Жанар ОРАЗЫМБЕТ, «Шалқар» радиосының редактор жүргізушісі: ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ «ШАЛҚАР» РАДИОСЫНДА ШЫРЫЛДАП ТҰРҒАНДАЙ…
30.04.2026
133
0

 

Еліміздегі тек қазақ тілінде хабар тарататын «Шалқар» радиосының тыңдарманның жан серігіне баланып келе жатқанына – биыл 60 жыл. Алыс пен жақынды, өткен мен бүгінді, ғасырлар қойнауындағы құндылықтар мен жаңа заманның кескінін бір арнада тоғыстыратын үнжария ұлттық руханияттың алтын қорын толтыра бермек. Айтулы мерейтойлық жыл қарсаңында журналист Жанар Оразымбетпен «Шалқар» радиосының шартарапты селт еткізген бағдарламалары мен тарихы жөнінде тілдестік.

– Әпке, биыл қастерлі «Шалқар» радиосының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осындай асқаралы белесте радионың тарих қойнауына енген жылдарына ой жүгіртіп көрсек…
– «Шалқар» радиосы туралы көп нәрсе айтуға болады ғой. «Шалқар» – руханияттың алтын діңгегі. Тынысы тарылған тұста ұлттың күретамырына қан жүгірткен радио ғой бұл. Ән мен жырдың мөлдір бастауы. Сөзден сарай, күйден күмбез тұрғызып, әрбір тыңдарманын астары терең ойдың жетегіне жетелеген ақпарат құралы. Қазіргідей жаһанданудың жұтқыншағына жұтылып кету қаупі таяп тұрған алмағайып шақта «Шалқар» ұлттың жанын сақтап тұрған «жедел жәрдем» деп айтсам, қателеспейтін шығармын. Қазіргі уақытта да ұлттың жаны «Шалқар» радиосында шырылдап тұрғандай…
Сәл-пәл шегініс жасап, өткеннен сыр тарқатар болсақ, «Шалқар» радиосы 1966 жылы тұңғыш рет әуе толқынында хабар тарата бастаған екен. Кеңес Одағы кезінде Украинада «Промин» деген ақпаратты-сазды бағдарлама украин тілінде хабар таратыпты. Ал Мәскеуде «Маяк» радио­стансасының болғанынан көпшілік хабардар болар. Сол уақыттарда соларға ұқсас, таза қазақ тілінде хабар тарататын бір арна ашу керек деген әңгіме қозғалады. Сол кездегі басшылық, яғни Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Радио және теледидар комитеті, Мәскеудегі Орталық Комитетпен келісе отырып, ана тілімізде жеке арна ашу жөнінде мәселе қояды. Ол уақытта бәрі Мәскеуге қарап, қандай мәселені болса да Орталықтың келісімінсіз шеше алмайтын кез. Алайда тапсырған құжаттары қабылданбай, бірнеше мәрте қайтып келеді. Мәскеу сырғытпа жауап беріп, кейінге ысыра береді. Сол тұста Ұлы Отан соғысына қатысқан, екі тілге бірдей жетік, білімді, өте сауатты Мифтах Жантикин деген кісі болған екен. Сол кісі Мәскеудің қарсылығына барынша тойтарыс беріп, мұндай бағдарламаның қажет екенін дәлелдеп, табандылық таныта жүріп, «Шалқардың» ашылуына мұрындық болған көрінеді. Тіптен соңғы барған сапарында Мәскеуде екі ай жатыпты. Мифтах ағамыз сол жерден кетпей, сұраған құжаттарының бәрін ұшақ арқылы алдырып, табандап отырып алыпты. Міне, «Шалқар» радиосын ашу туралы идеяның басында ұлт үшін ештеңеден тайсалмайтын, өз басын қатерге тіге отырып, табандылық танытқан қандай жанкешті жандар тұрған десеңізші?! Басында «Соңғы хабарлар» редакциясының құрамында болған «Шалқар» кейін жеке радио болып жасақталған екен. Ұлт руханиятының бесігі болған бұл арнада ең алғашқылардың бірі болып, жазушы Дулат Исабеков, Серік Тұрғынбеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Жеңіс Қашқынов, Руслана Құдайбергенова сынды мықты аға-апаларымыз жұмыс істеген. Кейін олардың орнын басқан талантты журналистер көп болды. Ұлттың қоңыр үніне айналған «Шалқар» радиосы ұлттық құндылықтарымызды, өнеріміз бен мәдениетімізді, әдебиетіміз бен тарихымызды түгендеуден, үздіксіз насихаттау­дан танған емес. Қысқа толқында тарайтын радио шет елде тұратын қандастарымыз үшін де атажұртпен рухани байланыс орнатуда таптырмас құрал, екі араны байланыстырып тұрған қылдан нәзік жіп, алтын көпір болды. Бүгінде есім-сойы белгілі қандастарымыздың қай-қайсысын да Атакеменге жетелеп әкелген осы «Шалқар» радиосы деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені шет елдегі талантты қандастарымыз бен өнерге қанат қаққан қарлығаштарымыздың барлығын рухани байытқан, олардың өнер мен әдебиетке деген құлшынысын оятқан, жүректеріне сенім берген осы «Шалқар» радиосы болғаны ешкімге құпия емес.
– Радио саласына алғаш қызметке келген шағыңыз жайында әңгімелеп берсеңіз.
– Мен алғаш радиоға келген кезде Руслана Құдайбергенова, Жолымбет Кейкелов сияқты мықты тәлімгерлердің қолына түстім. Бұны өзімнің бақытым деп санаймын. Оған дейін телеарнада жүргізуші болып, шыңдалып, ақпарат­тардың қазанында қайнап, газетте қалыптасып, журналистиканың қыр-сырын кәдімгідей меңгеріп қалған журналист едім. Алайда радио мен үшін мүлде бөлек әлем болғанын жасырмаймын. Ол мен үшін ашылмаған сандық еді. Газетте көлдей-көлдей мақала жазып, сөзді қалауымша қолданып үйренген мен мұнда келген бетте бірден радионың көпсөзділікті көтермейтінін ұқтым. Өйткені мұнда уақытқа тәуелдісің. Кейін сөзді еппен қолданып, есеппен сөйлеуді, аз уақытқа көп ойды сыйдырудың мәнісін біліп алдық қой. Бұның бәрі уақытпен, техникамен, тәжірибемен келетін шеберлік екен.
Менің журналистикаға келуім қоғамдық формация ауысып, Кеңес одағы келмеске кетіп, дүние аласыпыран болып жатқан заманмен тұспа-тұс келді. Радиоға келген кезде де заман оңала қоймаған кез болатын. Қазіргідей интернет дегеннің қарасы да жоқ. Оқиға орнына өз аяғымызбен барып, жазып әкелеміз. Сол бір, сегіз келілік репортёрді көтеріп, қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында ырғайдай мойным үзіле жаздап жүретін кездерім де бұл күнде тарих қойнауына сіңіп, естелікке айналыпты.
Әкелген материалдың бәрі машинкаға басылады. Одан соң тағы бірнеше қолдан өтіп барып, дикторлардың қолына тиеді. Айтпақшы, факс деген дүние де кейін пайда болды ғой. Оған дейін ресми ақпараттың бәрін Ақ үйден жаяу таситынбыз. Ұжымның кішісі болған соң ол шаруа да көбіне менің мойныма жүктелетін. Жалпы маған ешкім «былай жаз, былай істе» деп бәлендей бір нұсқау берген емес. Ұстаздарымның қай ақпаратты қалай құбылтып беретінін, ұзын-сонар материалдың «сақал-мұртын» қалай «басып», қалай күзейтінін көріп жүріп-ақ үйреніп алдым. Телеарна мен газетте жұмыс істеп, біршама ысылғанымның да көп пайдасы тиді. Ол кісілердің ешқашан біреуге дауыс көтергенін де естіген емеспін. Бірнәрсені дұрыс істемей, қиыс кетіп жатсаң, басқа дүниені айтқансып отырып-ақ, мақтамен бауыздай салатын. Соның бәрі маған сабақ болды. Қарап отырсам, осының өзі үлкен мектеп екен ғой.
– Радионың халыққа, руханиятқа берері қандай?
– Радио – үн арқылы тарайтын, үн арқылы жететін өркениеттің ғажап жетістігі. Адамның көзі сияқты үн де ешқашан өтірік айтпайды. Адамның үні арқылы оның шын айтып отырғанын немесе керісінше жалған сөйлеп отырғанын бірден аңғаруға, тіптен дауысына қарап-ақ қандай адам екенін бағамдауға болады. Үн деген адамның көңіл күйінің нотасы ғой. Адамның аста-төк пейілін де, шат-шадыман көңіл күйін де, көңіліндегі кірбіңді де оның дауысынан-ақ тап басып тануға болады. Әуе толқыны арқылы қаншама кейіпкерлердің жан сырын ақтартқызған адам ретінде мен осыны байқадым. Телевидениеде көп жүкті бейнетаспа көтереді. Кейбір адамның айтып жеткізе алмаған тұстарын бейнестаспа арқылы көмкеріп, кейбір артық-кем тұстарды видеомен «жауып» жіберуге болады. Ал радиода ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті радио – ең шынайы ақпарат құралы деп айтуға негіз бар. Тіптен газетке сұхбат алғанда да журналист кейіп­кердің негізгі айтпақ ойын қалдыра отырып, қалай өңдеп берем десе де өз еркі ғой. Ол жерде сұхбат беруші мен кейіпкердің көңіл ауаны, мәселеге көзқарасы журналистің шеберлігіне қарай өріледі. Ал радиода сіз адамның үніндегі дірілді, тербелісті, оның жанайқайын қолдан жасай алмайсыз ғой.
Радио халыққа, руханиятқа не береді дегенге келсек, радионың халыққа да, руханиятқа да берері ұшан-теңіз. Радионың бір күндік эфирін алып қарайтын болсақ, ондағы жүргізіліп жатқан хабарлардың өзі-ақ бірнеше газетке жүк болатынын байқау қиын емес және ол хабарлардың қамтитын аудиториясы да әрқилы, яғни радионы еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін тыңдайтыны баршаға аян. Хабарлардың мән-маңызын ұғып қарық қылмайтын баланың өзінің құлағына сіңіп жатқан сөз, әуен мен саз, күй де өз миссиясын адал атқарып жатыр деп ойлаймын. Радио – жұрттың бәріне қолжетімді ақпарат құралы. Оған арнайы уақыт бөліп, басқа тірлігіңнің бәрін жиып қойып, қарап отырудың қажеті жоқ. Жолда кетіп бара жатып та, шаруаңды жасап жүріп те тыңдай аласың. Радио – ең оперативті ақпарат құралы. Радиодан қазір болған оқиға туралы ақпаратты қазір естуге мүмкіндігіңіз бар.
Радио – ән мен күйдің бесігі. Көңіліңді алмағайып бір сезім кернегенде, жүрегіңді сағыныш тербегенде іздегеніңді радиодан табасың. Өйткені сезім пернесін дөп басатын өлең де осында, жүрегіңіздегі сағынышыңызды оятар әуезді ән де осында!
Қазір көпшілік кітап оқымайтын болды ғой. Тіршіліктің қамытын киіп алып, басқаға мойын бұруға мұршасы келмей жүрген жұрттың көркем шығарманы да радиодан тыңдай алатын мүмкіндігі бар. Тарих, әдебиет, мәдениет, өнер – руханияттың қай саласы қызықтырады сізді? Мархабат! Осының барлығын радиодан табасыз. Бір мезетте сыйқырлы әлемге сапар шектіріп, әдебиет әлемін аралап қайтсаңыз, ендігі бір сәтте өлең өлкесіне топ ете түсесіз. Тұлғалар өмірінің сәулелі сәттері, олардың көпшілік білмейтін қырлары, сізге беймәлім құпиялары – осының барлығы радионың хабарларында өріліп, таспа боп қатталып жатыр.
– «Шалқар» радиосының майталмандары туралы не айтар едіңіз?
– Мен радиоға келердің алдында ауқымды қысқарту жүріпті. Бұл 1997 – 1998 жылдар еді. Неге екенін білмеймін, ол хақында хабарым аз, әйтеуір әйел дикторлардың бәрі қысқартуға ұшырапты да, кілең ер дикторлар қалыпты. Сауық Жақанова апамыздың да қысқартуға түскен кезі сол тұс болса керек. Ол дикторларды ығыстырып, эфирдің тізгінін журналистердің өз қолына берердің аз алды еді. Бәлкім, сол кезде басшылар, алғашқылардың бірі ретінде, эфирге дайындағысы келген болар, мені дикторлармен бірге тікелей эфирге салып жіберді. Сонымен тікелей эфирдің қазанында қайнап, диктор-журналист боп шыға келдім. Содан кейін көп уақыт өтпей бүкіл диктор біткенді қысқартуға жіберді. «Диктор деген маманның қажеті жоқ» деді. Жалпы бұл кәсіпке ендігәрі сұраныс болмайтыны айтылды және бұл «заман талабы» екені де тілге тиек етілді. Сөйтіп, бұдан былай журналистер өздері жазған мәтіндерін өздері оқып, дайындаған хабарлары мен жаңалықты өздері жүргізетін болды. Бұл енді бөлек әңгіме.
Өмір белесімдегі осы кезең туралы бір әңгімені ортаға салсам деймін.
Ол кезде жаңалықтарды бір ер адам, бір әйел адам болып, екі дауыста алмасып оқитын. Ер дауыспен жаңалық оқитын Аманжан Еңсебаев, Ласкер Сейітов, Бүркіт Бекмағамбетов, Омархан Қалмырзаев сынды дикторлардың дені бүкіл қазақ даласын үнімен әлдилеп келген Әнуарбек Байжанбаевтың шәкірттері еді. Сол кісілердің бәрімен қоян-қолтық жұмыс істедім. Дикторлық мектептің шет-жағасын көріп, олардан тәлім алған ең соңғы радиожурналист мен шығармын. Мен әлгі кісілердің төртеуімен кезек-кезек жаңалық оқитынмын. Былай қарағанда, бұл төртеудің ешқайсысы маған қатемді шұқып көрсетіп, «Олай оқы, былай оқы» деп айтқан емес. Дикторлық өнерге баулып, бәлендей ұстаздық еткен жерлері де жоқ. Бірақ менің олардан алған сабағым, көкейіме қондырып, санама сіңіргендерім өлшеу­сіз. Жандарында отырып-ақ, соларды тыңдап жүріп-ақ көп нәрсе үйрендім. Бірақ Омархан аға марқұм Қалмырзаевтың бір-екі ескертпесі өмір бойы ұмытылмастай есімде сақталып, санама шегеленіп қалған еді.
Таңғы эфирдің жаңалығын журналистер түнде дайындап, «отдел выпусқа» тапсырып кетеді. Таңертең келген диктор мәтінді алдын ала оқып, дайындалып алып, эфирге шығады. Бір қызығы, Омархан аға кейде таңғы эфирге келмей қалатын. Кім білсін, бәлкім, мені таңғы жаңалықтарға жалғыз өзі шығып, төселсін, эфирге бойын үйретсін дей ме екен?! Әлде маған еркіндік бергісі келе ме екен? Бірақ бәрібір, эфирге шығардың алдында біраз уақыт бұрын маған алдын ала қоңырау шалып, хабарласады. Өзінің келмейтінін айтып ескертеді.
Сол күні ертерек келген едім. Әдеттегідей жаңалықты теңдей ғып, екіге бөлдім. Сөйттім де, өзіме тиесілі парақтарымды алып, дайындалуға кірістім. Эфирдің басталуына аз ғана уақыт қалған. Бір кезде студиядағы бақырауық қара телефон шар ете қалды. Омархан ағам екен. «Әй, қыз, сен деген мықтысың ғой! – деп бастады сөзін өзіне ғана тән бір ерекше интонациясымен. – Мен жұмысқа шығып келе жатып, жолдағы арыққа түсіп кетіп, құлап қалдым».
Қалмырзаев шынымен құлап қалды ма, жоқ па, мәселе онда емес. Ол кезде оған бас ауыртуға шамам да жоқ еді. Қысқасы, жаңалықты жалғыз өзім оқуым керек екен! «Сен деген маладессің ғой! Өзің қатыра сал!» – деді. Мәәә! Жүрегім тас төбеме бір-ақ шықты. Сол сағатта оқылуға тиіс жаңалықтарды рет-ретімен екіге бөліп, өзіме тиесілісіне ғана дайындалып отырған мен есім шығып, парақтарды қайта реттеп, жанталасып кеттім. Өйткені ресми жаңалықтың өзінің реті деген болады. Ол – бұлжымайтын тәртіп, бұзуға болмайтын қағида. Жалма-жан ол кісінің «долясын» өзімдікімен біріктіріп, өзімнің дайын­далған мәтіндерімнің арасына салып, қайта реттеп алдым да үлгергенімше бір оқып шықпақ болдым. Қайдан! Оқығанмен миыма ештеңе кірмеді. Оның үстіне аяқ астынан естіген соң психологиялық тұрғыда дайын болмай қалдым ғой!
Ол кезде қазіргідей бас-аяғы бес-ақ минут жаңалық оқу деген әңгіме жоқ еді. Ресми жаңалықтармен басталады, одан кейін аймақ жаңалықтары, оның артынан шет ел жаңалықтары міндетті түрде, ол аз десеңіз, спорт жаңалықтары тағы бар және ең соңында міндетті түрде ауа райы оқылады. Ресми жаңалықтар мен ел жаңалықтарын қойшы, оны бірнәрсе ғып оқисың ғой. Ең қиыны шет ел жаңалықтары мен спорт жаңалықтарын оқу болатын. Сол уақыттарда аты-жөндері бірсұмдық шет ел президенттері мен премьер-министрлер болған еді. Әлгі бір Израиль премьер-министрінің аты-жөнін айтқанда шатасып кетіп, қасықтап жиған абыройдан жұрдай болмайыншы деп есім шығатын. Құдай сақтасын! Әгәрәки Құдайдың құдыретімен тілің мүдіріп кетер болса… Жаман сөз айтып жіберуің әбден мүмкін ғой! Құрсын, Құдай абыройсыздықтан сақтасын, ондай болған емес, әйтеуір! Ал енді спортшылардың аты-жөндері деген олардан өткен сорақы! Сол кезде ауа райын құлпыртып, дауысымды ерекше әуезбен құбылтып оқығанды тәуір көретінім есімде.
Ал, керек болса! Енді бәрін бір өзімнің оқуыма тура келіп тұр! Сонымен «Дәлме-дәл уақыт белгісі» соғылып жатты. «Позывной» берілді. Жаңалықтардың «шапкісі» кетті. Жаңалықты бастап оқып жатырмын, оқып жатырмын. Іштей дым қателеспегеніме риза боп отырмын. Бірақ не оқып отырғанымды өзім түсінгем жоқ. Жүрек деген дүкілдеп, тас төбеме шықты! Сірә, қатты толқығаннан дауысым да қатты шыққан болу керек. Оқып біттім-ау, әйтеуір! Дым мүдірмей оқыдым. Екінші сағаттың жаңалығын оқитын уақытта Омархан ағам да жетіпті. Келе сала: «Әй, маладессің-ей, сен қыз! Бір шатаспадың!» – деп бастады да кенересі қалың әшкиінің үстінен асықпай бір қарап алды. Сөйтті де былай деді: «Жәкентай, сөз жоқ, бүгін жаңалықты жақсы оқыдың. Сенің дауысың – құлаққа жағымды, кәдімгі қазақи қоңыр дауыс қой. Жаңалықты осы дауысыңмен бір адамға әңгіме айтып отырғандай етіп жеткізсең, жетіп жатыр. Одан артық ештеңенің қажеті жоқ. Рас, сені алты миллион адам тыңдап отырған болуы мүмкін. Бірақ сенің оқып отырған жаңалығыңды бүкіл ел бір стадионға не болмаса үлкеееен клубқа жиналып алып, бәрі бірге тыңдап отырған жоқ қой. Олардың әрқайсысы сені жеке-жеке, өз үйінде отырып тыңдап отыр емес пе?! Сондықтан радиодан айтатын әр сөзіңді бір адамға ғана арнап, бір адамға ғана қаратып айтсаң болғаны. Айқайлап, ұрандап тұрғандай дауыс көтеріп сөйлеудің еш қажеті жоқ. Сыбырлап айтқаныңды да естиді тыңдарман. Жалпы кез келген мәтінді бір адамға ғана бағыштап оқу керек. Айтпағыңды бір адамға әңгіме айтып отырғандай етіп айтсаң, сол жеткілікті. Радио арқылы бір адамға арнап айтқан сөзің миллиондардың жүрегіне жетеді. Радионың құдіреті сонда», – деді. Міне, сол сөз өмір бойы менің жадымда жатталып қалды. Ұстаз-ағаның осы сөзі әркез ойымда тұрады. Қазіргі кезде Омархан ағаның осы әңгімесін жұмысқа жаңадан келген жас журналистерге құлаққағыс ретінде айтып отыратын болдым. Кейін ойлап қарасам, марқұм Омархан ағаның мені «жанып тұрған отқа» жалғыз тастай салғандағысы – жалғыз өзі шығып, шыңдалсын, эфирге бейімделіп, қорқынышын жеңіп үйренсін деп қана емес, эфирдің жауапкершілігін сезінсін дегені екен ғой. Кейін жалғыз шығатын болдық қой. Омархан ағамның тағы бір айтқаны мәңгілік есімде қалды. «Жаңалық оқып отырғанда іштей көзіңнің қиығымен екінші сөйлемді қатар оқып отыр», – дейтін еді. Басында «Ол қалай сонда?! Бір мезетте екі сөйлемді қалай қатар оқуға болады?!» деп түсінбейтінмін. Кейін оны да меңгеріп алдым. Әлі күнге дейін солай істеймін. Кейде алдын ала оқып, дайындалып үлгерместен эфирге шығуға тура келетін кездер болады. Сондай кезде осы тәсілді пайдаланамын. Бұның бәрі уақыт өте келе, тәжірибенің арқасында келетін машықтар екен.
Дикторлардан бөлек, көптеген елімізге танымал тұлғалармен, қазақтың аймаңдай азаматтарымен қызметтес болдым. Сол бір аяулы жандар туралы айтсам, әңгіме бүгін бітпейді. Өнербаевтың өнегесін көріп, Шаштайұлының шеберханасында шыңдалдым. Маған сенім артып, қолыма үлкен бір редакцияның тізгінін ұстатты. Жүрсін ағамыздың батасын алдым. Бір кездері түрлі себептермен телеарнаға кетіп қалып, қайта оралғанымда істеген жұмысыма көңілі толып, арқамнан қаққан кездері көп болды. «Шалқар» радиосы Бас редакторының орынбасары болып, бірталай жобаларды жүзеге асырдым. «Қазақ» және «Шалқар» радиолары эфирлерінің көркемдік жағына жауапты болып, көптеген жақсы бастамаларды жүзеге асырдым. Сол кездері Жүрсін ағам: «Жанар, айнала­йын, жетпіс жеті атаңа рақмет! Шала-жансар «Шалқарға» жан бітірдің!» – деп айтқанын осы күнге дейін әріптестерім жыр ғып айтады.
– Иә, осы салада жүріп, көптеген әдеби, мәдени хабарларыңызбен қалың тыңдарманды ұйытып, ел жүрегінен орын алып келесіз. Жобалар желісі қалай құрылады?
– Менің «Қазақ» радиосының әуе толқынынан тұрақты түрде жүргізілетін «Сәуле-ғұмыр» деген хабарым бар еді. Түрлі себептермен телевидениеге кетіп қалып, қайта оралғаннан кейін­гі әкелген жаңалығым осы болатын. Ол кезде өмірден өткен адамдар туралы бұндай хабарлар некен-саяқ еді (кейін қаптады ғой). Осы хабарды жасау барысында Асекеңмен талай мәрте жүздесіп, сұхбат құрдық. Шәкен Айманов, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, Фарида Шәріпова сынды саңлақтар туралы әдемі естеліктер айтылды. Бір күні тағы да сұхбат алуға барғам, Асанәлі (Әшімов) ағамыз әдеттегідей жақсы көңіл күймен қарсы алды. Бір кезде: «Осы сен қандай хабар жасаушы едің? Хабарың не туралы өзі?» – деп сұрады. Сөйтсем, жорта білмегенсіп, сұрап тұр екен. Жөпелдемеде онысын аңғара қоймаған мен: «Ой, аға, ол енді өмірден өткен адамдар туралы ғой. Обшым, өлген кісілер туралы», – деп қойып қалғам ғой. «Еее, онда менің өлгенімді күтіп жүр екенсің ғой!» – дегені! Мәссаған! Табан астында не дерімді білмей сасып қалдым. Содан, апам айтпақшы, «Бұрын туған бұрын өлер болса», бүгін арамызда жүрген, бірақ «Келместің кемесін күтіп жүрген» тұлғалар, қазақ үшін орны бөлек жандар туралы бір хабар жасау керек екен» деп ойланып қалғам. Ертеңгі ұрпақ олардың үнін, кешегі, бүгінгі күннің өнері мен мәдениеті, өз замандастарының арасында топ жарған жарық жұлдыздар, әр саланың дарабоздары туралы мазмұнды әңгімелерді іздейді ғой. Іздеуге тиіс қой. Міне, менің «Кейіпкер» деп аталатын хабарымның дүниеге келуіне ағамыздың дәл осы сөзі түрткі болған еді. Кейін, араға біраз уақыт салып, сол екі хабардың басын қосып, біріктіріп, «Дарабоз» деген ауқымды хабар аштым.
– Өзіңіз тізгінін ұстаған бағдарламалар аясында талай тұлғаның шығармашылығымен жете таныстырып қана қоймай, жан дүниесін аштыңыз. Тұлғалар сала-салаға, ұстанған бағытына, еңбек жолына қарай қандай қасиеттерімен ерекшеленеді екен? Қайран қалдырған жандар, сәттер бар ма?
– Мен тұлғалар тақырыбында қалам тербеуді тым ерте, «Қазақ» радиосына келген алғашқы жылдары-ақ бастадым. Алғашқы хабарым «Жас дәурен» деп аталған болатын. Оған елге танымал тұлғалардың балалық шағы мен жастық шағын арқау еттім. Кейін тұлғатану тақырыбының аясын кеңейте түстім. «Сәуле-ғұмыр», «Сахна сыры», «Кейіпкер», «Дарабоз» хабарлары әуе толқынына жол тартып, тыңдарманның көңіл көкжиегінен орын алды. Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменов, Ілияс Есенберлин, Дулат Исабеков, Әзілхан Нұршайықов, Қаршыға Ахмедияров, Фариза Оңғарсынова, Нұрғиса Тілендиев, Рабиға Сыздықова, Бердібек Соқпақбаев, Сағат Әшімбаев, Алтынбек Сәрсенбаев, Оралхан Бөкей, Өзбекәлі Жәнібеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Баққожа Мұқай… Бұл тізім – тұлғалар галереясы осылай жалғаса береді. Хабар да менің балапандарым тәрізді ғой. «Іштен шыққан шұбар жылан». Өзім үшін олардың әрқайсысы өзіне тән ерекшелігімен, ондағы айтылған естеліктерімен, басқа еш жерде айтылмаған сырларымен құнды. Дей тұрғанмен солардың арасында бір тағдырлы тұлға туралы хабардың орны мен үшін ерекше екенін жасырмаймын. Өйткені өзіңіз байқап отырғандай, мен хабарға арқау еткен тұлғалардың ішінде осалы жоқ. Әрқайсысы – өз саласының дарабозы. Бәрінің атын жұрт жатқа айтады. Солардың ішінде, бірен-саран руханиятты терең білетін, арғы-бергі тарихтан хабардар адамдар болмаса, аты-жөнін ешкім білмейтін, жұрт жадынан өшіп қалған бір тұлға болды. Ол шертпе күйдің шебері, күмбір күйдің дарабозына айналған талант Әбікен Хасенов еді. Қазақ даласына келген зұлматтың өртіне шарпылып, нәубет заманның қасіретін көрген, сол қасіретті тағдырының шырмауынан шыға алмай кеткен, Кеңес үкіметі саясатының салдарынан қуғын-сүргінге ұшырап, көзі тірісінде лайықты бағасын ала алмаған дарын иесі туралы хабарды ұзақ толғанып жүріп жасадым. Ол Тәттімбет күйлерінің ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасына айналуына орасан зор үлес қосқан, оны түпнұсқа деңгейінде шеберлікпен орындап, тұңғыш рет күйтабаққа және магниттік таспаларға жаздырған, нотаға түсірткізген, күй мұрасын халыққа кеңінен насихаттаған ғаламат күйші екен. Тәттімбет қана емес, Арқа өңірінің Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Әбди, Итаяқ бастаған күйші-композиторларының күйлерін теңдессіз шеберлікпен орындап, халқымыздың музыка өнерінің қорын байытқан Әбікен Хасеновтің қасіретті тағдырын зерттей отырып, мен қазақ даласындағы зобалаң заман, аштық пен репрессияның салған зұлматтары жайлы тереңірек білдім. Тарих қатпарларына сіңіп кеткен небір ақтаңдақтар мен қасіреттерді, былайынша оқып, біліп жүрміз ғой. Дей тұрғанмен нақты бір адамның тағдырымен байланысты тұстарын зерттеген бөлек екен. Хабар кейіпкерінің түрмеде өлім жазасына кесіліп тұрған жерінен касиетті өнердің арқасында босап шығып, одан ит азаппен еліне жеткені, арып-ашып жеткенде көргені аштықтан қынадай қырылған жұрт болғаны ешкімді бей-жай қалдырмайды. Бала-шағасынан, ағайын-туысынан тірі пенде қалмай, жалғыз қарындасын есінен ауысып, шидың арасында жүрген жерінен тауып алуы, басқаны қайдам, менің өзіме сұмдық әсер етті. Кейін Алматыға келіп, жас кездерінде бірге жүрген Сәкен Сейфуллинді тауып алып, сол кісіні сағалайды. Ол кісі оны әйгілі Мұхтар Әуезовпен таныстырып, Мұхаңның көмегімен қазіргі Әуезов театрына актер болып орналасады. Құзырлы орындардың іздеуінде, бой тасалап жүрген адам онда да көпке дейін тек массовкада, көпшілік сахнасында жүреді. Оның барлығы енді өте бір жан тебірентерлік жағдайлар. Кейін Әбікен Хасенов қайтыс болғанда ол кісіні жерлеп тұрып, Шәкен Айманов атамыз еңіреп жылап: «Біз бүгін қазақтың он саусағын жерлеп тұрмыз!» – деп айтқан екен. Айтпақшы, дәл осы хабардың ықшамдалған нұсқасы сіздердің «Қазақ әдебиеті» газеттеріңізде 2023 жылдың жылжабар және 2024 жылдың жылашар екі нөмірінде қатар жарияланған болатын. Басылымның сол кездегі Бас редакторы Дәурен Қуатқа сол ерлігі үшін әлі күнге дейін ризашылығымды жеткізе алмай келе жатырмын.
– «Шалқар» радиосының бүгінгі бет алысы қандай?
– «Шалқар» осы уақытқа дейін жолынан жаңылып көрген жоқ. Аға-апаларымыз салып берген сара жолдан танбай келе жатырмыз. Дегенмен бүгінгі «Шалқарды» мазмұны ұлттық, түр-сипаты заманауи радио деуге толық негіз бар. «Шалқар» хабарларының мазмұны жағынан ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға, салт-дәстүрді, халқымыздың ұлт болып ұйысуына ықпал еткен ақындық-жыраулық дәстүрлерді, бесік жырындай болып ғасырлар тұңғиығынан жеткен жауһарларымызды санада қайта жаңғыртуға, шежіреге толы тарихымызды түгендеуге бағытталған радио болғанымен, бүгінгі заман көшінен де қалып жатпағанымызды айтқым келеді. «Шалқар» ескі сарындағы қасаң радио да емес. Бүгінгі «Шалқар» нағыз халықтық радиоға айналған. Ұлттық радиомыз заман ағымына сай, қоғам өзгерістеріне үн қоса алатын, үлкеннің де, кішінің де, жастың да, жасамыстың да сүйіп тыңдайтын үнжариясына айналғалы қашан?! Әрине, жастардың радиосы дегенде, бұл ұлттық арнаны даңғаза музыка, жеңіл-желпі әңгіме, сайқымазақ сұхбатқа айналдыру деген сөз емес. Тіптен мен сіздерге айтайын, радиодағы жүргізілетін ойындардың өзін интеллектуалдық мазмұнда жүргіземіз.


– Жуырда кітабыңыз жарық көрген екен, құтты болсын! Бұл кітапқа қандай туындылар енді?
– Көп рақмет! Кітап болғанда бұл менің әлеуметтік желідегі жазбаларым ғой. Оқырмандарым, әріптестерім, тіпті қалам ұстаған қауым, арасында елге танымал жазушы аға-апаларым да бар, «Осының бәрін неге кітап етіп, құрастырып шығармасқа?!» деп айта берді. Бірақ әлеуметтік желінің стилінде жазылған, күнделікті өмірдегі қас-қағым сәтті бейнелеп, бір сәттік сезім-күйді, әсерді арқау еткен дүниелер уақыт өте келе өзінің өзектілігін жойып, қызық болмай қалмай ма деген ойлар да болды. «Бұны жұрт қалай қабылдайды?! Әлеуметтік желідегі жазбадан да кітап шығарады екен-ау!» деген әңгімелер айтылмай ма деп те ойладым. Бірақ көпшіліктің сұрауы бойынша белді бекем буып кітапты шығаруға бекіндім. Кітапты фейсбуктың кітап нұсқасы деуге де болады. Фейсбук – күнделік. Өйткені ол қалай болғанда да көркем шығарма емес қой. Басында жазбаларды өңдеп, әдеби формаға келтірсем бе екен деп те ойладым. Бірақ стилі өзгеріп, қызығы кетіп қалатындай көрінді. Сол себепті оқырманға қалай жазылды, сол күйінде ұсындым. Бір жағы, егер әлеуметтік желіде жұрт іздеп оқып, көпшіліктің көңіл көкжиегінен орын алып жатса, кітап түрінде де оқылуға тиіс қой деген ой келді. Кітап «Өмірдің өзі», «Ауылдың айтқыштары», «Радио деген ғажабым», «Балалық шаққа саяхат», «Бала тілі – бал», «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды», «Журналист жолжазбалары», «Менің аудармаларым» деген сегіз бөлімнен тұрады. Жеке-жеке тоқталмай-ақ қояйын. Атауының өзі онда не туралы айтылатынынан ақпар беріп тұр деп ойлаймын. Әзірше оқығандар жылы қабылдап жатыр. Ол жазбаларды нақты бір жанрға жатқызуға да болмайтын еді. Кітапты «Жанры жоқ жазбалар» деп атауымның себебі де сол. Кітаптың алғысөзін жазған белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мағира Қожахметова апайымның сипаттауынша, «Бұл – өмірден ойып алынған шағын прозалық, эсселік жазбалар жинағы. Бұл кітапта қалыптасқан әдеби шекаралар мен дәстүрлі жанр талаптары әдейі бұзылып, оқырманға өмірдің өзіндей еркін, тосын әрі шынайы мәтіндер ұсынылады. Автор күнделікті тіршіліктегі ұсақ көріністер, тосын диалогтар, адам мінезі, қоғам мен уақыттың бет-бейнесін юмор, мысқыл, ирония арқылы бейнелей отырып, терең философиялық, психологиялық ой түйіндейді. Әрбір жазба – бір сәттік кадр, бір тыныс, бір шындық. Мұнда ойдан құрастырылған сюжеттен гөрі нақты өмір тәжірибесі, авторлық «меннің» айқын даусы алдыңғы қатарға шығады. Кітап мазмұны нон-фикшн мен флеш-фикшнге тән белгілерді қазақы дүниетаныммен ұштастыра отырып, қазіргі цифрлық дәуір оқырманына лайық ықшам, әсерлі, мазмұны терең форма ұсынады. «Жанры жоқ жазбалар» – адам, қоғам, уақыт туралы ойландырған, күлдіре отырып толғандыратын, шындықты боямасыз жеткізетін заманауи прозалық туынды». Мағира апамнан асып ештеңе айта алмаспын.
– «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген. Көркем шығарма жазуға деген қызығушылық та көптің көкейінде жүреді. Сондай-ақ туабіткен дарынды бола тұра, осы бағытқа дендемейтін жандар болады. Сіз үшін жазу өнері деген не?
– Айтпағыңызды емеурініңізден түсініп тұрмын. Жазу деген – мен үшін тербелісі бөлек әлем. Жазу – менің стихиям. Көзбен көріп, көңіліме тоқығанымды қазғазға түсіру бала кезден әдетім. Кейін жазу менің кәсібіме айналды. Көркем шығарма жазбадым дегенім болмаса, өмір бойы жазудың айналасында жүрмін ғой. Радио деген – конвейер сияқты әлем. Күнделікті қаншама дүние жазылып, ол әуе толқыны арқылы толқынмен тербеліп, ауаға ұшып кетіп жатыр. Тыңдар құлақ арқылы санаға сіңіп, рухани құндылық болып қатталып жатқан болар деп үміттенем. Бірақ көркем шығарма жазудың орны бөлек қой. Жалпы қай кәсіптің болсын тізгінін ұстау әйел адамға оңай емес екенін айтып жатудың өзі артық. Сол тұрғыдан келгенде жазушылық та белгілі бір құрбандықтарды, уақытты, қажыр-қайрат пен табандылықты қажет етеді. Бәлкім, менің жазумен түбегейлі айналысуға табандылығым жетпеген болар. Уақыт жағы да қолбайлау болғаны рас. Күнделікті радионың жұмысы, баланың жағдайын жасаймын деп жүргенде уақыт шіркін сынаптай сырғып өте беріпті. Бірақ ешқашан жазудан қол үзген емеспін. Ойға алған дүниелерімді түртіп қойып жүрмін. Бірақ олардың бәрі әлі «бір қайнауы ішінде», пісуі жетпеген сияқты көрінеді өзіме. Олардың да күні туар. Осылай деп менен көркем дүниелер күткен оқырмандарымның үмітін үкілеп қояйын.
– Әлеуметтік желі арқылы сіздің жазбаларыңызды, аудармаларыңызды тұшына оқитын, жаңа жазбаңызды күтетін оқырман көп. Тіліңіздің көркемдігін, жазу мәнеріңіздің көркемдігін айтатын қаламгер аз емес. Неге әлі де болса әдеби туындылар жазып көрмеске?
– Мен журналистикаға алғаш келіп, көлемді мақалалар жаза бастаған кезде-ақ «Мынандай потенциалмен, мынандай тілмен саған көркем шығарма жазу керек» деп айтқан ағаларымыз көп болды. Бірақ қу тіршілік соған мойын бұрғызбады. Бұл – менің өмірдегі ең үлкен өкінішім. Өзімді дамытпадым, қаламды серік етіп, журналистиканың қайнаған ортасында жүргенмен басыбайлы көркем шығарма жазуға отыра алмадым. Әдебиетке мойын бұра алмадым. Сырқат баланың күтімі менің көп уақытымды жеп қойды. Менің бар арман-мақсатым – сол қызды аяғынан тұрғызу, қатарға қосу болды. Солай таусылмайтын тірлікке жұтылып, жазудан іргемді аулақ салып кете бардым. Осылайша, өзімнің потенциалымды пайдалана алмадым. Кейде кейбір шығармаларды оқып отырғанда «мынандай дүниені мен де жаза алам ғой» деген ойдың қылаң беріп, өзегімді өкініш өртеген кездер болғанын да жасырмаймын.
Жазушы достарым да, үлкен аға-апаларым да «Көркем шығармаға келсеңші» дегенді жиі айтады. «Сен жазушы болатын адамсың ғой. Хабарларыңда сондай бір тосын теңеулерді қайдан тауып алатыныңа таңғалам» деген сөзді Әлия апай Бөпежанова талай айтқан. Сұлтанәлі Балғабаев ағамыз да үнемі айтады. Мағира апай мен Сәуле апай менің өстіп, өзімді-өзім бағаламай, өзімді құнсыздандырып, көрінгеннің кітабына редакторлық етіп, мүмкіндігімді, қаламымның қуатын «пайдасыз іске» сарп етіп жүргеніме ұрысады, әуелі. Қаламгер достарым да мені қамшылаудан танбай келе жатыр. Ойымда жүрген, көкейімдегі дүниелер көп. Бәлкім, осы «Жанры жоқ жазбалар» мені нақты бір жанрға жетелейтін жол, әдебиетке апарар баспалдақ шығар?! Оны уақыт көрсетер, әзірше ештеңе айтпай-ақ қояйын.
– Бір жазбаңызда бірқатар кейіпкерлердің портреттік, психологиялық сипатын ортаға салып, дәл бейнелеу арқылы түрлі мінез-құлықты, соған сай көрінетін әрекеттер мен қылықты көпшіліктің көз алдына әкелген едіңіз. Расымен, қандай образдардың әдеби бейнесі жасалу керек деп есептейсіз?
– Негізінен көрер көз болса, оқитын оқырман болса, қазір неше түрлі образдар галереясы жасалып-ақ жатыр ғой. Көркем шығарма деген – өмірдің айнасы емес пе?! «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» дегенді тура осы әдебиетке де қатысты айтуға болатын сияқты. Қазіргі қоғамның бет-бейнесін, бүгінгі адамдардың жан дүниесіндегі қалтарыс-бұлтарыстарды, қарама-қайшылықтарды қаламгерлеріміз айшықтап-ақ жатыр деп ойлаймын. Тек қазір баяғыдағыдай адамдардың көркем шығарма оқуға деген құлшынысының аздығы болмаса… Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Қанағат Әбілқайыр, Ақберен Елгезек, Мақсат Рамазанұлы, Қанат Әбілқайыр, Есболат Айдабосын, Бейбіт Сарыбай… Бұл тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады. Осылардың барлығы – біздің заман адамының бейнесін жасап, қоғамның кедір-бұдыр тұстарын бейнелеп, сөзден сурет салып жүрген қалам иелері.
Айтпақшы, мен апта сайын тыңдармандарға көркем шығармадан үзінді оқып берем. Жаңа айтқанымдай, радиоойынның өзін иетеллектуалдық тұрғыда жүргіземіз ғой. Бір сағаттың ішінде төрт үзінді оқып, алдыңғы буын қаламгерлерді де, қазіргі заман жазушыларын да қамтуға тырысамыз. Біз, осылайша, өз қал-қадірімізше әдебиеттің насихатын жасап, тыңдарманның кітап оқуға деген құлшынысын арттырамыз. Аға буын жазушылардан Қалихан Ысқақ, Тынымбай Нұрмағанбетов, Рақымжан Отарбаев, Сайын Мұратбеков ағаларымыздың шығармалары тыңдарманға қатты «өтеді». Әдеби шығарма оқылатын күнді, басқа жұмысының бәрін жиып қойып, күтетін тыңдармандарымыз бар. Хабарласып жататын тыңдармандарда есеп жоқ. Одан кейінгі буын да тыңдармандар тарапынан көп сұранысқа ие. Демек, кітап оқығысы келетін, кытапқа қызығатын адам жоқ деген де бекер сөз. Тек әдебиеттің насихаты кемшін. Осы олқылықтың орнын толтырып отырған тетіктердің бірі де радио десем, артық айтқандық емес.
Алайда менің бір айтқым келетіні, бізде әйел тағдырына қатысты туындылардың денін ер азаматтар жазады. Кейде сол шығармалардың еркектің пайымымен, еркектің көзімен жазылатыны байқалып қалатын сияқты көрінеді маған. Әйелдің жан дүниесі күрделі ғой. Көлігі құжынаған қалада үй мен жұмыстың арасында зыр қағып, бала мен қызметтің, кәсіп пен нәсіптің ортасында шыр айналған қазіргі заман әйелінің шынайы бет-бейнесі басқаша өрілуі керек деп есептеймін. Зымыран уақыттың көшінен қалмай, өмірдің ағысына да ілесіп баққысы келетін, тіл үйреніп, кәсіп ашып, білім қуған әйелдердің жеке өмірі жабулы қазан күйінде жатқандай. Өмірдің мәнін жоғалтқан, құр сүлдерін сүйреп, күн кешіп жүрген әйелдер көп қой. Ағысқа қарсы жүзу тұрмақ көпке ілесуге қауқарсыз, жалғыздықтың құрсауында қалған әйелдер қаншама?! Сондай әйелдер туралы жазылған шынайы, заманауи шығармалар жоқтың қасы. Болса да, бәлкім, менің қолыма түспеген болар. Қазіргі әйелдер жоғын әлеуметтік желіден іздеп, жанына жалау болар жұбанышты әлеуметтік желіден табатын секілді. Демек, қазіргі заман әйелдерінің өміріндегі әдебиеттің рөлін әлеуметтік желі атқарып отыр. Әйелдің жанын әйел ғана түсінеді. Әдебиетке әйел жанын терең түсінетін, білетін, әйел жан дүниесінің қалтарыс-бұлтарыстарын жан-жақты аша алатын әйел жазушылар көбірек келсе екен деймін.
– Кітапты көп оқитыныңызды білеміз. Қазақ қаламгерлерінің қалам тартысы туралы не айтар едіңіз?
– Қазіргі буын жазушыларының аяқ алысы жаман емес қой. Тақырып ауқымы да сан алуан. Қазіргі адамдардың дүниетанымында өзгерістер көп. Соған сай әдебиетте де түрлі тенденциялардың пайда болғанын байқап жүрміз. Мен енді әдебиеттанушы да, түрлі жанрларда қалам тербеп, бірнеше кітап жазып тастаған жазушы да емеспін ғой. Мен тек оқырман ретінде айтып отырмын. Қазір біздің әдебиетте түрлі эксперименттер кезеңі басталған сияқты. Сондай эксперименттерге батыл барып, қалам тартып жүрген жазушыларымыздың аяқ алысы қуантады. Әдебиетке келген әр буын өз заманының келбетін кескіндеді. Бүгінгі заман жазушылары да әдебиетте бүгінгі күннің бейнесін айшықтап жатыр. Кез келген көркем шығарманың мақсаты оқырманды ойға жетелеу болса керек. Осы тұрғыдан келгенде өзгеше ойлайтын, өзгеше жазатын, қоғамдағы құбылыстарға деген өз көзқарасы қалыптасқан, соны көркем тілде кескіндей алатын жазушылардың өсіп келе жатқаны қуантады.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір