Ербек БАКИЕВ. Әр жүректе үміт шамы сөнбесін
02.06.2026
59
0

Адам баласы жарық дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап, өмірдің арайлы таңын, шуақты күнін, Тәңірдің сыйы деп қабылдап тіршілік етуге қадам басады. Бүгінгі қоғам талапшыл, қайсар жандарға қолдау көрсетуде біршама жұмыстарды жүзеге асыруда. Инклюзивті қоғам қалыптастыруда және оның маңыздылығын арттыру жолында соңғы жылдары оң істер атқарылып келеді. Ерекше диагнозбен өмірге келген балаларға арналған мектеп-интернаттар, оңалту орталықтары, сонымен қатар түрлі мекемелер де өз ісін тиянақты атқарып отыр. Бұл тақырып менің табиғатыма тым жақын десем, артық айтқандық болмас. Себебеі мен де Алланың сынағы мен сыйлығын қатар қабылдап келемін. Олай дейтінім, маған берілген тағдыр сыны – көру қабілетім нашарлап, көз жанарымның әлсіздігінен бірінші топ көзмүгедегі атанып, жарық дүниені шала-жансар көргенім болса, өлшеусіз сый-нығметі – бала жасымнан әдебиетке құштар болып, өлеңді жаныма серік етіп өстім.

Уақыт өте келе көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» атты мектеп-интернатта білім алып, 2013 жылы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті факультеті бойынша жоғарғы оқу орнын тамамдадым. 2015 жылдан бүгінге дейін Шымкенттегі көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада Тифлология (зағип, көзі нашар көретін азамат­тармен жұмыс істейтін бөлім) бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарып, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтармен тікелей байланыс орнатып, олардың рухани дамуына және ортаға еркін қалыптасып бейімделуіне бар күш-жігерімді салып еңбек етіп келемін.
Сонау 1969 жылдан оқырман қауымға қызмет көрсетіп келе жатқан арнайы кітап­ханада түрлі мәдени іс-шаралар мен әдеби кештер өткізіліп тұрады. Мүмкіндігі шектеулі жандар түрлі ахуалға қарамастан, спорт, мәдениет, өнер, кәсіпкерлік, ақпарат саласында түрлі жетістіктерге жетіп, өз белсенділіктері мен қабілеттерін дәлелдеп жүр. Қоғамға еркін еніп, өз орнын қалыптастыра алған рухы мықты азаматтардың жігерлілігі көңіл қуантады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолдау көрсету керектігі туралы жиі айтып, тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсыруда. Қолдау әрдайым өз нәтижесін көрсетіп келеді. Мемлекет тарапынан берілетін түрлі көмектер мен қажетті заттар, сондай-ақ әлеуметтік сауықтыру бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Әр сала бойынша әр санаттағы мүгедектігі бар азаматтардың қоғамда атқарып жүрген еңбектері мен жеткен жетістіктерін көпшілікке паш ету мақсатында: жергілікті телеарналардан «Ерекше жандар», «Шалқар шабыт», «Ізгілік мекені» атты түрлі хабарлар дайындап, 200-ден аса кейіпкермен тілдесіп, көгілдір экран арқылы көрермен назарына ұсындық. 2018 жылы әріптесім Мадина Ермахановамен бірге еліміздегі тұңғыш зағип тележүргізуші ретінде Қазақстанның ГИНЭС рекордтар кітабына енген болатынбыз. 2021 жылы «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен және Қ.Тоқаевтың «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, 2024 жылы Қазақстан мүгедектер қауымдастығы мен «АМАНАТ» партиясының ұйымдастырған «Жан шуақ» сыйлығының иегері атанып, түрлі марапаттарға қол жеткіздім. Бұл жетістіктер менің шығармашылығыма шабыт, Отаныма қалтқысыз қызмет етуіме мол серпін сыйлайды. Жастайымнан қалам мен қағазды серік етіп келемін.

                           Тағдырыма тәнтімін

Өлшеміне шек жетпес әр күнімнің,
Өзіме аян сипаты жан сырымның.
Жаратушы, мың шүкір, бір Аллаға,
Тартуына тәнтімін тағдырымның.

Қайталанбас өмірдің әр сағаты.
Айлар, жылдар ғасырға алмасады.
Біреулердің бақыты күліп алдан,
Ал біреудің оралмас аңсағаны.

Мен құштармын көктемнің жаңбырына
Жанға жайлы самал жел, салқынына.
Бүкіл әлем бастауы – гүлді көктем,
Бар тіршілік ғажайып сән құруда.

Өмір кейде мұңайтып, жылататын,
Шаттық сыйлап, жанымды жұбататын.
Мен – шілдеде көз ашқан жаз баласы,
Жаз өмірді сондықтан ұнатамын.

Адамзатқа табылып іздегені,
Арқаланып ырыспен күз келеді.
Күзгі бақтан төгілсе жүз жапырақ,
Жібітеді сезім де мұз кеудені.

Аласұрып дауыл мен үскірігі,
Аппақ қармен келеді қыс көрігі.
Көңіліме орнығып бар тыныштық,
Шаттанады шабытым қыстың күні.

Құмарланбай тіршілік алтынына,
Мойынсұнам Жаратқан жарлығына.
Өміріме өкпем жоқ, ол – ақиқат,
Тәңір берген тәнтімін тағдырыма.

                          Ұмтылыс

Бойымды билеп тылсым күш деген,
Тыныштық бермей жаныма,
Өмірге деген ұмтылыспенен
Қараймын күліп таңыма.

Армандарды алға жетелеп жүрген –
Бойдағы қуат, ұмтылыс.
Сезімге толы құштарлықпенен,
Санамда туды сілкініс.

Талапты берген Жаратқан ием,
Жаралған әрбір пендеге.
Ойға алған алуан армандар барда,
Тоқтап қаламын мен неге?

Мақсат орнатып, келер күндерге,
Тұратын ылғи ұмтылыс.
Жанып тұрғанда үміт кеудемде,
Болмауы тиіс іркіліс.

Асқақ шыңдарға аттандырады,
Мендегі асау құлшыныс.
Шақтарда нұрдың жанған шырағы,
Таусылған сонда-ақ күрсініс.

Ұмтылыс барда шабыт бер, Алла,
Өмірдің көшін жырлайын.
Қадамды басып үмітпен алға,
Өзіңнен медет сұрайын.

Шамам келгенше ұмтылам алға,
Өмірдің өзі – талпыныс.
Қашанда көңілім жарықты аңсайды,
Тарылмас үшін бар тыныс.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір