Өлеңмен өрілген ғұмыр
Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық «Алтын медаль» сыйлығының лауреаты Шөмішбай Сариевті еске алуға арналған «Өмірін өлеңмен өрнектеген тұлға» атты салтанатты кеш өтті.
Алқалы жиынға зиял
ы қауым өкілдері, белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер майталмандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұл тағылымды шара Қазақстан Жазушылар одағы аясында ұлттық әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның рухани мұрасын ұлықтау, кейінгі буынға насихаттау мақсатында өтті.
Кеш барысында Шөмішбай Сариевтің өнегеге толы өмір жолы мен қазақ руханиятының алтын қорына айналған бай шығармашылық мұрасы кеңінен дәріптелді. Басқосуда сөз алған қаламгерлер мен ғалымдар оның ұлттық поэзияны жаңа көркемдік иірімдермен байытқан бірегей қолтаңбасын, лирикасындағы терең философиялық мазмұн мен биік рухани құндылықтарды ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Шөмішбай Сариевтің тек ақындық қыры ғана емес, оның әдебиеттану саласындағы ғылыми ізденістері мен әлемдік классиканы қазақ тіліне аударудағы еңбегі де жан-жақты сөз болды.
Шара аясында ақынның өмірі мен шығармашылық белестерінен сыр шертетін фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар назарына ұсынылды.
Бұл еске алу кеші Шөмішбай Сариевтің мәңгілік мұрасын ұлықтап, оның қазақ әдебиетіндегі орнының айрықша екенін тағы бір мәрте айқындаған тағылымды рухани басқосу болды.