Толғақты мәселелер талқыланды
Қазақстан Жазушылар одағында орыс әдебиетін дамыту мәселелері талқыланды. Онда орыс әдебиетін дамытудың өзекті мәселелері, отандық авторлардың танымалдылығын арттыру жөніндегі мәселелер қаралды.
Жиынға Жазушылар одағы басшылары, әдебиеттанушылар, ақын-жазушы, аудармашы, журналистер қатысты, сөз сөйледі.
Орыс әдебиеті кеңесінің мүшелері жастар арасында әдебиетті дәріптеу, отандық авторлардың шығармаларын шетелде насихаттау, оқырмандардың көркем әдебиет пен деректі прозаны оқуға деген қызығушылығын оятып, қатарын көбейту қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ «Простор» журналын дамыту, университеттік және қоғамдық кітапханалармен келісім жасай отырып, кітапхана қорларын кәсіби басылым болып табылатын журналдың кезекті даналарымен толықтыру мәселелері көтерілді.
Одақ басшысы Мереке Құлкенов шығармашылық кештер өткізу және халықаралық ұйымдармен, сондай-ақ, білім беру саласындағы ұйымдармен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнату туралы ұсыныстарды қолдады.
«Авторларымыз оқырмандарымен кездесер болса, Қазақстан Жазушылар одағының есігі әрдайым ашық. Сондай-ақ, біз мектептер және жоғары оқу орындарымен тұрақты түрде жұмыс жасап, отандық әдебиетте болып жатқан ірілі-ұсақты жаңалықтарды ортаға салып, классиктердің өлмес туындыларын жиі талқылауымыз қажет», – деді М.Құлкенов.
Кеңесте Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қазір АҚШ-та тұратын ақын, прозашы Бақыт Кенжеевті қабылдау туралы бірауыздан шешім қабылданды. Алматыда әріптестерімен және оның шығармашылығының жанкүйерлерімен кездесу ұйымдастыру жоспарланды.
Жиналыс соңында одақ төрағасы Мереке Құлкенов «Простор» журналының бұрынғы бас редакторы Қайрат Бақбергеновті 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, дәстүр бойынша иығына шапан жапты.