ҰЙҒЫР ӘДЕБИЕТІНЕ ШОЛУ
Бүгінгі таңда адамзат жаһандық өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Әлемді басқаруға ұмтылып, көшбасшылыққа талпынып отырған алпауыт мемлекеттер өзара бәсекеге түсті.
Мұндай жағдайда экономиканың жетекші рөл атқаратыны анық. Сондықтан олар әлемдік нарықта үстемдік етуге тырысып, өзара экономикалық соғысты бастап кетті. Тіпті осы мақсаттарына жету үшін кейбір мемлекеттер арасында нақты қарулы қақтығыстардың басталуына да түрткі болып отыр. Осындай алмағайып заманда жаңадан тәуелсіздік алған бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы мемлекеттер үшін ішкі саясатты тұрақтандырумен қатар, сыртқы саясатта да дұрыс бағыт таңдау маңызды міндетке айналды. Баршаға мәлім, біздің ортақ үйіміз болған тәуелсіз Қазақстанның географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуына байланысты көптеген мемлекеттер елімізбен саяси-экономикалық байланыстарды нығайтуға ұмтылуда. Мұндай жағдайда екі жаққа да зиян келтірмейтін, теңгерімді жолды таңдау, өте нәзік әрі алыс болашақты көздейтін дипломатияны пайдалану аса маңызды. Осы бағытта еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірден-бір дұрыс саясат жүргізіп отырғанын мойындауымыз қажет.
Қазақстанның негізгі байлығы – мұнай, алтын-күміс немесе басқа да қазба байлықтары емес, керісінше ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық екені әлдеқашан дәлелденген шындық. Әсіресе, Ұлы Тұранды жаңғырту мәселесі күн тәртібінде тұрған кезде, өткені де, болашағы да ортақ түркітілдес халықтардың одан әрі топтасуы тек мемлекет ретінде сақталып қалуы үшін ғана емес, олардың келешек тағдыры үшін де маңызды рөл атқарады. Қазақстан жерінде ежелден бері ұйғыр мен қазақтың тату-тәтті өмір сүріп келе жатқаны – тарихи шындық. Ұйғыр халқы қазақ бауырларымыздың қуанышы мен қайғысына әрдайым ортақтасып келген және бұдан былай да солай болмақ. Біздің ұлттық мәдениетіміздің дамуына барлық жағдай жасағаны үшін қазақ халқына және ел басшыларына деген алғысымыз шексіз. «Айдың он бесі қараңғы болса, он бесі жарық» дегендей, қазақ бауырларға атқан ақ таң ұйғыр халқына да міндетті түрде бұйырады. Сол кезде әрбір ұйғыр дастарқанының басында қазақ бауырлардың отыратынына кәміл сенемін. Мемлекет саясатын насихаттап, оны қалың жұртшылыққа жеткізуде жазушылардың алатын орны ерекше. Енді өткен жылы ұйғыр жазушыларының қол жеткізген жетістіктеріне бір көз жүгіртейік.
Әңгімемді Қазақстанның Құрметті жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдебисыйлығының лауреаты, есімі әдебиет сүйер қауымға кеңінен танымал ақын Жәмшит Розахуновтың «Қош гүлдәстә» (Қос гүл шоғы) жинағынан бастауды жөн көрдім. Белгілі болғандай, қаламгердің есімі тек ұйғыр оқырмандарына ғана емес, сондай-ақ көптеген бауырлас халықтардың әдебиет жанкүйерлеріне де жақсы таныс. Жиырмаға жуық жыр жинақтарының авторы, талантты қалам иесінің «Қош гүлдәстә» атты еңбегіне Отан, ел-жұрт және ұлт тағдыры тақырыптарына арналған соңғы жылдары жазылған ғазал, мен сонеттері енгізілген. Ж.Розахуновтың шығармашылығына тереңірек үңілген кез келген оқырман оның туындыларындағы өзіндік философиялық ой-толғамды, терең сезім мен шынайы шығармашылыққа тән нәзік толқындарды бірден аңғарады.
Жинаққа енген бір топ ғазалдар бөлімі де ерекше назар аударуға лайықты. Ғазалдар ақын шығармашылығының ажырамас бөлігі екені оқырманға жақсы мәлім. Өлеңнің осы түрінде қалам тербегенде ақын өзін суда жүзген балықтай еркін, жеңіл сезінеді. Сондықтан да ол жүрегіндегі ой-пікірін оқырманның көңіліне қарапайым, жатық тілмен жоғары шеберлікпен жеткізе алады.
Жинақтың сонеттер бөліміне арнайы тоқталмай өту мүмкін емес. Жалпы, сонет дегеніміз не? Сонет – өзіндік ерекшелігі бар өлең түрі, ол орта ғасырларда Италияда қалыптасқан. Итальяндық Данте, Петрарка және У.Шекспирлер бұл жанрдың негізін қалаушылардың қатарында болып, оның әлемге таралуына зор үлес қосқан. Бұл өлең түрінің ерте пайда болғанына қарамастан, біздің әдебиетіміз үшін әлі де жаңалық екені рас. Ұлттық әдебиетімізде әлі толық қалыптаса қоймаған бұл бағытта бүгінде Ә.Садиров, Т.Наметов, Т.Нурахунов, М.Тохтахунов сынды қаламгерлер өз күштерін сынап көріп жүр. Біздің ойымызша, осы өлең түрінің талаптары мен қыр-сырын жетік меңгерген қаламгер ретінде Жәмшит Розахуновты атау артық болмас. Жинақтың сонеттер бөліміне енген мына екі жолға назар аударайық:
Бейқам, бейжай болудан сақтанбасаң,
Тірілердің арасында жүрген бір елессің.
(Сақланмисаң болуштин беғәм, бепәрва,
Сән тирикләр ичидә жүргән бир әрва).
Ақын осы екі жол арқылы бүгін халықтың басым көпшілігін жайлап алған қоғамымыздағы бейқамдық пен немқұрайлылықтың бетін ащы болса да, ашып көрсетеді. Қоғамымызды сергектікке, сақ болуға шақырады. Бүгінгі таңда ұлттық әдебиетіміздегі поэзия жанрының көшін бастап келе жатқан Жәмшит Розахуновтың «Қос гүл шоғы» жинағын әдебиетімізге қосылған үлкен үлес, рухани мұра деп
бағалауға болады.
Ғалым әрі ақын Патигүл Махсатованың шығармашылығына да қызықпайтын оқырман кемде-кем шығар. Өйткені қаламгердің туындылары тек әдебиет сүйер қауымға ғана емес, сонымен қатар оның өлеңдеріне жазылған ондаған әндер арқылы өнер әлемінде де кеңінен танымал. Туған жер, Отан, адамдар арасындағы қарым-қатынас пен табиғатты негізгі тақырыпқа айналдырған ақынның өткен жылы үш бірдей жинағы жарық көрген. Оның екеуі балаларға арналған өлеңдер жинақтары. Алдымен ақынның «Махаббат мекені» жинағына назар аударайық. Шығармашылығы дәуір тынысымен үндес, жүрегі заман ағымындағы құбылыстарға бейжай қарамайтын ақын бұл жолы да негізгі тақырыптарына адалдық танытып, оқырмандарына поэзия гүлзарынан есте қаларлықтай гүл шоғын ұсынған. Патигүлдің өлеңдерінде махаббат тақырыбы мейлі адамдар арасындағы, мейлі туған жер мен Отанға деген сүйіспеншілік болсын, басты орынды алады. Өйткені өмірдің өзі махаббаттан басталмай ма?! Оның өлеңдерінен Отанға деген махаббат, сағыныш пен мұң ақын жүрегін үнемі тербеп, тыным бермей тұрғанын аңғару қиын емес.
Кез келген халық әдебиетінде балалар әдебиеті маңызды рөл атқаратыны белгілі. Өйткені жас буын – ұлттың болашағы. Осы бағытта еңбек етіп жүрген жазушыларымыз да көп емес екендігін ескерсек, бұл олқылықты толтырып, жоқтан бар жасап жүрген ақындардың қатарында Патигүл Махсатова маңызды орын алады. Өткен жылы оның «Қазақстан – достық мекені» және «Біз гүлдерді сүйеміз» атты балаларға арналған екі жинағы жарық көрді. Аталмыш жинақтар балаларға тән жеңіл, ойлы әрі көркем тілде жазылып, биік әдеби деңгейімен ерекшеленеді. Ақынның жас буынды ұлттық және қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын «Қазақстан – достық мекені» жинағы Ұйғыр әдебиеті кеңесі арқылы Қазақстан Жазушылар одағының «Ер Төстік» сыйлығына ұсынылды. Көпқырлы, сырлы талантымен үлкен-кішіні сүйсіндірген автордың шығармашылығы бүгінгі таңда биік деңгейге көтерілгені даусыз.
Ақын, «Варис» жас шығармашылдар ұйымының жетекшісі Вильям Молотов балалар үшін аса маңызды сыйлық әзірлепті. Өткен жылы ол жасөспірімдерге арналған «Өкілдер» (Намайәндиләр) атты жинағын жарыққа шығарды. Бұл жинақтың тек балаларға ғана емес, бастауыш сынып мұғалімдері үшін де таптырмас көрнекі құрал екенін атап өткеніміз жөн. Шығармада халқымыздан шыққан белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, суретшілер, өнер адамдары, даңқты хандар мен қағандар, мемлекет қайраткерлері, қолбасшылар мен батырлар, яғни ұлттық мәдениет пен өркениетімізде өшпес із қалдырған өкілдер туралы қарапайым поэзиялық стильде баяндалады. Әр заманда өмір сүрген жарық жұлдыздарымыздың өмірін автор балаларға түсінікті, жеңіл әрі ойлы тілмен жеткізіп, ұлттық тарихымыздан маңызды мәлімет береді. «Өткенін білмеген халықтың болашағы болмайды» деген ұстанымға сүйенсек, ұлттық тарихымызды кішкентай балалардың санасына сіңіруде ақынның көздеген мақсаты дәл нысанаға тиген. Ақынның айтуынша, бұл бірінші кітап болып, әлі оның жалғасы шығатын сияқты. Иә, солай болсын, қаламгерге осы бағытта шабыт серік болғай!
Жоғарыда айтылғандай, проза жанрында өткен жылы тек Қазақстан Жазушылар одағына алғаш қадам басқан жазушы Пәридәм Тейипованың «Ачиноқа қыраны» атты кітабы жарық көрді. Кітапта Халық қаһарманы Мөрдүн Тейиповтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі және соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіндегі еңбегі баяндалады. Қалай болғанда да, өз саласында биік белестерге жеткен ардагерлерді дәріптеу, олардың артта қалған жолын көпшілікке үлгі ету, әрине, олардың атын шығармалары арқылы мәңгілікке жеткізу – жазушылардың қасиетті борышы. Осы тұрғыдан алғанда, жазушының еңбегіне оң баға беруге болады. Дегенмен, әдебиеттің әр жанрының өзіне тән талаптары мен қағидалары бар. Бұл қағидаларды елемеу немесе оларға сай болмау шығарманың сапасына теріс әсер етуі мүмкін. Менің пікірімше, бұл шығармада көркем әдебиет пен журналистиканың тілі араласып кеткен. Сондықтан «Ачиноқа қыраны» шығармасын құжаттық проза ретінде қарастырған жөн деп ойлаймын. Демек, көркем шығармалар бойынша жыл қорытындысын талқылаған кезде, бұл туындыны терең талдау қажет емес деп санаймын. Дегенмен де, қаламы піскен жазушыдан оқырмандар әрі қарай да көркемдігі жоғары жаңа шығармалар күтеді.
Өткен жылы аудармашылық саласында да ұйғыр қаламгерлері біраз шаруаларды жүзеге асырды. Оның ішінде балалар жазушысы Авут Мәсимов танымал жазушы Мереке Құлкеновтың «Шаттық» повесін ұйғыр тіліне аударған болса, ақын Иминжан Тохтияров танымал ақын Қасымхан Бегмановтің «Көкжиек» өлеңдер топтамасын ұйғыр оқырмандарына кеңінен таныстырды. Бұл екі шығарма қолыма небәрі екі күн бұрын ғана тиді. Негізінде аударма шығарманы түпнұсқамен салыстыра отырып талдау орынды болар еді. Алайда оның қазақ тіліндегі түпнұсқасын оқып шығу мүмкіндігі болмағандықтан, тек ұйғыр тіліндегі аудармасына сүйеніп өз пікірімді білдірмекпін.
Алдымен балалар жазушысы Авут Мәсимов аударған, Мереке Құлкеновтың қаламынан туған «Шаттық» повесіне тоқталайық. Бұл повесть әке мен ана арасындағы қарым-қатынастың бала тәрбиесінде қаншалықты маңызды рөл атқаратынын, сондай-ақ келешек иелері саналатын жас ұрпаққа ұлттық рухқа суарылған отбасылық құндылықтарды сіңіру секілді нәзік әрі маңызды мәселелерді қозғайды. Әрине, жазушы таңдаған тақырып – мәңгілік, қасиетті тақырып екені даусыз. Алайда шығарманы оқу барысында аудармашы жіберген кейбір қателіктер оқырманды қынжылтады. Мәселен, шығармада «бекет» сөзін бірнеше жерде «тоқталма» деп қате береді. Осындай дұрыс аударылмаған немесе орынсыз қолданылған тіркестер шығармада өте көп. Мысалы, мен қанша іздесем де ұйғыр тіліндегі сөздіктерден «тирәнчә үстәл» деген тіркесті таба алмадым. Сонымен қатар мағынасы түсініксіз, стилистикалық тұрғыдан қате құрылған сөйлемдер де жетерлік. Мысалы, «Анасы жол бойындағы телефон будкасының жанына келгенде, чемоданды жерге қойып, ішіне кіріп кетті» дейді. Бұл сөйлемде әйел телефон будкасына емес, чемоданның ішіне кіріп кеткен. Ал мына сөйлемге не деуге болады: «Ағашқа сүйенген екі адам бір-бірін құшақтап, беттерінен сүйіп, күліп мәз болуда». Мұнда аудармашы нені меңзегені түсініксіз. Тағы бір сөйлем: «Мұрты бар адам қонышындағы (қончидики) қазыны арамен ала алмай әлек» делінген. Етіктің қонышы болады, ал мұнда, сірә, «табақ» (ұйғырша хонча) деген сөз болуы керек еді. Тағы бір мысал: «Жанында жазу үстелі болғанымен, бір аяғы ақсақтау екен» дейді. Жетпіс жасқа келіп, үстелдің «ақсағанын» көрмеппін.
Танымал ақын Қасымхан Бегмановтың «Көкжиек» өлеңдер жинағын да сол жазушы Авут Мәсимов пен ақын Иминжан Тохтияров аударған екен. Жан-жақты білімді қаламгердің терең философиялық ойлары оқырманды бірден баурап алады. Әсіресе ақынның туған жерге, Отанға, өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігі мен ел болашағы туралы толғаныстары оның өз ұлтының нағыз патриоты екенін айқын көрсетеді. Ал аударма сапасына келсек, мұнда да кемшіліктер жеткілікті. Жинақтағы әр өлеңді оқығанда-ақ қайсысын ақын, қайсысын жазушы аударғанын ажыратуға болады. «Қойды қасапшы сойсын» деген ата-бабамыздың сөзі бекер айтылмаған.
Жалпы, аударманы екі тілді жетік меңгерген, әдеби тілі бай маман жасауы керек деген қорытындыға келдім. Әйтпесе, сапасыз аударма шығарманың құнын түсіретініне көзім жетті. Өткен жылы Жазушыылар одағы жанындағы «Сәуле-Қуяш» қоры жағынан одаққа мүше емес жас ақын-жазушылардың төрт кітабы жарық көргенін ерекше атап өткім келеді.
Қорыта айтқанда, көпэтносты Қазақстан әдебиетінің дамуына ұйғыр жазушылары да өз үлесін қосып келеді және болашақта олардың жаңа заман талаптарына сай тақырыптарды тереңінен ашып, әдебиетті одан әрі байытатынына кәміл сенеміз.
Шавкәт НАЗАРОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты