Жаңа белес
2 мамыр күні М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен М.О.Әуезовтің мемориалды мұражай-үйінде «Мұхтар Әуезов және Шыңғыс Айтматов – екі елдің мәдени дәнекерлері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шара Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы институт директоры, академик Абдылдажан Амантұрұлы Акматалиевтің 70 жылдық мерейтойына арналды. Ф.ғ.д., академик Кенжехан Матыжанов жоғары деңгейде жүргізген шараға белгілі ғалымдар З.Бейсенғалиев, Д.Ысқақ, Қ.Мәдібаева, Б.Жақып, Г.Піралиева бастаған қазақ зиялылары мен қызғыз елінен арнайы келген делегация қатысты.
Әуезов музейіндегі экскурсиямен басталған іс-шара тағылымы терең, мазмұны бай рухани конференцияға ұласты. Баяндамаларда қазақ-қырғыз әдеби байланыстарының тарихи негіздері мен бүгінгі даму бағыттары жан-жақты сараланды. Екі халық арасындағы ғылыми, мәдени және шығармашылық сабақтастықтың үзілмес желісі, оның түркі әлемі гуманитарлық ғылымындағы маңызы кеңінен талқыланды. Конференция аясында көрнекті ғалым Абдылдажан Амантұрұлына қазақстандық әріптестері шынайы лебіздерін білдіріп, оның ғылым мен мәдени ынтымақтастықты дамытудағы сүбелі үлесін айрықша атап өтті.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология факультеті деканының м.а. Б.Тілеубекова мерейтой иесіне ректор атынан «Абай» төсбелгісін тапсырды.
Жиын барысында сөз алған Абдылдажан аға: «Тағдырыма екі нәрсе үшін аса ризамын. Бірі – Шыңғыс Айматовпен табыстырғанына, екіншісі – қазақ халқымен тоғыстырғанына. Айтматовпен танысып, табысуыма себеп болған да қазақ зиялылары», – деп жетпіс жастың белесінен ыстық ықыласын білдірді. Алдыңғы толқын ағаларын сағынышпен еске алды.
Жиын барысында академик А.Акматалиевтің жарық көрген еңбектерінің тұсаукесері өткізіліп, ғалымның ғылыми-шығармашылық жолын айғақтайтын фотокөрме, бейнефильм ұсынылды.
Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Әуезов арасындағы рухани әрі шығармашылық байланыс – қазақ пен қырғыз халықтарының ортақ әдеби-мәдени үндестікті айқындайтын жарқын үлгі. Бұл сабақтастық тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі және болашақ ғылыми ықпалдастықтың берік негізі болып қала береді. Сондықтан шара қорытындысында қатысушылар екі ел арасындағы әдеби, ғылыми және рухани байланыстар одан әрі жалғасын тауып, түркі дүниесі бірлігінің нығая береріне сенім білдіріп тарқасты.
Динара Қожабаева