КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
29.04.2026
44
0

Қазақстан Жазушылар одағының «Қазақ әдебиетінің жарқын келешегі» атты 9 сәуір күні Ұлттық кітапханада басталған Әдеби жыл қорытындысы 10 сәуірде Жазушылар одағының қара шаңырағында жанрлық кеңестер аясында жалғасын тапты. Әдеби жыл қорытындысының келесі күнгі кезеңі жеке-жеке жанрлар бойынша тыңдау, талқылау түрінде өтті.

Құнды көзқарас-пікірлер білдірді

Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратында өткен Проза кеңесіне Жанар Әбдішова, Баян Бұлғақбаева (Астана), Дариға Мұштанова (Орал), Қаршыға Есімсейітова (Қызылорда), Сәуле Досжан, Келіс Рахымжанов, Елеусіз Ахметкерімұлы, Зария Жұманова, Елеусіз Мұратов, Жәди Шәкенұлы, Дархан Бейсенбек сынды жазушылар қатысып, құнды көзқарас-пікірлер білдірді.
Жыл қорытындысындағы артықшылықтар мен кемшіліктер де тілге тиек етілді. Орал, Қызылорда өңірінен келген қаламгер өкілдері шет аймақтардағы аудан-ауылда, қалаларда атаусыз қалған қаншама қаламгерлердің бар екенін еске салды.
Қорыта келгенде, проза кеңесіне қатысқан жазушылардың бәрі де ағынан ақтарылып, бүгінгі қазақ проазасына шынайы жанашырлық пен талғамның болуын, ұлт руханиятын көтеруге көп болып жұмылу қажеттігін баса айтты. Келесі жылғы әдеби жыл қорытындысында өткен және биылғы жылғы тәжірибе-сабақтар назарға алынып, қателік-кемшіліктер қайталамаса дегенді ерекше ескертті. Тек қана жыл қорытындысы кезінде ғана емес, әдеби үрдісті бақылау, таразылау сынды игі шаралардың үнемі жалғаса беруіне де ынталы екенін жеткізді.

Ақындардың шуақты жүздесуі

Поэзия кеңесінің отырысы «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында жалғасты. Ақындардың басым бөлігі қоғамдық ой-пікір қозғап, шығарманың тақырыбына, мазмұнына қатысты пікірлерін айтып, өлеңдерін оқыды.
Белгілі ақын Айсұлу Қадырбаева мен астаналық Төлемырза Темірбекұлының оқыған өлеңдерінен ұлттық намыстың ұшқыны мен шындықтың шырылы аңғарылды. Ұйғыр ауданынан келген жиырмашақты кітаптың авторы, ұйғыр ақыны Пәридам Теийпова жасы 74-ке жетсе де 26 кітап жазып шығарыпты. «Жүректегі жыр» кітабынан «…Ұлы сөздің құдіретісің, Абай!» деп толғанып, қазақша оқыған өлеңдерінің бірі Абайға, екіншісі Жамбылдың туғанына 180 жыл толуына арналды. Сазгер ретінде де өз әнін ұйғырша айтып, әншілік дауысымен де таңғалдырды. Деректі прозаны білсек те, деректі поэма жазған ақынды естімеппіз. Бұл тұрғыда Саурық батыр, Бопай ханым бейнесін жырмен сомдаған ақын Биғайша Медеуова әңгіме соңын «Сендер деп өмір сүремін» деген жырымен жалғастырды.
Ал , «Бір сәуле керек» деген өлеңінде:
«… Таласпай-ақ баққа да, бақытқа да,
Бәріне бір төреші уақыт қана.
Көкірегін кескілеп, жарқ еткізер
Керек екен бір сәуле жақұтқа да»,– деп толғанатын қызылордалық ақын Шанжархан Бекмағамбетов әуелі өзін таныстырып, бір-екі өлеңін оқыған соң «Жанымның жапырақтары» деген жыр жинағының бірнешеуін сыйлық ретінде қолтаңбамен ақындарға таратты. Ақын Серік Бертаев ұрпақ тәрбиесіне арналған толғауын өзіндік түйінмен мәнерлі жеткізді. Жүздесу соңында ақын А.Қадырбаева тарихи «Шыңғыс хан» поэмасының үзіндісін оқып, ала келген кітаптарын ақындарға сыйлады.
Шараға ақтөбелік Бижан Қалмағанбетов, Жарқынай Жұбатова, алматыдан Динара Мәлік, Ержан Жұмабек, Шынар Кендін сияқты ақындар легі қатысты.
Кеш соңында ақын Аманғазы Кәріпжанәулеті өз өлеңін оқып, жиынды бастан- аяқ суырыпсалма жырымен жүргізіп, жұрт көңілінен шықты. Ақындарға да керегі осындай жайма-шуақ сәуірдің сәулесіндей көтеріңкі көңіл күй еді.

Көңілге қонымды ойлар ортаға салынды

ҚР Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов бас болып өткізген «Қазақ әдебиетінің жарқын келешегі» атты 2025 жыл қортындысының күн тәртібі бойынша Шетел қазақ әдебиеті кеңесінің басшысы Армиябек Сағындық та қызу талқы ұйымдастырды. Қатысқан мүшелер жасалған баяндаманың қазіргі қазақ әдебиетінің шынайы болмысын ашып берудегі рөлін айрықша жоғары бағалады. Жалпы Одақ тындырған елеулі жұмыстарға дән риза болысты. Талқылау, пікір алысу барысында әдебиет жанашырлары көңілге қонымды ойларын ортаға салғанын Болат Әкежан хабарлады.
Армиябек Сағындық: «Одақ жанынан құрылған кеңестердің ұсыныс, талаптары хатшылықта толық ақылдасылып, бекітіліп отырылса, жалпы Одақтың қалтқысыздығы және белсенділігі мен ұйғарылған жұмыстарының атқарылудағы сенімділілігі арта түсер еді».
Тұрсынәлі Ахмет (Өзбекстан): «Өзбек­стан Жазушылар одағы жыл қортындысында кемінде 50-ге тарта баяндама жасатады. Жанрлар бойынша баяндама бір айға созылады. Өйткені газетті көп адам оқымайтынын ескеріп, баяндаманы толық тыңдатып, талқылатады. ҚР Жазушылар одағы да мұндай тәжірибені сынап көрсе болар ма екен?!»
Омарәлі Әділбек: «Қорытындыға жиналған қаламгерлер көп еді. Түстен кейін күрт азайып кетті. Мұның да ұтымды жағы қарастырылса. Шетел қазақ әдебиеті кеңесі адамдарының шетелдерге барып, ондағы қаламгерлермен тығыз байланыс жасауға, олар туралы кітаптар шығаруға барынша мүмкіндіктер тудырса, бізде қол үшін созар едік».
Толқын Мұқамади: «Әлем және қазақ әдебиетімен сусындап келеміз. Одаққа мүше болғаныма қуаныштымын! Одаққа қатысты басылымдарға мүшелердің шығармаларын қақпай беру жағы көп ескерілсе дегім келеді».
Қайрат Құлмұхаммет: «Шетел қазақ әдебиеті – үлкен өзен. Мүшелердің шығармашылық мерей той өткізуіне ерекше мән берілсе».

Нон-Фикшн жанры жандана түспек

Деректі проза кеңесі бойынша жиында қаламгерлердің талқысы биылғы жылға жоспарланған кітаптар төңірегінде өрбіді. Жиынды Деректі проза кеңесінің төрағасы, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев ашып, Әдеби жыл қорытындысын өткізуге байланысты Жазушылар одағының басшылығы әдеттегі жаттанды сценарийлерден қашып, мүлде жаңа тәсілдер қолданғанын атап өтті. Әдеттегідей ұзақ-сонар баяндама орнына бір жылда атқарылған жұмыстарды саралап көрсеткен он минуттық бейнероликте келтірілген ақпарат­тар әлдеқайда нақты әрі мазмұнды болды. Сондай-ақ Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен халықаралық «Ер Төстік» әдеби сыйлығы, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» марапаттарының лайықты иелерін тапқанына тоқталды.
Ары қарай модератор деректі проза бүкіл әлемде нон-фикшн жанры атауымен танымалдығын ортаға салды. «Бұл жанр Қазақстанда да кеңінен қанат жайып келеді. Бүгінде қазақ әдебиетінде әлемдік үлгілерге сәйкес нон-фикшн (ойдан шығарылмаған) әдебиет категориясына мынандай әдебиет түрлерін жатқызуға болар еді: Ғылыми-көпшілік әдебиет, Саяси әдебиет, Тарихи әдебиет, Публицистикалық әдебиет, Эссеистик әдебиет, Эпистолярлық әдебиет, Мотивациялық әдебиет, Детективтік әдебиет, Туристік жолжазбалар, Мемуар, Күнделік, Анықтамалық, Ұжымдық әдебиет. Нон-фикшн категориясына кіретін осы деректі проза жанрларының әрқайсысы қазақ әдебиетінде бар. Алдағы уақытта нон-фикшн жанрын талқылауға, оны дамытуға байланысты шаралар өткізу қажет».
Қаламгерлер секциялық жиында ары қарай өздерінің шығармашылық жоспарларымен бөлісті. Бұл ретте алдымен сөз алған жазушы Мұхтар Қазыбек көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметовтың ғылымдағы жолына әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы қалай ықпал еткені туралы әңгімелеп, бұл тақырыпты тереңдете зерттеуге атсалысатынын айтты. «Замана саңлақтары» деген атпен жаңа кітап шығаратынынан хабардар етті. Жазушы Момбек Әбдіәкім Кеңестік кезеңде Оңтүстік өңірде жеті рет көтеріліс орын алғанын, сол туралы «Түркістан өңіріндегі ойран» атты зерттеу еңбегін қолға алғанын баяндады. Жазушы Өтеш Қырғызбаев көрнекті кинорежиссер марқұм Сатыбалды Нарымбетовтің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеу үстінде екен. Биыл туғанына 80 жыл толатын кинорежиссер туралы кітап енді баспаға ұсынылмақ.
Қаламгерлер кеңесте осылай өз жоспарларымен бөлісіп, нон-фикшн жанрын жандандыру жолында жұмыс істейтіндерін айтты.

Сатира жанрының жүгі ауыр

«Сатира жанры – қоғамды ашты тілмен сынап, мінеу арқылы кемшіліктерді бетіне басып, одан арылуға ой тастап, қоғамды тезге салып түзеп отыратын міндеті мен жүгі ауыр жанр. Алайда осы салада қалам тербейтіндер көп емес, санаулы ғана. Салмақты сатира жазған сықақшыларымыз бар әрине, бірақ еститін құлақ жоқ.
Ұлы көштің соңындағы шаңырақ салар қара нардай сатираның жүгін көтеріп жүрген сықақшылардың еңбектерін жариялап тұруға «Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы бір бетін арнап келеді.
Оспанхан Әубәкіровті еске алу мақсатында «Күлеміз бе, қайтеміз?..» деген «Қазақ әдебиетінде» 2025 жылы Меңдібай Әбілұлының «Есектің мұңы», Доқтырхан Тұрлыбектің «Қайтып келген шапан», Манар Құрманбекұлының «Үш ішкіш, үш кіш-кіш және пыш-пыш», Мұхтар Шерімнің «Әшейін жалаған едім…», Мамадияр Жақыптың «Мергенбай айтқан екен» деген сияқты басқа авторлардың сатиралық әңгімелері мен сықақ өлеңдері жарияланды.
Жалпы алғанда, «Қазақ әдебиетінің» бір жылдық сатира бетін қорытындылағанда байқағанымыз, бұл жанрда қалам тербейтін жастардың болмағаны қынжылтады. Көбі өмірден өткен сықақшылармен, алдыңғы буын ағалардың еңбектері екен. Бұл нені түсіндіреді жастар сатираға қызықпай ма?
Сатираны жандандыру үшін өмірден өткен сықақшылардың мерейтойларына арнап сатиралық мүшайралар өткізіп, жаңа буынның қаулап өсуіне мүмкіндіктер беру керек деп есептеймін»,– депті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қазыхан Әше сықақшылар ауылынан жазған жазбасында.

Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні әр жанр бойынша Балалар әдебиеті кеңесі, Аударма кеңесі, Сын кеңесі, Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесі, Орыс әдебиеті кеңесі, Драматургия кеңесі Фантастика, детектив, шытырман оқиға кеңесі, Ұйғыр әдебиеті кеңесі секцияларында көкейкесті мәселелер жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының филиал директорлары мен өкілдерінің есебі, жылдық жоспарын тыңдау отырысы жоғары деңгейде өтті.

Жанрлық кеңестердің жұмысымен таныстырған
Жүніс ОМАР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір