БІР БАСТАМАДАН СЕГІЗ РОМАН
29.04.2026
50
2

«Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бәйгесі мәреге жетті. Жеті жазушы 3 миллион теңгеден, бір қаламгер 15 миллион теңге сыйлыққа ие болды. Осы конкурсты ұйымдастырған бірлестіктің жетекшісі публицист Қайнар Олжаймен сұхбат.

– Қайнар Қалиакпарұлы, сіз бен біз өткен 2025 жылдың көктемінде сұхбаттасып, өзара әңгімеміз «Қазақ әдебиеті» газетінің 16-мамырдағы нөмірінде жарияланған. Енді соны түйіндесек дейміз.
– Иә, ол әңгімеміз есімде әрі оқырмандардың зор қызығушылығын туғызып, роман жазуға деген құлшынысты еселеп арттырып бергені даусыз. Демек, «Қазақ әдебиеті» газеті де бұл әдеби бәйгені насихаттауға өз үлесін қосты деп санаймыз.
– Одан бергі бір жылға жуық уақыт ішінде «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігі байқауды қорытындылады. Меценат, ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтің атынан қазақ тілінде жазылған жеті романның авторына 3 миллион теңгеден, ал бас жүлдегер жазушы Жүсіпбек Қорғасбекке «Кельндегі көкжал» романы үшін 15 миллион теңге табыстадыңыздар. Осы сегіз романды анықтау барысын айтып беріңізші.
– Біз сұхбаттасқан кезде ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов бес романға бәйге беретін болған. Төртеуі 3 мил­лион теңге, біреуі сол 15 миллион теңге көлемінде.
Содан қаламгерлердің арасындағы бұл бәйгенің шарты арнайы сайтта жарияланып, «Қазақ әдебиеті» газетінде әлгі түсіндірме сұхбат шыққан еді. Онда белгіленген мерзімге дейін бірнеше жүздеген өтінім келді. Жілігі татиды-ау деген 220 романның жобасын сыншы-сарапшыларға таразылаттық. Басында айт­қанымыздай, бес роман іріктеуіміз керек еді, 220 деген цифрды естіген демеуші «тым көп талапкер шыққан екен» деп тағы екі орын қосты.
Оны сарапшылар анықтаған кезде, «арасында қыз-келіншек жазушы жоқ екен, соны тауып, қоссаңыздар дұрыс болар еді» дегені. Түскен өтінімдер арасынан әйел авторларды бөліп, сарапшыларға жеке ұсындық. Сөйтіп, сегізінші үміткер анықталды. Екеуіміздің 2025 жылғы 16 мамырдағы деректерімізге уақыттың өзі, анығында демеуші айтарлықтай өзгеріс әкелді.
Бастапқыда роман жазу сол жылғы желтоқсан айының басына дейін бітіп, қорытындысы 2026 жылғы 1-қаңтарда шығуы керек еді. Ал сегіз үміткер 2025 жылғы 1-тамыздан жазуға отырғандықтан оларға 2026 жылғы 1-наурызға дейін мүмкіндік берілді. Сөйте тұра желтоқсан айынан бастап біткен романдар келе бастады. Соңғы романның қолжазбасы 2026 жылы 27-ақпанда қолға тиді. Дереу бір жағынан сарапшыларға, екінші жағынан баспаға жөнелтілді. 28-наурызда сарапшылардың бағасы жинақталды. 31-наурыз күні жеті қаламгерге 3 миллион теңге, бас жүлдегерге айтылған
15 мил­лион теңге табысталды. Қысқаша айтқанда, жұмыс барысы осындай болды.
– Жүлде тапсыру күні қазақ әдебиеті үшін айтулы күн болды ғой. Оған біздің Қазақстан Жазушылар одағы белсене қатысты емес пе?
–Айтары жоқ. Сегіз автордың көпшілігі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сол сияқты салтанатқа қатысып, жүлде тапсырушылар арасында Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржеке, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторы, белгілі сыншы Бекен Ыбырайым болды. Мереке Әбдешұлы бас жүлдені жазушы Жүсіпбек Қорғасбекке өз қолымен тапсырды. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегман құрметті қонақтар ортасында болды. Одақтың белді қызметкері жазушы Бейбіт Сарыбай осы шараны жүргізді, әрі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.
Одан басқа Мемлекеттік кино-фото және дыбыстық жазбалар архивінің директоры Ілияс Ысқақов, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы, «Қазығұрт» баспасының иесі, ақын Темірғали Көпбай салтанатты кеште сөйлеп, бір-бір жүлдені иесіне ұстатты. «Қазығұрт» баспасы осы кітаптарды жедел оқырмандарға ұсынғанын айта кеткен ләзім. Қуаныш Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама», Қуат Бораштың, «Тәубе», Думан Рамазанның «Сынақ», Нұржан Қуантайұлының «Опасыз ойын», Жүсіпбек Қорғасбектің «Кельндегі көкжал», Асқар Алтайдың «Каскад», Мұрат Алмасбектің «Екі жағалау», Айым Ақылтайдың «Қарыз» романының әрбірі 1000 данадан жеке-жеке шықты. Оны да демеуші өз қаражатына бастырып берді. Әр кітаптың 750 данасы Ұлттық кітапхана арқылы республиканың кітапханаларына жіберіледі. Ендеше, кітапхналарға тіркеліп, оқырман болуға асығу керек.
– Сонда әрбір автор өзінің бір мың дана кітабын алды ма?
– Жоқ. Салтанаттау рәсімін «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігі Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханамен серіктес болып ұйымдастырған. Сондықтан әрбір романның 750 данасы баспадан бірден Ұлттық кітапханаға жеткізілді. Ол әрі қарай Қазақстан Республикасындағы барлық кітапханаларға таратады. Демек, қазақ даласының әр қиырындағы оқырмандар осы жүлдегер сегіз романды оқуға мүмкіндік алады. Сонда авторлардың қолына ақысыз-пұлсыз 200 данадан астам кітабы тиді. Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенова жас автор Айым Ақылтайға жүлдені табыс еткенін айта кетейін.
– Бәйгенің демеушісі Шухрат Ибрагимов қазақтың қалам ұстаған қауымына осыншама көл-көсір жақсылық жасаған екен. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Бұл жөнінде ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов сегіз авторды арнайы құттықтаған хатында біршама айтқан болатын. Оны кеште әдеби бірлестікті құрушылардың бірі әріптесіміз Арман Сқабылұлы оқыды. Шухрат Әлиджанұлы 2025 жылы айтулы қаламгеріміз Төлен Әбдіктің қазіргі қазақ әдебиеті туралы терең толғанысымен танысыпты. Одан кейін үлкен жазушымыз Дулат Исабектің өмірден өтуіне қайғырған екен. Осындай оқиғалар оны жазушыларды қолдау керек деген ойға алып келген. Сол хатында алда да осы бәйгенің демеушісі бола бермек ниетін жеткізді.
– Сіздің сегіз романды толық оқып шыққаныңыз анық. Ол романдарда осы заманға сай қандай жаңалықтар бар?
– Негізі мен оны айтпауым керек. Өйткені әрбір оқырман өзі тауып, қызығып оқығаны жөн. Сонда да сұрап қалған екенсіз, шет жағалап ғана екі-үшеуіне тоқталайын.
Бас жүлде алған жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Кельндегі көкжал» романы ХХІ ғасыр басында Қазақстан үшін өте өзекті болған шетелге бала сату проблемасына арналған. Бұл – телевизияда жиі айтылғанымен (Жанар Байсемізованың, Қымбат Досжанның жобалары), көркем шығармада көп кестелене қоймаған тақырып. Романның ішін автор «новелла» деп жіктеген. Екі ұрпаққа қатысты оқиғалар Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарадан бастап баяндалады. Романның негізгі өзегі Дінасыл – Диего деген баланың шетелге саудаланып кетуіне арналған.
Үшінші, ақтық бәсекесі барысында жазылған белгілі жазушы ағамыз Қуаныш Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» романындағы оқиғалардың нақты жағырапиялық орны бар. Ол – Арал өңіріндегі Байқоңыр ғарыш айлағының іргесіндегі шағын станса. Станса Сұлутам темір жол депосының қарамағында. Романда кейіпкерлер классикалық түрде «жағымды» және «жағымсыз» ретінде сомдалған. Жағымды кейіпкерлер – аралқұмдық қарапайым теміржолшылар Мөңкебай, Ишанқұл, Мергенбай, жергілікті жағдай мен елдің, әлемнің даму бағытынан хабардар Жарылқасын, Дүйсенбай, Тойлыбай және басқалары. Аралқұмдағы теміржолшылар тобына ұдайы қарсы шешім қабылдап, теріс әрекеттер жасайтын жағымсыз кейіпкер – Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақов. Осы заманғы технологиядан романда дрон көрсетілген. Стансаға дрон әкелген Жарылқасын тіпті, шұбат сатушы Шырынкүлдің жоғалған түйелерін тауып береді.
Қуат Бораштың «Тәубе» романы қоғамдағы өте асқынып тұрған діни экстремизм мәселесіне арналған. Сондықтан қалың оқырманның қызығушылығын туғызатыны анық. Жастардың бұл бағытқа түсіп кетуінің себептері – қала мен ауылдағы жұмыссыздық, балалардың жартылай отбасыларда өсуі, мәдени-ағартушылық салаларының ақсап жатуы айтылады.
Жә, осы үшеуімен тоқтай тұралық. Оқырманға да бірдеңе қалсын.
– Қайнар Қалиакпарұлы, жеті белгілі жазушының арасына аты танымал емес жас жазушы Айым Ақылтайдың бар екенін көрдік. Ол туралы айтуыңыз керек шығар…
– Оны айтайын. Айым Ақылтайдың «Қарыз» романы үш тағдырды өрім түрінде араластырып жазылған. Басты кейіпкері Халиданың оқиғалары ХХІ ғасырдың 20 жылдарының ортасында өтеді. Демек, бұл – конкурстың шартына сай келетін нағыз қазіргі заманғы қазақ романы. Шығармада қазақ әйелдерінің тағдыры басты тақырып етіп алынған. Кейіпкерлердің бірі күйеуінің өктемдігіне көнсе, екінші ұрпақ оған көне алмайды.
Халиданың анасы – Сағаш, оның оқиғалары 1988–86 жылдардан бастап баяндалады. Сағаштың Галёк деген
бауыры мен Үмәй деген сіңлісі бар. Олардың көршілері студент жігіт Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ауылға қашып келіп, асылып қалады. Сол түні қорыққан бауыры мен сіңлісіне Сағаш ертек айтып береді. Ертектің өзі әдемі шығарма сияқты: «Киелі шаңырақтың үш тірегі болыпты. Олар ауласындағы асқар таудай алып бәйтерек, төрдегі маздаған алтын жалын және бұрыштағы көне күміс ұршық…»
Сағаштың Бақыт, Анна атты құрбылары бар. Бәрі педучилищеде оқиды. Айтас деген жігіт Бақыттың аяғын ауыр етеді, бірақ оған үйленбей ауылына Сағашты алып қашып кетеді. Бақыт босанған соң сәбиін Айтастың үйінің алдына тастайды. Оны Сағаш асырап алады. Сол үшін Айтастан үнемі таяқ жейді, енесінен сөз естиді. Осы сәби Халида болатын.
Бақыт кейін бизнеспен айнылысып, тұрмыста табысқа жетеді. Бір рет Халиданың дауысын есту үшін телефон соғады, бірақ өзі жауап бермей, байланысты үзе салады. Бір күні көмекшісі арқылы Халиданың Алматыда психология факультетіне оқуға түскенін естиді. Халидаға бірнеше рет электронды хаттар түседі. Оны да Бақыт жазған екен.
Романда әрбір тараудың басына оқиғаның өткен жері мен жылы көрсетілген. Өйткені Сағаш пен Халиданың, Бақыттың тағдырлары араласып жазылған. Мұның өзі романды шытырман етіп, оқырманды ынтықтыра түседі. Әрбір тараудың өз эпиграфы бар. Ол – автордың жеке пайымдаулары.
Айым Ақылтай жас жазушы болса да әрі бұрын роман жазбағанымен бұл конкурста жарқырай көрінді дей аламыз. Өз қатарластарымен бәйгеге түссе, сөзсіз бірінші орында тұрар еді.
– Қайнар Қалиакпарұлы бұрын-соңды болмаған мұндай конкурсты ұйымдастырғаны үшін «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігін құрған азаматтарға рақмет айтамыз.
– Осы бәйгені үнемі назарда ұстаған, жеңімпаздарды марапаттауға белсене қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы мен оның басты басылымы «Қазақ әдебие­ті» газетінің басшылығына біз де алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан
Мұратқали Дүйсенбаев

ПІКІРЛЕР2
Аноним 29.04.2026 | 16:01

Бас жүлде Айым қызымызға берілуі керек еді. Ол байқау шартына сай қазіргі заманғы (21 ғасыр)романын жазыпты. Өте өкінішті.

Аноним 29.04.2026 | 16:23

Жүлде алғандардың көбі Жазушылар отағы мүшелері дей ме? Кімдер мүшесі емес екен? Сөйтіп күйдіресіңдер ғой адамды….

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір