Байғұт – көркемсөз шебері» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Сондай-ақ Түркістанда «Мархабат Байғұт оқулары» байқауы өткізіліп, жас оқырмандар мен жазушылардың тоғысатын алаңына айналды.
Облыс әкімдігінің қолдауымен өңір қаламгерлерінің туындыларын басып шығару, кітапханалар қорын жаңа шығармалармен толықтыру, жазушылар мен оқырмандар арасында байланыс орнату жұмыстары жолға қойылған. Бұл – рухани мұраны дәріптеп, әдебиетке жан бітіретін игі қадам.
Жас қаламгерлерді қолдау жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында жыл бойы бірқатар мазмұнды кездесулер, тұсаукесер кештері мен әдеби-сазды жиындар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен жас ақын Диана Баратовамен «Шабытқа толы жас әлем» атты шығармашылық кездесу кеші өтіп, «Көлеңкедегі қасірет» кітабының тұсауы кесілді. Аталған туынды детектив жанрында жазылған. Қазақ әдебиетінде осы жанр кенжелеп қалып отыр. Қазіргі таңда осы жанрда қалам тартып жүргендер аз. Біз таланттарға қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Мұндай жобалар жастардың әдебиетке деген қызығушылығын оятып, шығармашылық әлеуетін дамытуға сеп болуда.
Әдебиет – ұлттың жаны. Ал жыр кештері мен рухани кездесулер – сол жанның лүпілін тыңдататын алтын көпір. Түркістанда бұл көпір берік қаланып жатыр.
– Жастардың шығармашылығына ерекше назар аударылып жатқанын айтып қалдыңыз. Ал жас жеткіншектер мен балалардың мәдениетке қолжетімділігі қалай қамтамасыз етілуде? Ауылдық жерлерде шығармашылық үйірмелер мен орталықтар жұмыс істей ме?
– Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық өнер мен мәдениетке баулуға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ауылдық клубтар мен аудандық, қалалық мәдениет үйлері жанында түрлі үйірмелер мен шығармашылық бағыттағы секциялар жұмыс істейді. Бұл – жас ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне, олардың тұлғалық қалыптасуы мен ұлттық құндылықтарды меңгеруіне мол мүмкіндік беріп отыр.
Ел Президентінің бастамасымен 2021 жылдан бері балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және спорттық секцияларды жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілді. Осы бағытта Түркістан облысы да белсенді түрде жұмыс атқаруда. Облыстық мәдениет басқармасы мен «QazTiQet» ЖШС арасында 3 жылға тегін басқару жөнінде келісімшарт түзілген. Бұл мемлекеттік шығармашылық тапсырыс «DamuBala.kz» платформасы арқылы жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда аталмыш жүйеге 339 өнім беруші тіркеліп, 1396 үйірме бойынша 14 870 бала қамтылған. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 19 578 балаға жеткізу көзделіп отыр. Бұл – тек сан ғана емес, сапа мен мазмұн тұрғысынан да балалардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтетін үлкен қадам. Ауыл баласының да өнерге, мәдениетке тең қолжетімділігі қамтамасыз етілуі – ел ертеңіне салынған сенімді негіз. Түркістан облысында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан
М.РАЙЫМБЕКОВА
ПІКІРЛЕР4