90 жылдық белес: Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық филармониясы мерейтойын атап өтті

Республика сарайында ұлттық өнеріміздің алтын арқауы Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты Гала-концерт өтті.

Концерт басталмас бұрын филармония ардагерлері, арнайы шақырылған меймандар, өнер қайраткерлері, мәдениет майталмандары мен кеш көрермендерінің назарына Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі филармония шежіресі мен Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұсынды.

Мерейтойлық концертке арнайы қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.

«Сіздерді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтаймын! Бұл – ұлттық музыка өнерінің мерейлі белесі. Даңқты Ахмет Жұбанов негізін қалаған филармония ғасырлар жүгін арқалаған халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға, өркениетіміздің өрісін кеңейтіп, қазақтың ән-күйін әлемге танытуға зор үлес қосты. Ұлт руханиятына айрықша өлшеусіз үлес қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы киелі сахнада өнер көрсетті»,– делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Сонымен қатар филармонияның мерейтойына ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлі Аида Балаеваның, сондай-ақ Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалдының, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтың, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің құттықтау хаты келіп түсті. Мұнымен қоса еліміздің әр аумағындағы мәдени мекемелер мен шет елдегі әріптестер де филармонияға арнайы құттықтауларын жолдады.

Сахна төрінде филармонияның барлық көрнекті шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, ұлттық музыка мен заманауи классиканың бірегей үйлесімін көрсетті.
Концерт бағдарламасында Қазақстанның көрнекті композиторларының, соның ішінде Нұрғиса Тілендиев, Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Тілес Қажғалиев, Әділ Бестібаевтың шығармалары орындалды. Сонымен қатар тыңдарманға әлемдік классиктер Людвиг ван Бетховен, Николай Римский-Корсаков, Антонио Вивальди, Пабло Сарасате туындылары ұсынылды. Бұл кеш музыкалық мереке болып қана қоймай, сонымен қатар еліміздің мәдениет саласындағы терең ізденісті, дәстүр мен заманауи өнер өрнектерін паш етті.

Концерт соңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің, сондай-ақ, бірнеше мәдениет саласы мекемелерінің арнайы ықылас гүлдері табыс етіліп, филармонияның өнер ұжымдарына айрықша құрмет көрсетілді.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдық тарихы – қазақ музыкасының алтын дәуірі. Бұл кеш ұлттық өнердің асқақтығын айқындап, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.
