Табалдырығынан құты қашпаған, шаңырағының шамы өшпеген мұражай
28 қараша – мен үшін ғана емес, бүкіл Әуезовтер әулеті үшін ерекше айтулы күн. Бұл күні соңымнан ерген бауырым Ернар Әуезов дүниеге келіпті. Дәл осы күні – менің ұлым Мағжан Әуезовтің де туған күні. Ал ең бастысы, бүгін – сонау 1963 жылы, әкеміз өмірден озғаннан кейін екі жылдан соң әпкем Ләйлә Мұхтарқызының бастамасымен ашылған Мұхтар Әуезов мұражайының 60 жасқа толған мерейлі күні. Қуаныш үстемелеп, мерей асқақтаған күн. Құтты болсын, баршамызға!
Халқымызда табалдырық деген ұғым бар. Қасиетті де, киелі ұғым. Сол киелігінен болар, қазақ ешқашан табалдырықты баспаған, аттап өткен. Құты қашпасын деп. Арада алпыс жыл өтсе де, заңғарын зерделеп, құрметтеп, сәлем бере келген жұрт легінің толассыз ағынына қарамастан, табалдырығынан құты қашпаған, қабырғасының жылуы азаймаған, шаңырағының шамы өшпеген мұражай халқымыздың рухани ордасына айналды. Бек қуаныштымын!
Мұражайдың есігі алғаш ашылған кезден бастап, 60-70-80-жылдары абыз ақсақалымыз Рахманқұл Бердібаевтың жетекшілігімен өткен Халық университетінің дәрістері халқымыздың тарих қойнауында жатқан орасан зор мұраның көзін ашты. Аптасына бір-ақ рет өтетін, қазақ ауыз әдебиетінің, этнография, археология, музыка салаларының бірегей мамандары бас қосқан сол дәрістер бүгінгі күнге дейін өзекті де өткір тақырыптардың өзегіне айналып келеді. Талай жылдық үзілістен кейін атақты Халық университеті дәрістерінің қайта жаңғыруы – М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен мұражай қызметкерлерінің ғана емес, көзі қарақты, санасы сергек әр қазағымыздың олжасы деп білемін. Бек ризамын!
«Әр құжыраның өз шырағы бар» дейді халқымыз. Шырақшысы жақсының шамы өшпес. Осы үйдің шамының өшпей, құты қашпауына талай жылдардан бері сеп болып жүрген жан бар осында. Ол – Шәкен апа. Осындай кейуаналарымыз бар жерде, көз көрген, үлгі тұтқан ұрпақ бар жерде бұл шаңырақтың да шамшырағы жарқырай бермек. Бек үміттімін!
Құрметпен, Мұрат Әуез
28.11.2023 ж.