Жүректе жаңғырып, жадымызда сақталған 80 жылдық мұра
08.05.2025
46
0

80 жыл бұрынғы мамырдың сол бір көктемгі күні – бүгінге дейін тарих жадынан өшпеген, жүрек түбінен жоғалмаған күн. «Жеңіс!» деген жалғыз ауыз сөз бүкіл кеңестік кеңістікті шарлап, мыңдаған ананың үміті мен арманына айналды. Ол – жауынгердің оқ астында жеткен арманы, тылда тер төккен халықтың төзімі, ұрпақтың ұмытпауы тиіс мұрасы.

Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллион 200 мыңнан астам азаматтың әрқайсысы сол соғыстың бір парағы болды. Бірі оралмады. Бірі жаралы қайтты. Бірі үнсіз, ешкімге тіс жармай, ауыр естелікті өмірінің соңына дейін ішінде сақтады. Бүгінде олардың дауысы – ескерткіштерде, олардың ізі – көше аттарында ғана емес, әр шаңырақтың қастерлі шежіресінде жазулы.

Сұрапыл соғысты өз көзімен көрген, қан майданның ішінде болып, елге ерлікпен оралған ұлы тұлғаларымыздың бірі – Бауыржан Момышұлы. Оның мына сөзі сол жылдардың рухын дөп басады:

«Отан үшін отқа түс – күймейсің». Бұл тек батырлық ұран ғана емес, бұл сан мың сарбаздың жүрегіне жазылған өсиет.

Қазіргі таңда соғыс көрген санаулы ғана ардагер арамызда жүр. Олардың әрқайсысының өмірі – бір-бір архив, естелігі – баға жетпес құндылық. Бірақ уақыт шіркін тоқтамайды. Куәгерлер кетеді, ал куәгерсіз қалған тарих – құндылығын жоғалтады. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа жүктелер міндет – тек еске алу ғана емес, есте ұстау.

Бұл жеңіс – тек майдан даласында емес, соғыс жылдарында ашқұрсақ отырып оқытқан ұстаздың, егістікте таңнан түнге дейін жұмыс істеген жеткіншектің, жаралыны аяламай таңған медбикенің де жеңісі. Халықтың жеңісі. Сондықтан Жеңіс күніне қарап тек мереке деп қарау – үлкен қателік. Бұл – сабырдың, ерліктің, шыдамның күні.

Бүгінгі ұрпақ үшін бейбіт аспан – берілген сый. Бұл сыйдың артында қаншама жанның соңғы демі жатқанын ұмытпауымыз керек. Елімізде жыл сайын Жеңіс шеруі өтеді, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылады, бірақ ең маңызды тағзым – жүректегі үнсіз алғыс пен күн сайынғы бейбіт өмірді қадірлей білу.

Жеңіс – бұл өткеннің даңқы, бейбітшілік – қазіргі күннің басты мұрасы. Тарихтың ауыр жолынан өткен халық үшін бейбіт өмірдің бағасы аса жоғары. Ұлы Жеңіс бізге тек батырлар ерлігін еске салмайды, ол сонымен қатар, болашақ ұрпаққа бейбітшіліктің құндылығын жеткізу қажеттілігін көрсетеді.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – бұл тек мерекелеу ғана емес, бейбітшіліктің сақталуына деген жауапкершілік. Біз тек сол жеңісті құрметтеп қана қоймай, сол жеңіспен келген бейбітшілікті қадірлеп, келешек ұрпаққа аманаттап жеткізуге дайын болуымыз керек.

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық  қатынастар және әлем тілдері университеті, журналистика кафедрасының  1-курс студенті – Жібек АЛИКУЛОВА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір