ӨҢІРДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ БАҚЫЛАУЫНДА
12.07.2024
53
0

Атқарушы билік пен бұқара арасындағы байланыстың дәнекеріне айналған Қоғамдық кеңес аз уақыт­тың ішінде өз маңыздылығын көрсет­ті. Кеңес азамат­тық қоғамның пікірін негізге ала отырып, тараптардың сындарлы диалог жүргізуін қамтамасыз етіп келеді. Атырау облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасовпен сұхбатымызда Ұлт жоспары аясында қолға алынған институт­тың өңірдегі қызметі жайында әңгіме өрбіт­тік.

– Мақсым Шафихұлы, жергілікті деңгейде талқылау­лар мен шешім қабылдау кезінде қоғамдық пікірді ескеріп, азамат­тық қоғамның мүддесіне назар аудару қызметі Қоғамдық кеңеске жүктелген. Өзіңіз басқарып отырған облыстық Қоғамдық кеңес Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда қандай жұмыстар атқарып отыр?

– Негізінен консультативтік кеңесші, бақылаушы орган болып саналатын Қоғамдық кеңестер мемлекет­тік шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Мемлекет пен азамат­тық қоғам арасындағы өзара байланыс жаңа деңгейге көтерілді деп айта аламыз. Атырау облысының Қоғамдық кеңесі өңірдегі өзекті мәселелерді анықтап, шешу жолында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Кеңес құрамында 28 мүше бар. Оның ішінде 23 мүше конкурстық негізде сайланса, қалған 5 кандидат мемлекет­тік органдардан ұсынылды. Ал облыс бойынша 9 қоғамдық кеңесте 129 мүше жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» ат­ты халыққа Жолдауында атап көрсеткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азамат­тық қоғамды нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Бұл бағыт­тағы жұмыстардың лайықты іске асуында әр аймақтағы Қоғамдық кеңестердің рөлі бар екенін айтуымыз керек.
– Кеңес өткен жылы түрлі тақырыптарда он бір отырыс өткізіпті. Биыл да жоспарға сай жұмыстар жүзеге асып жатыр. Осы диалог алаңында қоғамдық резонанс тудырып, ке­йін шешімін тапқан қандай мәселелер болды?
– Қолданыстағы заң бойынша Қоғамдық кеңестердің ұсынымдарын мемлекет­тік органдар мен квазимемлекет­тік сектор субъектілері қарауға міндет­ті. Сондықтан да біз азамат­тық қоғамның мүддесіне, мұң-мұқтажына сергек қарап, маңызды мәселелердің шешілуін, жұмыстың жолға қойылуын бақылауға алып отырамыз. Мысалы, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Құрманғазы ауданына қатынайтын жолаушылар пойызын шығару, Құлсары қаласында жаңа теміржол бекетін салу жұмыстарына себепші болдық. Өткен жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеумет­тік қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бақылау, құқық қорғау, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту секілді басқа да салалардағы жұмыстар Кеңесте қаралды. Сонымен қатар, ірі табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың табиғат қорғау шараларын орындау мәселесі көтерілді. Отырыс қорытындысы бойынша қарар қабылданып, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне өңірдің экологиялық ахуалына байланысты өзекті мәселелері айтылған хат жолданды. 
– Биыл еліміздің бірқатар аумағында су тасқыны болып, көп зардап пен қиыншылық әкелді. Соның ішінде Атырау облысы, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласы топан судың астында қалды.
– Иә, осы жағдай бойынша нақты ұсыныстарымызды айтып, облыс әкімі Серік Шәпкеновке хат жолдадық. Бұл жерде айта кету керек, Құлсары елді мекенінің аудан орталығы болып даму кезеңінде өндірістік және әлеумет­тік нысандар Жем өзенінен тарайтын Құрсай өзегінің су жүретін арналарының бойына салынып кет­ті. Сол себептен де соңғы жылдары Құлсары қаласы көктемгі су тасқыны кезінде зардап шегіп келеді. Жалпы Үкімет және тиісті министрлік тарапынан кіші өзендерге — Жем, Сағыз, Ойыл т.б. жеткілікті көңіл бөлінуі керек.
Мысалы, Мұғалжардағы бұлақтың көзін ашу, жауған қар, жаңбыр, қатқан мұздың есебін шығару, ауа-райына байланысты еру, тасу мезгілдері мен келетін су көлемін анықтау сияқты ақпарат өзен бойындағы халық үшін өте маңызды. Жылыой ауданында су қоймасын салу, Жем өзені арнасының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу секілді жұмыстар да болашақта оң шешімін табуы тиіс. Саладағы кадр тапшылығы да өзекті. Жалпы әр отырыста көтерілген мәселелер бойынша Кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлері ескерілген қарар қабылданады, тиісті мекемелерге жолданып, шешімін табады.
– Облыстық Қоғамдық кеңес жанынан құрылған комиссиялардың жұмысы жайында да айтып өтсеңіз.
– Әр отырыстың тақырыбына сәйкес комиссия мәселені зерделеп, қосымша баяндама жасап отыруы дәстүрге айналды. Кеңес отырысында өткен жылдың өзінде нормативтік-құқықтық актілерге 63 ұсыныс берілді. Облыс тұрғындарынан әр алуан мәселелерге қатысты сұрақтар түсіп, олар құзырлы мемлекет­тік органдарға жолданды. Бірқатар мәселе бойынша қоғамдық кеңес комиссиялары жұмыс істеді. Мысалы, әлеумет­тік және мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия көп қабат­ты үйлердің сапасыз модернизациясы туралы шағым бойынша тұрғындармен кез­десті. Кез­десу қорытындысы бойынша облыс әкімінің салалық орынбасарына, облыстық мәслихат төрағасына, Атырау қаласы әкіміне хат жолданды. Облыс әкімдігі жанындағы онға жуық комиссияның жаңа құрамына Қоғамдық кеңес мүшелері де тартылды.
– Қандай да болмасын тағдыршешті мәселе билік пен бұқараның бірлігі болған жерде нәтижелі. Мемлекет басшысының өзі қатысатын, елдік мәселелер көтерілетін алқалы жиын Ұлт­тық құрылтай биыл Атырауда өт­ті.
– Ұлт­тық құрылтайдың Атырауда өтуі өңірдегі түйткілді тұстардың, қордаланған мәселелердің де қамтылуына мүмкіндік берді. Құрылтайда Мемлекет басшысы: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды», – деп атап өт­ті. Ұлт­тың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық екеніне тоқталды. Ұлт­тық мүдде қозғалған құрылтайда айтылған ой мен ұсыныс-пікірлер лайықты іске асады деп сенеміз. Қазіргі уақыт — елдіктің, бірліктің, берекенің қадірін біліп, ұлт­тық бірегейлікті сақтау жолында бәріміз бірігіп жұмыс істейтін кезең.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбат­тасқан Бақытгүл БАБАШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір