«МЫҢ ӘНГЕ» ӨЛЕҢІ КІРГЕН АҚЫН
13.05.2025
123
0

Қазақ айтқан, керуен көшеді деп,
Тегі жақсы ұрпақтар өседі деп.
Керуен өмір көшеді, қонады да
Шешені көп болған соң, көсемі көп, – деп жырлаған еді Әдепхан Төреханұлы.
Мен осы кісілерді ойласам, жазу кәсіп болмаған заман еске түседі. Сонымен бірге жазу хобби да болмаған. Бір жылда бір-екі өлең тудырса жетеді.
Тарихтағы бүкіл ақындарды қараңыз. Бәрінен бір-бір кітап қана қалған. Күніне бір өлең жазу ақындықты кәсіп еткеннен ке­йін пайда болды. Проза жазу кәсіп екенін түсінемін. «Қашан шабытым келеді?» деп күтіп отырсаң, прозалық шығармаң өмірі бітпейді. Ал поэзияны арнайы уақыт бөліп, күн сайын жазам деу ақылға сыймайды. Алладан аян түсе ме білмеймін, бірақ бірінші шумақ өзі келуі тиіс.
Біздің Әдепхан ағамыз да туған жерді аралап, талай тебіренген болу керек. Әбілхан Қастеев сурет салған қой тастарды аялап алақанымен сипаған да болар. Дәнеш Рақышевпен бірге сал-серілік құрып, соңынан еріп жүргені екібастан. Сондайда әлгіндей шумақтар ақынның жүрегін тербеген әуенге ілесіп, ғарыштан құлағына құйыла кеткеніне бек сенімдімін. Бұл кісі физик-математик болумен қатар, орта мектепте астраномиядан сабақ бергені қиялын шарықтата түссе керек.
Негізі, ауыл-елде тұратын ақындар өлең-сөзді кәсібім деп емес, өнерім деп білген. Өлең-сөздің нелер заманнан жалғасып келе жатқан дәстүрін сақтаған ғажайып адамдар. Бірақ бір ғана кінәсі, әдеби ортадан жырақта жүр.
Тоқсаныншы жылдардың басында Оралхан Бөкей «Аққұс» деген ұйым құрды. Ол кісі бас редактор, мен бірінші орынбасары едім. Сөйтіп, Алматыда ауылда тұратын қаламгерлердің серіктестігі өмірге келді. Сол ұйымға Әдепхан Төреханұлы да мүше болды. Алайда нарықтың қиын кезінде дұрыс қолдау таппай, жабылып қалғаны өте өкінішті болды.
Әрине, олардың біразы түрлі сынақтан өтіп, Жазушылар одағына мүше болғанын білеміз. Солардың қатарында Әдепхан Төреханұлы да куәлігін алып, төсбелгісін тақты. Ал талай ақын пәленбай өлең кітабын шығарып, осы Одаққа мүше бола алмай-ақ кет­ті. Олар үшін қаламгерлердің қара шаңырағының босағасынан ат­тау өмірлік мақсат болғанын қаламдастары жақсы біледі.
Мен ауылда тұратын, өмір бойы қолынан қаламы түспеген, кітаптары да шығып, мойындалғандардың бәрін Жазушылар одағына қабылдау туралы ұсыныс айтар едім. Себебі олар жергілікті жерлердегі әдебиетіміздің насихатшылары, бір сөзбен айт­қанда, бас оқырманымыз. Мысалы, Әдепхан Төреханұлы физика-математика және астраномиядан сабақ беріп қана қоймай, жас ұрпақты әдебиет­ті де сүюге баулығанына еш күмәніміз жоқ.
Әдепхан Төреханұлының бала-шағаларының бәрі әртүрлі салада жетекшілік, басшылық қызмет­терде істейді. Бірақ солардың бәрі өлең жазатын, әжептәуір ақындығы бар азамат­тар екенін оқыған біз білеміз, сіздер де білесіздер. Қысқасы, өскен-өнген бұл әулет ата-бабаларынан, бүгінгі немере-шөберелеріне де­йін – бәрі әдебиет­тің адамдары. Өзіңіз қараңызшы, бір әулет­те өздерінің мамандықтарынан басқа қаншама қалам ұстаған, кітапты кие тұтқан, әдебиет­ті сүйе білген ақ-адал, алғадай жандар бар. Солардың алды, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми зерт­теу институтының директоры Айбын Төреханұлы «Затия» деген танымдық кітабында: «Ұлықман ағам «Айдынға құйған ақ бұлақ» кітабында әкемнің сері мінез, қызуқанды екенін айтып, әнші-сазгерлік қырына тоқталады. Ән айту өнеріне тәнті болып, «талант тармақты болады екен-ау» деген ойын білдіреді. Әке қанымен берілген дарын, ана тәрбиесімен ұшталған осы өнер әкемнің тұлғасын даралап, шоқтығын биіктетіп тұрғандай», – деп жазады.
Дәнеш Рақышев Әдепхан Төреханұлының бірнеше өлеңіне ән жазған. Әдепхан ағамыздың сазын да, сөзін де өзі шығарған «Жайлау әні» деген әдемі әні бар. Дәнеш ағамыз сол әнді жоғары бағалапты. Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов бұл әнді репертуарына кіргізіп, республикамыздың биік сахналарында орындап жүр.
«Мектеп» баспасының бас редакторы болған Ұлықман Асылов Дәнеш Рақышевтің сексенінші жылдары «Суықтың сайын» өрлеп, қасат қар жатқан биік тауға ұлар көруге шыққанын естелігіне арқау етіпті. Ол: «Сол сапарында, саятшылық әсерімен «Сағынышым, ұларым» деген ән туады. Әннің сөзін әкем Әдепхан Төреханұлы жазған. Бұл ән «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясына енген», – дейді. Қазақ ән өнерінің энциклопедиясы сияқты мың әннің антологиясына ену оңай емес. Жалпы, Әдепхан Төреханұлының отыздан астам өлеңіне ән жазылыпты. Солардың ішінде «Анама», «Сағыныш сазы», «Жаз дидарлы Жаркент», «Саят», «Қызыл еспе», «Тау қызы» сияқты әндерді бәріміз тыңдап өстік. Бұл әндерді орындағандардың үлкені – Дәнеш Рақышев, кішісі – Нұржан Жанпейісов. Дәнеш Рақышев сонымен бірге Әдепхан Төреханұлының «Жайлау әні», «Сағынышым ұларым», «Сағыныш сазы», «Саят» әндерін де сахнаға шығарған.
Әдебиет­танушы Ақбота Абиыр қазір әдеби карта жасау жөнінде бастама көтеріп жүр. Оған атақты жазушылардың бәрінің туған жері енгізілуге тиіс. Сол картаның бір ұшығы Бексұлтан Нұржекеұлы арқылы Жаркент жеріне де келіп тіреледі. Міне, сол жердің өлең картасын Әдепхан Төреханұлы жасады.
«Бастау алған «Белбұлақ»,
«Баркөрнеудің» басынан,
«Суықсаймен» астасып, шашу шашты
жасыннан.
Түсер жолда «Сымтасың» ат байлаған
мама ағаш,
Келе жатыр қалыспай «Басатжұрт»
та қасыңнан.

Көрінеді «Басат­тан» «Торайғырдың»
қорымы,
Пирамида секілді толықсыған толымы.
Сауын айтып, ас берген Салпық бидей
бабама,
Жатыр әне, сыр шертіп тай қазанның
орыны.

«Басатжұрт­та» қарағай ырғалады
желменен,
«Аршалы бет» ұштасып жатыр анау
«Белменен».
Нағашы жұрт жайлауы «Көкбастау»
мен «Желтимес»,
Жалғастырып жатады «Аққайыңы»,
«Көлменен».
Қарап отырсаңыз, бі шумақта он бір жер атауы кез­деседі. Келесі бір өлеңі:
«Сабалысай» сырласып «Ырғайлымен»,
Туған жер сырын айтып, жырлай білген.
Бірін-бірі тербетіп маужырайды,
Жұлдызды аспан астында сырнайлы үнмен», – деп басталады. Мұндай өлеңдердің географиялық, топономикалық, этимологиялық, ұлт­тық колорит­тік ерекшеліктеріне тоқталып қойған артық болмайды. Осындағы:
«Кепеліден» басталып, «Қайшы бұлақ»,
Жұп-жұмыр, алты таспа қамшы бұлақ.
Таң атқанда шық біткен беткейдегі,
Еңкейеді еңіске тамшы құрап»,
– деген жолдар қандай әсерлі?!
«Бабамның жері, атамның жері –
«Өртеңсай»,
Көкжиектей керілген, шөбі шүйгін,
көркем сай,
Сақталыпты жерімнің ырызғысы
мәңгілік,
Ел кеткенде жер ауып, атаныпты
зертең сай», –
деген жолдар да тұнып тұрған тарих.
«Екпіндетіп жетелік «Баркөрнеуге»,
Сыймай кетіп барады тар кеудеме», – деген жолдар шендестіру арқылы берілген халықтық метафора.
Халықтық метафораның үлгісін:
«Тауды аңсаймын қамықсам,
асқақтаған,
Қасат қар мен мұзарт­тан қаспақтаған.
Миллион ғасыр өтсе де бас бұйдасын
Ешкімге өмір көшін бастатпаған», – деген шумақтан да көреміз.
Осы мысалдардың ішіне:
«Шығысында «Салпық өстең» сарқырап,
Ағып жатыр «Жылбастауға» қарқын ап.
«Долаңқара» еңкейгендей болады,
Жотасына көлеңкесін артып ап», – деген сәт­ті де сурет­ті шумақты қоса алмай тұра алмадым.
Сөзімнің соңында Бексұлтан Нұржекеұлы мен Әдепхан Төреханұлының аға-бауыр, қаламдас дос болғанын баршаға үлгі еткім келеді. «Кез­десу орнын өзгертуге болмайды» дегендей, екеуін жылда табыстыратын жер – Белжайлау. Арқас таудың аясы, Орбұлақтың саясы деуге де болады. Осы жұрт «Туған жерге туыңды тік» деген бастамаға кейіпкер таппай шала шабылып жүреді. Біздің арамызда қазір сол ұранға кейіпкер де емес, қаһарман болуға лайық екі қаламгер отыр.
Дос болу үшін олардың екеуі де жақсы адамдар болуы керек. Ал ақын-жазушыларға жай ғана жақсы адам болу аз, олар талант болуы қажет. Міне, осы қасиет­тің екеуі де Әдепхан ағамыздың бойында бар деп білеміз.

 

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір