Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ. ҒАРИФОЛЛА ҒАШЫҚ БОЛҒАН ШЫМЫР
06.05.2026
26
0

Аудан орталығында ескі таныстар Ш.Берсеев атындағы Өнер және өлке тарихы мұражайында, мұражай директоры Дулат Исабаев інімнің ұйымдастыруымен өткен кезекті бір мәдени шарада кездесе қалдық. Әр кім әр қалада, сағынысқаннан ба, әңгіме кәкір-шүкірдің үстімен желіп өтіп, туған жердің ыстық лебіне ауысқанда кезінде ауданның денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл ілгерілі қызмет еткен Аманғос:

– Сырым, «Шымыр» деген халық әнін жұрт Ғарифолланың әні деп жүр ғой. Одан не хабарың бар? – деді.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Әбеңнің жүзі тотығыңқырап, әжімдері тереңдей түскенмен, жады сергек. Талай адамның өмірін сақтап қалған оташы дәрігер – Аманғос Қисықовтың алаң көңілі жаныма жылы лептей тиді. Жалпы, байқаймын, ауыл адамдарының қаралы кезеңдерге қабақтары қатып, ащы шектей созатын шұбыртпа сөздері шуақты өмірдің ыстық лебіне көбірек бұрылған сияқты. Әйтеуір, туған жердің тарихи тағылымды тағдырын тануға құштарлық сезіледі. Бас қосуымыздың бір себебі де осы-тын, яғни ауданды 1944–52 жылдарда басқарған Серікбай Төлеубаев атты аға ұрпақ өкілінің жүз он бес жылдық мерейтойына жиналғанбыз.
Өмір – мың қырлы, миллион қатпарлы. Алайда сол бір шексіз құпиялы құбылыс жайлы сырласудан бас тартқан адамды кездестірген емеспін. Серікбай ағаны өмірінің соңғы кездерінде көрдім. Қайран жиырма бестің қазанында бұрқырап жүргендіктен бе, қадірлі ақсақалдың тағылымдық тағдырына онша мән бермеппін. Құрметті еңбек демалысына шықса да, аудандағы жалғыз «Еңбек Қызыл ту» орденді Жетікөл кеңшарының бастауыш партия ұйымын басқаратын. Несі бар, тәжірибесі керек болған шығар. Әлде жеке беделі сондай шешім қабылдатты ма?! Оған да таңғалудың еш жөні жоқ. Мәртебелі таққа жайғасып алып, одан жұртты әбден ығыр қылғанша түспейтін «ақсақалдар» аз емес-ті. Бірсарынды кездесулерден қашқақтап жүретін басым бұл жолы да кегежем кері тартып, кездесуге «желкелегендей» әзер келгенмін. Серікбай ағаның балалары құрастырған естелікке көз жүгіртіп, естелік айтушылардың сөздеріне құлақ түріп отырып, енжар ойымнан кәдімгідей қысылдым. Идео­логиялық қасаңдыққа айналған жеке тарихи танымыма алғаш рет өгейлене қарап, маңдайымнан тер шықты.


«Отыз жетінің» ойранымен ілесе фашизмнің құрсауына түскен халық пен тәуелсіздік тұғырындағы ұрпақтың рухани белсенділігін салыстыру, әрине, мүмкін емес. Алайда ақ пен қараны ажырату қаншалықты қажет болса, адами тағдырдың сын тезіндегі болмысын ажырату да соншалықты қажет. Серікбай ағаның өмірі арқылы ауданымның кезекті бір ауыр тағдыры «қылышкесті» шындықпен шырылдап көз алдыма келді.
Ол 1910 жылы Торғай топырағында туды. Туған жерінде, туысқандар ортасында халқына хал-қадірінше қызмет етуі керек еді. Қызмет ете алатын. Он тоғыз жасқа толар-толмас жігерлі жігітті ауылдастары Наурызым аудандық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы етіп сайлады. Бірақ маркстік-лениндік таптық жіктелу идеологиясы ұлттың табиғи болмысын танымастай өзгертіп жібергені сияқты, «туған жер» деген ұғымды да бұлыңғыр күйде білдірмей санаға өзгеше сіңдірді. Кеңестік билік «Қазақтың бауырмалдығы – билік бауырмалдығының қас жауы» деді де «ротация» дегенді ойлап тапты. Оңтүстіктің азаматын солтүстікке, шығыстың азаматын батысқа жөнелтіп, ықылым заманнан келе жатқан ұлттық, өңірлік мінез, дәстүрді жөнді-жөнсіз ревизияға ұшыратты. Алайда Әжібай би мен Арал батырға берген батасында Әйтеке бидің «…бұлан мүйізін кім сындырғанын ұмытпайды, ер атасын кім қорлағанын ұмытпайды» дегені бар емес пе? «Аш құрсақты» да көрдік, «қозы қарынды» да көрдік, бірде тоңып, бірде тойып секіргенді де көрдік. Көрген соң ұмытылмайды, ұлы бидің айтып отырғаны да – сол адам баласы рухына қиянат қылуға бәрібір көнбейді, күреседі. Ұлтымыз көзбояушылығы көл-көсір азаттық кеңістігінде күй кешкенде, Серікбай аға да сондай көзбояушылықпен қолынан келгенше күресіп бағыпты. Еңбекке белсенді елу жылының отыз екі жылы Торғай емес, Ойыл топырағында өтіпті. Сүйегі де Ойыл топырағында жатыр.
Жә, сезімімді ірке тұрайын. Жалпы, бір емес, бірнеше рет тарап, бірнеше рет қайта шаңырақ көтерген шалғайдағы шағын ауданды ұлтымыздың басқа қиырынан келіп басқарған үш азамат­ты – Нұрлыбек Әбдікәрімов, Серікбай Төлеубаев, Байсалбай Жолмырзаевты ойылдықтар ерекше ыстық ықыласпен еске алып отырады. Тіпті де тегін емес. Сол азаматтардың біріншісі Нұрлыбек Әбдікәрімов өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басындағы алапат аштық пен аласапыранда ауданды басқаруға сонау Шымкент топырағынан жіберілген. Оңтүстіктегі өзіне белгілі дәстүрлі мұраптық кәсіпті таңдайы кеуіп қаталаған Ойыл топырағына енгізуге тырысты. Су жүгіріп, Ойыл алқабы нұрлана бастады. Алайда абсурд дейін бе, демейін бе, Нұрлыбектің сол өміршең тірлігі өзіне «сор» болды. Үштік Нұрлыбекті «Дзержинский атындағы ауылда суды бөгеп, бөгет тұрғызды. Сөйтіп, қоғам байлығына орасан нұқсан келтірді» деп қылмысқа тартты. Аудандық партия комитетінің 1937 жылғы 17 қарашадағы үшінші пленумы Нұрлыбек Әбдікәрімовті, екінші хатшы Сабыр Қуандықовты, аудандық газеттің редакторы Ақбас Дүйсембаевты партия қатарынан шығарды. Нұрлыбек 1938 жылғы 15 ақпанда өлім жазасына кесілді, жиырма күннен кейін, 7 наурызда үкім орындалды. Үкім шығарушыларға «Ойыл топырағын суландыруды мақтаныш тұтып едім, сол арқылы тары өнімін көбейтіп едік» деді.
Бұл Нұрлыбектің соңғы сөзі еді.
Иә, мақтаныш тұтуға болатын. Нұрлыбек жұтаң даланың жүзеу жүзді адамдарын кәдімгі қарапайым қара еңбекке жұмылдыра алды. Ширек ғасыр бойы шығыр тартып, ақ тер, көк тер болып жүрген Шығанақ Берсеевтің ұлы арманына тың тыныс ашылды. Оның кейін бүкіл әлемді таңғалдырған ұлы жаңалығы өз жөргегінде бүрленіп келе жатқан-ды. Нәрленген Ойыл топырағы ұятқа қалдырған жоқ, төрт-бес жылдан кейін Шығанақ Берсеев тары өсіруден жұмыр жерде әлі күнге ешкімнің қолы жетпей жүрген әлемдік рекорд жасады. Қатыгез үкімнен қашып, Шымкентіне барып құлаған жары Кенжегүл туған жерімен, Нұрлыбегімен:
«Қош енді атамекен Қоғалысай,
Аман бол жақын-туыс,
қорғаным-ай,
Байқаймын, өтем мына дүниеден
Жиырма бес жасқа жетпей
солғаным-ай.
Жалғанда зәбірі жоқ жан адамға,
Түсімде бәйтерегім құлаған ба?
Өмірден бұл Кенжегүл өтті дерсің
Сәлем айт үлкен-кіші сұрағанға…»
деп қоштасты.
Бұл Кенжегүлдің соңғы сөзі еді.
Осыдан кейін күрт нашарлап, арада екі сағат өткенде, 1938 жылғы 27 мамырда дүниеден өтті. «Түсімде бәйтерегім құлаған ба?» дегеніне қарағанда, жарының қаралы хабарын естіп үлгермеген сыңайлы. Қатыгез үкім Нұрлыбегіне, аз ғана уақыт бұрын, 7 наурызда орындалған еді.
Қадыр Мырза Әлі дұрыс айтады, бүкіл қазағы сияқты, Ойыл тарихының оқулығы да жұп-жұқа. Ойланып қалам, тәуелсіздігіміздің аршынды адымдары бүгінгі көңілге жұбаныш, қаралы күндер күмбірімен сол жұп-жұқа оқулықты қазбалаймын деп жас толқынның гүл жайнаған жүздеріне «жел тигізіп» алмаймын ба? Жоқ, қандай күрделі тағдырға тап келсе де, күресе білетін ұрпақтың өміршең мінезі аршылған алтындай жарқылдамай тұрмайды. Ұрпақты ұрпаққа жалғастыратын да сол жарқыл. Ойылды басқаруға өрім жасында келген Серікбай ағаны ерте есейткен де сол тағдыр. «Отыз жетіні» де, фашизмді де мың жерден қарала, тістеріңді миллион қайтара шықырлат, бірақ аудан басшысы саясатты түзей алмайтын, оған мүлде басқа міндет жүктелген-ді. Ең алдымен, тәлтіректеген ауданды аяғынан тік тұрғызу қерек. Серікбай аға, «үштіктің соқыр түсінігінен» қорыққан жоқ, Нұрлыбектің Ойыл топырағын суландыру жөніндегі бастамасын белсене жалғастырды. Егіс көлемі ұлғайды, мал көбейе бастады. Күреңіткен жүздерге қан жүгірді. Нақ осы жылдарда ауданның үш қара табан қайраткерінің жанкешті тірлігі ерекше бағаланды. Бағаланды емес-ау, олар қара еңбектің қадірін ауданда тұңғыш рет көкке көтерді. Қарапайым қойшы Бейіс Құрманғазиннің, жылқышылар Үмбет Дүсіповтің, Дауылбай Медетбаевтың омырауларына Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызы тағылды. Содан кейін, Одақ тарағанға дейінгі қырық жылда мұндай құрмет ауданда екі-ақ адамға, Қуаныш Ержанов пен Бекіш Ғалымовқа ғана көрсетілді. Әрине, ауыр тағдырды жеңілдетем деп, түн ұйқысын төрт бөлген қарапайым адамдардың рухани бұлағының көзін ашуға өзіндік ұйымдастырушылық үлес қосқан Серікбай аға да ескерусіз қалмады. «Ауданның бүкіл тірлігін басқарып отырсыз ғой, мұндай құрметке сіз де лайықтысыз. Жоғарыға ұсыныс жасайық», – деді биліктегілер. «Жоқ, алдымен, нағыз лайықтыларды құрметтеп алайық», – деді Серікбай аға. Құр атаққа бола бұрынғы да, қазіргі де «жасырынбақ» ойнаушылар үшін бұл да бір тағылым.
Тірлік дегеннен шығады, тағдыр ауыртпалығын тек қара еңбекпен ғана қасарыса күресіп жеңе алмайсың, рух пен сананың да жарқылы керек. Серікбай аға оны да ұмытпады. Бір жыл бұрын дүниеден өткен ұлы диқан Шығанақ Берсеевтің қара ерлігін – ұлықтауға күш салды. Арғы-бергі азаматтардың көмегімен туған жерінде келісті кесене тұрғызылды. Оған, еліне Одақтық деңгейде қызмет еткен, республиканың дара тұлғаларының бірі Нұртас Оңдасынов ұлы диқанға тәж етуге келді.
Сұрапыл соғыс сұмдығымен тынысы еркін ашылмай, еліміздің рухани бір саласы тығырыққа тірелгенде, республикадағы ірілі-уақты 24 театрдың 22-сі жабылып, жалғыз республикалық театр ғана қалғанда, Ақтөбе, сол кездегі Орал, Гурьев облыстарына, Қарақалпақ автономиялық республикасына қызмет көрсететін Ойыл ауданаралық халық театры жұмысын жалғастырды. Кировтың өліміне қатысы бар деп, талай жазықсыз жандардың қатыгездікпен жазаланғаны белгілі. Жаратқан ием, рухына қиянат қылды дей көрме! Солардың бір тобына ойылдықтар тар құшағын кең ашқанмен, олардың жаназасы шығарылмаған біразы Ойыл топырағында да жатыр. Кәрі көздер ленинградтық профессор Максимилиан Христофорович Леденцевті, Қазан қаласындағы ақсүйек қыздар гимназиясының түлегі, мәскеулік ұстаз Александра Георгьевна Гусеваны, Киев қаласының профессоры Юрий Евгеньевич Перлинді, Мәскеудің Үлкен театрының пианисткасы Симонованы және басқаларын әлі күнге ыстық ықыласпен еске алады. Ұлтына, нәсіліне қарамай, адами болмысына қарап ардақтау ұлы қасиет болғанмен, ол қасиет пенде біткеннің бәрінің басына бірдей қона бермейді. Кездесуде нақ осы сезім де бойымды бір сәт дір еткізді. Әжімді қара торы жүзіне сәл шырай жүгірген, шынашақтай әйел именшектене сөз бастады. «Жаны жәннатта болғыр енемнен естігендерімді ғана айтып тұрмын, – деді ол ибалы келіннің ізетті мінезіне тартып. – Соғыстың ауыр кезі ғой. Есімін атамай-ақ қояйын, соғыстан бір ағамыз елге украин қызымен оралды. Неге екенін білмеймін, әйтеуір, соған ағамыз күн көрсетпеді. Сорлы қыз жат жерде қаңғып қалғандай күй кешті. Бір күні атамыз сол ағамызды ат арбаға мінгізіп алып, айдалаға апарыпты да аямай дүрелепті». Естелік айтушы Серікбай ағаның балдыз келіні Жанат та, дүрелеуші Серікбай ағаның өзі-тін. Есіме Михаил Шолоховтың кейіпкері түсті. Біресе ақтардың, біресе қызылдардың сойылын соғып, өмірден өз орнын таба алмай, сергелдеңде жүргенде құшағындағы қатыны орыс офицерімен ашына болса, онсыз да рухани құсалықтағы намыскер жігіт қайтуші еді? Григорий Мелехов офицерді қызмет көрсетуші болып, орман ішіне әкетіп, қан-жоса қып сабамап па еді?! Оған да тыншымай, Аксиньяның аппақ тәнін де қып-қызыл қанға боямап па еді?! Екі түрлі кезең, екі түрлі тағдыр. Бірі – қатардағы Дон казагы, екіншісі – білдей бір ауданның басшысы. Алғашқысын қарапайым казак дейік, екіншісі билік басындағы қазақ емес пе?! Билік басындағының бұзықтарды тәртіпке шақыратын тетіктері көп. Көпшілікпен тіл табыса білуге міндетті, мінезі де ұстамды Серікбай аға мұндай оғаш қылыққа қалай барды?! Бұл сұрақтың жауабы заманына сай сұрқылтаймен күресу арпалысында жатса керек. Күш көрсету мен кемсітуге қарсы күрестің барлық құқықтық нормалары бір ізге түскен, қазіргі бейбіт, зиялы заманның өзінде облыс басшысының өз бөлмесінде қарауындағы қызметкерімен жұдырықтасып жататын келеңсіз көріністерін көріп отырып, «мұрттының» қаһары қақап тұрғанда осындай оғаш қимылға барған Серікбай ағаны кінәлаудың өзі қиын. Тіпті жұбатқың келеді. Шығанақ атаның тәжірибесін насихаттау үшін Алматыдан қадірлі қаламгер Ғабиден Мұстафин келгенде, тірі классиктің жұмыс кестесіне қатаң қамқорлық жасап, тіпті күнделікті күтіміне дастарқан мәзірін жақсы білетін туған балдызы Майсараны бөлгізіп, тыным таппағаны әлі ел есінде. Өзім куә, туған ауылымның бастауыш партия ұйымын басқаратын ақсақал жасы ұлғайып, белі еңкіш тартқан кезінің өзінде жалынды жастардың қақ ортасында «Туған жер туралы толғансақ» деген тақырыпта диспут өткізуге мұрындық болып, сол пікірталаста романтикалық көңіл күймен көсіле сөйлеп еді. Сол кезде Серікбай ағаның ұйымдастыруымен отырғызылған жас көшеттер аз жылда жасыл саябаққа айналып, кеш түсе сол саябақта дүние рахаты салтанат құрып, күй күмбірлеп, ән қалықтап еді-ау! Қазір сол саябаққа қарасам, көңіл жүдеу тартады.
Иә, жастық шақ дегеніңіз – мүлде таусылмайтын сағыныш қой. Аманғос та сол сағыныштан алыстамаса керек:
– Ғарифолла «Қаройдың қамшым қалды қабағындағыны» бекер айт­ты деймісің? – деп сөзін қызбалана жалғастырды.
«Қарой» – менің туған жерім «Жетікөл», «Жетікөл» – «Қарой». Ғарифолла жетікөлдіктерге жезде болып келеді, Қаройдың басқа қызын алған. Дегенмен, жас кезде кім сері болғысы келмеді дейсің. Аманғостың тіліндегі қышыған сөз соның әсері.
– Әкем Отардың үйінде Ғарекең ән шырқап отырғанда бір ұзын бойлы қара кісі кіріп келді де, «Әй, Ғарифолла, құлын тайдай тебісіп бірге өстік, сенің Шымыр қызға қалай ғашық болғаныңды да білемін. Сондағы Шымырға арнап шығарған әніңді шырқашы», – деді. Онсыз да балқып отырған Ғарифолла атамыз шоқтай қызарып кетті. Жаңағы қара кісі: «Қаройдың қабағына үш күннен кейін келемін деп қызға белгі етіп қамшы тастап кетуші едің ғой, ұмыттың ба?» деп әншіні онан сайын қызартты. «Жетікөлде» «Кіші Қарой», «Үлкен Қарой» деп аталатын көлдердің табаны әлі күнге бар. Ал Ғарифолланың бастапқы әніндегі: «Қаройдан әрі де өтем, бері де өтем, Шаршасам шалғынына жата кетем» деген сөздер қазіргі халық әні деп шырқалып жүрген «Шымырда» жоқ, болса түсіп қалған. Тап осыған ұқсас әңгімені жергілікті белгілі өлкетанушы, айтыскер ақын Нұрлыбек Қалауовтан да естігені бар-ды. Жантайып жатқан Ғарифолла бойын кілт көтеріп: «Әкелші домбыраны» деп әнге басқан еді, – деді Аманғос әңгімесін сабақтап.
Отар совхоздың директоры, Серікбай аға – бастауыш партия ұйымының хатшысы. Ғарифолла – екеуінің де қонағы. Аманғостың сөзін дәстүрлі ардагер әнші Амангелді Жұманов іле жалғастырып әкетті. «Сіз айтқан ұзын қара кісінің есімі, Қилаш-ау деймін, Ғарифолланың ағасымен соғыста бірге болыпты. Ал оның Ғарифолланың өзімен достығы өз алдына бір бөлек әңгіме, – деді. – Алпыс сегізінші жыл ғой ол, сол отырысқа Отекең мені де шақырды. Мұхиттың, Қызылдың әндерін орындадым. Бір кезде Ғарекең жолдағылардың тізелерін қаға-маға есік жақта отырған маған ұмтылды. «Арыстарымның әндерін орындаушылар мұнда да бар екен ғой» деп бауырына құшырлана қысты. «Айналайын, менімен Алматыға жүр. Даусыңды түзеп беремін» деді. Жағдайымды айтып, кібіртіктей беріп едім, «Ең болмаса алты ай қасымда бол» деп қояр да қоймай, өзімен ілестіріп әкетті. Бірақ әкем аудан басшыларына шағымданды да, екінші хатшы Мұхтар Садықов соңымнан адам жіберді. Көршілес Қаратөбе ауданына жеткенде амалсыз кері қайттым».
Мұражайдағы кездесу есіме қайта-қайта орала береді. Бірде олай, бірде бұлай уақыт өтіп жатыр. Туған жердің келбеті де күннен-күнге құлпырып келеді. Дей тұрғанмен, аға ұрпақтың тағылымды өмірі даму мен жақсарудың аясында байқатпай алыстап бара жатқандай, біртүрлі үнсіз ұзақ отырдым. Ол не қылған сезім, өмір заңдылығы ма, жоқ әлде пенделік енжарлық па? Кім білсін?!.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір