«…Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай» (Ақын Жанат Әскербекқызының «Сен және мен» атты өлеңіндегі кінә мен күнә хақындағы толғам мен толғаныстар)
29.04.2026
39
0

Қазіргі қазақ поэзиясының бел ортасынан ақын Жанат Әскербекқызының есімі анық көрінеді. Жыр жинақтарынан «Сен және мен» деп басталатын бес шумақтан тұратын өлең әркімнің-ақ назарын ардарар еді. Өз жайымнан айтсам, «Сен және мен» атты өлеңді оқығалы қашан. Алғаш оқығаным да есте…

Тіпті аталған өлеңнің («Сен және мен») тақырыбы, мазмұны, құрылымы, жолы (26), шумақтары (5), бәрі есте…
Әнші М.Түсіпбаевадан, магистрант А.Мақашқа дейін айтып-оқып, орындағандары да баршылық…
Бес шумақтан тұратын өлең «Сен және мен» деп басталып, әр шумақта белгілі бір жайттар – өмір өрімі, жастық мәні, достық сыры, сенім мен сезім, сыр сипаттары кеңінен қозғалады. Жастық кезеңнің албырт, алаңсыз, көңілсіз, көлеңкелі тұстары жыл мезгілдерімен айшықты-нақышты тұтастық құрап, кінә мен күнә төңірегінде кең өріс алады. Бірінші желі, яки алғашқы шумақ былай беріледі:
Сен және мен,
Арамызда сұр тұман,
Сұр тұманның бұғауында бұлқынам.
Сені менен,
Мені сенен суытар
Пенделік іс – бір күнәң мен бір кінәм.
Аталған өлеңнің бастапқы шумағы арадағы берік қамал – сұр тұман жайын алға тартады. Жұрт білетін жай тұман емес, әрине. Өлең жолының бел ортасынан орын алған «Сұр тұманның бұғауында бұлқынам» деген жолдар қатпарлы Һәм құрсаулы екенін де айқын аңғартады. Сен және мен – арада сұр тұманның бар екенін еске салады. Байыптасақ,
«…сұр тұман» сыры өлеңнің кейінгі жолдарынан ашылып, арыда Һәм ертеректе болған пенделік іс – күнә мен кінә мәні айқындалып, тіпті кездесу-
қауышу, құштарлық-сүйіспеншілік жолы қысқарып, бірінен-бірі алыстап-алшақтағаны, сарытап сағыныш, сенім-сезім салқын тартып, суығаны да анық-қанық көрініс береді. «Пенделік іс – бір күнәң мен бір кінәм»: Сен және Мен арасына сына қағып, біріне-бірін тым қатқыл етіп, салқындатып-суытып жібереді. Сенім мен сезім, дерт пен серт те осыдан туындап жатыр. «Арулар – асыл жандар!»
(М.Мақатаев), «Әйелдің жасы – он сегіз!» (Иран-Ғайып) «Әлемнің мәні – әйелде!» (Ж.Ерман) болғанымен, арада күнә мен кінә орын алған тұста, сөз жоқ «жұмбақ жанға» айналары ақиқат!
Екінші желі, яки келесі шумақта мынадай жолдар бар:
Сен және мен,
Арамызда қараша,
Жүрек сұрар қарашадан араша.
Біздің жайды ұғар еді-ау өзгелер
Жылап жатқан жапыраққа қараса.
Бұдан байқалатыны, жыл мезгілі – күздің көңілсіз, сұрғылт түсінен бөлек, қараша айының жарық дүниедегі әрбір адамның көңіл толқынын тебіреніс-тербелістерге түсіріп, жүрекке салмақ салған ауыр ахуалын алдымен айқын аңғарар еді. Оның үстіне осы жайтты бағамдап-байқап, жіті ден қояр болсақ, сөз жоқ әркім-ақ: «Жылап жатқан жапыраққа қараса» болды, «…Біздің жайды…» ап-анық танып-түстеп, кең түрде қаныға түседі. Өлеңнің бастапқы жолындағы: «Сен және мен» осыны алға тартады. Олар бейқам, жансыз да емес. «Жүрек сұрар қарашадан араша» деп адамзатқа ортақ жүрек ісін қозғайды. Бұдан басқа: «Жылап жатқан жапыраққа қараса», өткен кезең, болған жайттар да ап-анық еске түседі. Демек, достық мәні, ғашықтық ғаламаты жүрек ісін көтеріп, қозғау негізінде жастық сырын айқара ашып, барынша айқындап, сенім мен сезімді, серт пен дертті қатар алға тартады. Сенім мен сезім алға шығып, жастық Һәм достық әнінің асқақ даусы анық естіледі. Достық туы, жастық жыры, ғашықтық ғаламаты
«…Ғашық жыры – тіршіліктің көкейкесті өлеңі», «Нағыз бақыт жақында емес, қашықта» дегенде ақиқатты айқындай түсер басты бағыт-бағдар да, мызғымас негіз де, шынайы шындық та бар
(М.Шаханов Ғасырларды безбендеу. Өлеңдер, балладалар, поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1988. – 91-бет).
Үшінші желі, яки келесі кезекте:
Сен және мен,
Қос қиырда… тіріміз,
Жете алмадық бірімізге біріміз.
Көкірегі сағыныштан шерленіп,
Арамызда елші болар мұңымыз,–
деп сарытап сағыныштың мұңлы шері, мәнді-нәрлі тұстары, сырлы сипаттары айқын аңғарылады. Сен және мен: қос қиырда бар екенін айқындайды. Тіпті «Арамызда елші болар мұңымыз» деп болған жайтқа қатысты ауыр сұрақтың бар екенін де теріске шығармайды. Сол «елші-мұң» аталған өлең өріміндегі «Пенделік іс – бір күнәң мен бір кінәм» деген жолды қайыра еске салады. Күнә мен кінә кілті, яки ақиқат мәні, шындық шырағы осы тұстан терең танылады. Бір өлең мың өрім құрап, толқыннан толқын туындап, кең өріске шығып, ағысты арна алады.
Төртінші желі, яки бұдан кейін:
Сен және мен,
Жөн болмады-ау мұнымыз,
Кете алмадық бірімізден біріміз.
Өліп қалған сор-сезімді жерлемей,
Кеудемізде табыт қылған түріміз,– деп әлгіндегі сарытап сағыныш, енді «сор-сезімге» айналып, кеуде-көңілде «тұрақты» орын алады. «Кете алмадық бірімізден біріміз» деген жастық шақтағы «күрделі кезең» көріністері, қимастық сезім иірімдері де бой көрсетеді. Жасыратыны жоқ, тіпті «Өліп қалған сор-сезімді жерлемей, Кеудемізде табыт қылған түріміз» деп ащы шындықпен бетпе-бет келіп, ақиқат мәні айқара ашылады. Сен және мен: сенім мен сезім алдында ақиқат айнасына түседі. Шындық шырағы салтанат құрады. Ақиқат алдында «Безбенге сап күнәсі мен кінәсі» (Иран-Ғайып) айқын аңғарылады. Компос бағытын, таразы өлшемін дәл көрсетеді.
Бесінші желі, яки соңғы бөліктің тү
йін-шешімі ауыр:
Сен және мен,
Бұл жазуды не етерміз,
Әрі жақын, әрі мүлде бөтенбіз.
Кінәласып, сағынысып, өшігіп,
Екеуміз де өзге әлемге кетерміз
(Өскемен, 1999).
Өлең өрімінен «Сен және мен» деген жазудың ендігі жерде артық екені айтылады. «Әрі жақын, әрі мүлде бөтенбіз» деген ойлардың көңіл толқыны негізінде мін-сын ретінде анық көрініс беретіні де байқалады. Әрі жақын Һәм бөтен болу достық сырын, сенім мен сезімнің мәнін айқындай түседі. «Кінәласып, сағынысып, өшігіп, Екеуміз де өзге әлемге кетерміз» деген жолдар сағым жылдар мен тұманды ойлардың мәнді-нәрлі тұстарын, қырлы-сырлы шындығын айқара ашады. Сенім мен сезім жастық шақтың сәулелі сәттерін танытса, серт пен дерт ғашықтық ғаламатының ғажап та қызық-қимас кезеңін айқын аңғартады. Ақын айтқандай: «Біреуді жақсы көрген қандай жақсы, Нұрланып кетеді екен бар айналаң!» (Ф. Оңғарсынова). Немесе «Өмір-өзен ағады, Өз өрнегін салады. Бастан көшіп гүл-дәурен, Сағыныш боп қалады» (Қ.Жәленова). Бұдан байқалатыны: жастық кезең, достық дастан, ғашықтық ғаламат құбылыс екенін жоққа шығару қиын…
Сонымен, ақын Жанат Әскербекқызының «Сен және мен» атты өлеңін оқып, қоғам байлығы – адамның жастық кезеңі мен достық дастаны: ғашықтық ғаламатының мың сан арналы, қырлы-сырлы сипаттардан тұратын өмір өрімінде өрілген бедерлі-бейнелі тұстарына көз жеткіздік. Бес шумақ, жиырма алты жолдан тұратын бір өлең – мың өрімнен: жастық шақ максимализмі, албырт кезең көріністерін, сенім мен сезімнің қызық-қимас Һәм сәулелі сәттерін, ғашықтық ғаламатының сан салалы сырлы сипаттарын анық-қанық көреміз. Балалық шақ, жастық кезең адамның алаңсыз, беймарал мезгілін айқындаса, бұдан кейінгі бел-белестер есею өсу жолдарын кең көлемде көрсетеді. Жоғарыда атап өткендей, жастық кезең мен достық дастанының айқара ашылып, жарқырай көрінетін, ағысты арна алып, кең өріске шығар тұсы да осы мезгілмен дөп келеді. Әркім-ақ қайран жастық, шіркін, жиырма бес деп, бала шақтан болашаққа қадам басар тұсы да осы. Бозбала мен бойжеткеннің бойын тіктеп, қызыл-жасыл дүниеге қызығып та, ғашық көзбен қарайтын мезгілі де осы кезеңмен сәйкес келеді. Күнімен дала кезіп, түні бойы қызды ауылдан көз алмайтын беймаза, дамылсыз шақ достық туын жалаулатып, ғашықтық ғаламатының серті мен дертінің шеңберіне де еркін енетін-ді. Өлеңнің бастапқы жолы «Сен және мен» деп басталуы да осы кезеңнің асқақ та биік байрағындай көрініс береді. Тіпті бастапқы шумақтың соңғы жолдарындағы «Пенделік іс – бір күнәң мен бір кінәм» атты тұстары кім-кімді де бейтарап қалдырмайды. Бесінші шумақтың «Кінәласып, сағынысып, өшігіп, Екеуміз де өзге әлемге кетерміз» деген жолдар арғы арналарға тартады. Албырт шақ, алаңсыз өмірдің қызыққа тоймас беймарал мезгілін қайыра еске салады. Достық құшақтың кең өрісі, жастық шақтың қимас сәттері, ғашықтық ғаламатының қайталанбас көріністері, бәрі жан жүректі жадыратып, көңіл толқынын асқақтата түседі. Мадақ сезім бойды билеп, асқақ көңіл көкке көтеріліп, жан жүрек жалыны мен жылуы жастық шақ максимализмін еселеп арттыра түседі. Ғашықтық ғаламатының асқақтап, асыл адамның көркем бейнеге айналып, сенім мен сезімнің тебіреніс-тербелістері жүз градусқа көтерілер сәті де осы кез. Көңіл толқыны тоқтаусыз алға тартып, тербеліс траекториясы сезім күші мен сенім меридианын мың сан қозғалысқа түсіреді. Достық туы желбіреп, сенім қуаты мен сезім күшінің тоғысқан тұсы да осы. Махаббаттың құдірет күші, достық баяны, сүйіспеншілік мәні, сыйластық сыры да осыған келіп саяды. Бұдан кейінгі жерде, жоғарыда айтқандай «Пенделік іс – бір күнәң мен бір кінәм» атты тұстар осы жайттың жай-жапсарын, мәні мен сырын айқындай түседі. Мұның өзі «…Жүрек деген – сезім ғой, сезіміме, Сезіммен кел, болмаса мазалама!» немесе
«…Ақыл менен парасат бұғынады, Шынайы шын сезімге кезіккенде» деп үн қатады (М.Мақатаев). Әлгінде айтқан, Махаббаттың құдірет-күші, қазыналы биік қасиет-сыры, сүйіспеншілік сезімнің мәні ашылады. Албырт кезең, жастық шақтың қызығы көп, қызуы мол қимас-сәулелі сәттері «Жылап жатқан жапыраққа қараса», «Арамызда елші болар мұңымыз», «Кеудемізді табыт қылған түріміз», «Екеуміз де өзге әлемге кетерміз» деген жолдар қарапайым өлең өрімі, асты-үсті ойлардың жосығы емес, керісінше албырт та алаңсыз сәттің, сенім мен сезімнің тең түскен мезетін жан жүректің мейірім-шуағы, көңіл толқынының тебіреніс-тербеліске толы тұстарымен қатар, байланыс бірлікте, сәйкестікте сабақтап, бүкпесіз-боямасыз, кедергісіз-пердесіз жүйелі жеткізеді. Ақиқатқа табан тіреп, шындық жүзіне тура қарар болсақ, «Сен және мен» атты өлең өрімі – албырт шақ, жастық кезеңнің қайталанбас көрініс, пердесіз айнасы ғана емес, сенім күші мен сезім қуатының бөлінбес бөлшегі! Махаббаттың қасиет-құдіретін кең көлемде көрсететін бір өлеңнің («Сен және мен») айбыны асқақ, айдыны кең мың өрімді өрнекті өріс; мазмұны мәнді, желісі нәрлі, қатпары қалың, орамы ойлы, өмірден туған, шындыққа суарылған сирек құбылыстар қатарына жатады. Ақынша айтсақ, анығында «Мен сендерді, түсінемін жаныммен, Бір-біріне қосыла алмай кеткендер!» екені (Қ.Бегманов) де еске түседі.
Негізінен, «Сен және мен» атты өлең оқылды…Әлденеше рет көз жүгірттік. «Сан сауалдың жауабы бір-ақ өлең…» (Ғ.Жайлыбай) екеніне де көз жетті. Тіпті «…Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай»
(М.Мақатаев) әсер-ықпал еткені де шындық еді. Ендеше, Ж.Әскербекқызының «Сен және мен» атты өлеңі албырт шақ, жастық кезеңнің қайталан­бас көрінісі, махаббат мұнарасының асқақ айбыны, сенім серті мен сезім күшінің кең айдыны.

 

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір